Батыс қазақстан облысы
Орал қаласы, Зеленов ауданы
Макаров мектебі
Жұмағалиева Орынғаным Рамазанқызы
Тақырыбы: «Қош бол, менің қасиетті Әліппем!»
Мақсаты:
Оқушылардың әліппеден алған білімдерін тиянақтау, ата- анаға өнерлерін көрсету.
Оқушылардың эстетикалық талғамын ұластыра түсу.
Көрнекілігі: Абай, Ыбырай суреттері, өлеңдері. Оқу- білім туралы мақал- мәтелдер.
Ертеңгіліктің өтілу барысы:
Музыка ойнап тұрады.
Мұғалім: Құрметті ата-аналар, ұстаздар!
Бала – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Сол ертеңгі ел тізгінін ұстар ұрпағымызды «хан баласындай нық , бидің баласындай тік» сөйлейтіндей етіп тәрбиелеу – бүгінгі біздің ұстаздардың, ата-аналардың міндеті. Соның бір көрінісі бүгінгі «Әліппе әлемі» дәмханасында өткелі отырған «Қош бол, менің қасиетті Әліппем!» ертеңгілігін көріп тамашалаңыздар!
Өсті, міне, бойларың,
Өсті ақыл- ойларың.
Қуанышқа ортақпын,
Құтты болсын тойларың!
(ортаға екі оқушы шығады)
1-оқушы:
Армысыздар, мұғалімдер, әз жандар,
Білім іздеп инемен құдық қазғандар!
Құшақ жая қарсы аламыз сіздерді,
Би биленіп, ән де бүгін шырқалар!
2- оқушы:
Қош келіпсіз, ақ жаулықты аналар!
Жүздеріңнен мейірім мен нұр тамар.
Алдарыңда жауқазындай құлпырған,
Біз алаңсыз балғын шақты балалар.
(ортаға екі даяшы шығады)
1- даяшы: Біздің, яғни «Әліппе әлемі» дәмханасының бүлдіршіндерге қояр сұрағы бар еді.
Іші толы әріпке,
Білімдегі жарық не?
Барлығы: Ол- сүйікті Әліппе.
Мұғалім: Олай болса, бәрімізге ең қымбат «Әліппені» ортаға шақырайық.
Барлығы: Әліппе,Әліппе,Әліппе.
(Екі даяшы әліппені қарсы алып, ортаға шақырады)
Барлығы: Сәлеметсіз бе, Әліппе!
Әліппе:
Армысыздар,жас достар!
Армысыздар,ата- аналар!
Болашаққа жол бастар,
Әліппең келді ортаға.
Білім деген ғажаптың,
Әліппесін меңгерген.
Келешегі қазақтың,
Басталады сендерден.
Мұғалім: Төрлетіңіз,қасиетті Әліппе!
(даяшы Әліппені жоғары шығарып, төрден орын береді)
3- оқушы:
Ең алғаш қолға алғанда «Әліппені»,
Қызығып қарай бердім әріптерді.
Мен үшін сыры жұмбақ бұл кітаптың,
Ұстазым оның кілтін алып берді.
4- оқушы:
Іші толы әріпке,
Мынау- әйбат Әліппе!
Барлық ілім- білімнің,
Әжесі осы Әліппе!
5- оқушы:
Әліппем, менің Әліппем,
Сені қолға алып мен.
Есігін аштым мектептің,
Ертеңгі сәуле жарықпен.
6- оқушы:
Барлық әріп бағалы,
Айттық әділ бағаны.
Әріпсіз сөз болмайды,
Буын онсыз толмайды.
Адам барлық әріпті,
Ардақтайды,қолдайды.
Мұғалім: Енді әліпбилер сырларын тыңдайық, балалар.
7- оқушы:
Алфавиттің «А» тұрады басында,
Әрқашанда «Ә» тұрады қасында.
Байқадың ба «Б» тұрады үшінші,
Ал осының сыры неде түсінші.
8- оқушы:
«А» деген ол- аналар ғой ардақты,
«Ә» деген ол- әкелер ғой салмақты.
«Б» деген ол- балалар ғой әдемі,
Біздің елде үшеуі де кәделі.
Алшақ кетпей сондықтан да, расында,
Тұрады олар алфавиттің басында.
Хор: «Әліппе» әні
2- даяшы: Әліппе, балалар, сізден не үйренді, кімдермен танысты, сіз білесізбе?
Әліппе: Балалар, сендер мені оқыдыңдар, сонда меннен не үйрендіңдер, не білдіңдер?
Қане ортаға салайықшы.Ата- аналарың да естісін.
9- оқушы:
Жұмбақ, жаңылтпаш, санамақ, өлең- ән жазу үйрендік, енді кез- келген кітапты оқи аламыз.Ыбырай, Абай аталарымызбен таныстық.
( Абай, Ыбырай аталарымыздың өлеңдерін, мысалдарын бүктемеден көрсетіп, портеттерімен таныстырамын)
10- оқушы:
Ыбырай Алтынсарин- тұңғыш қазақ мұғалімі.Ол алғаш мектеп ашқан.
Бір аллаға сиынып,
Кел, балалар, оқылық!
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық!
11- оқушы:
Абай- қазақ халқының ұлы ақыны.
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сенде бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар қалан.
12- оқушы:
«А- ны айтқанда дауысым дірілдейді,
Ұстазым көз алдымда күлімдейді.
Күн сайын әріптердің атын біліп,
Сөз оқимын айырып, буынды енді.
Мұғалім: «Сөз оқимын айырып, буынды енді» деп айтып жатырсыңдар.Олай болса, осы «Әліппе әлемі» дәмханасының бір тапсырмасы бар екен соны көрейік. мінекей ол өлең шумағы екен.Қанекей бәріміз бірге оқып көрейік.
Барлығы:
Жақсы кітап — Әліппе,
Үйретеді әріпке.
13- оқушы:
Мақал
Балапан ұяда не көрсе,
Ұшқанда соны іледі.
14- оқушы:
Нақыл сөз
Ең тәтті де – тіл,
Ең ащы да – тіл.
Ең қатты да – тіл,
Ең жұмсақ та – тіл.
15- оқушы:
Тыйым сөз
Малды теппе,
Ақты төкпе.
Мұғалім: Ал,енді Әліппені ерінбей, жалықпай жанымызда отырып үйреткен жандарға жыр жолдап, сол кісілерге рахметімізді, ризашылығымызды білдіріп, еңбектерін ақтайық.
Дүниенің жарық күні- анамыз,
Дана болсаң анаменен данамыз.
Алдыменен тыңдаңыздар, ағайын,
Аналарға арнап бір ән саламыз,- демекші «Анашым» әнін қабыл алыңыздар.
Ән «Анашым»
1- даяшы: Әліппе, келесі сөзді сізге береміз.
Әліппе: Менің бетімді санап жүрген тентек бауырым бар еді,соны ортаға шақырыңдаршы.
Барлығы:Математика!Математика!
(математика келеді)
Барлығы: Сәлематсіз бе, Математика!
Математика: Сәлематсіңдер ме, балалар! Міне, сендер де Әліппені оқып үйрендіңдер.Әріптердің барлығын танып білдіңдер!Оқу- жазуды білесіңдер.Сонымен қатар мені де жақсы оқып үлгеріп жүрсіңдер деп сенемін.енді қазір мен сендерге жұмбақ есеп айтамын, жүйріктерің соны шешіңдер!
Табақта 5 алма,
Қолымда 2 алма.
Қосқанда барлығы,
Болады неше алма? (7)
Балалар: 7 алма
Математика: Өте жақсы, рахмет сендерге.Өздерің өңкей білімді балалар екенсіңдер.Біз әлі сендермен балалар мектеп табалдырығынан қоштасқанша бірге боламыз.Әрдайым осындай білімді, тапқыр болыңдар!
2- даяшы: Математика төрге шығыңыз!Оқушылардың бүгінгі болып жатқан қуаныштарының арсында болыңыз.
Мұғалім: Ал балалар,сендердің іштеріңде 3+2 қосып 5 алдым деп жүрген оқушылар жоқ па?
Барлығы: Әрине, жоқ.
16- оқушы:
«1» деген ол жаман баға,
Алады оны жаман бала.
17- оқушы:
«2» деген нашар баға,
Інішегім нашарлама.
18- оқушы:
«3» дегенім орта баға,
Сапасы да орта ғана.
