Алматыда Ғылымдағы әйелдер мен қыздар мерекесіне орай ғылыми конференция өтті
Бүгін Алматыда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен және Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күніне орай ғылыми конференция өтті. Іс-шараны QyzPU-дың «Тұрақты даму» және «Ғылым» студенттік өзін-өзі басқару ұйымдары ұйымдастырды.
Іс-шарада Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күнімен ғылымға қызығушылық танытқан барша студент-жастарды құттықтады.
«Бүгін халықаралық ғылымдағы әйелдер күні. Осы айтулы күнмен барлық ғылымдағы студент—жастарды құттықтаймын! Бүгінгі шарада Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ғылыммен айналысып, зертханаларда жұмыс істеп жатқан жас ғалымдарының көрмесімен таныстық. Еліміз үшін, жалпы инженерлік-техникалық бағыттағы ғылымды дамыту, сондай-ақ өндірісті жетілдіру – аса маңызды. Осы орайда, жастарымыздың қолмен жасаған сабын өнімдерін көріп, технологиялық процестерді тиімді жүргізу арқылы оның пайдалы тұстарын арттыруға арналған зерттеу жұмыстарымен таныстық. Жастарға, әсіресе ғылым жолында жүрген қыздарымызға айтарым – ғылымды жалғастыру қажет. Басталған ғылыми ізденісті тоқтатуға болмайды. Сол себепті бакалавриатта оқып жатқан студенттерге табыс тілеймін! Олардың болашақта магистратура мен докторантурада білімін жалғастырып, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде еліміздің ғылыми кадрларын даярлау ісіне өз үлестерін қоса берулеріне тілектеспін», – деді Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан.
Конференцияға экология магистрі, «Ecology Consulting» компаниясының басшысы, эко-этно-дизайнер, экотренер және экологиялық белсенді Ботакөз Садыбекова, Yokogawa Electric Kazakhstan компаниясының инженері Дүйсенбек Инкар Дәуренқызы, сондай-ақ Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің PhD докторлар құрамы арнайы шақырылды. Сонымен қатар конференция қонақтары ретінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақ-Британ технологиялық университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Спорт және туризм академиясы, М.Тынышпаев атындағы ALT University студенттері қатысты.
Ғылым саласындағы әйелдердің рөлін дәріптеу және жас ғалымдарды ынталандыру мақсатында өткен ғылыми конференцияда жаратылыстану, физика, математика және цифрлық технологиялар бағыттарында жүргізіліп жатқан заманауи зерттеулер мен инновациялық жобалар талқыланды.
«Алматы қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымы ғимаратына қош келдіңіздер! Бүгін біз Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетімен бірлесіп, ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күніне орай үлкен мерекелік шара өткізіп отырмыз. Жастардың ғылымға деген қызығушылығын және өз білімдерін тәжірибеге айналдыра алғанын көріп, ерекше қуанып отырмын. Осындай маңызды шараны бірлесіп ұйымдастырғанымызға өте қуаныштымын», – деді БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі, Қазақстандағы БҰҰ Ақпараттық орталығының басшысы Властимил Самек.
Іс-шара аясында ғылыми жәрмеңке ұйымдастырылып, онда студенттер өздерінің ғылыми жобаларын таныстырды. Әр қатысушы өз зерттеуінің мақсаты мен нәтижелерін жан-жақты түсіндіріп, ғылыми қауымдастықпен пікір алмасты.
«Біздің жобамыздың атауы – «Ақылды автотұрақ». Қазіргі таңда көптеген сауда және сауықтыру орталықтарында автотұрақ мәселесі жиі кездеседі. Жүргізушілердің көліктерін дұрыс қоймауы салдарынан басқа жүргізушілерге бос орын табу қиынға соғады. Біздің жобамыз дәл осы мәселені шешуге арналған. Болашақта жобаны дамытып, оны іске асыруды мақсат етіп отырмыз», – деді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Информатика және робототехника» білім беру бағдарламасының 3 курс студенті Жарқынай Бахытжан.
Шарада Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Студенттік Ректорат құрамы «Ғылымдағы әйелдер» тақырыбы бойынша баяндама жасады. Конференцияның негізгі бөлігі ғылыми жобалар мен зерттеу жұмыстарының қорғалуына арналды. Қатысушылар өз зерттеулерін жан-жақты таныстырып, инновациялық шешімдер ұсынды. Панельдік пікірталас барысында ғылым мен технология саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, қатысушылар университеттің PhD докторлары құрамынан тікелей жауап алу мүмкіндігіне ие болды.
Конференция соңында БҰҰ жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі және ҚР БҰҰ Ақпараттық орталығының басшысы Властимил Самек пен Ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Джумакулов Закир Даниярович белсенді студенттер мен қонақтарға алғысын білдіріп, ғылым мен білімге қосқан үлестері үшін Алғысхаттар табыстады.
«Бүгінгі шарада біздің докторанттарымыз, студенттеріміз және зерттеушілеріміз өздерінің ғылыми жобаларын ұсынды. Сонымен қатар әйелдердің тарихтағы және қазіргі ғылымға қосқан маңызды үлесі туралы да айтылды. Шараның басты мақсаты – студент қыздарды ғылымға тарту», – деді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Джумакулов Закир Даниярұлы.
Бұл іс-шара ғылым саласындағы әйелдердің рөлін айқындап қана қоймай, жас ғалымдарды жаңа жетістіктерге жетелеуге және олардың ғылыми ізденістерін қолдауға бағытталған маңызды қадам болды.