Басы » Арнаулы курс » ИНТЕРБЕЛСЕНДІ ӘДІСТЕМЕНІ МЕКТЕПТЕ ҚОЛДАНУ

ИНТЕРБЕЛСЕНДІ ӘДІСТЕМЕНІ МЕКТЕПТЕ ҚОЛДАНУ

Титул Құрметті сайт пайдаланушылары сіздердің назарларыңызға филология ғылымдарының кандидаты Асхат  Хамзаұлы Әлімов ағамыздың ИНТЕРБЕЛСЕНДІ ӘДІСТЕМЕНІ МЕКТЕПТЕ ҚОЛДАНУ атты еңбегін ұсынып отырмыз қабыл алыңыздар. Оқушылардың қызығушылығын орнату үшін не қажет?СТЕМЕНІ МЕКТЕПТЕ ҚОЛДАНУ атты әдістемелік еңбегін жариялап отырмыз игіліктеріңізге жарар деген ойдамыз. 1. Жағымды психологиялық орта орнату Бүгінде білім игеру процесінде ортаның маңызы дау тудырмайтын аксиома іспеттес. Американдық философ Джон Дьюи білімді тәжірибе деп түсініп, оны құрастыруда ортаның алатын орнын ерекше атап кеткен: «Тәжірибе индивид пен оны қоршаған ортаның әрекеттесу процесінде пайда болады». Ал қоршаған ортаны Дж.Дьюи «жеке бастың қажеттіліктері, қалаулары, мақсаттары және қабілеттерімен әрекеттесу арқылы тәжірибенің іске асырылуын қамтамасыз ететін қандай да болмасын ситуация» деп атайды (Дж.Дьюи, 343). «Мен шәкірттерімді ешқашан да үйретпеймін; мен тек олардың үйренуіне тиімді жағдайлар жасауға тырысамын» А.Эйнштейн Интербелсенді оқуда/оқытуда үйренушілер қомақты нәтижелерге өзара қарым-қатынас пен әрекеттесу, бірлескен әрекеттер арқылы жететіндігін біледі, сол себепті де олар үйренудің нәтижесіне деген өз жауапкершіліктерін түсінеді. Сондықтан мұндай сабақтарда жағымды психологиялық климаттың, сенім атмосферасының алатын орны аса маңызды. Интербелсенді оқуда/оқытуда мұғалім бұрынғыдай барлық күш-жігерін үйретуге жұмсамай, оқушылардың бірлесе отырып, өздігімен білім алуына тиімді жағдайлар жасайды. Мұндай ұстанымның дәлелін келесі сөздерден көруге болады. Ғұлама ғалым Альберт Эйнштейн кезінде «Мен өз шәкірттерімді ешқашанда үйретпеймін; мен тек олардың үйренуіне тиімді жағдайлар жасауға тырысамын» деп айтса, суда жүзу бойынша он бір Олимпиада чемпионын дайындаған атақты австралиялық жаттықтырушы Фред Корлайль «Мен чемпиондарды даярлап шығармаймын, мен тек жеңімпаздар қалыптасатын орта дайындаймын» деген екен. Сол себепті де жоғары оқу орындары өз миссияларын «пәленбай маманды қалыптастыру», «пәленше нәрсеге үйрету», «пәленше білім беру» секілді түрде келтіргенде, мен оларды дұрыс құрастырылған деп есептемеймін. Менің ойымша, мектептердің негізгі миссиясы «тұлға мен маман қалыптасатын орта қалыптастыру» болып табылады. Үйрететін ұстаз емес, үйрететін – орта. Әр жоғары оқу орнының негізгі миссиясы: «Тұлға мен маман қалыптасатын орта қалыптастыру». Мұндай ортада бірінші кезекте жағымды психологиялық климат құрылады, яғни оқушынык қауым (топ, аудитория) ішінде тұлғаның жан-жақты дамуы, бірлескен өнімді әрі тиімді жұмыс жасауына қолайлы тұлға аралық қатынастар мен жағдайлар жасалады. Бірінші кезекте, жағымды психологиялық климат қауым (топ, аудитория, сынып) құрамына кіретін үйренушілердің еркіндігін меңзейді. Бұл еркіндік өзара сыйласымдық, жолдастық, бір-біріне бейімделу және бөтен пікір мен көзқарастарды жағымды тұрғыдан қабылдау мен оларды түсінуге деген ұмтылыстан, оларға төзе білуден тұрады. Ерік пен еркіндіктің негізі мәселесі «Неден?» емес. Егер осы сұрақты еркіндіктің негізі деп түсінсек, онда оқушыте «Не істесем де? өз еркім, өйткені мен ерікті адаммын!» деген жаңсақ ұғым пайда болуы ықтимал. Ал бұл түсінік оқушыларды жауапкершіліктен бас тартып, тек өз құқықтарын қадағалау жолына әкелуі ықтимал: «Оқығым келсе, оқимын! Оқығым келмесе, оқымаймын! Бұл – менің құқығым! Маған ешкім де тосқауыл бола алмайды! Менің құқықтарымды ешкім де шектей алмайды!» Басқаша сөзбен айтқанда, оқушыда менменшілік, эгоцентристік пиғылдар тым өршеленуі мүмкін. Еркіндіктің негізі сұрағы «Неден?» емес, — «Не үшін?» Алайда еріктің басты сұрағы «Еркіндік неден?» емес, «Еркіндік не үшін?» (Э.