Қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі
Усиева Мерует Тілепқалиқызы
Жоспары
І Кіріспе
Мұғалімнің инновациялық іс -әрекетін қалыптастыру,жаңа технологияларды оқу-тәрбие үрдісінде жүйелі пайдалану- заман талабы.
ІІ Негізгі бөлім
Дәстүрлі емес сабақтарды ұйымдастыру және
сабақ процесінде жаңа технология әдістерін
қолданудың маңыздылығы
ІІІ Қорытынды
Жаңа технологиялық әдіс-тәсілдерді теория мен практикада ұштастыра отырып қолдану
Біз осы заманғы білім беру жүйесінсіз, әрі алысты барлап, кең ауқымды ойлай
білетін осы заманғы мұғалімдерсіз инновациялық экономика құра алмаймыз.
Н.Ә. Назарбаев
Қазіргі уақытта Қазақстанда білім берудің өзіндік ұлттық үлесі қалыптасуда. Бұл процесс білім программасының өзгеруімен қатар жүреді. Білім берудегі ескі мазмұнның орнына жаңасы келуде. Ол балаға өзін-өзі өзектілендіруге, өзін толықтыруға және өзін-өзі жүзеге асыруға ұмтылатын дамушы тұлға ретінде қалыптастыруға бағытталған. Дене Декарттың трактатында: «Өзін-өзі тану жолындағы еңбек — ең құнды еңбек» деп көрсетілген. Жаңа білім парадигмасы бірінші орынға баланың білім, білік, дағдысын емес, оның тұлғасын, білім арқылы дамуын қамтып отыр. Қазіргі уақытта педагогика ғылымының бір ерекшелігі — баланың тұлғалық дамуына бағытталған жаңа оқыту технологияларын шығарып, оқу үрдісіне еңгізу. АҚШ-та, Ұлыбританияда, Ресейде т.б мемлекеттерде жүргізілген зерттеулерде оқытудың технологиялық тәсілінің тиімділігі дәлелденген. Елімізде оқыту мазмұны жаңартылып, 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу мақсатында жаңа буын оқулықтарының негізінде жасалған бағдарламалар бастауыш мектептің жаңа жүйеге көшуін, әрбір мұғалімнен жаңаша жұмыс істеуін, батыл шығармашылық ізденісін, оқушылардың белсенділігі мен қызығушылығын арттыруды талап етеді. Сондықтан, мұғалім өз білімін жан-жақты жетілдіре отырып, оқушыны қызықтырып оқыту керек екені сөзсіз. Ұлы неміс педагогы А. А.Дистервег: «Жаман мұғалім ақиқатты өзі айтып береді, ал жақсы оқушының өзін ізденуге жетелейді, ойлауға үйретеді» – деген. Президентіміз Н. Ә. Назарбаев айтқандай, сапалы білім беру Қазақстанның индустрияландырылуының және инновациялануының негізіне айналуы тиіс. Бұл мәселе жалпы білім беретін мектептерге байланысты айтылып тұрғандығы белгілі. Еліміздің болашағы орта мектептен толық- қанды сапалы білім алған, оның бағдарламасын толық меңгерген баладан, яғни, оқушыдан шығары анық, өйткені, ертеңгі ел тізгінін ұстар азаматтар- бүгінгі мектеп оқушысы.
Мектепте жұмыс атқаратын әрбір мұғалімнің алдына қазіргі таңда қойылатын талап өте үлкен болып отыр. Мұғалім өзінің инновациялық іс -әрекетін қалыптастырып, оны меңгеріп, сол жаңа педагогикалық технологияларды оқу-тәрбие үрдісінде жүйелі пайдалану арқылы оқушылардың білім сапасын арттыруы қажет. Сонда ғана жаңа педагогикалық технологияларды меңгерген, өз практикасында қолданған әрбір мұғалім өз сабағын нәтижелі даму жағынан көре алады.
