Басы » NIO.KZ » Дарынды балаларға бір реттік сыйақы беріледі

Дарынды балаларға бір реттік сыйақы беріледі

Депутат білім мен мәдениет саласындағы маңызды заң жобасын таныстырды

Депутат Асхат Аймағамбетов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жөнінде баяндама жасап, оның негізгі тұстарына тоқталды.

Дарынды балаларға жаңа мүмкіндіктер

Өткен жылы Қазақстанда халықаралық ғылыми байқаулардың үздіктеріне ерекше мүмкіндік жасалған еді. Олар енді ҰБТ тапсырмай-ақ мемлекеттік грантпен жоғары оқу орындарына түсе алады. Сонымен қатар, «Болашақ» бағдарламасы аясында бакалавриат деңгейінде шетелдің жетекші университеттеріне түсуге рұқсат берілді. Бұл бастамалар Президенттің дарынды балаларды қолдау жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асуда.

Бұдан бөлек, биылғы заң жобасында тағы бір маңызды өзгеріс ұсынылуда – дарынды оқушылар мен оларды дайындаған мұғалімдерге бір реттік сыйақы тағайындау. Бұл жүйе жастардың ғылыми әлеуетін арттыруға және оқушылардың ынтасын күшейтуге бағытталған. Жеңімпаздарға берілетін ең жоғары сыйақы мөлшері – 6 миллион теңге. Сонымен бірге, олардың жетістікке жетуіне ықпал еткен ұстаздары да ынталандырылады.

Білім беру мекемелеріне атау беру талаптары қатаңдатылады

Соңғы жылдары жекеменшік білім беру ұйымдарының саны күрт артып, олардың көпшілігі белгілі тұлғалардың есімін өз бетінше иелене бастады. Бұл жағдай қоғамда дау туғызғаны жасырын емес. Осыған байланысты заң жобасында жаңа өзгеріс енгізілмек – енді жеке меншік білім беру ұйымдары тұлғалардың есімін бермес бұрын, ономастикалық комиссияның ресми мақұлдауын алуға міндеттеледі.

Оқушыларға «Ақылман» картасы беріледі

Оқушылардың мәдениетке деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Ақылман» картасы енгізілмек. Бұл карта арқылы мектеп оқушылары театр, мұражай, концерт залдары сынды мәдени орындарға тегін немесе жеңілдікпен бара алады. Депутаттың айтуынша, мұндай бастамалар әлемнің дамыған елдерінде сәтті жүзеге асқан. Мысалы, Италия, Испания және Франция елдерінде оқушылар үшін мәдени өмірге белсенді араласуға арналған арнайы жобалар бар. Қазақстан да осы бағытта маңызды қадам жасауда.

Жаңа заң жобасы білім мен мәдениет саласындағы оң өзгерістерге жол ашып, дарынды жастарды қолдауға, педагогтардың еңбегін бағалауға және ұлттық мәдениетті дамытуға зор үлес қосады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *