Жаңақорған ауданы,
Сүттіқұдық ауылы,
№52 Б.Аралбаев атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Захарова Молдир Нуртазаевна
Білім беруде Кембридж тәсілдерін қолданудың тиімділігі
Сұрақ қойған бес минут қана ақымақ болса,
Оны қоймаған өмір бойы ақымақ боп өтеді.
Қытай даналығы.
«Ұстаздың биігі ойлана қарасаң биіктей береді, үңіле қарасаң, тереңдей береді, қол созсаң қарсы алдыңда, айналсаң артыңда тұрғандай» — деп Сократ айтқандай Егеменді еліміздің алдыңғы қатарлы отыз мемлекеттің қатарына қосылуға табандылықпен жылжу саясаты қоғамымыздың барлық саласында түбегейлі өзгерістер енгізіп, жаңа талаптар қойылып отыр. Соның ішінде болашақ ұрпаққа әлемдік деңгейде білім беру мақсатына орай білім мазмұнына жаңаша қарау – басты міндеттердің бірі. Қазіргі кезде білім берудің жаңа жүйесінің жасалынуы, білім мазмұны мен әдіс-тәсілдерінің жаңаруы бәсекелестікке қабілеті мол, шығармашылық бағытта еңбектенетін, ой қабілетімен ерекшеленетін азаматты тәрбиелеуді көздейді.
Сапалы білім — ел болашағын айқындайтын басты көрсеткіш болып табылады. Бүгін мектеп партасында отырған бүлдіршіндер ертең ел тағдырын шешетін азаматтар. Олардың сапалы білім алуын бүгін қамтамасыз ету –мұғалімнің басты міндеті.
«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады», -деп Абай атамыз айтқандай, озық ойлы білімдар адамдар заманның, қоғамның дамуына, өзгеруіне үлесін қосып келеді. Осындай қоғамдық әлеуметтік мәдени өзгерістер, дамулар мектептің оқыту процесіне әсер ететіні сөзсіз. Кез келген оқыту белгілі мөлшерде адамды дамытады. Оқитын пән қаншалықты жаңа, бағалы болса да, мұғалімнің шеберлігі қандай жоғары болсын, мұғалім мен оқушының өз белсенділігін туғыза алмаса, берген білім күткен нәтиже бермейді. Оқушының адам ретінде қалыптасуы белсенділік арқылы жүзеге асады. Жаңа технологияның басты мақсаттарының бірі – баланың оқыта отырып, ой еркіндігін, белсенділігін, ізденімпаздығын қалыптастыру, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыру.
Міне, біз бүгін танысып отырған «Білім берудегі Кембридж тәсілдерінің теориялық негіздері» осы жоғарыда айтылған ұстанымды ұстайды. Яғни, мұндағы бала өзі ізденуші, бір-біріне үйретуші, ал мұғалім бағыт беруші, нұсқаушы. Бұл тәсілдің басқа технологиялардан ерекшелігі жеті модуль арқылы іске асады.
Әйгілі зерттеуші Л.С.Выготскийдің «Дәстүрлі оқыту-бала дамуына тек қондырғы болып, дамуға стихиялы әсер етсе, яғни, «дамудың соңында жүрсе»,жаңаша оқыту-«дамытуды өзімен бірге ала жүреді» — деген болатын. Сондықтан тек дәстүрлі оқытумен шектеліп қалмай, мұғалім әрқашан ізденісте болып, өзіне және шәкірттеріне тиімді жақтарын қарастырып отыруы тиіс.
«Сабақ — оқытушының педагогикалық мәдениетінің айнасы», -деп А.Сухомлинский айтқандай, осы жеті модульдің ішінде өзімнің пәніме тиімдісі, жарыққа шығарары, баланың қызығушылығын оятары, білімін жетілдірері қайсы екен деп көп ойланғаным рас. Саралай келе әр сабақта бір немесе бірнеше модульді бірден қолдануға болатынын анықтадым. Бұл қолданыстан ұтылғанымнан ұтқаным көп болды.
Әр мұғалім өз сабағының –көшбасшысы.Көшті қалай бастап алып жүрем десе де өз еркі. Ал көшті дұрыс бағыттай білу ол шеберлігіне байланысты.
Бағдарлама үш деңгейден тұрады. Оқыту мен үйретудің тәсілі мынау болып табылады:
1. Қызығушылығын ояту-жаңа сабақты түсіндіру кезіндегі үйрену процесі. Бұл бұрынғы білетін білім мен жаңа білімді ұштастырудан тұрады.
Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер арқылы оқытуда оқушылар бұрынғыдай тек тыңдап және көшіріп қана қоймай, белсенді әрекеттер атқарады. Ол белсенді әрекеттерге ойлау, оқу, сөйлеу, талқылау, жазу, пікірлесу, пікір таластыру жатады.
Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер арқылы оқытуда білім дайын күйінде берілмейді, ол тек белсенді әрекеттер арқылы ғана игеріледі, оқушылар өзара қоян- қолтық қарым -қатынаста болып, онымен бірлесе әрекет жасау, диалог құру. Өзімізге сыни тұрғыдан ойлауымыз керек. Сабақта оқушылардың тақырып бойынша өз ойларын білдіруі, пікір алмасуы диалогпен жүзеге асты. Топтық әдісті қолданғанда оқушылардың бір- бірімен ақылдасуы, оны топтан біреуінің шығып айтуы, ал болжау әдісін қолданғанда оқушылардың мәтінде не туралы жазылуы мүмкін екендігі туралы өз ойларын да диалог арқылы көрсете білді.
2. Мағынаны тану — жаңа сабақты бекіту процесі. Бұл кезеңде оқушы жаңа ақпаратпен танысады, тақырып бойынша жұмыс жасайды,тапсырмалар орындайды. Сонымен қатар олар идеяны жеткізіп қана қоймай, шешім табу үшін топқа сұрақ қояды және басқаларды сұраққа тартады. Әр топтан бір оқушы шығып ұжым алдында мәтін мазмұнын қысқаша баяндап береді.
3. Ой толғаныс — сабақты қорытындылау кезеңі. Осы кезеңде үйренуші не үйренгенін саралап, салмақтап, оны қандай жағдайда қалай қолдану керектігін үйренеді. Мысалы, бұл жерде балалар эссе жазады. Өз ойларын қағаз бетіне түсіріп, түйгендерін анықтайды. Бұл модульдің нәтижесі көп. Атап айтар болсам, ой — пікірін ашық, еркін айту, бір-бірінің сабақ барысында қателіктерін айту, жақсы қасиеттерін үйрену, сабақ-білім естерінде көп уақытқа сақталады, сабақ барысында өзі талдайды, бір-біріне талап, өтініш, тілектерін білдіре алады.
Бұл модулдің тағы бір ерекшелігі оқушыларды топтап оқытуы болып тұр. Топтап оқытудың пайдасы туралы Ибн Сина Әбу Әли Хусейін Ибн Абдолла (Авиценна 980-1037) былай деген болатын:«Егер бала жалғыз оқып, сыныптастары жоқ болса, бұл оқытушы мен үйретушіге ортақ қынжылыс болмақ. Сондықтан ең жақсысы — балалар оқу тәрбие үрдісінде үлгілі мінезге бір-бірінен үйренетін ұжымдық оқытуды ұйымдастыру».
Балаларды ұжымдық оқытудың төмендегідей пайдасы бар.
1. Оқушылар оқу және тәрбие үрдісінде ғылымға сусап тұрады.Өз білімдерін мақтан тұтып, досының білімін қызғанады. Намыс пен мақтаныш тәрбиеленушіні өзгелерден кейін қалмауға міндеттейді.
2. Оқушылар кездескенде үнемі сөйлеседі, сонымен естерін және шешендігін дамытады. Егер балалардың біреуі жақсы сөз естісе және оны құрбыларына айтса, онда балалардың естері дамиды және өзін-өзі оқыту журеді.
3. Ұжымдық оқытудың келесі қоғамдық пайдасы оқушылар өзара достасады, бірін-бірі сыйлауға үйренеді, өзара дауласады, жарысады және құқықтар мен міндеттер туралы пікір айтысады.
Топқа бөліп оқытқанда оқушылардың талпынысы артады, әр оқушы өзін жеке керекті тұлға ретінде сезінеді және өз үлесін қосуға талаптанады. Бір адамның айтқанынан гөрі бірнеше адамның айтқаны есінде тез жатталады.
Модульдің тағы бір сатысы «Талантты және дарынды балаларды оқыту».
Рас, ізденуші мұғалім бала бойындағы туа біткен түрлі қасиеттерді дәл байқап, оның сапалық ерекшеліктеріне баға беріп, ары қарай өз бетінше дамыта түсуіне жағдай туғызуы керек, көмектесуі қажет. Бұл үшін, әрине ұстаздың өзі де өзгеруі, яғни дәстүрлі оқытудың таптаулары сүрлеуінен арылуы тиіс. Осылайша оқытудың жаңа мазмұнын жасауға бетбұрысты әрбір мұғалім өзінен бастағаны жөн. Мұғалім шәкіртке білім, білік, дағды беріп қана қоймай, ақыл-ойы мен қабілетінің дамуына көңіл бөліп, «оқи алуға үйрету керек». Дарынды және талантты балаларды оқытуда мына қағидаларды есте ұстаған дұрыс.
-Баланың бойындағы құмарлығын, қызығушылығын жойып алмай, оның үнемі алға жылжуға деген табиғи талап-тілектерін, сұраныс пен мұқтаждарын ескеру, шығармашылығын жетілдіру.
— Білімді өз бетінше іздену арқылы алуға қолайлы жағдай жасау.
— Өзін-өзі дамытатын тұлға қалыптастыру
Осы қағидаларды ұштастыратын болсақ қана оқушы өзінің дарынды екенін сезінеді. Бойындағы «мені» оянады. Басқалардан артық тапсырма алу оларды шабыттандыра түседі, бірақ әрдайым мұғалім баланы қанаттандыру үшін өзіне сенімін молайту үшін бірге ізденісте болуы шарт. Түрлі жарыстарға қатыстырып, мақтау сөздер айтып ізденуде тоқтап қалмауға баулу керек. Ал мен бұл балалармен жеке жұмыс жоспары бойынша жұмыс істеген жөн деп таптым. Алға ұмтылған баланы артқа тартпай сабақ үстінде басқа тапсырмалар беріп бала білімін шыңдаған дұрыс. Қосымша ақпаратты жинауды осындай дарынды оқушыларға берсе, олардың да, өзгенің де жиғаны көп болмақ.
«Нашар мұғалім ақиқатты өзі айтып береді, ал жақсы мұғалім оқушының өзін ізденуге жетелейді»-деп неміс педагогі А.Дистерверг айтып өткендей бүгінгі таң мұғалімдері жақсы мұғалім атану үшін түрлі әдістерді пайдалану арқылы бала білімін ұштауда. Мұғалім оқытуға кіріспес бұрын оқушылардың мінездерін зерттеп, білімдерін тексеруі тиіс. Мұғалім әр баланың білім дәрежесі қаншалықты екенін саралап алғаннан кейін, оның алға жылжуына ықпал етуге міндетті.
«Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиялармен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет»-деп елбасымыз өз жолдауында айтып қана қоймай, әр мектепті түрлі ақпаратты техногиялармен қамтамасыз етуде. Ақпараттық технологиялардың білім берудегі пайдасы мыналар болып табылады.
— алыстағы ақпарат көздерін пайдалану,
— түрлі жүйелерге ену арқылы өз бетімен іздену,
— сұраныс бойынша ақпарат алу,
— интернет тарапында берілген тапсырмалар мен жаттығуларды орындау,
— ақпаратты кез-келген арақашықтықта тез арада жеткізу,
— өзі оқып отырған тілде электронды пошта арқылы хат алмасу,
— ақпараттың қажетті түпнұсқасына қосылу.
