Балқаш қаласы,Қарағанды облысы
Балқаш гуманитарлы-техникалық колледжінің
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Мукышева Айгуль Бакытовна
Тақырыбы: Маржан сөз
УА-12-9 тобының оқушысы: Ұлықсамбекова А.Ж. Алихан Мусин атындағы Балқаш гуманитарлы-техникалық колледжі.
Зерттеудің мақсаты: Қазақ халқы-рухани дуниеге, қазынаға бай халық. Оның қай түрін алсақ та, тәлім-тәрбиесі мол, ұрпақтан-ұрпаққа қалдырған өсиеті ерекше. Сонау ықылым заманнан, сан ғасырлар бойы халықтың өзімен бірге жасасып, ерекшеленіп, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан ауыз әдебиетінің бай саласының бірі-қазақтың мақал-мәтелдерін одан әрі дамыту.
Тәжірбиелік кезең: Мақалдар мен мәтелдердің дуниетанымдылық табиғатының күрделілігі оның көлемі мен қолдану аясының кеңдігінде ғана емес, мыңдаған ұрпақтардың ми қазанында құрыштай шыныққан ой-өрісінің биіктігіне, тәжірбие кезінен сұрыпталып өткен сұлу мүсіні мен ой маржандарының тазалығында жатыр.
Өзектілігі: Мақалдар мен мәтелдердің дүниетанымдылық табиғатының күрделілігі оның көлемі мен қолдану аясының кеңдігінде ғана емес, мыңдаған ұрпақтардың ми қызнасына құрыштай шыныққан ой-өрісінің биіктігіне, тәжірбие тезінен сұрыпталып өткен сұлу мүсіні мен ой маржандарының тазалығында жатыр.
Мақал-мәтелдер– айналадағы сыры мол дүние туралы білімнің сұрыпталған жиынтығы. Олар ұстаздық, тәрбиелік рөл атқарады. Мұндағы ақыл-кеңестер қысқа, әрі тұжырымды болады. Сөздері бейнелі, орынды қолданады. Мақал-мәтелдерден халықтың тіл байлығы көрінеді. Бай сөздік қорымыздың ұрпақтан-ұрпаққа шашауы төгілмей жетуі-халықтың ауызекі сөйлеу шешендігінің көрінісі.
Адамның жан-дүниесінің тілдегі көрінісі мақал-мәтелдерде жақын бейнеленген. Одан халықтың ой-санасы, дүниеге көз қарасы, ақыл-өнегесі мол көрініс тапқан. Мақал-мәтелдер ой дәлдігімен, мазмұн тереңдігімен, түр жағымен, ықшамдаулығымен ерекшеленеді. Онда өмірдің сан салалы құбылыстарына баға беріліп, ой түйінделіп,халықтың ғасырлар бойы тәжірбиесі негізінен де пікір айтылады.
Халық терең ойды аядай қалыпқа сыйғызуы, шебер беруге тырысады. Сөйтіп, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» жинақтап, қорытып береді.
Мақал-мәтелдерде оқу мен еңбек, ойын мен өнер, адамның жақсы-жаман қасиеттері, елін сүю, ата-ананы құрметтеутәрізді мінездері өнегелі сөз болады.
Мақал-мәтелдер туралы сөз болғанда, не оларды зерделеп, алдымен сол мақал кімге, қай қырын тануға арналғандығын аңғарамыз Яғни, әйел адамға ма, әлде ер адамға ма?! Міне, осыдан келіп мақал-мәтелдегі сөздер мәселесі туындайды:
«Алтын ұя тапқан әйелді ханым десе болмас па, Аға деген жігітті жаным десе болмас па?»
Бірінші жолда, әйел затының алғашқы міндеті – дүниеге ұрпақ әкелу десек те, бірнеше баланы бағу, қатарға қосу оңай іс емес, сондықтан сәбиді дүниеге әкелген әйелге жылы сөздің қайсысы да лайық екендігін меңзейді. Ал үлкенді сыйлаған «аға» деп, кішіпейілдік танытқан ер азаматқа кім жетсін?
Мақал-мәтелдер ғасырлар бойы сақталған ел шежіресі, ауыз әдебиетінің бір түрі. Онда халық тарихы, оның әлеуметтік тіршілігі, ақыл өнегесі мол көрініс тапқан. Мақал- мәтелдер дәлдігімен, тереңдігімен, ықшамдылығымен ерекшеленеді. Мұнда өмірдің сан алуан құбылыстарына баға беріліп, үлкен түйін жасалады, халықтың тәжірбиесі қорытылады. Олар- қолдану әдісі мен аясына қарай, мазмұн мен мәні жағынан сан-саққа құбылып отыратын көне де күрделі жанр.
Мақал-мәтелдердің тақырыптары да әр алуан. Ол халықтың әлеуметтік, шаруашылық, рухани өмірінің бар саласын қамтиды. Шаруашылық кәсіпке, тіршілік тұрмысқа байланысты мақал-мәтелдерде төрт-түлік малға, егіншілікке, аңшылыққа, қолөнерге байланысты тәжірбиелер жинақталып, қорытылып берілген. Мысалға: «Қойдың сүті қорғасын, қойды соққан оңбасын».
Отанды сүю, ерлік тақырыбында: «Ерлік тәрбиеден туады» , «Елін сүйген ер болады» мақалдары ел қорғаны лгі етеді.
Бір топ мақал-мәтелдер адамның бойындағы жақсы қасиеттерін марапаттауға, адамгершілікке баулып тәрбиелеуге бағытталады. «Атаның баласы болма, адамның баласы бол»
Мақал-мәтелдердің өн бойында поэзияға тән жинақылық, үнділік, саздылық, ұйқас, ырғақтылық байқалады. Онда басы артық бір сөз болмайды. Барлығы өз орнында, екшеленген, сұрыпталған, жымдала біріккен, ішкі мазмұныма сыртқы формасы сай үндестік тапқан болып келеді. Мақал-мәтелде халық сөзді барынша үнемдеп қолданады. Тіпті кейде сөз тастап отырады: «Ақыл-жастан, асыл-тастан» дегенде «шығады» сөзі қалып қойған. Түсіп қалған сөз өз-өзінен ойға оралып, ишарамен білінеді.
Мақал-мәтелдер ойды кейіптеу, теңеу арқылы жақсы беріледі. Олар- халықтың өмірден түйген, жинақтаған тәжірбиесінің түйіні. Мұнда халықтың дүниетанымы мен даналдығын көруге болады. Сондықтан да мақал-мәтел – даналық көзі, тәрбие қазығы.
Мақал-мәтелдер — халық даналығының, көрегендігінің айнасы, тіл байлығының алтын қазынасы. Олардың көбі өмір шындығының қорытындысы.
Халықтың кейінгі ұрпаққа қалдырған өсиеті, өмір сүру әрекетінің ережесі секілді қымбат мұра.
«Сөздің көркі — мақал» деп тегін айтылмаған. Мақал-мәтелді айтылатын оймен орайластырып, орынды колдансақ, сөзіміз мірдің оғындай өткір, көңілге қонымды көркем әрі бейнелі болады. Мақал-мәтелдер аз сөзбен терең мағынаны беретіндіктен, өте ұтымды болады, сөйлеген адамнын шешендігін, ой ұшқырлығын, тапқырлығын байқатады. Мақал мен мәтелдер халық санасында талай жылдар мен ғасырлар бойында қалыптасып, тұракталып қалған да, сөйлегенде дайын тілдік құбылыс ретінде қолданылады.
Бұл жағынан келгенде, яғни құрамындағы сөздердің тұрақты болуы, дайын тілдік құбылыс ретінде қолданылуы және ойға әсерлі де әсем, көрікті де көркем мән үстеуі жағынан, макал-мәтелдер тұрақты тіркестерге жақын болып келеді.
Сөйлем құрылысы, ішкі мазмұны жағынан мақал мен мәтелдердің өз ішінде ерекшелігі байқалып тұрады.
Мақалдарда ой түйінді пікір, өсиет, ереже тәрізді көбіне ауыс, астарлы мәнде тұжырымдалып айтылады.
Мысалы: Ер жігіттің екі сөйлегені — өлгені.
Еменнің иілгені — сынғаны.
Жақсыдан шарапат, жаманннан кесапат.
Өз басыңды дауға берсең де, жолдасыңды жауға берме.
Мәтелдерде негізгі айтылатын ой-пікір жанамалап, сілтеме — ишара түрінде беріледі.
Мысалы: Күш атасын танымас.
Айласыз батыр алдырар.
Нар тәуекел — ер ісі.
Ер есімі — ел есінде.
Мақал-мәтелдердің көпшілігі ауыспалы, келтірінді мағынамен беріледі.
Мысалы: Әркімнің өзі шығар биігі бар.
Кісінің шырайына қарама, райына қара.
Оқ жетпес жерге қылышыңды суырма.
Мақал-мәтел – кез келген халықтың мәдениетінде маңызда орын алатын сөз маржаны. Мақал-мәтелдер бір ғасырдың ғана жемісі болып табылмайды. Олардың алғашқы үлгілері көне заманда пайда болған. Мақал-мәтелдерде халық өздерінің ой-санасын, өмірге деген, қоғамға деген көзқарасы, ақыл-кеңесі, таным-тағылымы көрініс тапқан. Мақал-мәтелдердің құрылымы поэзияға тән жинақы, ұйқас және ырғақты болады. Мақалдап, мәтелдеп сөйлеу сөйлеушінің тіл байлығымен бірге айтылған ойды нақтылай түседі. Мақал-мәтел халықтың тәжірибесінен, тәлімінен пайда болады.
Мақал мен мәтелдер де әр түрлі дәуірдегі нақты өмір шындығына, халықтың ерте кездегі ұғымына, ой-санасына сай келіп отырады. Мақал-мәтелдер фразеологизмдер сияқты құрамын сақтап қолданылады, олардың сөздерінің орнын ауыстыруға болмайды. Олар қай тұрғыда болсын, я морфологиялық, я синтаксистік тұрғыда болсын, өзгеріссіз, даяр күйінде қолданылады. Мысалы, «Аздың қадірін білмеген, көптің қадірін қайтіп білер» деген мақалда құрамындағы жеке сөздердің берер мағынасы сөз болып отырған жоқ, түгел бір мақалдың тұтас мәні сөз болып тұр.
