Басы » Қазақ тілі мен әдебиеті » Елін сүйген, елі сүйген еңселі ер

Елін сүйген, елі сүйген еңселі ер

Елін сүйген, елі сүйген еңселі ер

(Қазақстанның халық ақыны М.Шахановтың шығармашылық кешіне арналған әдеби-сазды кеш)

 

МАҚСАТЫ: оқушыларға ақын шығармашылығынан мағлұмат беру, елінің тәуелсіздігі жолындағы қосқан үлестеріне, еңбектеріне шолу жасау. Оқушылардың мәнерлеп оқу қабілеттерін шыңдау, оқушы зердесін дамыту. Халқымыздың асыл ұлдарын құрметтеуге тәрбиелеу.

КӨРНЕКІЛІГІ: ақын портреті, суреттер, көрме, слайд көрсетілімдері

БАРЫСЫ:

1-жүргізуші:

Даласындай дархан халық, батыр ел,

Білгің келсе, досым, бізге жақын кел.

Қазақ халқы — Мұхтарымен  жазушы,

Қазақ халқы – Мұхтарымен ақын ел.

2-жүргізуші:

Кім еліне Мұхаңша сыр ағытты,

Кім Мұхаңша бағындырар уақытты.

Қазақ халқы — Мұхтарымен Алатау

Қазақ халқы – Мұхтарымен бақытты.

1-жүргізуші:

Қазақстанның халық ақыны, жазушы, «Түркі халықтары арасынан шыққан ең үздік әлем ақыны» атағыныі иегері М.Шахановтың шығармашылығына арналған «Елін сүйген, елі сүйген еңселі ер» атты әдеби-сазды кешімізге қош келдіңіздер.

2-жүргізуші:

Қазақтың қылыштай өткір тілді, өр мінезді, қадірлі азаматы М.Шаханов 1942 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданында дүниеге келді. Көп жылдар әдеби қызметкер, меншікті тілші, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы. Республикалық «Жалын» журналының бас редакторы қызметтерін атқарған.

1-жүргізуші:

Ол 1993-2003 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы  Төтенше және Өкілетті елшісі қызметін атқарған. Бірнеше өлең кітаптардың, халық арасына кең тараған бірқатар әндердің авторы. Балладалары мен поэмалары дүние жүзі халықтарының 20-дан астам тілдеріне аударылған.

 

 

2-жүргізуші:

Мұхтар Шаханов 1994 жылы Қырғыз Республикасының халық ақыны атанды. 1996 жылы Қазақстан Республикасының халық жазушысы дәрежесін иемденді. Түркияның Гебзе қаласында «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» сыйлығы берілген. Ақынның «Шыңғыс ханның пенделік құпиясы» атты драмалық туындысы негізінде Украинаның киностудиясында екі сериялы телефильм түсірілді.

КӨРІНІС: «Шыңғыс ханның қателігі немесе жеңілген жеңімпаз хақындағы Отырар дастаны» поэмасынан

1-жүргізуші:

«Бала кезімнен бастап әкем мені алдына алып отырып, Отырарды қорғаған ұлы бабалардың ерлігі, Қайырханның қайсар-қайтпас ерлігі мен Шыңғыс ханның зобалаңы жайлы әңгімелейтін. Анамның «Бала әлі жас қой, түсіне қояр деймісің?»- дегеніне әкем: «Жоқ, түсінуге тиіс, түсінбесе өзіне қиын. Тамырын тереңге жібере алмаған дарақтың ғұмыры келте»,- дейтін. Менің бірнеше дүркін Отырар жайлы жазуыма тура келсе, осының барлығы әке сөзінің маған берген әсері»,- дейді ақын.

2-жүргізуші: Нұрғиса Тілендиевтің әніне жазылған Мұхтар Шахановтың өлеңі «Әке туралы жыр»

ӘН: «Әке туралы жыр»          

1-жүргізуші:

Ақынның қоғамдағы қызметін, қайраткерлік тұлғасын әңгімелегенде Желтоқсан оқиғасына тоқталмай кету мүмкін емес.

Өсер елдің қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,

Лаула, лаула, желтоқсанның мұзға жанған алауы.

Өздеріңдей өр намысты жас өркені бар елдің,

Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы,-деп жырлаған ақынның Желтоқсан шырғалаңынан сыр суыртпақтап, ақиқатты жасқанбай айтуға әрекеттеніп, біршама шаруа тындырудағы еңбегі зор.

ӨЛЕҢ: «Желтоқсан алаңы»               

2-жүргізуші:                

Қазіргі таңда қазақ халқы үшін кезек күттірмейтін маңызды мәселе – ұлтты сақтау. Ұлтты сақтау үшін оның тілін сақтау керек. Күні бүгін одан маңызды, одан үлкен мәселе жоқ.

 

 

 

 

1-жүргізуші:

«Түркияда ұлттық, тілдік мүдде алға шыққан кезде мүмкіндігі бар қалталы адамдар аянып қалмайды екен. Бізде, сорымызға қарай, қазақ байларының көпшілігі ана тілін мойындамайды… Егемендік алған сәттен күні бүгінге дейін өз ана тілінің дамуына қол ұшын берген бірде-бір қазақ байы болған емес»- деген ақын келбеті бүгінде қоғамымызда тіл жанашыры ретінде танымал.

ӨЛЕҢ: «Төрт ана»

2-жүргізуші:

Ақын шығармашылығының аясы кең, тақырыптары әр алуан. Солардың бірі – шынайы достық, ізгі махаббат.

Достық деген ізгіліктің алаңы,

Оған куә ғасырлар мен замандар.

Отанын да сатып кете алады,

Қиын шақта досын сатқан адамдар,- деп жырлаған ақын әрқашан достықты қадір тұтқан.

1-жүргізуші:

Мұхтар ақын өмірде Шыңғыс Айтматов, Олжас Сүлейменов, Төлеген Айбергенов, Шәмші Қалдаяқов сынды біртуар тұлғалармен мықты дос болған. Олар туралы өз естелігінде: «Мен қаншама жыл өтсе де, осы ағалар туралы қалыптасқан сенім-түйсігіме қылау түспейтініне сенімдімін. Менің тағдырыма ерекше әсер еткен жан – Төлеген Айбергенов. Содан кейін Шәмші Қалдаяқов,»- дейді.

ӨЛЕҢ: «Қалдаяқов өзені»        

2-жүргізуші:

«Вальс королі» атанған Шәмші ағамыздың әндері бір төбе. Ал Шәмшінің әндеріне өлең жазған Мұхтар ағаның өлеңдері де біршама. «Арыс жағасында», «Кешікпей келем деп ең», «Өмір-өзен», «Ақ бантик» сияқты әндердің сөзін жазған екен.

 ӘН: «Арыс  жағасында»                

1-жүргізуші:

Ақын Шәмші туралы: «Екеуіміз бір топырақтың перзенті болғандықтан, қатар жүрдік. Шымкентте тұрғанда Шәмші уақытының көбін біздің үйде өткізетін. Ол маған рухани аға,  дос, туысымдай боп кетті… Рухы түскен халықтың ертеңін үмітке ұластырып, қатерлі кезеңнің қатал сынағынан өткен қастерлі де қасиетті әуен – Шәмші әні»- деген екен.

ӘН: «Кешікпей келем деп ең»         

 

 

2-жүргізуші:

«Менің анам марқұм сұрағандарға: «Менің үш балам бар: үлкені-Шәмші, ортаншысы – Төлеген, кішісі – Мұхтар»,- деп жауап беретін. Бірде Дінмұхаммед Қонаев марқұм үйде болғанында: «Жеңеше, қазақтың үш мықтысын бір өзіңіз дүниеге келтірген екенсіз ғой»,- деп әзілдегені бар. Осы екі адам менің өміріме ерекше сәуле шашты»,- дейді Мұхтар Шаханов

ӘН: «Ақ бантик»            

1-жүргізуші:

Біз жоғарыда ақын поэзиясының алтын арқауы – достық, махаббат екенін айттық. Бүгінде хитке айналған Ескендір Хасанғалиевтің әні «Айналайынның» да сөзін жазған Мұхтар ағамыз екен.

ӘН: «Айналайын»              

2-жүргізуші:

Ақын Төлеген Айбергеновге «қазақтың шын мәніндегі апайтөс ақыны, қайталанбас тұлғасы» деген баға берді. Ал Төлеген Айбергеновтің «Болашақта Мұхтар қазақтың ұлы ақыны болады» деген сөзі бүгінгі ақиқатты айқындап бергендей.

ӨЛЕҢ: «Айбергенов шыңы»           

1-жүргізуші:

«Олжас Сүлейменов – біздің халқымыздың дара перзенті, ұлы ақыны. Кеңестік жүйенің қылышынан қан тамып тұрған кездің өзінде ол ядролық сынақтарға қарсы батыл үн қосып, «Невада-Семей» қозғалысын құрды. Оның алдында «Азия» кітабымен ұлтымыздың рухын көтерді, ол еңбектерін ешкім жоққа шығара алмайды»,- дейді Мұхтар Шаханов.

ӨЛЕҢ: «Біз, қазақтың екі ақыны біргеміз»

2-жүргізуші:

Қазір сіздердің назарыңызға ақынның бір шығармасын тыңдауға ұсынамыз. Ол шығарманың қай жанрда, қандай тақырыпта, қалай аталатынын тапқан адамға бүгінгі кештің арнайы сыйлығын береміз.

1-жүргізуші:

Ақын — өз өлеңдеріне өзі ән жазған сазгер. Сондай шығармаларының бірі – «Туған күн кешінде» әні.

ӘН: «Туған күн кешінде»       

2-жүргізуші:

Сағынумен күн кешем мен ертеңді,

Сүйіп өтем өлгенше кең өлкемді.

Өткізбеймін ешкімге зорлығымды,

Түсірмеймін ешкімге көлеңкемді,- деп жырлаған Мұхтар ағамыздың ақындық тұлғасы ғасырлар кешінде талай-талай мақтала берері хақ! Өмір мен өнер заңдылығына әлдеқашан айналып, ой-санамызға табиғи түрде сіңісіп, уақыттың ағымымен ұдайы жаңғырып тұратын ұлы құбылыс, ұлы есім!

1-жүргізуші:

Осымен Мұхтар Шахановтың шығармашылығына арналған әдеби-сазды кешіміз аяқталды. Назарларыңызға мың  алғыс!

 

 

Х.Е.Жумагалиева

А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

[bws_related_posts]

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *