Басы » NIO.KZ » Балалар лагерьлеріне қойылатын талаптар күшейді: Бұл бизнеске қалай әсер етеді?
Фото интернеттен

Балалар лагерьлеріне қойылатын талаптар күшейді: Бұл бизнеске қалай әсер етеді?

Жыл сайын балалардың демалысын ұйымдастыратын білім беру ұйымдарына қойылатын талаптар күшейіп келеді. Бұл – аса күрделі әрі жауапты жұмыс, деп атап өтті жиын модераторы, ҰКП Туризм департаментінің басқарушы директоры Дамиля Құнанова.

Кездесуде туризм саласының өкілдері мен мемлекеттік органдар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін кәмелетке толмағандарға білім беру-сауықтыру қызметтерін ұсыну жөніндегі қызметті лицензиялау мәселесін талқылады. Бұл жаңа талаптар жазғы лагерьлерге, соның ішінде жыл бойы, маусымдық немесе білім беру бағытындағы лагерьлерге қатысты болмақ.

Қазіргі таңда елімізде 17 лагерь жыл бойы жұмыс істейді, олар сауықтыру қызметінен бөлек, білім беру бағдарламаларын да жүзеге асырады. Сонымен қатар, ел бойынша 150-ден астам маусымдық лагерь балалардың жазғы демалысын ұйымдастырады.

Маңызды ерекшелік – маусымдық және жыл бойғы лагерьлерге қойылатын талаптардың айырмашылығы. Маусымдық лагерьлерге қойылатын біліктілік талаптары шамамен 70%-ға төмен, себебі олар білім беру сабақтарын өткізуге және оқу материалдарын ұсынуға міндетті емес. Ал жыл бойы жұмыс істейтін лагерьлерге білім беру және сауықтыру жұмыстарына байланысты қатаң талаптар қойылады.

Кәсіпкерлер бұл талаптардың күшеюіне және әкімшілік жүктеменің артуына алаңдаушылық білдіруде. «ҚР балалар-жасөспірімдер туризмі қауымдастығы» ЗТБ басшысы Қайрат Сұлтановтың айтуынша, соңғы жылы балалар демалысы саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер саны 50%-ға қысқарған. Оның негізгі себептерінің бірі – қаржылық шығындардың өсуі, оның ішінде тексерулер мен жаңа стандарттарды сақтау қажеттілігі. Мәселен, бір маусымдық лагерьдің жұмыс істеуі үшін рұқсат құжаттарын алу кәсіпкерлерге 1,2 млн теңгеге дейін шығын келтіреді. Сонымен қатар, лагерьлердің нақты жіктелуінің болмауы да күрделі мәселе болып отыр.

«Санитарлық-эпидемиологиялық ережелерде «балалар сауықтыру лагері» ұғымы бар. Алайда біз медициналық қызмет көрсетпейміз. Сондықтан классификаторға «жазғы демалыс лагері» деген жаңа ұғымды енгізуді ұсынамыз», – дейді «Жігер» балалар және жасөспірімдер клубтары бірлестігінің директоры Елена Деш.

Мүдделі мемлекеттік органдар туризм саласындағы кәсіпкерлердің бұл ұсынысын қолдап, лагерь түрлерінің ағымдағы тізімі ескіргенін және қазіргі заман талаптарына сәйкес келмейтінін мойындады. Осыған байланысты жыл соңына дейін лицензиялауға жататын маусымдық балалар лагерьлерінің нақты жіктелуін әзірлеу үшін бизнес-қоғамдастықпен бірлескен жұмыс жүргізілмек.

Балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылмақ. Денсаулық сақтау министрлігі 2023 жылы Алматы облысында сауна аумағында балалар лагері заңсыз орналастырылған оқиғаға байланысты, балалардың денсаулығын қадағалауды басты міндет ретінде қарастыратынын жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменттеріне балалардың жазғы демалысын ұйымдастыратын ұйымдарды лицензиялау және оған дайындық мәселелері бойынша түсіндіру іс-шараларын өткізу тапсырылды. Сонымен қатар, кәсіпкерлер өз ұсыныстарын нормативтік-құқықтық актілер шеңберінде енгізуге келісті. Бұл бағыттағы келесі кездесу мамыр-маусым айларына жоспарланып, бизнес-қауымдастық өкілдерінің қатысуымен жұмыс топтары құрылатын болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *