Мектеп сынақ алаңына айналғалы қашан… Жылда жаңа реформа дайын тұрады. Келер жылы да 2026–2027 жылғы оқу стандарты аясында мектеп бағдарламасына өзгерістер енгізілмек. Көпшіліктің талқысына түскен өзгерістің бірі – пәндерді біріктіру. Реформашылар бұл шешім білім сапасын арттырады дегенімен, қоғамда оған қатысты сұрақ көп. Математика, химия, физика, биология секілді күрделі пәндерді біріктіріп оқыту қаншалықты дұрыс? Мұндай өзгеріс мұғалімдерге, оқушыларға, жалпы білім жүйесіне қалай әсер етеді? Бұл қадам білім сапасын арттырудың амалы ма, әлде бюджетті үнемдеудің жолы ма?
2026–2027 оқу жылынан бастап Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген жаңа оқу стандарты ұсынылып отыр. Жаңа стандарт бойынша дәстүрлі алгебра мен геометрия «Математика» пәні ретінде біріктірілмек, химия, физика, биология «Жаратылыстану ғылымдары» атауымен оқытылмақ, ал дүниежүзі тарихы мен құқық негіздері «Әлеуметтік ғылымдар» деп аталмақ.
Оқу-ағарту министрлігі бұл реформаны енгізудің бірнеше себебін алға тартып отыр. Біріншіден, пәндер арасындағы байланысты күшейту арқылы оқушылардың білімін жан-жақты дамыту көзделген. Екіншіден, оқу бағдарламасын оңтайландыру арқылы сағат санын тиімді пайдалану жоспарланған. Үшіншіден, мұғалімдерге сабақ барысын жеңілдетіп, инновациялық тәсілдерді енгізу басты мақсат ретінде қарастырылады. Теориялық тұрғыдан алғанда, бұл өзгерістер халықаралық тәжірибеге негізделген. Мысалы, Финляндияда пәндерді біріктіріп оқыту жүйесі бар. Алайда еліміздің білім жүйесі мұндай реформаны сәтті жүзеге асыруға дайын ба?
Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Руслан Қаратабанов пәндерді біріктіріп оқыту-оқытпау әр мектептің өз таңдауында деп мәлімдеген. Мектеп басшылығы қаласа жаңа жүйені сынап көреді, қаламаса дәстүрлі жүйеде қала береді. Дегенмен бұл бастамада шикілік өте көп. Осы тұста білім саласының сарапшысы, математика пәнінің мұғалімі Нұрболат Мұхамеджан біріктірілген пәнді сапалы оқытатын маман мен оқу құралдары дайын екеніне күмән келтіретінін айтты.
«Негізі, ақылға салсақ, пән аралық байланыс орнату қажет-ақ. Алайда қатар екі пәнді жоғары деңгейде меңгеріп, оны оқушыларға сапалы түрде түсіндіріп бере алатын мамандар бар ма? Мысалы, мен физика-математика пәндерін қатар алып жүре аламын, бірақ химия мен биология саласында маман емеспін. Бұл жерде бірнеше мәселе туындайды. Біріншіден, пәндерді біріктіріп оқытуға байланысты жаңа оқулықтарды кім дайындайды? Мұндай интеграцияланған оқулықтарды әзірлей алатын мамандар бар ма, әлде дайын материалдарды аударып пайдалана ма? Ақыр аяғында бұдан тағы сапасыз дүние шығады. Екіншіден, қазіргі мұғалімдер бұл жүйеге бейімделу үшін қайта даярлаудан өтуі керек болады, тіпті жаңадан маман даярлау қажеттілігі туындайды. Үшіншіден, бұл өзгерістер білім сапасын арттыру мақсатында жасалып жатыр ма, әлде сағат санын қысқартып, бюджет үнемдеудің амалы ма? Мысалы, биыл 10 500-ге жуық оқушы физика-математика бағытын таңдап, шекті 50 балды жинай алмады. Ал егер олар қарапайым, А деңгейіндегі сұрақтарға дұрыс жауап бергенде, 70 балл жинауға мүмкіндік алар еді. Бұл жағдай мектептерде физика пәнінен берілетін сағат санының қысқаруынан туындап отыр ғой», дейді ол.
География пәні мұғалімі Арайлым Разах та осы пікірді қолдайды. Оның айтуынша, мұндай жаңашылдықтың салдары білім сапасына кері әсерін тигізеді.
«Жаратылыстану пәндерін біріктіріп оқыту идеясы көп сұрақ тудырады. Бұл жағдайда пәндерді кім оқытады? Мысалы, химия пәнінің мұғалімі үш түрлі ғылымның мазмұнын терең меңгеріп, оқушыларға сапалы бере алмайтыны анық. Немесе физика мұғалімі химия мен биологияның тақырыптарын толық түсіндіріп бере алады дегенге сену қиын. Әлде пәндер бойынша сағаттар бөлініп, әр мұғалім тек белгілі бір тоқсанда ғана сабақ беріп, қалған уақытта демалыста бола ма? Мұндай тәсіл білім сапасына қалай әсер етеді? Осы сұрақтардың бәрі басы ашық күйінде қалып отыр. Бұдан бөлек, жыл сайын педагогикалық мамандықтарға бөлінетін грант саны артып келеді. Егер пәндерді біріктіру нәтижесінде сағат саны қысқарса, онда болашақ мұғалімдер жұмыссыз қалады ғой. Қазірдің өзінде жас мамандар жұмыс табуда қиындыққа тап болып отыр. Бір жерде орын жоқ, екінші жерде тәжірибе сұрайды, үшінші жерде «жасыл қағаз» талап етеді. Сонымен қатар бұл өзгерістер ұлттық бірыңғай тестілеуге де әсер етпей қоймайды. Таңдау пәні ретінде «жаратылыстану мен математика» белгілене ме, әлде «жаратылыстану» ғана қала ма? Егер осындай өзгеріс енгізілсе, онда мамандықтар жүйесін де қайта
қарауға тура келеді. Білім саласындағы әрбір реформаның салдары бар. Сондықтан қандай да бір заң қабылдамас бұрын оның ұзақмерзімді әсерін жан-жақты зерттеп, басқа министрліктермен келісіп шешім қабылдау қажет. «Келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, алдын ала жан-жақты талдау жасалмаса, бұл реформа да аяқсыз қалып, білім сапасына кері әсер етуі мүмкін», дейді ол.
Ал білім саласының сарапшысы Аятжан Ахметжанұлының айтуынша, мұндай бастама бұрын да болған және сәтсіз аяқталған.
«Бұрынғы тәжірибелерден сабақ алуымыз керек емес пе? Мысалы, жаңартылған бағдарлама кезінде технология мен бейнелеу өнері біріктіріліп, «Көркем еңбек» пәні пайда болды. Бірақ қазіргі министрлік бұл шешімнің қате болғанын мойындап, 2026 жылы екі пәнді қайтадан бөлуге шешім қабылдады. Енді дәл солай басқа пәндерді қосып, кейін қателік жібергенімізді тағы да түсінетін боламыз ба? Бұл білім жүйесін жетілдіру емес, сынақ алаңына айналдыру. Мұндай түбегейлі өзгерістер мұғалімдерге де, оқушыларға да ауыр салмақ салады. Сондықтан бұл реформаның барлық қырлары жан-жақты талқыланып, әрбір шешім мұқият зерттелуге тиіс. Әйтпесе, тағы бір қате реформаның куәсі боламыз», деп пікір білдірді сарапшы.
Айтолған ЖҮНІСХАН
“Егемен Қазақстан газеті”