Мақал-мәтелдердің игі қасиеттерге үндеу, ақыл-өсиет сипатында болатындары баршамызға мәлім, яғни ішкі мазмұнның сыры олардың өздеріне ғана тән, меншікті мағынасы бар оралымдар екендігін дәлелдейді. Мақал-мәтелдердің мағынасы сөйлемнің бастапқы мағынасымен жарыса отырып дамиды да, келе-келе астарлы мәнге өтеді. Мысалы, «Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында», «Біреуге ор қазба, өзің түсесің» дегендер тура мағынасымен қатар, ауыспалы мағынаға да ие. Ол мағыналар бір-бірімен астарласып, байланысып жатыр. «Адам аласы», яғни адамның жаман пиғылы, жағымсыз жақтарын сырт бітімінен көре, сезе алмайсыз. Демек, сөйлемнің фразеологиялық мағынасы «ала» сөзінің ауыспалы мағынасының негізінде қалыптасқан.
«Біреуге ор қазба, өзің түсесің» сөйлеміндегі туынды мағына «біреуге ор қазу» бөлігінің мағыналық өзгерісінің жемісі, яғни «басқаға жамандық жасау» деген ұғымды білдіреді. Ал «өзің түсесің» сыңары «ор» сөзімен байланысты туынды мағынасын дамытып, тұтас сөйлем «басқаға жамандық жасасаң, өзің де жамандықтан аулақ қалмайсың» дегенді білдіріп тұр.
Мақал – мәтелдердің өзара айырмашылығы.Мақал-мәтелдер құрылысы жағынан сырттай ұқсас болып келгенімен, олардың мазмұнды түйіндеуінде, ойды шешуінде өзіндік ерекшеліктері, айырмашылықтары бар. Ол айырмашылықтар мен ерекшеліктер мақал-мәтелдің ойды түйіндеу жағынан да, құрылымы жағынан да байқалады.
Мысалы, «Ерге жаттың тізесі батса, ағайыншыл болады» деген мақалда ердің ағайыншыл болуының себебі жаттан көрген қиянатымен байланыстырыла білдіріліп тұр. Яғни, іс — әрекеттің себеп-салдары сөз тіркесінен-ақ байқалып тұр. Тағы бір мысал талдап көрелік: «Тоқпағы күшті болса, киіз қасық жерге кірер» деген мақалды алсақ, бұл екі жай сөйлемнен тұрады. Мұнан мақалдар көбінесе екі бөлімді болатынын көреміз. Оның үстіне мақалда ой тиянақты болып келеді. Алдыңғы ой екінші түйінді пікірдің шарты түрінде келеді. Киіз қазықтың жерге кіруі тоқпағының күшті болуына байланысты екендігі анық айтылып тұр.
«Мезгіл жетсе, мұз да ерір» деген мақалдан да осыны байқауға болады. Мақалда бір-біріне қарама-қайшы ұғымдар мен нәрселер салыстырылып, шендестіру арқылы ой-пікірді айқындау тәсілі басым болып келеді.
Мысалы: «Ақымақтың ақылы түстен кейін кіреді,
Ырысы кеткеннің иті ұры кеткен соң үреді».
Немесе: «Ақымақ бастан ақыл шықпас,
Ақыл шықса да мақұл шықпас»,
дегенде «ақымақ» пен «ақылды» – қарама-қайшы ұғымдар, осы екеуі салыстырыла келіп, ақымақтан шыққан ой-пікір де дұрыс болмас деген қорытындыны шендестіру арқылы беріліп тұр. Осы келтірілген мақалдардан өмір құбылыстары типтендіріліп, дәлелдеу мен қорытынды пікір бірдей жүріп отыратындығын байқаймыз.
Ал мәтел құрылысы жағынан мақалдан өзгешерек. Мәтелде қорытынды ой, түйін айтылмайды, тұспал ғана болады. Бейнелі сөз айшығы арқылы берілген ойды тыңдаушы өзі топшылайды, тұжырым жасайды.
Мысалы, «Көппен көрген – ұлы той» дегенде тұспал ғана бар. Бұл жерде мағынаны тыңдаушы өзі қорытуына тура келеді. Мәтелде дәлелдеу де, тиянақты тұжырым да болмайды, мағына ашық емес, қорытынды пікір жоқ.
Мақал мен мәтел бір-бірінен осындай белгілерімен ерекшеленеді.
Кезінде Абай өзінің «Жиырма тоғызыншы сөзінде» «Біздің қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар» деп, «Жарлы болсаң, арлы болма», «Қалауын тапса, қар жанады», «Атың шықпаса, жер өрте», «Алтын көрсе періште жолдан таяды», «Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті» деген мақал-мәтелдердің тас-талқанын шығарып сынаған еді. Осы қарасөзінде сыналған бес мақалдың соңғысы қазір белсенді қолданыста болмаса да, алдыңғы төртеуін халық әлі аузынан тастамай келе жатыр.