АТЫРАУ ҚАЛАСЫ
№6 «Гүлдер» балабақшасының саз жетекшісі-
АКИНОВА АЙГУЛЬ ХАЛИМОВНА.
«ҮЙШІК» (Екінші кіші топ балаларына арналған Күзгі ойын түрі)
Екінші кіші топ балалары залға «пойызбен» кіреді.
Жүргізуші: Балалар, қараңдаршы, бүгін біздің залымыз сондай әдемі безендірілген! Ол бір мерекенің белгісі емес пе, солай ма? Біз қандай мерекені тойлауға жиналып отырмыз?
Балалар: Күз мерекесін!
Жүргізуші: Дұрыс айтасыңдар, балалар! Себебі біз Күз мерекесіне жиналдық. Олай болса, Алтын Күзді ортамызға шақырайықшы!
Балалар хормен: Күз!Күз!Кел бізге!
Әдемі әуенмен залға Күз кіреді.
Күз: Сәлем, өрен достарым!
Өмірге көп қосқаным!
Молайтыңдар шаттықты,
Ән айтыңдар бақытты!
Балалар «Күз»муз.Бруссиловский .
Күз: Жаңа менімен бірге осында жапырақтарым ұшып келіп еді.(Жүргізуші қыздарға жапырақтар таратады)
Қане, жапырақтарым, тұрмаңдар!
Биге, биге шығыңдар!
Күз қыздар тобымен «Жапырақтар» биін билейді.
Биден соң қыздар жапырақтарын еденге қойып, орындықтарына отырады.
Күз: Ой, мында көптеген жапырақтар ұшып келіпті! Кім маған менің жапырақтарымды жинап береді?!
Жүргізуші: Біздің ер балаларымыз сіздің жапырақтарыңызды жинап береді.
Ойын «Кім көп жапырақ жинайды?»
Жүргізуші: Құрметті біздің көркем Күз, біздің мерекемізге қош келдіңіз! Төрлетіңіз, жоғары шығыңыз, демалыңыз кішкене… (Күз отырады)
Күз: Балалар, мен сендерге құр қол келген жоқпын, сендерге өзімнің достарыммен келдім. Қане, қарсы алыңдар менің Қоян досымды!
Залға Қоян секіріп келеді.
Қоян: Мен ұзын құлақ сұр Қоянмын!
Ылғи түнде жортамын.
Қалдырмаймын ізімді,
Өте қатты қорқамын…
Жүргізуші: Ой-й-й, Қоян, сен бізден қорықпа! Одан да балалармен бірге билесеңші, жарай ма?!
Балалар Қоянмен бірге «Ор қояндар» биін билейді.
Билеп болған соң Қоян дірілдеп)
– Ой –ой –ой, балалар! Күз келді, күн салқындады. Жылы ін керек маған-н, жылынар ем мен жылдам-м-м…!
Жүргізуші: Қоян, сен мұңайма! Біздің балалар саған қазір үй салып береді!
Балалар саусақтарымен «Үйшік» жаттығуын орындайды.
Жүргізуші: Міне, Қоян, біздің балалар саған қандай әдемі үйшік салғанын көрдің бе?! Алғашқы қонағыңды қарсы ал!
Залға Бақа секіріп келеді.
Бақа: Мен-Бақамын балпақ,
Бұтым менің талтақ. – Мен де үйшіктің ішіне кірейінші, а?!
Қоян: Сенің қандай өнерің бар?
Бақа: Мен ән салғанды ұнатамын.
Жүргізуші: Біздің балалар да ән салғанды ұнатады. Қане, балалар, Бақамен бірге ән салайықшы!
Балалар бақамен бірге «Бақа»муз.Тезекбаев.
Қоян: Бақа, үйге кіре ғой,
Дос боламыз, келе ғой!
Бақа үйшіктің ішіне кіреді.
Залға қолына қолшатыр ұстағанТүлкі келеді
Күз: Менің тағы бір досымды қарсы алыңыздар!
Түлкі: Мен-Түлкімін күлкілі,
Кім білмейді Түлкіні?
Алдамаймын ешкімді,
Мерекеде бұл күні.
Кірейін мен де мына үйшіктің ішіне!
Қоян: Ал, сенің кандай өнерің бар?
Түлкі: Менде мынадай әдемі қолшатыр бар! Балалар, осы қолшатырмен және менімен ойнағыларың келе ме?!
Түлкі балалармен ойын ойнайды «Күн мен жаңбыр»муз.Ломова
Қоян:Түлкі үйге кіре ғой,
Дос боламыз, келе ғой!
Түлкі үйшіктің ішіне кіреді.
Күз: Менің тағы бір досым келе жатыр!
Залға аю кіреді.
Аю: Мен балқұмар қорбаңбаймын,
Тәтті алуға қорланбаймын!
Кірейін менде үйшіктің ішіне…
Қоян: Ал, Қорбаңбай, сенің қандай өнерің бар?
Аю: Мен билей алмаймын,
Әндерді де салмаймын.
Апанымның ішінде
Қорылдап тек ұйықтаймын…
Қасында томар тұрады. Сол томардың үстіне отыра кетіп,«ұйықтайды».
Жүргізуші: Ой, балалар, қорбаңбай Аю ұйықтап қалды ғой! Қане, оны оятып, кішкене ойын ойнайық!
Балалар: Аю, ей, Аю! Ұйқыңнан тұрсаңшы,
Сауық- сайран құрсаңшы! (Аю есінеп оянады)
«Аю жүрген орманнан» ойыны(«У медведя во бору»ойынының аудармасы)
Қоян: Аю, үйге кіре ғой,
Дос боламыз, келе ғой!
Жүргізуші: Барлық аңдар үйшіктің ішінде тату-тәтті өмір сүріпті. Қоян күні бойын сәбіз жейді, Бақа-ән салады,Түлкі-билейді, ал Аю-күні бойы ұйықтайды,үйшікті күзетеді. Бұл үйшіктін ішінде тұратын аңдар қыстың қаһарлы аязынан еш қорықпапты.
Барлық аңдар шығып балалармен билейді.
Жүргізуші: Осымен, бүгінгі Күзгі мерекеміз де аяқталып келе жатыр. Біздер де балалар, өзіміздің жылы тобымызға оралайық!
Күз: Менің де кетуім керек балалар!
Барлығыңды қимаймын,
Барымды мен сыйлаймын!
Күз балаларға ішінде алмалары бар себетін береді.
Күз аңдармен кетеді. Балалар «пойызға» отырады.Топтарына оралады.
[bws_related_posts]