Ғылым мен техниканың шарықтай дамып, адамзат баласы ғаламдану үрдісі жөніндегі пікірлерін ортаға салып, қоғам мүшелері соңғы үлгідегі техника жетістіктерін пайдаланып жүрген тұста білім беру жүйесі де осы өзгерістерге сай жаңашылдық пен әлемдік білім кеңістігіндегі соны ізденістерге сай сабақ жүргізудің уақыт міндеттеп отырған талап екенін айқын сезінуде. Ал бұл міндеттерді жүзеге асыру — өз ісінің шебері болумен қатар өз мамандығын сүйіп, адал да аппақ жүрекпен қоғамға қызмет етуді мақсат тұтқан ұстаздың ғана еншісінде.
Сабақ — мұғалім мен оқушының өз қажеттілігіне орай оқу әрекеттерін яғни білімді меңгерту мен меңгеру, машық дағдыны қалыптастыру,ізденіске баулу,шығармашылық пен талапты ұштап, дамытуды қажет еткен мақсат міндеттер тұрғысынан бірлесе жұмыс істейтін ынтымақтастық алаңы. Сабақ тек жалаң білім беруге құралмай, оқушының шынайы қызығуы мен өз қажеттілігі мен сұранысын қамтамасыз етерлік шығармашылық ізденіс танымына орай құрылуы қажет.
Ұстаз алдындағы басты мақсат — сапалы білім мен саналы тәрбие беру, тұлғаның заман талабы мен ағымына сай қалыптасуына ықпал ету. Тұлғаның жан-жақты жетілдірілуінде таным баспалдақтарына жетелер дағды қалыптастыруға жол ашатын оқыту мен тәрбие технологиясын жете білу, меңгеру, біліктілігін арттыру, әлемдік даму үрдісіне қатысар тұлға даярлау мұғалім мақсатының бастау көздері.
Біздің елімізде қазіргі кезде білім берудің жаңа үлгісі қалыптасуда. Бұл бағдарламаның негізгі ерекшелігі — оқытудың дәстүрлі түрінен жаңа педагогикалық технологияларға ауысу.
«Білім беру жүйесін жаңғырту барысында біз үшін келесі іс-шараларды жүзеге асырудың маңызы зор. Біріншіден, оқыту үдерісіне қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды енгізу. Бүгінде халықаралық стандарттар негізінде Назарбаев Университеті мен Зияткерлік мектептер табысты жұмыс істеуде. Олардың тәжірибесін бүкіл қазақстандық білім беру жүйесіне таратып, барлық білім беру мекемелерін солардың деңгейіне тарту қажет. Екіншіден, педагогтар құрамының сапасын арттырудың маңызы зор. Арқаулық педагогтік білім берудің үлгі-қалыптарын, мектептер мен жобалар оқытушыларының біліктілігін арттыруға талаптарды күшейту қажет» – делінген Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына 2010 жылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында.
Шын мәнінде, қазіргі кезеңде қоғамның өркендеп өсуі білім жүйесінің сапасын жақсартуды, жаңа технологияларды кеңінен қолдануды, жаңа формациядағы ұстаздар дайындау арқылы еліміздің білім жүйесін халықаралық стандарт деңгейіне жеткізуді, нарық экономикасына бейімделген, бәсекеге қабілетті білімді де білікті мамандар дайындауды негізгі стратегиялық межеге жатқызады. Бұл мақсаттар еліміздегі білім беру жүйесінің алдына жаңа инновациялық, технологиялық әдістерді қолдануды игеру, оқытудың жаңа модельдерін іздестіру және оны үнемі жетілдіріп отыру міндеттерін күн тәртібіне ендірді. Осы бағытта Қазақстанның әлемдік қоғамдастыққа ықпалдасуы үшін шетелдік тәжірибелерді зерделеп, енгізу талабы туындап отыр. Әрбір мемлекеттің интеллектуалдық, экономикалық, парасаттық және мәдени қарымы білім сапасының күйін, оның прогрессивтік даму тарихын айқындайды. Осы тұрғыдан алғанда, егемен Қазақ елінің білімі мен ғылымының стратегиясы, білім беру жүйесінің ұлттық білім мен тәрбие идеяларын сақтай отырып, әлемдік білім кеңістігіне кірігуімен анықталады. Қазіргі мектептердегі оқушылардың бойындағы функциональды сауаттылық пен өмірге қажетті құзырлылықтар жиынтығын дамытуға басты назар аударылып отыр. Сондықтан әрбір ұстаз жаңа кезең мұғалімінің қызметіне сай болу үшін педагогикалық үрдістің бірізділігін және оқу мен тәрбиенің бір тұтастығын сақтай отырып, оқушының рухани өсуіне жағдай туғыза алатын, жаңалықтарды қабылдауға құмбыл, өз әрекетіне өзгеріс енгізе алатын, өзгермелі өмірге оқушыны да, өзін де даярлай білетін шығармашыл тұлға болуы тиіс. Қазіргі талаптың басты міндеті – педагог мамандардың кәсіби құзырлылығын қалыптастыру мен біліктілігін үздіксіз арттыруды, ғылыми-әдістемелік қызметтің жаңашылдығын, түрлері мен әдістерін іздестіруді қамтамасыз ету, оны үйлестіре білу болып отыр. Осы мақсатта республикамызда бұрын-соңды болмаған мектеп мұғалімдері біліктілігін арттырудың 1-2-ші және 3-ші деңгейі бойынша 3 айлық курстар іске асырылуда.
Бұл Бағдарлама нендей мақсаттарды көздейді? Біз неге дәстүрлі оқыту үрдісінен бас тартуға тиіспіз?
Бағдарламаның мақсаты – оқушылар өздерінің қалай оқу керектігіне назар аудара отырып, олардың өз ойлары мен дәлелдемелерін нақты жеткізе алатын, яғни ойға жүйрік, тілге шешен, әрі жазбаша түрде еркін, көркем бейнелеп жазуға төселген, бірнеше тілді қатар меңгерген бәсекеге қабілетті жан-жақты жетілген жеке тұлға қалыптастыру болып табылады. Ондай «тұлға» болашаққа сенімді, ынталы, сыни пікір көзқарастары жүйелі дамыған, қазіргі сандық технологияларды, өмірде өз білімін қалыптан тыс жағдайда да еркін әрі терең пайдалана білетін жан болуы тиіс. Оқытудағы «Кембридж тәсілінің» теориялық негіздерінде түрлі тәсілдер қарастырылғанына қарамастан, орта білім беру жүйелерінде әлемдік жоғары деңгейге қол жеткізген анағұрлым танымал оқыту әдістемелері арасында сындарлы (конструктивті) теориялық оқыту тәсіліне басымдылық берілген. Бұл оқытудың басты бағыты – ойлауды дамыту болып табылады. Яғни, оқушы өзінде бар білімді түрлі дерек көздері арқылы, мұғалімнен, оқулықтан, достарынан алған білімдермен біріктіре отырып іске асырады .
Ал осыған дейін біздер қолданып келген «дәстүрлі оқыту» қандай оқыту? Ол – қазіргі мұғалімнің 45 минуттағы іс-әрекеті. Мұғалім кіреді, сабақ сұрайды, сабақ түсіндіреді. 4-5 оқушыны бағалайды, қалғандары сол қалпында қалады. Бұл жердегі мұғалім тарапынан берілген дайын білімге оқушылар өздігінен ары қарай дамыту, іздену, ойласу, ат салысу, салыстыру, пікір алмасу, пікір таластыру т.б. жайлар қолға алынбайды. Мұндай білімнің аясы тар, көбіне жаттанды есте сақтауға алып келеді. Сондықтан көбіне санада механикалық есте сақтау арқылы алынған білім ойлаудың төменгі деңгейінде ғана жүзеге асырылады. Ары қарай терең ойлану үрдісі іске асырылмайды. Ал сындарлы («конструктивті») оқытуда керісінше, мұнда басты басымдылық оқушыға беріледі. Мұғалімнен гөрі оқушы көп ойланып, көп талқылап, достарымен көп сөйлесіп, әрекеттенуі керек. Ал мұғалімнен өз сабақтарын оқушының идеясын, білім-біліктілігін дамытуға ықпал ететін міндеттерге сай етіп ұйымдастыру талап етіледі. Мұндай міндеттер оқушылардың оқыған тақырып бойынша білімдерін өз деңгейінде көрсетіп, кейбір болжамдар бойынша күмәнды ойларын білдіре алатындай пікір-көзқарастарын нақтылап, жаңа ұғым-түсініктерін өрістетуге орайластырылып құрылады.
Барлық оқыту үдерісін ұйымдастырып, көшбасшылық жасайтын мұғалім болғандықтан, бағдарлама ең алдымен, мұғалімге қарай бағытталады. Өйткені мұғалімдер ойлау қабілеттері жоғары деңгейде дамыған оқушыларды қалыптастырғылары келсе, онда алдымен өздерінің де терең ойлау қабілеттерін дамытқан жөн. Сонда ғана біржақты, «тек менікі дұрыс» деген сенімнен гөрі, жаңашыл идеяларға деген көңіл көкжиектері ашылып, жаңаша қалыптасуы мүмкін.
Бағдарламаның басты жаңа бағыты – іс-әрекет арқылы зерттеу болып табылады. Ағылшын ғалымдары теориялық білімдерін міндетті түрде мектептерде қолданып, оның дұрыс-бұрыс жақтарына терең талдау жасап отырады екен. Осы бағытта әрбір жаңашыл мұғалімнен өзі сабағында қолданған жаңа тәсілдердің дұрыс-бұрыс жағын терең талдап, зерттеу жүргізу талап етіледі.
Қорыта айтқанда, бұрын оқу үдерісі кезінде бар салмақ мұғалімге түсетін. Ол белгілі шеңберде жұмыс жасайтын. Жаңаша оқытудың «Кембридждік» жүйесі бойынша бұл тәсіл біршама өзгереді. Мұнда балаларға білім дайын күйінде берілмейді, керісінше оқушылардың өздерін еркін ұстауға, ойлануға мүмкіндік жасалады. Олар өз беттерімен және өзара әрекеттесе оқып-үйреніп, ортақ бір шешімге келуге бағытталады. Сондықтан да қазіргі таңдағы әрбір ұстаздың да, оқушының да іс-әрекеті ерекше шығармашылық сипатта болуы керек. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білімді дамыту тұжырымдамасында «Орта білім берудің мақсаты – терең білім, кәсіби дағдылар негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін-өзі іске асыруға, өзін-өзі дамыту және өз бетінше дұрыс адамгершілік тұрғысынан шешім қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру» делінген. Ал ұстаздың міндеті жеке тұлғаның өзіне, қоғамға қажетті қабілеттерін қалыптастыру, дамыту және өз бетімен білім алуына, өзін-өзі дамытуға қолайлы жағдай туғызу. Осы тұрғыда биылдан бастап жаңа форматта оқыту мен оқудың кембридждік әдіс-тәсілін қазақстандық мұғалімдерге меңгерту қолға алынды. Себебі, жоғарыда айтылғандай, ақпараттық қоғамның негізгі талабы – оқушыларға ақпараттық білім негіздерін беру, логикалық ойлау қабілетін дамыту, ақпараттық технологияны пайдалану дағдыларын қалыптастыру және ақпараттық сауатты болып өсу мен ғасыр ағымына бейімдей тәрбиелеу, яғни ақпараттық қоғамға бейімдеу болып табылады. Ағылшындардың озық тәжірибесі осыған сәйкес келеді.
Бағдарлама нұсқаулығының алғашқы бетінен-ақ: «Бұл бағдарламаның басым бөлігі, түрлі тәсілдер қарастырылғанына қарамастан, сындарлы оқыту теориясы негіздерін қамтыған. Дайын білім беруге негізделген «дәстүрлі» әдіс арқылы алынған білім оқушылардың жинақтаған өзге білімдерімен тиімді сіңісе алмайды, сол себепті де механикалық есте сақтау, үстірт білім алу жағдайлары орын алады. Дәстүрлі оқытудан алынған механикалық түрде есте сақталған мәліметтерді емтихан кездерінде ұтымды пайдалануға болады, бірақ мән-мағынасы терең меңгерілмей, жай ғана жатталғандықтан, тақырыпты оқыту аяқталған соң немесе емтихан біткен соң керексіз болып қалады және оқушы оны өмірде пайдалана алмайды. Сындарлы оқытудың мақсаты – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімдерін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету» деген сөздер бар.
Бағдарламаның оқушыға тиімді болары, оған білім мен тәрбие берудегі зор үлесі бары сезіліп тұр. Себебі, оқытып тәрбиелеуді қатар алып жүрудің қыр-сырын ағылшындар терең меңгергенін көруге болады. «Мұғалім – мектептің жүрегі» деп халқының болашағы үшін білімнің даңғыл жолын салған Ыбырай Алтынсарин бекерден бекер айтпаған. Әрбір мұғалім өзін мектептің жүрегімін деп есептеп, мектептің жанын кіргізердей дәрежеде болуы тиіс. Өз ісіне аса ықыласпен ден қоя отырып, құзырлы мұғалім ретінде баланың жүрегіне білім нәрін себе білсе нұр үстіне нұр. Бағдарламада зерттеуші-психолог Шульман түсінік, дағды және тұтастықты «мұғалімнің үш көмекшісі» деген. Оны бас — кәсіби түсінік, қол – оқытудың тәжірибелік дағдылары, жүрек – кәсіби-өнегелік тұтастық деп түсіндіреді. Бұдан біздің ұққанымыз, әр мұғалім теория мен тәжірибені ұштастыра отырып, шын ынта-ықыласымен оқушыларға мейірімділік, аяушылық, құрмет таныта білуі тиіс. Бұл біздің біліктілігіміз бен рухани құндылығымыз жоғары деңгейде болуы керек деген сөз.
Біліктілікті арттыру бағдарламасының негізгі мазмұны жеке жеті модуль түрінде берілген, олар оқыту барысында аралас түрде ұсынылады:
1) Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер;
2) Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету;
3) Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау;
4) Оқыту мен оқуда ақпараттық-ком-муникациялық технологияларды (АКТ) пайдалану;
5) Талантты және дарынды балаларды оқыту;
6) Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және оқу;
7) Оқытуды басқару және көшбасшылық.
Мұғалім төмендегідей қағидаларды есінде ұстауы қажет:
— Баланың бойындағы құмарлығын, қызығушылығын жойып алмай, оның үнемі алға жылжуға деген табиғи талап-тілектерін, сұраныс пен мұқтаждарын ескеру, шығармашылығын жетілдіру;
— Білімді өз бетінше іздену арқылы алуға қолайлы жағдай жасау;
— Өзін-өзі дамытатын тұлға қалыптастыру;
— Мұғалім бала бойындағы шығармашылық сапалардың болатындығын мойындап, әрі қарай дамытуы керек
Бұл Бағдарламаны насихаттаудың аса қажеттілігі жайлы Елбасы жиі айтып жүр. Қазіргі таңда Назарбаев Зияткерлік мектептері тәжірибесін бүкіл қазақстандық білім беру жүйесіне таратып, барлық білім беру мекемелеріне жеткізу, насихаттау, енгізу мақсатында Астана қаласында өткен жылдың соңында Педагогикалық шеберлік орталығы құрылды. Аз уақыт ішінде аса күрделі қыруар істерді жүзеге асырып, осы бағдарламаның жүзеге асуына атсалысып жатқан басқалай да көптеген білім ұйымдары бар. Қазіргі таңда барлық облыс орталықтарында Назарбаев зияткерлік мектептері мен Педагогикалық шеберлік орталықтары ашылып, жұмыс істеуде. Осы бағытта жұмыс істеуге барлық деңгейдегі мұғалімдердің біліктілігін арттыратын мекемелер жұмылдырылған. Аз мерзімде іске асырылған осыншалықты қыруар жұмыстарды «Егеменді елдің, келер ұрпақтың болашағы, келешегі білімде жатыр, ол үшін білімді, білікті ұстаздар керек» деген идеяның нәтижесі деуге болады.
Былтырғы, яғни 2011/2012 оқу жылында Атырау қаласындағы «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығында 3-ші деңгейлі базалық курсын оқып, сертификатқа ие болдым.
Осы уақытқа дейін өткізген және басқа мұғалімдердің дәстүрлі сабақтарына қатысып жүрген кезімде мен, сыныпта оқушылардың аз сөйлеп, көбінесе мұғалімнің сөзін , берілген тапсырмаларды үн — түнсіз тыңдау үдерісі қалыптасқанын түсіндім. Ондай сәттерде үлгерімі жақсы оқушылар зерігіп, ал үлгерімі төмен оқушылар өзінің тілдік қорын дамыта алмай немесе түсінбегендерін сұрауға дәті бармай, сабақты түсінбестен үйіне қайтады. Әрине, бұрынғы дәстүрлі сабақтағы әдістерді де жоққа шығаруға болмайды, әр тәсілдің өзіндік артықшылықтары болады.
