Қызылорда облысы Шиелі ауданы
Бестам ауылы №205 қазақ орта мектептің география пәні мұғалімі
Нұртай Сәбит Нұрмағанбетұлы
Қазақстанның экологиялық проблемалары
Адамның шаруашылық әрекеті табиғаттың өзгеруіне әсер ететін ерекше фактор. Адам еңбек пен ақыл ойдың арқасында қоршаған ортаға бейімделумен қатар, оны өзгертеді де. Сондықтан табиғатты өзгерту барысында адамзат оның кейінгі зардаптарын да ескеруі қажет. Табиғат кешендеріне кері әсер ететін озық ғылыми-техниканың тікелей қатысы жоқ. Ол өзгерістерге кінәлы прогресс емес, техникалық жобаларда адамның шаруашылық әрекетінің әсері есепке алынбаған. Жауын-шашын мөлшерін, топырақ ылғалдығын ескерместен топыраққа минералды тыңайткыштар енгізу, ол заттардың шайылып, өзендер мен бөгендердің ластануын туғызуы. Мұның бәрі қаншама еңбек пен шикізатты зая кетірумен бірге, қоршаған ортаның жағдайын нашарлатады. Ірі бөгендер салуда аумақтың табиғат ерекшеліктерін ескермеу мезгілсіз батпақтануға, топырак, өсімдік жамылғысы мен сол жердің микроклиматының өзгеруіне әкеп соғады. Қазіргі кезде антропогендік ландшафтар басым. Ландшафтарды жақсарту үшін оларды өзгертетін шаралар жүргізеді. Соның бірі – мелиорация. Мелиорация жердің жағдайын жақсарту мен оны пайдалану тиімділігін арттыруға бағытталған шаралардың жиынтығы болып табылады. Табиғатты тиімді пайдалану, көркейту және қорғау кешенді түрде қарастырылуы қажет.
- Бұл проблеманың тууына себепші болған — адам әрекеті. Ұзақ жылдар бойы Аралға құятын ірі өзендер Әмудария мен Сырдарияның суын теңізге жеткізбей, түгелдей дерлік егістіктерді (мақта, күріш) суландыруға пайдаланылып келді. Буланушылық дәрежесі жоғары болатын шөл зонасында орналасқан теңіз суының көбірек булануы оның тартылуына әкеп соқты. Қазіргі кезде Арал теңізі екі су айдынына Үлкен және Кіші теңізге бөлінген. Арал теңізіндегі суы тартылған бөліктің ауданы 30 мың км² жетеді.
Балқаш проблемасы
Балқаш көлі алабында да қүрделі экологиялық жағдай қалыптасып отыр. 1970 жылы Балқашқа құятын Іле өзенінде Қапшағай бөгені мен су электр станциясының (СЭС) салынуы Іле-Балқаш су шаруашылығы кешенінде бетбұрыс кезең болды. Іле өзенінің гидрологиялық режимі өзгеріп, жалпы Іле-Балқаш алабындағы экологиялық жағдай өзгере бастады. Қапшағай су торабын жобалау кезінде Іле өзенінің атырабы табиғат кешенінің жағдайы ескерілмеді. Соның нәтижесінде онда тіршілік ететін жануар дүниесіне (ондатр, балық, т.б.) және ауыл шаруашылығына көп зиян келеді. Ақдала алқабын суландырып, күріш егу жобасы да толық жүзеге аспай қалды. Қыруар қаржы текке жұмсалды. Іле өзенінің атырабы кеуіп, оның кері әсері Балқаш көліне тиді. Суармалы алқаптардың көлемінің есепсіз кеңейтілуі, төменгі Іле қоңыр көмір кен орнын игеруді бастау көлдің болашағы үшін қауіпті. Болжау бойынша, XXI ғасырдың басында, көлдің батыс бөлігінің мүлде кеуіп, шығысының тұзды шалшыққа айналуы мүмкін. Бұл өз кезегінде Балқаш маңындағы ландшафтылар мен экологиялық жағдайларды түбірімен өзгертіп, тіршіліксіз шөлге айналдырады. Көл деңгейінің төмендеуі оның суының шамадан тыс минералдануына әкеп соғуда. Бұл, бір жағынан, егістік далалардан көлге қайта келіп құятын су құрамында әр түрлі тұздардың көп болуына байланысты. Сонымен қатар алаптағы өзгерістер Балқаш маңы аймағының климат жағдайларына да әсерін тигізеді. Су айдынының тәуліктік температураны, ауа ылғалдылығын реттеуші ретіндегі әсері өз күшін жояды. Ғалымдардың болжауынша, Балқаштың тартылуы Батыс Сібір мен Қазақстандағы географиялық зоналардың шекараларын өзгертуі мүмкін.
Атмосфераның ластануы Байқоңыр космодромында ғарыш кемелерін ұшыру кезінде де байқалады. Өнеркәсіпті аудандарда ауа кеңістігінің ластануымен қатар ластану сол жердегі су көздерін қамтиды. Сырдария өзені ағысының 35-40%-ы өндіріс орындарының қалдық суларынан тұрады. Өзен суында дизентерия, паратиф, гепатит, сүзек ауруы қоздырғыштары мен өте қатерлі гексахлоран ДДТ кездеседі. Өнеркәсіп орындарының ластаушы заттарына жер игеру нәтижесінде пайда болған масштабы химиялық ластанудың көлемдері ұлғаюда. Өсімдік жамылғысын қорғайтын әр түрлі химиялық заттар, дефолианттар, пестицидтер, мөлшерден артық қолданған тыңайтқыштар, тек қана қоршаған ортаны емес, тамақ өнімдерін де ластауда.
Судың ластануына әсіресе өнеркәсіп қалдықтарының қосылуы аса қауіпті. Қалдықтардың химиялық құрамының әр түрлі болуына сәйкес, олардың тигізер әсеріде әр түрлі. Мысалы, Атырау,Маңғыстау облыстарында мұнай өңдеуден шыққан қалдықтар су бетін үлкен қабықпен жауып, оттегінің алмасуын қиындатады. Ал бұл суларды қаншалықты хлормен тазартып, фильтрлеседе оның құрамыда сынап қоспасының қалдықтары қалып қояды. Ол мидың, қалқанша бездің жұмысын нашарлатады. Үй тұрмысында және өнеркәсіпте өте көп мөлшерде қолданылатын синтетикалық детергенттер деп аталатын жууға қолданылатын заттардың әсері де мұнай қалдықтарымен бір бағыттас.
Каспий экологиясына мұнай өндірудің қаупі қанша және Каспий аймағының ахуалы
Каспий теңізі қайраңында кең көлемде басталған бұрғылау жұмыстары теңізге қауіп төндіре ме? Әрине. Әлемнің әр түкпірінде болып жатқан экологиялық апаттардың ащы сабағынан оң қорытынды шығармасақ, Каспийдің келешегіне де қауіп төнеді. Қазір мұнда тек іздестіру шаралары ғана жүргізілуде. Осындай геологиялық жұмыстардың барысында-ақ бірнеше оқыс оқиғалар орын алды. Алдымен итбалықтардың, соңынан құстардың жаппай қырғынға ұшырауы теңіздің қазақстандық бөлігінде дабыл қағылар жағдайдың қазір-ақ қалыптасып келе жатқанын аңғарды.
Каспий теңізінің алып жатқан географиялық орнына байланысты (шөл зонасы) еліміздің шаруашылық саласында атқаратын маңызы өте зор. Сонымен қатар сол маңдағы шөлді алапқа ылғал әкелуші су айдыны ретінде де үлкен рөлі бар. Солтүстігіне құятын Еділ өзенінде бөгендердің салынуы, мұнай кәсіпшілігінің өркендеуі теңіздің экологиялық жағдайын нашарлатты. Соңғы жылдары бұл аймақ мұнай мен газды өндірудің маңызды экономикалық ауданына айналды. Теңіз деңгейінің көтерілуіне байланысты бұл аймақ табиғи апат жағдайына ұшырады. Табиғи қорларын игеруде де, бұл аудандағы табиғат компоненттерінің өзгеруіне байланысты мынадай проблемалар туындауда
экологиялық апатты аймаққа жататындықтан, негізгі әрекет етуші Капустин Яр, Азғыр полигонының ұзақ уақыт бойы жұмыс істеуіне байланысты тұрғын халықтардың денсаулығының күрт нашарлауы;
мұнай мен газдың өндірілуіне байланысты тіршілік дүниесінің өзгеруі, балықтардың (бекіре) қырылуы, уылдырық шашатын көксерке балықтарының кеміп кетуі;
осы теңізге ғана тән (эндемикалық) итбалықтың мезгіл-мезгіл қырылуы;
аңызақ жерлердің шаруашылыққа тигізетін кері әсері (жел эрозиясы
Семей ядролық полигоны.
Еліміздің тарихындағы ең қайғылы парақтардың бірі — Семей ядролық сынақ полигонының өмірге келуі Алғашқы атомдық жарылыс дауысы 1949 жылы тамыздың 29-ы, таңғы сағат 7-де естілді. Семей ядролық полигоны ауданында 450-ден астам жер үсті және жер асты ядролық сынақтарының өткізілуі нәтижесінде атмосфераға, гидросфераға және литосфераға өте үлкен мөлшерде радиоактивті материалдар шығарылды. Тек Семей ядролық полигонының ғана емес, соған жақын жатқан орасан үлкен аумақтар да (Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жезқазған облыстары және Ресей Федерациясының Алтай өлкесі) радиоактивті ластануға ұшырады. Соның нәтижесінде сол аумақтағы көптеген тірі ағзалар және тұрғын халықтар зардап шекті.
Ғаламдық экологиялық проблемаларға климаттың өзгеруі, озон қабатының бұзылуы, биоәртүрліліктің азаюы, шөлейттену және жердің құлдырауы (деградация) жатады. Ұлттық экологиялық проблемалареа экологиялық апатты аймақтар; Каспий теңізі қайраңы ресурстарын белсенді игерумен байланысты проблемалар; тарихи ластану; трансшекаралық мәселелер; әскери ғарыштық және тәжірибелік кешендер полигондарының әсерін жатқызуға болады. Жергілікті экологиялық проблемаларға ауа бассейнінің ластануын, радиоактивті, тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтары, табиғи және техногендік төтенше жағдайларды жаткызуға болады. Адам әрекетінен Қазақстан жерінде тез шешуді қажет ететін проблемалар бар.
[bws_related_posts]