Интернет арқылы ғаламдық желінің ақпараттық ресурстарын қолдана отырып, оларды оқу үрдісіне енгізіп, сәйкес дидактикалық түсініктемелер беру арқылы дидактикалық мәселелердің келесі жолдарын тиімді шешуге болады.
— күрделілік дәрежесі жағынан түрлі материалдарды оқу дағдылары мен біліктерін қалыптастыру,
— интернеттен алынған материалды талдау негізінде ауызша сөз іскерліктерін жетілдіру,
— жазбаша серіктеріне хат жазу, жауап жазу, баяндама, реферат т.б. жазба жұмыстарын дайындау арқылы жазбаша тіл білігін арттыру,
— өзі оқып отырған тіл елінің тарихы мен мәдениеті, салт-дәстүрлері, экономикалық даму ерекшеліктерін қамтитын танымдық білімдерін кеңейту.
Яғни, ақпараттық технологиялардың білім беруде маңызы зор. Өйткені ол оқушыларға үлкен ақпараттық білім кеңістігіне жол көрсетеді. Бұл баланың ой өрісін кеңейтіп қана қоймайды, білім деңгейін көтеруге үлкен үлесін қосады.
Білім алу кезінде бағаның орны ерекше. Бір сабақ үстінде бірнеше оқушыны бағалау мұғалім шеберлігіне байланысты. Баға алуда оқушылар алға талаптанады, ізденеді. Кейбір оқушы білім үшін емес, баға алу үшін оқиды. Сондықтан бағаны дұрыс қою және оның нақты болуын алға қою әр мұғалімнің есепке алар міндеті. Сабақ үстінде бірнеше бағалау әдістерін қолдануға болады. Суммативті баға мен формативті бағаны қою әрбір сабақтың негізгі сатысы болуы шарт.
Білім берудің мазмұнына енгізіліп жатқан өзгерістер мен жаңалықтардың барлығы да ғылым негіздері бойынша білімді меңгертумен қатар оқытуды дараландыруға жағдай жасау арқылы оқушылардың жеке және жас ерекшеліктерін ескере отырып, қажеттіліктері мен қызығуларына сай білім беруге бағытталып отыр. Сабақ беруде мұғалім оқушылардың жас ерекшелігін негізге алуы керек. Тапсырамаларды да меңгере алатындай, сұрақтарға дұрыс жауап іздей алатындай етіп қою керек.Сол кезде сабақ күтілген нәтижеге қол жеткізеді.
Сонымен сөзімді қорытар болсам сабақ барысында мынадай талаптар басшылыққа алынуы қажет:
1. Мұғалім оқыту кезінде билік жүргізу әдісінен арылуы керек.
2. Оқыту үрдісі кезінде сабақтағы басты тұлға білім беретін мұғалім емес, осы білімді қызыға қабылдауға дайын оқушы болуы тиіс.
3. Балалардың оқуға деген ынтасын күшейту керек.
4. Өз дербестігін, белсенділігін дамыту қажет.
5. Оқу, дамыту жұмысын ұтымды жүргізу үшін баланың табиғи талабын, қасиетін дер кезінде айқындау керек.
Осы қағидалар негізінде сабақты жаңа технология әдістерін қолдану арқылы жүргізу — оқушының өзін-өзі дамытуына, өз біліміндегі олқылықтарды өзі тауып , өз сұрағына өзі жауап іздеп жан –жақты білім алуына көмектеседі.
Әр уақытта бала білімін алға қоюшы ұстаз үлкен көрсеткішке қол жеткізу жолында талмай талаптанып, шаршамай еңбектенеді. Сол кезде ғана еліміз көкке шарықтап, басқа елге елді танытады. Елді өсіретін де, елді төмен түсіретін де — білім. Сондықтан қолда бар амалдарды тиімді пайдана білу сіз бен біздің үлесімізде, құрметті әріптестер!
Қазақстан мұғалімдері кембридж тәсілін қолдануын дұрыс деп санаймын. Сонда ғана біз дамимыз.
Ең бастысы, баланы іскерлікке тәрбиелеу керек осы әдіс арқылы.
Кембридж тәсілдері баланың ойына еркіндік береді. Шығармашылық қабілеті артады.