ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУ- КЕЛЕШЕК ҚОҒАМ МҰРАГЕРЛЕРІН ТӘРБИЕЛЕУ
ЕЛИКБАЕВА АЛИЯ САФИУЛЛАЕВНА
БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМІ
№25 ҚАЗАҚ ҚЫЗДАР ГИМНАЗИЯСЫ
ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫ
Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі- әлемде теңдесі жоқ тәрбие. Жалпы «ұлттық» деген сөздің астарында елге- жерге, тілімізге, дінімізге деген құрмет жатыр. Ал осы ұлттық тәрбиені бала бойына сіңіруде бастауыш сыныпта атқарылатын жұмыстың орны ерекше. Яғни тәрбие алуды сәби ана құрсағынан бастаса, оны білім теңізінің мектеп атты кемесінде ұлттық құндылықтарымызбен жетілдіру өте маңызды. Балабақша, мектептерге ұлттық тәрбие енгізу арқылы біз ұлтжанды, парасатты ұрпақ өсіретініміз айдан анық. Рухы асқақ, іргесі берік ел боламыз десек, ең бастысы, ұрпақ тәрбиесі мен біліміне сергек қарауымыз қажет. Бұл жөнінде Абай атамыз: «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады: бірінші – ата-анасынан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан»,- деген екен. Ұлттық тәрбие атауын алғаш әдеби- педагогикалық оқулықтарға енгiзген М. Жұмабаев болды. Ол педагогиканың ұлттық тәрбиеден бастау алатыны жайлы айтқан. «Педагогика» атты еңбегінде былай дейді: «Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет ететін болғандықтан, әрбір тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» [1].
Ұлттық тәрбие- ұлттық сана- сезімі жоға¬ры болашақ маман жастарды тәрбиелеуге негіз¬делген білім беру жүйесінің құ¬¬рам¬дас бөлігі. Оның мақ¬саты- ұлттық сана- сезімі қалыптасқан, ұлт¬тық мүд¬денің өркендеуіне үлес қоса алатын ұлттық құнды¬лықтар мен жалпы адамзаттық құнды¬лық¬тар¬ды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды тұлғаны тәр¬бие¬леу. Ал міндеті- мәдени-әлеу¬меттік өзгер¬мелі жағдайдағы ұлт¬тық тәрбиенің діңгегі- ана тілі болып қалатынын негіздеу, қазақ тілі мен тарихын, мәдение¬ті мен ділін, салт- дәстүрі мен дінін құр¬мет¬теуде жастардың ұлт¬тық ин¬те묬¬лектуалдық мінез- құлқын қа¬лып¬тастыру, бүгінгі қа¬зақ елінің ин¬дус¬триалық-ин¬нова¬циялық жү¬йе¬сінің дамуын қамта¬масыз ететін парасатты, ұлттық сипат¬тағы бел¬сенді іс- әрекетке тәр¬биелеу, білім және мәдени- рухани тұрғыда бас¬қа өркениет¬термен бәсекеге қабі¬лет¬ті болуын қамта¬масыз ету, қоғам мен адам, адам мен табиғат қа¬рым-қатына¬сының өрке¬ниетті¬лік сана-сезімін ұлттық рухта қалыптастыру. Тәр¬биенің басты нысаны елдік сананы қалыптас¬тырып, ұлттық рух пен ұлттық патрио¬тизм¬ді негіздеу, ұлт¬сыздық¬пен күресу болса керек. Олай болса, ұлттық тәрбие дегеніміз- дені сау, ұлттық сана- сезімі оянған, рухы биік, мәдениеті жоғары, ар- ожданы мол, парасатты, еңбекқор, іскер, т.б. жағымды қасиеттері жеткілікті адамды тәрбиелеу. Тәлім- тәрбиенің негізіне адамгершілік, имандылық, ізгілік, елжандылық үрдістер, соларға негізделген айла- тәсілдер алынуға тиіс. Ұлттық тәрбие барысында ұлттық сананы қалыптастыру ең маңызды шарттардың бірі десек қателеспейміз. Қазіргі жаһандану кезіндегі Батыс өркениетінен біздің алатынымыз да бар, ысырып тастайтын тұстарымыз да бар. Алатын тұстарымыз қатарына батыстың технологиялық жетістіктерін, экономикалық өндірісті ұйымдастыру тәжірибелері мен ғылыми-техникалық мәдениетін қабылдау сияқтыларды атауымызға болады. Батыстың білімі, ғылымы, техникасы, технологиясы, біздер үшін өте қажет десек те, Батыс өркениетіне шамадан тыс еліктеушілік- жақсылықтың нышаны емес. «Батыстың технологиялық жаңалығына ұмтылу, экономикалық өндірісті ұйымдастырудағы жетістіктерін игеру- қажеттілік, ал одан керісінше бүгінгі күнде рухани тапшылыққа айналып отырған ізгілік, кісілік, адамгершілік, бауырмалдық, әдептілік, тәрбиелік мазмұн іздеу- бос әурешілік. Өкінішке орай, Батыс өркениеті бұл тұрғыда ешқандай жетістікке жеткен жоқ, қайта тоқырауға ұшырады. Мысалы, дәстүрлі қазақ қоғамы мәдени құндылықтарды ешуақытта тауар деп қабылдамайды, негізгі ұстанымы бойынша қоғамның шаңырағын шайқалтпай ұстап тұруға тиіс тетік, өмірлік ұстын ретінде қарастырады. Ал Батыс өркениетінде бұл тұрғыдағы ұстаным мүлдем басқа, олар мәдени құндылықтарды тауар ретінде қабылдайды, мақсат- сату (сатылу) және пайда табу. Уақыт қанша аз жұмсалса, сонша пайдасы көп» [2]. Қазақ қоғамы қазір қарқынды түрде жүріп жатқан жаһандану үрдісінің ықпалынан өзі қаламаса да, оқшау бола алмайды. Жаһанданудың қауіпті тұсынан арылу үшін, әрбір ұлт, әрбір этнос, әрбір мемлекет өзінің болмысына бейімдеп сіңіре алу керек.
Әрине, жаһанданудан ешкім де құтыла алмайды. Оған тек бейімделу керек, ал бейімделе алмағандар құриды. Бірақ бейімделу дегенді өзгенікін толық қабылдау деп ұқпау керек. «Бізге дәл қазіргі заманда батыстың желімен домалай жөнелетін қаңбақ ұрпақ керек емес, пайдасын алып, зиянын бойына дарытпай, дауылына міз бақпай қасқайып қарап тұратын тамыры ұлт рухына терең бойлаған мәуелі бәйтерек керек. Сондықтан біздің міндетіміз- рухы биік ұрпақ тәрбиелеу» [3, 5-б.]. Оған қарсы тұру үшін ұлттық тәрбиеге арқа сүйеу керектігін басып айтуға болады. Қазіргі кезеңде әлемнің әр түкпірінде өткір қойыла бастаған ең өзекті жайдың бірі- осы ұлттық тәрбие мәселесі болып отыр. Ұлттық тәрбиенің ең маңызды тұсы- адамды ойлануға үйретуі. Бұлай дегенде әрбір жеке адам ең алдымен өзінің белгілі бір ұлттың мүшесі екенін іштей терең сезініп, санада сілкініс жасауы керек екенін, содан кейін барып жалпыадамзаттық қоғамға лайық орнын белгілеуі қажеттігін сіңіруі болса керек. Бұл жерде негізгі әңгіме арқауы ұлттық тәрбие, ұлттық сана, ұлттық ұстаным, ұлттық мүдде туралы болып отыр. Өйткені біздің төлтума бітімімізді, қайталанбас ұлттық болмысымызды, ұлттық ойлау машығымызды, қала берді ұлттық кейпімізді сақтап қалу бәрінен маңызды. Ол бізге мынау аждаһадай төніп келе жатқан дүлей дүниеде біржола жоғалып кетпеуімізге кепіл болуға тиіс. Қалай десек те ендігі жерде өзіндік “менін” сақтауға ұмтылған жұрт ең алдымен ұлттық тарихи жадын, бірегей ұлттық ойлау машығын, өзіндік дүниетанымын, ана тілі мен дінін, дәстүрлі мәдениетін аман алып қалу және оны одан әрі дамыту жолында күреске түсетіні анық. Олай болса, осы айтқанымыздың бәрі ұлттық тәрбиеге тікелей байланысты жүзеге асатынын мойындаймыз [2]. Белгілі қазақ ақыны, қоғам қайраткері М.