Бағдарламаға сүйене отырып, оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер бойынша оқушыларға алдымен әр сабақ сайын тренинг өткізілсе, сабақ көңілдірек болатынына көз жеткіздім. Тренинг-оқушы назарын жаңа сабаққа аударуда, қызығушылықтарын арттыруда, ынтымақтастық қалыптастыруда маңызды тәсіл. Сабақ бастамас бұрын тренинг өткізу оқушыларға жағымды, оң әсер етті. Ең бастысы оларға ұнады. Ынтымақтастық орнату мақсатында «Жақсы тілек», «Әсем күлкі,ақ тілек» тренингтерін ұйымдастырдым.Бұл тренингте оқушылар бір-біріне жақсы тілек айтып, сабақты жақсы көңіл-күймен бастады. Топқа бөлу барысында оқушылардың сабаққа белсенді қатысулары, өз ойларын ашық, еркін жеткізулері, бастысы, топта оқушы оқшауланып қалмайтындығын көрсетті. Топтық жұмыс, біріншіден, оқушыларға бірігіп жұмыс істеу мүмкіндігін тудырады. Екіншіден, ұйымшылдыққа тәрбиелейді. Үшіншіден, бірін-бірі оқытуға, бірінен-бірі үйренуге жағдай жасайды. Бұл әдіс сонымен қатар топ болып ынтымақтастықпен бірігіп жұмыс жасауға,ойын еркін ортаға салуға, бірінен- бірі үйренуге септігін тигізді. Яғни, топтық жұмыс оқушылар арасында әлеуметтік өзара қарым-қатынасты, тиімді араласу, проблемаларды шешу және топ ішінде шығарманы жан-жақты талдауға көмектеседі. Топтық жұмыстың артықшылығы:
• Оқушылар өзара достық қатынаста болады;
• Бір-бірінен сұрай отырып білімдерін жетілдіреді
• Өзгелерге ойын жеткізу үшін өз шешімін дәлелдеп үйренеді;
• Менен сұрап қалады-ау деп қорықпайды,топ болып жауап береді;
• Оқушылардың мектепке деген көзқарасы өзгереді. Уақыттары қызықты әрі тиімді өтеді.
• Топтық жұмыста бос отыратын оқушы болмайды.
Ғылыми зерттеу нәтижелері сабақта диалогтің маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Мерсер мен Литлтон (2007) өз еңбектерінде диалог сабақта оқушылардың қызығушылығын арттырумен қатар олардың білім деңгейінің өсуіне үлес қосатындығын атап көрсетеді. Мерсердің зерттеуіне сәйкес, әңгімелесу оқушылардың білім алуының ажырамас бөлшегі болып табылады және әңгімелесудің үш түрі бар,олар:
-Әңгіме-дебат барысында;
-Топтық әңгіме барысында;
-Зерттеушілік әңгіме жүргізілу үстінде байқалады екен[1].
«Диалогті оқыту арқылы оқушылардың қызығушылығын арттыру, олардың білім деңгейін көтеру, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру. Балаға күштеп білім беруден гөрі, баланың білімге деген құштарлығын ояту ең маңызды мақсат» деп К.Д.Ушинский [2] айтқандай баланың білім алуға деген құштарлығын ояту үшін мұғалім көп ізденіп, сабақтың тиімді өтуіне жұмыс жасап, сабақ барысында оқудың белсенді әдістері, диалогтік оқыту және оқу әдісін қолдануда білім сапасын арттыруға көп көмегін тигізеді деп ойлаймын. Оқушылар диалог әдісін қолдана отырып, білімді бірлесіп құру, талқылау, түсіну мен дағдыларды қалыптастыру арқылы білім алады. Әр сабағымда оқушыларға сұрақтар қою арқылы, тақырып бойынша өз ойларын ашық, еркін айтуға мүмкіндік бердім. Өзара талқылау арқылы, түрлі ойлардың болатындығын, бір бірінің түсінуіне көмектесетінін көрсетсе, сұхбаттасу арқылы өз ойларын дәлелдеуге тырысты. Бұл оқушылардың қандай деңгейде екенін түсінуге көмектеседі. Біз көбінесе диалогтік оқытуды сұрақ — жауап ретінде қолданамыз. Яғни, бала теорияны меңгерумен қатар тәжірибе жүзінде де қалай жасау қажеттігін ұғынуы керек. Тәжірибелік жұмыс жасау барысында көптеген сұрақтар туындайды. Оқушылар өзара пікірлер мен болжамдар айта отырып, бірлесе жұмыс жасайды. Жұмыс жасау барысында оқушыларға көптеген сұрақтарды қоюға болады. Мысалы, кез келген сабақтың басталуы сұрақ – жауаптан тұрады. Сұрақтардың берілуіне байланысты оқушының пәнге деген қызығушылығын арттыруға болады. Оқушы мен мұғалім арасында жақсы қарым-қатынас орнайды. Диалогтік оқыту оқушы мен оқушы арасында да туындауы мүмкін. Мұнда оқушылар бір-біріне сұрақтар қояды. Бір-бірінің жауабына қанағаттанбаса, қосымша да сұрақтар беруі мүмкін.
Сын тұрғысынан ойлау – креативті тұлғаны қалыптастырудың бір жолы. Сыни тұрғыдан ойлануды дамыту бағдарламасы – әлемнің түкпір-түкпірінен жиылған білім берушілердің бірлескен еңбегі. Тәжірибені жүйеге келтіргендер – Джинни, Л.Стил, Куртис, С.Мередит, Чарльз Темпл.Жобаның негізінде Ж.Пиаже, Л.С.Выготский теорияларын басшылыққа алады.Сыни тұрғыдан ойлану әдіс- тәсілін қолдану нәтижесінде оқушылардың өзін-өзі бақылау, сөйлеу, тыңдау қабілеттерінің артқаны байқалды.
Бұл әдіс – тәсілдер оқушыларға:
-еркін ойлауға мүмкіндік береді;
— ақыл-ойын дамытады;
-шығармашылық белсенділігі артады;
-ұжымдық іс-әрекетке тәрбиелейді;
-тіл байлығы жетіледі;
-жан-жақты ізденеді;
-өз ойын жеткізеді;
Білім беруде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану – заман талабы. Әр мұғалім өз сабағын түрлендіріп өткізгісі келеді. АКТ-ға теледидар, интернет, ұялы телефон, ұтқыр қондырғылар, компьютер немесе ноутбук жатқызылса, әрқайсысының өзіндік қолданылу орны бар. АКТ оқушы қызығушылығын арттырады және есте сақтауға көмектеседі. Өйткені естігеннен, оқығаннан гөрі көзімен көрген есте жақсы қалады. Қайта қызығушылықтары оянып, белсенділіктері артады. Интерактивті тақта арқылы оқытудың басқа тәсілдеріне қарағанда (салыстырғанда), көптеген жетістіктері бар. Қарапайым тақта және компьютер проекторына қарағанда, интерактивтік тақта сабақ мазмұнын кеңінен ашуына мүмкіншілігі өте зор. Сабақта мұғалім интерактивтік тақтаны бір емес бірнеше рет пайдалана алады, қарапайым тақтаға қарағанда интерактивті тақта пайдалануға ыңғайлы, әрі уақыт үнемдейді. Материалдарды оқып үйрену барысында интерактивтік тақтаны пайдалану білім өрісін кеңейтуге мүмкіндік береді, сондықтан мұғалімдердің дайындаған материалы оқушыларға түсініктірек болады.
Бағдарлама бойынша бұрын-соңды қолданбаған жаңа тәсілдің бірі – критерий бойынша бағалау. Осы 7 модульді сабағымда колданған кезде сыныптагы көрініс, оқушылардың көзқарасы мен оқу үрдісіне қатысы бойынша орын алған өзгерістерге соның ішінде оқытуды бағалау және оқыту үшін бағалау модуліне тоқталғым келді…Бағалау – оқыту үрдісінде және мұғалімнің қолындағы маңызды да әсерлі құрал екендігі рас.
Ол бізге тек қана оқушының білім деңгейі мен жетістіктері туралы ақпарат беріп қана қоймайды, оқушылармен кері байланыс орнату құралы болып табылады. Бағалаудың мақсатына қарай оның бірнеше түрлері бар. Олар: формативтік бағалау және жиынтық бағалау. Бұл бағалау жүйесін өзгертуге әкеледі. Бір мұғалім оқытса да оқушылардың білім игеру деңгейлері әр түрлі болып табылады. Әр оқушының мұғалімді түсінуі мен тақырыпты қабылдауы әр түрлі, сол себепті жетістіктері де бірдей емес. Оқыту үшін бағалау бұл білім алушылар өздерінің оқудың қандай сатысында тұрғанын, қандай бағытта даму керек және қажетті деңгейге қалай жету керек екендігін анықтау үшін оқушылар және олардың мұғалімдері қолданатын мәліметтерді іздеуі және түсіндіру үдерісі. Берілген анықтаманың маңызды элементтерінің бірі оқушылардың деректерді қолдануына баса назар аударту болып табылады. Бұл ретте, мұғалімдер жалғыз бағалаушы тұлға болмайтындығына назар аударылады. Оқушылар өздерінің сыныптастарын және өздерін бағалауға тартуы мүмкін және мұғалімдер бағалауды белсенді жүргізген кезде оқушылар беелсенді қатысуы керек. Талпынғандар ғана білім ала алады. Білім алушылар өз білімін арттыру үшін бағалауды үйренуі қажет, сондықтан оқушыларға өзінің оқуын жақсарту үшін кері байланыс арқылы ақпаратқа сәйкес жұмыс істеу қажет. Бұл олардан түсінушілікті, қызығушылықты және ықыласпен әрекет етуді талап етеді. Оқытуды бағалаудың мақсаты, керісінше, оқушы қазіргі уақытта не оқып білгенін жинақтау болып табылады. Негізінен, ол тікелей келешек оқытуға үлес қосуға бағытталмаған, бірақ маңызды [1,59 бет].
Бағдарламаның жеті модулінің соңғысы – « Білім берудегі басқару мен көшбасшылық». Білім беруде басты көшбасшы тұлға – мұғалімнің өзі. Жоғарыда айтылған идеялардың барлығын қамтып, бір-бірімен тығыз байланыстыра, шебер қолдана білсе, ол мұғалім көшбасшылығы болмақ. «Нағыз ұстаз өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді», — деген екен Мәлік Ғабдуллин. Оның бұл сөздерінен көп нәрсе аңғаруға болады.[3] Оқушы өзінің ұстазына қарап, еліктеп өседі.
Оқушы бойындағы көшбасшылық қасиеті:
топтық жұмыс кезінде оқушының топтарды басқаруы;
жақсы оқитын оқушылардың үлгерімі төмен оқушыларға көмектесуі;
мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуы;
топтық жұмыстарды жүргізуде көмекші болуы;
сынып оқушыларын бір іске жұмылдырып, ұйымдастыра білуі;
тапсырылған істі жауаптылықпен орындауы сияқты іс-әрекеттерінен байқауға болады. Әр сабақ сайын оқушылардың орнын ауыстырып, топқа бөлу де, топтасып жұмыс жасау да, ақпараттық технологияны жиі пайдалану да, сыни тұрғыдан ойлату да, қажымай, талмай дарынды, талантты оқушыны анықтап, оның дарындылығын одан әрі дамыту да, шығармашылық тапсырмаларды көптеп беру де оқушылардың сабаққа деген ынтасын арттырып, білім беру жүйесінде оң нәтижелер береді деп ойлаймын. Мұғалім мен оқушы көшбасшылығы – мұғалім жеті модульді тиімді пайдаланып, нәтижеге қол жеткізе алса – мұғалімнің көшбасшылығы, ал оқушыларда топқа бөлінгеннен кейін-ақ көшбасшы көрінеді, топта айрықша белсенділік танытқан оқушы–көшбасшы, ол әдетте басқа оқушыға көмектесіп, соған жауап бергізуге тырысады, өйткені ол өзін емес, сыныптастарын, топты алға сүйрейді.
Жалпы, осы жеті модуль идеяларын тұрақты пайдалану арқылы жоғары нәтижеге қол жеткізуге болатынын түсіндім.
Пайдаланылған әдебиеттер:
«Қазақ тілі мен әдебиеті орта мектепте» журналдары;
«Мұғалімге арналған нұсқаулық»