Фромм). Шындығында да еркіндік не үшін қажет адамға?.. Әрине, өзіңді-өзің дамыту үшін, тұла бойыңдағы қабілет пен дарындарды жүзеге толыққанды асыру үшін, рухани және интеллектуалды деңгейде, білік-дағды мен құзырлылықтар тұрғысынан асқақтау мен шарықтау, кемелдену үшін қажет! Мұндай шығармашылық жұмыста адамды ешбір формалды тыйымдар, ескертпелер мен қатаң ережелер тежемеуі керек. Керісінше, олардың барлығы да тұлғаның дамуына көмек беріп, өсу мен кемелденуге медет болғандығы абзал. Үйренушілер тек осындай жағдайда ғана оқу/үйрену процесі тиімді сипат алатындығын түсінуі керек. Жағымды психологиялық климат құру — әр сабақтың және жалпылама алғанда бүкіл білім игеру процесінің басты мақсаты. Үйренушілер әр сабақта жағымды атмосфераны орнатуға ұмтылу — жақсылық пен ізгілік нышаны деп түсінгені абзал. Әр сабақта жағымды атмосфера орнатуға ұмтылу – жақсылық пен ізгілік нышаны. Жағымды психологиялық климат құруда сабақ басында (қажет болған жағдайда сабақ ортасында) үйренушілердің көңілін көтеру үшін және олардың назарын сабаққа аудару мен жұмысқа ынталандыру мақсатында ойсергектер (немесе ойашар деп те аталады) қолданған тиімді. Ойсергектер үйренушілерді еркін сезіндіріп, оларды секемдік пен сенімсіздіктен арылтудың тиімді амалдары болып табылады (ойсергектердің мысалдары төменде беріледі). Жағымды психологиялық климат құру үйретуші мен әрбір үйренушіден келесі ережелерді сақтауды талап етеді: 1. Үйрену процесіне қатынасушылардың әрқайсымен өзара сыйластық пен сенімге негізделген жеке қарым-қатынас орнатуға мүдделі болу. Сыйластық қарым-қатынасты оқу процесінің ғана емес, сонымен бірге бүкіл өміріміздің мәні мен мағынасы деген философиялық түйін ұстанып, осындай жүздесуді сабақтың негізіне айналдыру керек. Дана қазақ «Сыйға – сый, сыраға – бал!», «Сыйлағанның құлы бол!» деп бекер айтпаған. Өзгені сыйлау арқылы біз өзіміздің ішкі дүниемізді ашып қана қоймай, оны дамыта, тереңдете түсетіндігіміз ақиқат. Өзгені сыйлау арқылы біз басқа адамды өз айтқанымызға иландырып, өз дегенімізге ортақтастырамыз, бір мәмілеге келуге ынталандырамыз. Оқушыларды есімімен атап, оларға «Сіз» деп қиылғанның өзі шәкіртті өзімізге қарай тартпай ма?.. Адамға шүбә мен сенімсіздік емес, сенім артқан жөн. Сенім арту арқылы біз басқаларға жауапкершілік жүктейміз, оларды шабыттандырып, оларға қанат бітіреміз. Ұстаздың осы тұрғыда «Тамашаның» бұрынырақтағы көріністерінің бірінде Тұңғышбай Жаманқұлов ойнаған мұғалімнің шәкіртіне (рөлді марқұм Құдайберген Сұлтанбаев сомдаған): «Білесің сен! Білесің! Біліп отырсың!» деген сөздерін негізгі ұстаным ретінде қабылдауы дұрыс болар. Әр оқушыға осылайша сенім артып тұрсақ («Білесіз! Сіздің қолыңыздан бұл келеді! Мен Сізге кәміл сенемін!»), олардың білімге деген ынтасы мен ыждахаты шарықтап, оқушылардың тау қопаратындығы сөзсіз. Сүйікті пайғамбарымыздың (Ғ.С.) «Адамдар туралы ұдайы жақсы пікірде болыңыздар!» деген өсиетін есімізден шығармайық, әріптестер!.. — «Адамдар туралы ұдайы жақсы пікірде болыңыздар!» — «Іштеріңде ең жақсы адамның кім екендігін айтайын ба? Ол – мінезі жұмсақ адам!» Мұхаммед (С.Ғ.С.) 2. Қарым-қатынаста қысымнан бас тартып, «жұмсақ» әдістерді қолдану. Сабақ беруде халқымыздың «Жақсыдан жылы шығады», «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Жүзі жылыдан түңілме!», «Жылы-жылы сөйлесе – жылан інінен шығады, суық-суық сөйлесе – мұсылман діннен таяды» деген аталы сөздерін ұмытпаған абзал. Сондықтан да қысымға негізделген әрекеттерді педагогикалық қызметтен аластату керек, өйткені олардың игі нәтижеге апаруы неғайбыл нәрсе. Физиканың «Қандай да болмасын қысым қарсылыққа тура пропорционалды» деген заңын мектептен білеміз. Міне осы қағиданы француз философы әрі жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Альбер Камю қоғамдық қатынастарға да қолданған. Неғұрлым қатты қысым жасасақ, соғұрлым қарсылық та күшейе түспек. Сондықтан да білім беру ісінде еш қысымға жол бермей, қарым-қатынаста мейлінше жұмсақ болған шарт. Сүйікті пайғамбарымыз (С.Ғ.С.) бір хадисінде «Іштеріңде ең жақсы адамның кім екендігін айтайын ба? Ол – мінезі жұмсақ адам!» деген екен. Көне қытай данышпаны Лао-цзы шамамен 2500 жыл бұрын былай депті: «Шөп өсіп тұрғанда жұмсақ болады да, өлгеннен кейін қатып қалады, адам да тірі кезінде жұмсақ та, өлгеннен кейін қатты болады. Демек, өмір дегеніміз — жұмсақтық, ал өлім — қаттылық. Ең жұмсақ нәрсе – су, ол қандай да болмасын кейіп (форма) қабылдап, кез келген қалыпқа енеді. Сонымен бірге қаттылықты жеңуде ең қуатты да су: тасығанда оның тегеурініне шыдайтын бір де бір қатты нәрсе/зат жоқ. Демек, жұмсақтық – күш. Демек, су сияқты жұмсақ болып, әр адамның бабын таба білу керек». 3. Әрбір үйренуші мен бүкіл топ жұмысына көмек пен жәрдем жасау, қол ұшын беруге дайындық. Оқу процесінде қатысушылардың барлығы да өздерінің ортақ іспен айналысып, маңызы бар проблеманы шешіп жатқандығын есте ұстауы қажет: «Илеп жүргеніміз – бір терінің пұшпағы». Сол себепті де әркімге қол ұшын беру — бірлескен жұмыстың нәтижелігін арттырады деп тұжырымдаған дұрыс. Ал ұстаздың оқу процесі барысында әрбір үйренуші мен топтың жұмысын, оның нәтижелерін қуаттап, қолдап, қолпаштап, олардың нәтижелеріне шын көңілден қуанып отыруы қажет. Білім игеру процесінде бәсеке мен жарыстың бір ғана түрін қабылдауға болады. Ол — өзіңмен өзің жарысу. Менің ойымша, білім игеру процесінде бәсеке мен жарыстың бір ғана түрін қабылдауға болады. Ол — өзіңмен өзің жарысу. «Мен кеше қандай едім, бүгін содан асып түсуім керек! Мен кеше қанша біліп едім, бүгін одан да көп үйренуім қажет!» деген мағынада әр кез өсу мен дамуды мақсат тұту, әр мезетте өркендеуге ұмтылу –жарыс пен бәсекенің басты мазмұны. Сол себепті де оқушылардың бір-бірімен (жекелей немесе шағын топ құрамында) жарыспағаны дұрыс. Өйткені жарыс негізгі мақсатқа айналып, негізгі үйрену мен даму мақсаттары екінші орынға шығып қалуы ықтимал. Ал бұл өз кезегінде оқушылардың қарым-қатынасына эгоистік мазмұн әкелуі мүмкін (қызғаныш, бәсекелестік, бақталастық, басқаға жақсылық тілемеу, қалай болғанда да озу, т.б.) 4. Әрбір пікірді тыңдай білу, оны сыйлау және онымен санасу. Әр мәселе бойынша әрбір адамның өзіндік пікір қалыптастыратындығы хақ: «Қанша адам бар болса, пікірлер де соншама» деп бекер айтылмаған болар. Сайып келгенде, білім дегеніміз әр адамның өзіндік түсінігі, пікірі, ұстанымы, тұжырымдамасы, көзқарасы, пайымдауы, уәжі, ойлары, ұсыныстары, дәлелдері. Сондықтан да білім алу процесінде үйренушілердің өзіндік көзқарас қалыптастыруға ұмтылуын ынталандырып, ондай әрекеттерін қуаттаған жөн. Ұстаз оқушылардың кез келген өзіндік ұстамын қабылдауы қажет. Тіпті шәкірттердің пікірі қолданыстағы даусыз пікірлерге қайшы болса да. Мұғалімнің бұл жердегі негізгі ұстанымы «Мен Сізбен келіспеймін, алайда Сіздің пікіріңізді сыйлаймын!» болғандығы шарт. Егерде оқушының пайымдауы қате немесе жаңсақ болса, оны мұғалімнің өзі түзетуге ұмтылмай, Сократтың «маевтика» әдісіндегідей «Ал егерде Сіздің пікіріңіз дұрыс болмаса ше? Егер олай болмай, бұлай болса ше? Ал егер былай жасаса, не өзгерер еді? Мүмкін былайша болуы қажет болар, Сіз қалай ойлайсыз?» деген сияқты сұрақтар қойып, оқушыке өз қатесін өзі түзету мүмкіншілігін беруі абзал. Немесе осы жұмысқа басқа оқушыларды «Сіздер алдыңғы айтылған пікірмен келісесіздер ме? Ол пікірге қандай өзгерістер енгізер едіңіздер? Ол пікірдің оң және теріс жақтары қандай деп ойлайсыздар?» деген сынды сұрақтар арқылы жұмылдырған дұрыс. 5. Жағымды (позитивтік) және конструктивтік көзқарас ұстану, ешкімді де, ешнәрсені де (өзгенің пікірі мен көзқарасы) сөкпеу, даттамау. Жұмыс барысы мен нәтижесінде туындайтын сәтсіздіктердің алдын алу, оларды болдырмауға ұмтылу; ал сәтсіздік болған жағдайда кімнің кінәлі екендігін іздемей, оның себептерін талдап, болашақта оны қайталамаудың жолдарын қарастыру. Ұстаз бірінші кезекте «жараға жабысқан шыбын» сияқты болмай, оқушының бойынан, оның іс-әрекетінен, жасаған жұмысынан қате іздемей, керісінше, жақсы мен жағымды қасиеттерге, сәтті шыққан жерлерге назарын аударуы қажет шығар?!. Оқушының жұмысын тексергенде, қызыл сиямен оның қателерін көрсетпей, жасыл сиямен сәтті шыққан жерлерін түртіп отырсақ қайтеді?.. Тек жағымсыз жақтарға назар салу, біреудің бойынан кемістік іздеу – жақсы қасиет болмас… Мәселен, Сіз жұбайыңыздың тек қателерін, олқылықтарын күннен күнге тізбектеп тұрыңызшы, — не болар екен? Әрине, араларыңызда соғыс болады! Дәп осылай шәкірттеріміздің де аяқтарын шалыс басқан сәттерге ғана ниеттелмейік! Біз олардың қателесу құқығын толығымен мойындауымыз керек. Тіпті «Жасасын қате!» деген қағиданы өз кәсібіміздің негізгі ұстанымына айналдырғандығымыз дұрыс. Ұстаздың негізгі қағидалары мынандай болуы қажет: «Жасасын қате!», «Тек ештеңе жасамайтын адам ғана қателеспейді!», «Қатесіз үйрену мүмкін емес!», «Адам қателесу арқылы үйренеді!», «Қатеге кешірімді болайық!» Қатені өрескелдік, төтенше жағдай, шектен тыс қылмыс деп түсінуден ауылымызды аулақ салайық! Өйткені сабақ дегеніміз үйрену алаңы, полигоны. Ал мұнда біз қатені дұрыс түсініп, оны үйренудің ажырамас бөлігі деп есептеп, «қатесіз үйрену мүмкін емес» деген принципті ұстанамыз: «Тек ештеңе жасамайтын адам ғана қателеспейді!», «Адам қателесу арқылы үйренеді!». Осы полигонда қателесейік, қатені кешірімді түрде қабылдайық, осында өз қателерімізді өзіміз немесе өзгелердің көмегімен түзетейік! Ал ертең, өндіріске маман болып барғанымызда, қателеспеуге тырысайық, өйткені барлық мұмкін қателерді біз полигонда жасап, олардан тиісті сабақ алғанбыз. Және де өндірісте қателерді полигондағыдай кешіре бермейтіндігін естен шығармаймыз!.. 6. Жұмысқа әртүрлі тәсілдер мен құралдарды қолдану арқылы үнемі жаңалықтар енгізіп отыру. Бұл жәйт үйренушілердің назарын білім игерудің қиыншылықтарынан оның қызықты жақтарына аударады, оларды ынталандырады, еркіндік береді. Үйренуде (білім беру процесінде) негізгі сұрақ «Неге үйрету?» емес, «Қалай үйрету/үйрену?» болғандықтан, әдістемелік тұрғыдан оқушыларға қызықты үйрену тәсілдерінің (ойсергектер, топқа бөліну тәсілдері) жаңа түрлерін ұсынып тұрған жөн. Әр сабаққа жаңалық енгізу жұмыс тиімділігін арттырады! Әр сабаққа оқушы «Бүгін нендей жаңалық болар екен? Қандай жаңа тәслдермен танысып, жұмыс жасар екенбіз?» деген оймен ынталанып келсе, құба-құп болар еді. Әрине, оқушылар тәсілдер көмегімен жұмыс жасауға әбден көндігіп алғаннан кейін (мәселен тоқсандің екінші жартысынан бастап), оларға жаңа тәсілдерді өз тарапынан келтіру тапсырмасын беріп отырған дұрыс. Осы арқылы оқушылардың шығармашылығын арттырып, оларды сабаққа белсенді түрде қатыстырудың жоғары деңгейіне көтерілуіміз сөзсіз. 7. Шығармашылыққа негізделу, шығармашылық тұрғыдан қатысушылардың ашылуына мүмкіндік беру. Шығармашылық дегеніміз жаңалық ашу. Әр сабақта оқушыларды біреудің айтқанын қайталамай (репродуктивтік әрекеттер), жаңалық жасауға, ашуға ынталандырып отырған абзал. Әрине, шығармашылық бірінші мезетте жазумен байланысты, сол себепті кез келген сабақ (семинар, лекция, тіпті 100 оқушынык аудиторияда өткізілген лекция болсын) жазумен аяқталғандығы дұрыс. Жазуда оқушы өзінің түсінігін, пайымдауын, білімін, ішкі жан дүниесін көрсетеді. Оқушылардың сабақ соңында жазған эсселерін оқып, мен оларға: «Дүние жүзінде 8 миллиардтан астам адам бар, алайда олардың біреуі де Сіз секілді жаза алмайды!» деп айтамын… Өзіндік ұстаным мен көзқарас деген осы емес пе?!. Жазу дегеніміз: 1) үйренгендіктің дәлелі, 2) ойлаудың ең жоғарғы түрі. Жазудың біріншіден дәлел екендігін (оқушының сабақта не үйренгендігінің, қалайша жұмыс жасағандығының), ал екіншіден ойлаудың ең жоғарғы түрі екендігін (жазу өте-мөте қиын, сөйлегеннен гөрі жазғанда миымыздың едәуір бөлігі жұмысқа белсене араласып, миымыз дами түседі) ескеру қажет. Сол себепті де оқушылар әр сабақта жазу әрекетімен айналасуы қажет, әрбір пән бойынша жазу бағалаудың негізгі нысаны болғандығы дұрыс (тоқсанлік жұмыс, жоба, портфолио, т.б.), оқу мерзімінің қорытындысы да жазу арқылы өлшенуі абзал (бакалавриатта – диплом жұмысы, ал магистратура мен докторантурада – диссертация). Философтар адам өмірінің үш мезетінде нағыз адам ретінде көрінеді дейді: — біреуге ортақтасқанда (қайғысына, мұң-мұқтажына); — ғашық болғанда; — шығармашылықпен айналысқанда. Лирикалық шегініс Қатал мұғалім және ашынған оқушы Әбілғазы С., құрылысшы, Алматы облысы, 55 жаста, мынандай әңгіме айтып берді: «Химиядан беретін жасы елуге жетіп қалған Ханыша деген апай өте қатал еді. Қазақ кейбіреулер туралы айтпаушы ма еді, «тісін көрсетпейтін адам» деп. Осы апай туралы айтылған сөз: бізге төрт жыл сабақ берген Ханыша апайдың бір рет те күлгенін, тіпті жымиғанын көрген емеспіз. Ол кісі сабаққа ылғи да қабағын түйіп келуші еді және де сабақ тақырыбынан әнтек болса да ауытқымаушы еді: тек химия, реакциялар мен реактивтер, элементтер мен олардың валенттілігі, сабақ түсіндіру мен сұрау ғана. Сабақ білмесең, көзін алартып, қатты ұрсушы еді, «екілікті» бытырлатып қоя беретін. Оқушылар арасында: Химия қиын! Ашиды миың! Ашыса миың, Ханышаға сиын! – деген өлең кеңінен таралып та кетіп еді. Ханыша апайдың сабағында демімізді ішке тартып, партаға басыла, қыбыр ете алмай отырушы едік. Тіпті ол кісінің сұсты бетіне тіктеп қарауға қорқатынбыз, жауап берген оқушылардың дауыстары діріл қағып, білгенін айта алмай тұратынды… Алайда бұл қаталдықтың мардымды нәтижесі болмады: үш-төрт озат оқушылардан басқамыз химияны мектептен білмей шықтық. Ондай болмағанда, қандай болсын: сабақтар қызықсыз, бір қалыпты, көбінесе тергеу секілді өтетұғын. Химия емес, жан қайғы еді біз үшін!.. Бұған қоса 10-сыныптың аяқ шенінде Күлиза есімді қызымыз химия сабағында өзін-өзі ұстай алмай, сабасынан шығып, шарт кеткені де бар еді. Ол былай болғанды… Бірде Ханыша апай Күлизаны тақта алдына шығарып, сабақ сұрады. Сабаққа дайындалмай келген қыз жауап бере қоймады. Оны әрі де, бері де тергеген апай бір кезде шыдамы таусылып, Күлизаны қатты ұрса жөнелді, жерден алып, жерге салды… Осы кезде күтпеген жағдай болды. Мінезі шәлкестеу Күлиза қызымыз бүкіл сыныптың (әсіресе жігіттердің) алдындағы мұндай масқаралауға шыдай алмады білем, апайдың сөзін дөрекі түрде бөліп жіберіп, «Сіздің мені ұрсып қорлауға қандай қақыңыз бар! Неменеге бақырасыз! Мен емес, Сіз нағыз оңбаған адамсыз! Аузыңыздан бір жақсы сөз естімей өттік! «Іріктен шірік шығады» деген осы! Бір оқушыдан да рахмет алмай кетесіз ғой!» деп айғайлап, ішіндегісін сыртқа лақ еткізіп шығарып тастады да, өкшелерін тақ-тақ басып, сыныптан шықты да кетті. Есікті де бар пәрменімен тарс еткізіп жапты. Терезенің әйнектері сықыр-сықыр етіп, сына жаздады… Біз болсақ жым-жырт болып, бұрыннан бетер партаға жабыстық. Апайға қарауға жүрексінеміз… Ханыша апай аңтарылып, үндемей біраз отырды да, кенет бетін басып, еңкілдеп жылап жіберді. Бетінен әр кез зәр шашып, бар оқушыны жұмса – жұдырығында, ашса – алақанында ұстайтын темірдей берік апайымыздың осылайша морт сынатындығына сенер-сенбесімізді білмей біз де аң-таңбыз, құлаққа ұрған танадай ым-жымымызды білдіртпей, сілейіп отырмыз және де бір сұмдықтың болғанын сезгендейміз… Алайда апайды аяған ешкім де болмаған секілді… Сәлден кейін апай орнынан тұрды да, жылаған бойда сыныптан шығып кетті… Тек біраздан кейін ғана есімізді жиып, не болғанын түсінуге бақтық, ду-ду әңгімеге көштік… Күлизаның жасағаны, әрине, дұрыс емес, алайда оны да түсінуге болатын секілді: «Шөлмек мың күнде сынбайды, бір күнде сынады!». «Байғұс, шыдай-шыдай жүріп, жарылды-ау бір демде!» деп Күлизаны ақтап жатқандар қаншама… Алайда Ханыша апайды жақтағандар арамызда болмады… Осы оқиға мектепте біраз айғай-шу тудырды. Күлиза завуч пен директорға бірнеше рет шақырылды, әке-шешесі де жауапқа тартылды. Мектептен шығарып, аттестат бермейміз деп те біраз мыжғылап, қорқытты Күлизаны мұғалімдер… Сынып жетекшіміз Әбденбай ағай өте жақсы адам еді. Сол кісі әрі жүгіріп, бері жүгіріп, әйтеуір, Ханыша апай мен Күлизаны татуластырды: Күлиза кешірім сұрағандай болды, ал апай оны кешіргендей болды. Осылайша бұл өрескел оқиға жылы-жұмсақ жауып тасталынды… Отыз жылдай ұстаздық қызмет жасап, зейнетке шығар алдында қаршадай оқушыдан естімеген сөздерді есту үшін қаталдықпен әйгілі болу керек пе еді?.. ҚОСЫМША Инновациялық технологиялардың негізгі қағидалары Нидерландтық ғалым Карл ван Парререн келтірген төмендегі қағидалар қазіргі күнгі инновациялық (интербелсенді) технологиялардың идеялары мен практикасын толығымен келтіреді. 1-қағида. Оқушыларда үйренуге деген тұрақты қозғаушы күш (мотивация) қалыптастыру. Мотивацияны оқушылардың жеке тәжірибесіне негіздеу керек. 2-қағида. Диалог арқылы үйрету/үйрену. Мұғалім оқушылармен «жоғарыдан төмен» қарай қарым-қатынас орнатпай, олармен тығыз ынтымақтастықта болады. 3-қағида. Қадағалау арқылы үйрету/үйрену. Оқу әрекеттерін үнемі бақылау, яғни мониторинг және диагностика жасау; қажет болғанда оқушыларды түзетіп және қуаттап отыру керек. 4-қағида. Білім беру мазмұнын қажетті оқу бірліктеріне және мақсаттарға бөлу. Бұл ұстаным оқушылардың әртүрлі таным және білім деңгейлерін ескеріп, көп варианттарға негізделуі керек. Сонда ғана үйренушілердің түрлі категориялары өздерінің танымдық мүдделері мен қызығушылықтарын қалыптастыра алады. 