Батыс Қазақстан облысының әкімі мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру және өңірдің әлеуметтік-экономикалық саласын дамыту шараларына тоқталды.
Бұл туралы әкімнің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беріп, Қазақстан Республикасы президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан тапсырмаларына сәйкес негізгі міндеттерді белгіледі.
2024 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция 4,7%-ке өсіп, 712,9 млрд теңге болды. 2024 жылдың тоғыз айында жалпы өңірлік өнім 1,9%-ке өсіп, 3,4 трлн теңге болды.
Экономиканы дамытудың маңызды бағыттарының бірі экспортты ілгерілету және импортқа тәуелділікті төмендету. Жалпы, 2024 жылы экспорт көлемі 6,4 млрд. АҚШ доллары болды. Жыл қорытындысы бойынша облыста оң сауда балансы қалыптасқанын, яғни экспорт импорттан асып түсетінін атап өту маңызды. Алайда, экспорттың басым бөлігі мұнай-газ өнімдеріне тиесілі екенін ескере отырып, өңірде өңдеуші өнеркәсіп саласын дамытуды жалғастыру қажет. Инвестицияларды тарта отырып, кәсіпорындар жүктемені ұлғайтып, экспортқа бағдарланған өнім шығаруды басымдыққа айналдыруға тиіс. Алдағы бес жылда облыста 59 инвестициялық жоба жүзеге асырылады, оның 26-сын биылғы жылы енгізу жоспарланып жатыр, бұл 800 жұмыс орнын қамтамасыз етеді, — деді Нариман Төреғалиев.
Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында оның жалпы өңірлік өнімдегі үлесін 2028 жылға қарай 40%-ке дейін ұлғайтуға бағытталған жүйелі шаралар көзделген.
Сонымен қатар әлеуметтік саланы және денсаулық сақтауды жақсарту бойынша бастамалар жоспарланған. Атап айтқанда, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына, сонымен бірге қала мен аудан әкімдіктеріне жұмыс орындарын ашу, жұмыссыздарды кәсіптік оқыту мен әлеуметтік жобаларға тарту, халықты жұмыспен қамту бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.
Денсаулық сақтау саласында Бөрлі және Казталов аудандарында ауданаралық ауруханалар салу, сонымен қатар Орал мен Қаратөбе аудандарында төрт денсаулық сақтау нысанын күрделі жөндеу мәселесі қаралып жатыр.
Білім беру мәселелеріне көп көңіл бөлінді: 2025 жылы 17 жаңа мектептің құрылысы жоспарлануда, оның жетеуінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл шаралар сегіз апатты және жеті үш ауысымды мектепті жоюға мүмкіндік береді. 2023-2024 жылдары облыста 22 жаңа мектеп пайдалануға берілді, оның үшеуі «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынды.
Инфрақұрылымды дамыту мен тұрғын үй құрылысы да басым бағыт болып қала береді. 2025 жылы облыстық және аудандық маңызы бар 212 шақырым жолды жөндеу жоспарланып жатыр, оған 42,2 млрд теңге бөлінеді.
Сонымен бірге облыс активінің жиынында облыс әкімі биылғы жылы «Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту» жобасы аясында барлық нысандарды аяқтауды, сонымен қатар елді мекендерді 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырды.
Сонымен қатар облыс әкімі мемлекет басшысының биылғы жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағанын және осы бағытта өңірде жұмысшы мамандықтарды қолдауға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізілетінін атап өтті.
Өңірдің дамуы барлық саланы, соның ішінде ауыл шаруашылығын, цифрландыруды және ауылды қолдауды қамтиды. Жиын барысында қоғам өкілдері жарияланған бастамаларға қолдау білдірді.
«Орал сауда-өнеркәсіптік компаниясы» ЖШС басшысы Валерий Крылов алға қойылған міндеттердің маңыздылығын атап өтіп, оларды жүзеге асыру Батыс Қазақстан облысының экономикасы мен әлеуметтік саласын одан әрі нығайтуға ықпал ететінін баса айтты.
Президент энергетика саласын жаңғырту, өнеркәсіпте жаңа жобаларды жүзеге асыру, инфрақұрылымды дамыту және тағы басқа маңызды мәселелерге тоқталды. Мұның барлығы ел экономикасын нығайтуға септігін тигізеді. Біз кәсіпкерлер ретінде Мемлекет басшысының барлық бастамаларын қолдаймыз, – деді Валерий Крылов.