19- оқушы:
«4» дегенім жақсы баға,
Алады оны жақсы бала.
20- оқушы:
«5» дегенім үздік баға,
Оқитын бол үздік қана.
Мұғалім: Міне, балалар,өздерің айтқандай үнемі «4» пен «5»- ке оқуға тырысыңдар.Балалар сендерге осыншама өнер, білімді үйреткен кімдер?
Барлығы: Мектеп.Мұғалім.Ата-ана.Әліппе.
Мұғалім: Дұрыс.«Әліппе сендерді оқуға, жазуға үйретті».Сол үшін әліппе достарыңа не деу керек?
Барлығы: Рахмет, саған Әліппе!
Әліппе сөзі: Иә, балалар, өздерің айтқандай мен сендердің үлкенбілім жолына тұсауларыңды кесіп бердім.Жолдарың даңғыл болсын, ол дегенім сабақтарыңды тек жақсы деген бағаға оқып, білімнің сыры мен қырын меңгере беріңдер.Сендер енді «Ана тілі» оқулығын оқисыңдар.Сау болыңдар, балалар!
Барлығы: Сау болыңыз!
Хор: «Мұғалім – ол біздің»
2- даяшы: Бізге тағы бір қонақ келе жатқан сияқты.Орын дайындайық.
Мұғалім: Олай болса, қонағымыз келгенше сендерге арналған тағы бір тапсырма бар екен.Көрейік.Мінекей ол не екен?Балалар бұл жұмбақтар екен, ал қане қонағымыз келгенше шешіп үлгереміз бе?
Жұмбақтар
Жазу жазып жалықпаған,
Жаза – жаза арықтаған. (бор)
Алты қырлы,
Алтын сырлы. (қарындаш)
Үйреткен ілімді,
Қырық екі білімді. (әліпби)
Қабат – қабат қаттама,
Ақылың болса аттама. (кітап)
Мұғалім: Өте жақсы, балалар!
(Ана тілі келеді)
Мұғалім: Міне, балалар күткен қонағымыз да келіп қалған екен, қарсы алайық.Жоғарылатыңыз,қош келіпсіз!
Барлығы: Сәлеметсіз бе?
Мұғалім: Балалар бұл қонағымызды танисыңдарма?Кім екен?
Барлығы: Ана тілі!
Ана тілі:
Туған елдің тілімін,
Ақылы мен танымын,
Түсіндірер бәріне,
Ана тілі пәнімін.
Балалар, енді бұрынғыдан да көп оқитын боласыңдар.Бұған сендердің ұстаздарыңның еңбегі көп жұмсалатыны белгігі.
1- даяшы: Жоғары төрлетіңіз,Ана тілі!
Көрініс: «мақта қыз бен мысық»
Мұғалім: Қадірлі оқушылар, жаңбырменен жер көгерер деп ата- бабамыз тегін айтпаған.Бүгінгі біздің «Әліппе әлемі» дәмханасында өтіп жатқан мерекеге ақсақалды атамызда келіп қалған екен.Олай болса атаны ортаға шақырайық, бата сұрайық.
(Ата бата береді)
Қорытынды сөз: Қымбатты оқушылар!Сендер зейін қойғыштықтарың, еңбек сүйгіштіктеріңнің және білімге құштарлықтарыңның арқасында мектептегі алғашқы жеткен жетістіктеріңмен құттықтаймын.
Сендер Алфавиттің барлық әріптерін жаттап алдыңдар, әрі өздеріңнің тұңғыш оқулықтарың «Әліппе» бойынша оқуға үйрендіңдер.білім баспалдағына өрлеген сапарларың сәтті болсын!Мектебіміздің мақтанышы болыңдар!
Хор: « Мектебім»
Мұғалім: Бүгінгі мерекеге арнап,Әліппемен қоштасу кешіне өздеріңе естелік болсын деп тілек хаттар тапсырғым келіп тұр.Қабыл алыңдар!
Оқушыларға арналған сыйымызды «Әліппе әлемі» дәмханасының даяшылары табыс етеді.
Осымен «Әліппе әлемі» дәмханасындағы мерекелік кешіміз аяқталды.Келіп тамашалағандарыңызға көп рахмет!