5-қағида. Оқу мазмұнын үйрену/үйретуге, пән мен тұлғаға бағытталған әрекеттермен қамтамасыздандыру сан алуан деңгейлерде жүзеге асырылуы керек (материалдық, танымдық, саналық). Таным процесінің негізін белсенді әрекеттер құрайды, адам тек әрекет арқылы ғана үйрене алады. 6-қағида. Үйренуде қажетті қарқын және соған сәйкес тәсілдер (мысалы, оқу, сөйлеу, жазу, компьютерлік тілдер, графикалық модельдер мен символдар) таңдалуы керек. Таным процесі оңайдан күрделіге қарай ойысып, қарым-қатынас пен өзіндік түсініктің қажетті құралдарымен қамтамасыдануы керек. 7-қағида. Үйрету мен білім игеруде көмектесу оқушылардың оқу тапсырмаларын қандай деңгейде орындағанына байланысты мұғалімнің сырт көзбен пайымдаған мінездемесіне сүйенбей, олардың нақты қабілеттеріне (мәселен, қарым-қатынас жасау және ойлау әрекеттері, өз тәжірибесін жүзеге асыра білу) негізделуі керек. Білім мазмұны мұғалім тұрғысынан субъективтік тұрғыдан анықталмай, үйренушінің мүдделерінен туындауы керек. 8-қағида. Оқушылардың ой-толғанысы (рефлексия) мен өздерінің даму жетістіктерін бағалай білуі (құзырлылық сезімі). Баға қоюды (мәселен, бес балдық немесе жүз балдық жүйемен) мұғалім мен оқушылар бірлесе құрастырып, қабылдаған бағалау талаптарымен (критерийлермен) алмастыру қажет. 9-қағида. Оқушылардың өзіндік тұрғыдан жасалатын жұмыстарына қажетті тапсырмаларды алдын-ала дайындау. Осы әрекет арқылы оқушылардың әрекеттерін, сөздерін, ойларын үйренішті қалыптан басқа жаққа бұруға болады. 10-қағида. Оқушылардың бастамашылдығы мен шығармашылығын ынталандыру. Бұл арқылы оқушылардың танымдық қабілеттерін едәуір көтеріп, олардың оқу мазмұнына тереңірек үңілуіне ықпал жасауға болады. 11-қағида. Субъективтікті қалыптастыруға ықпал жасау. Бұл ұстаным оқушылардың оқу материалын жағымды тұрғыдан қабылдап, өзін-өзі анықтауына, өз әрекеттеріне деген жауапкершілігіне, өзіндік тұрғыдан өмір сүруіне бастайды. 12-қағида. Оқушынык аудиторияда әлеуметтік қасиеттері басым және қоғамға кіріктірілген үйренуші тұлғасын қалыптастыруға бастайтын жағдайларды қамтамасыздандыру. «Оқудың/оқытудың басты мақсаты – тұлға қалыптастыру» деген қағиданы растайтын ұстаным. 2. Мотивация тудыру немесе қызығушылықты ояту Үйренушінің оқуға/үйренуге деген ықылас-ынтасы, ниеті мен зауқы болмаса, оқу нәтижесінің мардымды болуы екіталай. Француз жазушысы Анатоль Франс кезінде «Тамақ тек зор тәбетпен ішкенде ғана сіңеді» деген екен. Оқу мотивациясы дегеніміз дәп осы сияқты білімге, білуге, үйренуге деген «тәбет». Мотивацияны тудырмай, қызығушылықты оятпай тақырыпты терең игеру мақсатына жетуіміз екіталай! Мотивация — әр үйренушінің білімге деген қажеттілігі мен мұқтаждығы, құлшынысы мен ұмтылысы, ынтасы мен көңілі, қызығушылығы мен құмартушылығы, оның білім процесінде алдына қойған мақсаттары мен мүдделері. Мұнда басты мәселе әр үйренушінің жеке «Мен»-імен байланысты, яғни мотивация үйренушінің білімге деген қатынасымен тікелей байланысты болып, оқу процесінде шәкірттің үйрену әрекеттерімен айқындалады. Мотивацияның түрлері: 1. Танымдық мүдделер 1) Кең ауқымды мотивтер — білім алу; — кәсіп алу, маман болу. 2) Оқу-танымдық мотивтер — білім игеру тәсілдерін меңгеру, — белгілі бір тақырыпты (ақпарат, мәлімет, ұғым, пән, білік, дағды, машық, құзырет) игеру. 2. Әлеуметтік мүдделер 1) Кең ауқымды — қоғам (адамзат, Отан, жанұя, ұжым, т.б.) алдындағы борыш пен жауапкершілік, — білім алудың әлеуметтік маңызын түсіну жауапкершілігі. 2) Қоғамдағы өзінің орнын табу (Абай айтқандай: «Сен де бір кірпіш… Дүниеге кетігін тап та, бар — қалан!») — белгілі бір мақсатқа жету, — басқа адамдардың ішінен белгілі бір позицияны иемдену, — қоғамда беделге, материалдық құндылықтарға, атақ, лауазым, абырой, даңққа, мақтау мен марапаттауға ұмтылу. 3) Әлеуметтік қарым-қатынас — қоғамдағы басқа адамдармен қарым-қатынас құру, — қарым-қатынастың тиімді тәсілдерін меңгеру. Әрбір үйренушінің оқу мен үйренуге (алдағы сабаққа, қарастырылатын тақырыпқа, өткізілетін шараға, т.б.) деген қызығушылығын бірінші мезетте оның жеке тұлғасына, жеке өміріне, жеке басының мұң-мұқтаждарына, қажеттіліктеріне және мүдделеріне жүгіну арқылы ғана оятуға болады. Оқушылар әр сабақ пен тақырыптың өз өміріне, оның ішінде өзінің тұлға және маман ретінде дамуына тікелей қатысы бар болып, елеулі пайда әкелетіндігін білгенде ған таным процесіне белсене араласады. Сол себепті де оқушының «МЕН» сезімі арқылы оның оқу материалына қызығушылығын тудыруға болады. Қызығушылықты ояту дегеніміз оқуға деген «тәбетті» шақыру іспеттес, онсыз білімнің «сіңірілетіні» екіталай немесе «сіңірілу» саналы және ерікті түрде болмайды. Үйренуші игерілетін білімге тек өзінің тікелей қатысы бар екендігін сезінгенде ғана оған именуге, зер салуға, оны қарастыруға дайын болады. Басқаша сөзбен айтқанда, қызығушылықты ояту дегеніміз қажеттіліктерді айқындау. Қызығушылықты ояту арқылы үйренушілерді мынандай әрекеттерге баулуға болады: 1. Үйренушілер өздерінің бұрынғы жеке білімін айқындайды. Бұл үшін үйренушілер қарастырылатын тақырыпты жеке тәжірибесі тұрғысынан ой елегінен өткізіп, ол бойынша не білетіндігін естеріне түсіреді, оларды талдайды. Бұл әрекет оларды белсенді жұмысқа ынталандырады және өздерінің бұрынырақ алған білімдеріне баға беруге шақырады, өйткені мұнда әр үйренуші «Мен осы тақырып бойынша не білемін? Менің білетінім қандай дәрежеде екен? Менің есімде нендей білім жатталып қалды екен? Ол маған қалайша қажет болып еді?» сияқты сұрақтарға жауап береді. Осы арқылы оқушы бұрынғы білімін жаңа біліммен салыстырып, байланыстырады. Осы әрекеттер арқылы ол жаңа білімді игеруге ынталанады, онда қызығушылық пайда болады. Оқушы жаңа білімнің бұрынғы білім негізінде қалыптасатындығына көзін жеткізеді, әр білім алдыңғы білімнің жалғасы екендігін және білім игеру ісінің үздіксіз процесс екендігін түсінеді. Өз кезегінде бұл тұжырымдар оқушының өз біліміне деген жауапкершілігін арттыра түседі. Әр сабақтың басында оқушылардың «Мен осы тақырып бойынша не білемін? Не білгім келеді? Бұл білім маған қалайша қажет болады?» секілді сұрақтарға жауап ізденуі орынды. Жаңа тақырып оқушыларға таныс болмаса да, оның бұрында кезікпегенін айқындау ісі белсенді жұмысқа жетелейді. Мұнда «Бұл не нәрсе екен? Мұны білу қаншалықты керек болады? Бұны қалайша білуге болады?» деген сынды ойлар мен мақсаттар оқушыларды алға бағыттайды, олардың жаңа тақырыпқа деген құлшынысының себепкері болады. 2. Үйренушілер талқыланатын тақырыпты кең ауқымды контексте қарастырады. Білім игеру процесінің басты мақсаты – бірінші кезекте тұлға (адам) мен азамат қалыптастыру екендігін ұмытпау қажет. Сол себепті де қандай да болмасын тақырып пен мазмұн тек сабақ (немесе пән) аумағында қарастырылмай (тар контекст), жалпы мәселелер (рухани, әлеуметтік, саяси, идеологиялық, саяси, экономикалық, этикалық, кәсіби, т.б.) аумағында талқылануы шарт. Кең контекст оқушылардың ой-өрісін дамытумен қатар, олардың дүниетанымы мен көзқарастарын да кеңейтеді. Бұған қоса оқу материалы өмірмен байланыстырылады, ол тек игерілуді қажет ететін ақпарат деңгейінде қалмай, жалпы дүниетанымдық сипат алады. Сурет №1 3. Үйренушілер белсенді болады. Білім игеру процесі – белсенді процесс. Ол тек әрекет арқылы ғана жүзеге асырылады. Бұған қоса іс-әрекеттердің түрлері мен өзінділік дәрежесі неғұрлым көп және жоғары болса, білім игерудің тиімділігі де арта түседі. Әдетте сабақта оқушы көбіне-көп екі жұмыс атқарады, олар – тыңдау мен жазу (көшіру). Ал белсенді әрекеттер дегеніміз өздігімен түсіну, таңдау, талдау, шешім қабылдау, жаңа мазмұн құрастыру, өз біліміңді бағалауға негізделген ойлану, талқылау, өз пікіріңді қалыптастыру, оны дәлелдей және қорғай білу, пікір алмасу мен таластыру, өзгенің пікірін тыңдап, оны қабылдау, өз пікіріңді жазу секілді жеке және бірлескен жұмыс түрлері. Осындай белсенді әрекеттер тұлғаны жан-жақты дамыта түсіп, оның білім игерудегі көкжиектерін кеңейтеді. Сопылардың «Ынталандыру» атты хикаясында мотивация тудыру мен қызығушылықты ояту туралы өте дәлелді түрде айтылады: «Ұстаз қойған сұраққа жауапты өзінің шәкіртінен білген кейіп танытады. — Сіз одан неліктен сұрадыңыз? Бұл сұраққа өзіңіз де жауап бере алар едіңіз ғой?- деп таңырқағандарға ұстаз: — Әзірше мен бұл сұраққа шәкіртімнен жақсы жауап бере аламын. Алайда мен одан кеңес сұраған себебім: шәкіртім басқалармен біліммен бөлісудің дәмін татсын дегенім. Бұл айла басқа тәсілдерден анағұрлым жақсы түрде шәкіртімді білімге ынталандырады,- деп жауап берген екен». 