Шахановтың «Компьютер басты жарты адамдар» поэмасынан қазіргі заманның хал-жағдайын көруімізге болады. Ұлттық рухы, ұлттық ар-намысы, ұлттық сана- сезімі жоқ қазақтарды ақынның «компьютер басты жарты адамдарға» теңеуі бекер емес. Жүрегінде ұлттық сезімі жоқ, «мен- қазақпын» деуге, өзінің ана тілінде сөйлеуге, ата салтын құрметтеуге намыстанатын азаматты нағыз адам немесе Абай айтқандай, «толық адам» деуге бола ма? Оның жансыз компьютерден айырмасы қайсы? Компьютер- ғылым мен техниканың өлшеусіз қуатының арқасында ғана миллиондаған ақпаратты «есінде сақтайтын», мыңдаған операцияларды жаңылыспай жүзеге асыратын «құлтемір». Компьютерде ұлттық, нәсілдік ерекшелік, сезім де, рух та болмайды. Ол- тек адамның басқаруымен жұмыс істейтін техника ғана. Бүгінгі замандастарымыз ұлтын, Отанын, елін, жерін, тарихын, тілін, дінін, ата салтын мансұқ еткен мәңгүрт ұрпаққа айналып кетпесе деген ақынның жанайқайы, өз ұлтының тағдырына деген жанашырлығының айғағы емес пе? [4].
«Тәрбиесіз берген білім қауіпті»,- деген екен әл- Фараби. Технологияның дамып, әлемдік жаһандану үдерісі кезінде білім беру жүйесіне ұлттық инновацияны енгізу керектігін көпшілік мойындап отыр. Қоғамға қызмет ететін болашақ жеткіншектерге сапалы білім мен өнегелі ұлттық тәрбие беру- ұстаздар қауымының басты парызы. Ұлттық тәрбиені ұлттық сана-сезімі жоғары болашақ маман жастарды тәрбиелеуге негізделген білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде қарауға болады. Ол үшін ұлттық сана- сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеуді мақсат етіп алуымыз жөн. Әрине, тәрбие жалаң болмауға тиіс. Жалаң тәрбие қауқарсыз. Кез келген адамды тәрбиелеудің ұлттық негізі болуы керек. Сонда ғана тәрбие шынайылыққа айналады. Тәрбиенің мақсаты – елдік сананы қалыптастырып, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмді негіздеу, ұлтсыздықпен күресу болса керек. Сондықтан тәрбиенің жүзеге асуының технологиясы қалай дегенде де ұлтымызға ұстын, болашағымызға тұғыр болатын ұлттық тәрбиеде жатыр деп нық сеніммен айта аламыз [2]. Ел Президентiнiң сөйлеген сөзінде: «…Барлық дүние мектептен басталады. Сондықтан әлемдік стандартқа сай жалпы орта білім беретін жүйеге көшіп, педагогтардың кәсіби деңгейі мен жаңа оқулықтар мен біліми технологиялардың сапасын арттыруымыз қажет..»,- деп, атай келе «Қазақстан- 2030» бағдарламасында: «…Бiздiң жас мемлекетiмiз өсiп- жетiлiп кемелденедi. Бiздiң балаларымыз бен немерелерiмiз онымен бiрге ер жетедi. Олар өз заманының жауапты да жiгерлi, бiлiм өресi биiк, денсаулығы мықты өкiлдерi болмақ. Олар бабаларының игi дәстүрлерiн сақтай отырып, қазiргi заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс iстеуге даяр болады…»,- делінген.
Оқу мен тәрбие егіз. Оны бір- бірінен бөліп қарауға болмайды. Тәрбиенің өзі күнделікті сабақтың әрбір кезінде- ақ оқушы бойына сіңе бастайды. Қазіргі кезде ұлттық тәрбиенің көздері- фольклор, ауыз әдебиеті, ұлттық әдебиет, әдет-ғұрып, салт- дәстүр, ұлағатты қағидалар, шешендік сөздер, өнеге өсиеті бар мақал-мәтелдер, туған топырағымызда дүниеге келген ойшыл ғұламаларымыздың еңбектеріндегі тәрбие қағидалары элементтерін бастауыш сыныптарда қазақ тілі, ана тілі, математика, дүниетану, бейнелеу өнері, дене шынықтыру сабақтарында кеңінен қолданудың маңызы артып келеді. Мысалы: математика сабағында ақыл-ой қабілетін дамытатын ойындармен, ән-күй сабақтарында түрлі әуендермен, дүниетану сабағында табиғи денелерді қолдануды және хайуанаттар дүниесін елестететін, дене шынықтыру сабақтарында ұлттық ойындармен, ал еңбекке баулуда түрлі ою- өрнектермен және т.б. танысады. Қоғамның белгілі қайраткері, ақын М.Шахановтың: «Халықта ең бірінші ұлттық рух болуы керек»,- дегенін әр кез есте сақтап, еліміздің жарқын болашағы үшін атсалысуымыз қажет. Ол үшін біз, ұстаздар қауымы, оқушыларға салт- дәстүрлерді жай ғана үйретіп қана қоймай, олардың тәрбиелік түп- тамырын, мәнін, алтын діңгегін түсіндіре білуіміз керек. Ұлттық тәлім- тәрбиенің іргетасын дұрыс қалай білу мұғалімдердің ата- аналармен қосылып жүргізген шараларына байланысты болмақ. Өйткені бірінші ұлттық тәрбиенің ошағы- отбасында, екінші- мектепте болғандықтан, ата- ана мен мектеп, яғни мұғалімдер мен жұртшылық тығыз байланыста болуы шартты нәрсе екені баршамызға аян. Қазақтың айтулы қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай былай дейді: «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды». Яғни елдің туын көтеріп, тәуелсіздік талаптарын орындау ісіне батыл бетбұрыс жасаған бүгінгі таңда адамзаттық игіліктерді, халқымыздың ғасырлар бойы армандаған мәдени- рухани мұрағаттары мен ұлттық тәлім- тәрбие саласындағы, білім жүйесіндегі ізденістерін көрсету- басты міндетіміз [5].
Ұлы бабамыз Әбу Насыр әл- Фараби: «Адамға біліммен қатар, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім- адамзаттың хас жауы»,- деген екен. Ұрпақ тәрбиесінде ежелден қалыптасқан халқымыздың жақсы дәстүрлерін оқып үйрену, өнеге тұту, жас ұрпақты ізгілікке баулу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ұлттық тәрбиенің құдыретін қанша айтсақ та, түгесу мүмкін емес. Осындай ұлы тәрбие ізгіліктері бала кезден, бұла кезіңнен бастау алмаса, кейін өте қиынға соғатыны- дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Әрине, тәрбие жалаң болмауға тиіс. Жалаң тәрбие қауқарсыз. Қазір өкінішке орай, тәрбиеде сондай үрдістің жүріп жат¬қанын ащы да болса мойындауға тура ке¬леді. Біздіңше, кез келген адамды тәрбие¬леудің ұлттық негізі болуы керек. Сонда ғана тәрбие шынайылыққа айна¬лады. Тәр¬биенің мақсаты- елдік сананы қалыптас¬тырып, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмді негіздеу, ұлтсыздықпен күресу болса керек. Сондықтан тәрбиенің жүзеге асуының технологиясы қалай дегенде де ұлтымызға ұстын, болашағымызға тұғыр болатын ұлттық тәрбиеде жатыр деп нық сеніммен айта аламыз.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Жұмабаев М. Педагогика. – Алматы: Рауан, 1994.
2. Пірәлиев С. Ұлттық тәрбие және жаһандану // «Егемен Қазақстан».
3. Қапалбеков Б. Ұлттан тілді алса… – Алматы, 2006. – 138 б.
4. Мырзахан А. Ел болудың жолы – ұлттық тәрбие // «Ана тілі», 20 қазан, 2011.
5. Сейталиев Қ. «Педагогиканың жалпы негіздері». Ақтөбе, 2004.