4. Үйренушілер ізденіс, зерттеу және талдауға негізделген шығармашылық жұмыстарға жұмылады. Әрбір адамда жаңа нәрсеге деген құлшыныс болады: біз жаратылысымыздан таныс емес жәйттерге әуеспіз, соларға қызығушылық танытамыз. Тіпті кішкене нәрестелер де жаңа ойыншықты көргенде, біраз уақытын оны зерттеуге (жан-жағынан мұқият қарап, қолымен ұстап дегендей) жұмсайды. Адамның осы қасиетін оқушы аудиториясында ұтымды қолданған абзал. Сол себепті де оларға шығармашылық табы жоқ жұмыстарды ұсынбау керек. Олардың қатарына репродукцияға негізделген көшіру, қайталау, жаттау сынды әрекеттерді жатқызуға болады. Оқушыларға ұсынылған жұмыстар ізденіс пен зерттеуге, талдау мен сараптауға сүйенетін, өзіндік тұрғыдан орындалатын шығармашылық жобалар қатарында болуы керек. 5. Үйренушілер алдағы тақырып бойынша қажеттіліктерін айқындайды. Өз мүдделері мен қажеттіліктерін айқындауы («Не білгім келеді?») әр оқушыке өзінің сабақ процесіне тікелей қатысы бар екендігін сезіндіреді. Сол арқылы оқушы өзін сабақтың тыс бақылаушысы емей, оның белсенді қатысушысы ретінде таниды. Өз кезегінде бұл жәйт оның белсенділігін арттырып, сабақ тақырыбына деген ынтасын жоғарылатады. 6. Үйренушілер прагматикалық тұрғыдан ой толғауға және талқылауға жұмылады. Әр сабақтың қандай да болмасын маңызы (жалпы дамытушылық, рухани, философиялық, әлеуметтік, кәсіби, тұрмыстық, т.с.с.) оқушы назарынан тыс қалмауы орынды. Оқушы өзіне прагматикалық сипаттағы сұрақтар қойып («Бұл тақырып маған тұлғалық, кәсіби даму тұрғысынан не береді? Оның маған келтірер пайдасы қандай болмақ?»), оларға жауап беру үшін ізденуі оның сабақ тақырыбына деген қызығушылығы мен ынтасын арттырады. ҚОСЫМША Мотивацияның ережелері 1. Үйренушілерде білімге деген қажеттілік тудыру, оның беретін пайдасы туралы пікірлесу («Бұл маған не береді?Пайдасы қандай?»). 2. Әр үйренушінің білім игеру ісіне деген жеке жауапкершілігін қамтамасыздандыруға ұмтылу. 3. Үйренушілердің қызығушылығын тудырып, оны үнемі қолдап, қыздырып отыру керек. 4. Сабақта алған білімдердің практикалық маңызына ерекше көңіл бөлу керек. Әр сабақ прагматикалық (пайда тұрғысынан) сипат алуы керек. 5. Үйренушілерді ұдайы мақтап, қолпаштап, қолдап отыру керек. 6. Үйренушілер бір-бірімен жарыспай, оларда өзімен-өзі жарысу сезімін қалыптастыруға ұмтылу керек. 7. Жүргізуші (мұғалім, мұғалім) өзі де шабыттанып, сол көтеріңкі күйін үйренушілерге көрсетуі керек. 8. Әр үйренушінің жеке мотивтерін айқындау (үйренушінің «Бұл тақырып мен үшін неліктен қызықты әрі пайдалы?», «Мен неліктен осы сабаққа белсене қатысудамын?», «Бұл сабақтан мен не аламын?» сияқты сұрақтарға жауаптары) . 9. Сабақ барысында тұлға аралық қатынастардың дамуына ықпал жасау. 10. Таңдауды әрқашан да үйренушілердің өздері жасаған жөн. Қызығушылықты тудырудың кейбір тәсілдері 1. Қызықты бір оқиғаны сипаттап беріңіз. 2. Қандай да бір талқыланған мәселе бойынша үйренушілердің пікірін білу үшін олардың қол көтеріп, дауыс беруін (жақтап немесе қарсы шығып) сұраңыз. 3. Сұрақ қойыңыз. 4. Уәде беріңіз. 5. Үйренушілерді күлдіріңіз. 6. Даулы немесе басқалардың көзқарасына қарама-қарсы пікір айтыңыз. 7. Әдеттен тыс мәліметтер келтіріңіз. 8. Көрнекіліктер мен үлестірмелі материалдарды қолданыңыз. Бұған тағы да екі тәсілді қосуға болады (А.Ә.): 9. Өз өміріңізден немесе кәсіби тәжірибеңізден мысалдар келтіріңіз. 10. Оқушылардың шешімін қажет ететін проблемалық ситуацияны суреттеңіз. Қызығушылық келесі әрекеттерден бәсеңдейді 1. Мұғалім өзін үйренушілерден тысқары ұстаса. 2. Мұғалім үйренушілерді бәсеңді (пассив) тыңдаушылар қатарында ұстап, оларды сол күйде қалдырса. 3. Мұғалім өз ұсыныстарының (идеяларының) үйренушілер үшін міндетті түрде қажетті болады деген ойы мен пікірі. 4. Мұғалімнің үйренушілерге сын айтуы, олардың кемшіліктерін бетіне басуы. 5. Оқушылардың мұғалімнің қойған сұрақтарына жауап бере алмай, өздерін дым білмес ретінде сезінуі. (Кітаптан: «Методическое пособие для тренера. Программа «Street Law». Сост. Мухтарова А.К., Булуктаев Ю.О., Калинина А.А., Асанбекова Г.С. – Алматы: Фонд «ХХІ век», 2001. – 153 с.).
[bws_related_posts]

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *