Ы.Алтынсариннің шығармаларындағы теонимдер қолданысы мен адамгершілік тақырыбыАбдрахынова Н. Б.
Сүлеймен Демирел атындағы университеттің магистранты
Жетекші:ф.ғ.д доцент Сүйерқұл Ботагөз Мырзабайқызы
Әр заманда басымдық алатын әр алуан әлеуметтік құбылыстар өзінің дарынды өкілдерін тарих сахнасына шығарып отыратыны мәлім.Олар елдің мұң-мұқтажын көре біліп, халқының сол мұқтажына перзенттік махаббаттын арнаған, елдің игілігі үшін бар күш жігерін жұмсаған ардақты азамат ретінде халық тарихынан орын алған. Мұндай азаматтардың игілікті істері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, дәстүрге айналып, елдің тарихи, мәдени өміріне елеулі ықпал ететін болған.
Қазақ халқының тарихында айрықша орын алған сондай көрнекті тұлғалардың бірі – Ыбырай Алтынсарин. Ол жаңашыл, дарынды ағартушы ғана емес,халқымыздың теңіздей толқып тасыған інжу-маржан жырларын жақсы біліп, еңбегіне арқау еткен ақын әрі жазушы.Білімін өзі өмір сүрген дәуірдің мұрат-мүдделеріне сәйкестендіріп, халық кәдесіне, ұрпақ тәрбиесіне жарата білген тұлға.
Ал оның заманы тарихтың бір аумалы-төкпелі кезеңі болған еді. Өйткені «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» кейінесін жиып үлгермеген қазақ жеріне Ресей патшалығы көз сұғын қадап, жаулай бастаған еді.Қазақ халқы небір зорлық-зомбылық пен зобалаңды басынан өткізіп жатты… Намысын от жаныған қазақ батырлары бастаған азаттық жолындағы күрестер біріне-бірі жалғасқан еді: Исатай – Махамбет, Кенесары – Наурызбай, Сырым батыр, Едіге, Есет пен Бекет, Жанғожа, Сұраншы – Саурық тәрізді батырлардың есімдері қазақ тарихында алтын әріппен жазулы…
Осындай халық мұраты – ел мұраты – ер мұраты деп ұрандаған ұлт жанашырлары қай заманда да болған. Ел болашағы – жас ұрпақ деп түсінетін халқымыздың басты мақсаты да, мүддесі де – жастар тәрбиесі екендігі аян. Қай кезеңдегі болмасын, ақындар мен жазушылар үшін өзекті де басты тақырып – жастар мәдениеті, ұлт болашағы болатын.
Осы мақсатты ту етіп ұстап шығармашылығы мен өнегелі ғұмырын арнаған Ыбырай Алтынсарин адамгершілік тәрбиесін басты нысана ете отырып, ислам дінінің мән-мазмұнымен таныстырған «Шариат-ул Ислам» («Мұсылманшылықтың тұтқасы») оқулығын жазды. Ұлы ағартушының бұл еңбегі бір ғасыр бойы бірнеше толқын ұрпақтың танымынан тыс қалып, мәдени қазынамыздың корына қосыла алмай келді.
Заман тынысы, уақыт талабы осыған дейін тарих тереңінде қалған рухани мұраларымыздың қандайына болса да зердемен қарап, ұрпақ игілігіне жарататын мезгілдің жеткенін дәлелдеп отыр. Қазіргі жаңарған қоғам дамуы тұсында бүкіл елімізді алаңдатып отырған, дәстүрлі діндерден тыс тұрған ерекше мәселе – еліміздегі қаптаған шетелдік дін уағыздаушылардың іс-әрекеттері белең алған жағдайда ата дініміз жөніндегі мұндай мағлұматтардан хабардар болудың бәріміз үшін маңызы зор. Бұл, әсіресе, жас жеткіншектеріміздің бүгінгі қаптаған діни ағымдарға қарсы тұра білуі үшін, теориялық тұрғыдан қаруландыру, діни сауаттарын ашу міндетін қояды. Осы мақсатта нысаналы жұмыс жүргізу жалпы орта білім беретін мектептер мен арнаулы және жоғары оқу орындары үшін маңызды мақсат болуы керек. Мұндай өнегелі бастаманы «алғашқы дала қоңырауы» – ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин осыдан бір жарым ғасыр бұрын қолға алған еді. Ол: «…біріншіден, қазақ жастарының дiн жөніндегі түсініктері теріс бағытқа түсіп кетпеуі үшін; екіншіден, қазақтың жазба тілінде татар тілі орынсыз етек алып кетпеуі үшін, мен соңғы кезде Мұхаммет шариғатын үйрене бастап, …осы оқу құралын құрастыруға кірістім», – деп жазды қазақ-орыс мектептеріне арнап шығарған «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты оқулығының кіріспесінде. Бұл мәселе бүгінге дейін күн тәртібінен түскен жоқ, әсіресе қазіргі кезеңде біздің халқымыз үшін тіпті бұрынғыдан да өзектірек десе болғандай.
«Мұсылманшылықтың тұтқасында» бүкіл дүние, жан-жануарлар туралы айта келіп, «мұның бәрі де жалғыз, теңдесі жоқ, ұқсасы жоқ бір құдайдың барлығына, бірлігіне һәм кәміл жаратушы халық – қадір екендігіне дәлел болса керек» деп тұжырымдайды. Ойды қайырып айтқанда, Ыбырай қоршаған дүниенің объективті өмір сүретіндігін мойындайды, сонымен бірге дүниені жаратушы құдай деп біледі. Автор«Біреу сұраса: Құдай тағаланың сипаты нендей?» — деп. Жауап беру керек: «Құлшылық етуімізге лайық Алла тәбәрак уа тағала жалғыз-ды, ешкімнің ол Алла тағалаға ұқсастығы, теңдестігі жоқ. Ол Алла тағала дене иесі емес, сурет иесі емес, асыл жауһардай заттар сипатында емес, мекен я, бір орын иесі емес, бос орынды толтырушыдан емес, тамақ жеушілерден, ішушілерден емес, біреуді тудырған емес, яки біреуден туған емес, Һәм ол Құдай тағаланың бар болуына ешбір заман жоқ жиһат сәттен яғни, алты түрлі тараптан: оңы, солы, алды, арты, асты, үсті болудан таза-ды. Алла Тағалаға ешбір нәрсе уажиб емес, яғни, не нәрсені қалайынша жаратамын һәм бұйырамын десе — өз еркінде және Алла Тағала қадим-ді, әуелден ақыры бар-ды, барлығының әуелі һәм ақыры жоқ, һәмме өткен замандарда бар-ды һәм болашақ замандарда бар-ды. Ол Алла тағала ешбір нәрсені хикметсіз һәм керексіз, пайдасыз етіп жаратпады, көзімізге көрінетін зат, мақлұқтардың бәрінің де керек орны бар».
Аса көрнекті ағартушы Ы. Алтынсарин «Мұсылманшылықтың тұтқасы» кітабында адамгершілік, имандылық, қайырымдылық, мейірімділік қағидаларын жан-жақты түсіндіреді. Дін қағидаларының тәрбиелік мәнін ашып көрсетуді мақсат еткен ұстаз шариғат сүрелерін ана тілінде түсіндіріп, теонимдердің (діни терминдердің) мән-мағынасын ашуға зер салады, оны өмір тіршілігімен, адам тәрбиесімен тығыз байланыстыра талдаған.
Теонимдер – құдай, әулие атаулары және шығармадағы діни терминдер. Бұл – идеонимдердің аз зерттелген түрі. «Әулие» – араб тіліндегі «уали» сөзінің көпше түрі. Әулиенің Құран Кәрімдегі мағынасы – «Алланың досы» немесе «Алланың қорғауындағы адам». Әулиелер – діни құлшылықтың мәніне жетіп жетілген, Жаратушы туралы ілімді толық меңгерген кісілер. Әулие өз іс-әрекетімен Жаратушыға жақындап қоймайды, сонымен бірге олар Құранда айтылған «ең әділетті қоғам» құру үшін шаршамай, талмай еңбек етеді. Себебі, әулие өзінің іс-әрекетін қара басының мүддесі үшін емес, Жаратушының қалағанын іске асыруға арнайды. Сондықтан олар өздерін Алланың Жердегі өкілі сезінеді. Осы «ең әділетті қоғам» құру идеясының тууы исламдағы көптеген тарикаттардың пайда болуына ықпалын тигізген» [2,82].
Ұлы педагог: “Адамның не нәрсеге болса да берік сенімі жүректен терең орын алмаса, ол әсерлік, тәрбиелік нәтиже бермейді” деген тұжырым жасайды. Мысалы, намаз оқу мен ораза тұту парыздарының рухани да, тәрбиелік те мәні зор екенін айта келіп, «намаз ішінде оның екі парызы бар, оның алтауы тысқары, алтауы ішкері парыз. Тысқары парыздың (денені тазалау, намаз оқитын жерді пәк ету, денені жабу, денені дұрыс қимылдату, қолды, аяқты, басты қимылдату) бәрі тән тәрбиесіне арналады» дейді.
Ұлан-байтақ қазақ даласында дүнияуи мектептер ашу, балаларды өз ана тілінде оқыту – оның басты арманы болатын. Ұзақ жылдар бойы бізде «Ыбырай орыс алфавитінің қазақ тілінде негізін салушы» деген жаңсақ пікір уағыздалып келді. Батыс Сібір генерал-губернаторының 1876 жылы Ішкі істер министріне жолдаған жолдамасында «…Торғай облыстық халық мектебінің инспекторы Алтынсарин өзі орыс алфавитін қолданып қазақтардың халық өлеңін маған әкеп тапсырды…. Біз орыс алфавитімен қазақ грамматикасын жасауымыз керек… Бұл жұмыс Ильминскийге тапсырылды» деп хабарлауынан қазақтар үшін орыс алфавитін алғаш рет жасаушы Ильминский болғаны, ал оны тәжірибеде тұңғыш қолданушы Ыбырай екені аңғарылады. «Бір Аллаға сыйынып, Кел, балалар, оқылық» деп бүлдіршіндерді оқуға баулыған Ыбырай өз өлеңін «Істің болар қайыры, Бастасаңыз Аллалап» деп жалғастырады. Ондағы мақсат-мүддесін Ильминскийге жазған хатында ашып айтатыны бар: «Қазақ даласын үш жыл аралағанда қазақтар тапқыр, ақылды, қабілетті, бірақ білімсіз халық екен дегеніңіз әбден дұрыс. Қазақтарды оқыту бастықтардың ойына да кіріп шықпайды, бекіністерде училищелер салудан гөрі үйінің онсыз да қып-қызыл шатырын сылауды, онсыз да аппақ қабырғаларын ағартуды артық санайды». Тағы бірде: «Мысалдарды енгізгім келмейді, өйткені қатаң тұрмыста өскен қазақтарға бұдан гөрі мәндірек әңгімелер керек болады. Мысалдарды қазақ балалары оқығысы келмейтінін, оқыса, оған күлетінін, ал олардың ата-аналары: балаларға сауысқан мен қарға сөйлеседі деген сияқты жоқ нәрсені үйретеді деп, тіпті тәжірибемнен білемін»,-дей келіп жаңа кітапқа жұмбақтар, баланың ой-өрісін кеңейтетін әңгімелер, сондай-ақ қазақ өлеңдерінен іріктелген өлеңдер енгізілетінін жазады. Ы.Алтынсарин адамдық қасиеттер жөнінен әңгімелер кіргізді. Көбін өзі жазды, бірқатарын сол кездегі орыс оқулықтарынан ел тұрмысына лайықтап аударды» [1].
Ы.Алтынсариннің демократиялық-ағартушылық бағыты оның педагогикалық көзқарасының үш бірдей саласынан көрініс тапты. Біріншіден, бүкіл өмір жолын мектеп ашуға, қазақ балаларын оқуға тартуға, дүние ғылымдарын үйретуге және соған оқу құралдарын жазып шыығаруға арнаса, екіншіден, өнегелі ұстаз тәлімгер даярлауға, оларға күнделікті ғылыми-әдістемелік басшылық жасауға көңіл бөлді. Үшіншіден, шығармаларында қазақ халқының ХІХ ғасырдағы қоғамдық өмірінде болған саяси әлеуметтік мәселелерді жан-жақты қамтып жазуға жұмсады. Ол кез келген шығармаларында шәкірттерді адал, шыншыл, еңбек сүйгіш, өнерлі азамат болуға, жат мінезден бойын аулақ ұстауға шақырды. Қазақ халқының келешегі тек өнер-білімде деп түсінген Алтынсарин өз ойын іске асыруда түрлі тосқауыл, кедергілерге кездесті, бірақ оларды табандылықпен жеңе отырып, өз мақсатын іске асыра білді. Алтынсарин қазақ тілінде кітаптар жазды, оларды халық арасына тарату арқылы ғана дін ықпалынан бірте-бірте бәсеңдеуге мүмкіндік туады деп түсінді. «Мәселенің мәнді жері – деп жазды ол, — қазақтарға татар фанатизмінің ықпалын тигізбеу — қазақтардың білім алуына оның кесірін тигізбеу ғой. Ондай ықпалдан құтқару үшін мазмұны балалардың білімін көтеретін, тақырыбы оларды қызықтыратын кітаптарды асықпай, бірақ алған бағыттан қайтпай, қазақтың өз тілінде, олардың өздерін таныс әріппен шығара білу керек. Сөйтсек, ол кітаптарды жұрт бірден қолға алып оқиды, бұл кітаптар, татар кітаптарымен қатар зор күш болар еді».
Ы.Алтынсарин оқыту әдісі мәселелеріне де ерекше мән берді. Өзінің А.А.Мазюхин, Ф.Д.Соколов, Ғ.Балғымбаев т.б. мұғалімдерге жазған хаттарында балаларға тиянақты білім беру, оқыту өмірімен байланыстыру, оқыту әдістерін жетілдіру жайында көптеген ақыл-кеңестер берді. Ы.Алтынсариннің оқу-ағарту ісіндегі тағы бір ерен еңбегі қазақ жастарына кәсіптік мамандық беру мәселесін қолға алуында еді. Ол осы мәселеге ерекше мән беріп, қолөнер, ауылшаруашылық училищелерін ашуға көп күш жұмсады. Көп ұзамай Торғай қолөнер училищесі ұйымдастырылып, өзі қайтыс боларының алдында Қостанайда ашылғалы отырған ауылшаруашылығы училищесіне өзінің қора жайын беретіні туралы өсиет қалдырды. Қазақ қыздарын оқытып-тәрбиелеу ісіне де жол ашқан Алтынсарин еді. Ол Ырғызда қазақ қыздарына арнап жанында интернаты бар мектеп аштырды. Мұның өзі қазақ халқының өмірінде маңызы зор тарихи оқиға болды. Ол патша әкімшілігінен Торғай облысының барлық уездерінде қыздар училищелерін ашуды өтінді. Оның бұл ұсынысы өзі қайтыс болған соң екі жылдан кейін жүзеге асты. Ы.Алтынсарин өз халқын жан-тәнімен сүйген, халқының мәдени тұрғыдан көркейіп өсуі үшін бойындағы бар күш-жігерін аянбай жұмсаған нағыз патриот еді.
Ыбырай Алтынсарин дүниетанымының қалыптасуына туған ел, халық ауыз әдебиеті, орыстыңозық әдебиеті мен Еуропа ойшылдарының еңбектері елеулі әсерін тигізді. Ш.Уәлиханов сияқты Ы.Алтынсарин де өз халқының артта қалушылығын жоюдың бірден-бір жолы ағартушылықта деп сенді және Қазақ жерінде ағарту ісінің ұйымдастырылуы мен дамуына белсене араласты[2]. Ы.Алтынсарин философиялық тақырыпта арнайы еңбек жазбағанымен, ағарту және қоғам мәселелерін талдауға арналған шығармаларында ерекше дүниетанымдық пікірлерін білдірген. Ыбырайдың көптеген әңгімелері мен өлеңдерінен оның қоршаған дүниенің санадан тыс және тәуелсіз өмір сүретіндігін мойындайтынын байқаймыз. «Жаз», «Өзен» сияқты өлеңдері табиғатты өзінше тамашалау ғана емес, сонымен бірге оның адам санасынан тыс және тәуелсіз екендігі сезіледі. Бұл – ұлы ағартушының дүние туралы көзқарасының бір жағы. Екінші, Ыбырай дүниені жаратушы құдай деп біледі. Бұл ойды ол көптеген шығармаларында қайталап отырады. Мысалы, «Жаратқан мұнша таңсық жаббар құдай)» (Алтынсарин. Ы. «Таза бұлақ», А, 1988, 18-бет), «Жаратты неше алуан жұрт бір құдайым» деген өлең жолдарыменосы пікірді қуаттайды:
Жаратты неше алуан жұрт бір Құдайым,
Тең етті бәрімізге күн мен айын.
Адамның адам біткен баласымыз,
Қайсың бөлек тудың деп айырайын,
Бәріміз бір адамның баласымыз,
Жігіттер бір — біріңе қарасыңыз.
Өмір деген бес күндік кетер өтіп,
Атаң барған орынға барасыңыз.
Пайғамбар бұрынғы уақытта Дәуіт өткен.
Патша боп бұл дүниеге даңқы кеткен.
Ақын-педагог өзінінің көптеген әңгімелерінде дінді уағыздаумен қатар адамгершілікті насихаттап, оқу-білімге үгіттейді:
Үміт еткен көзімнің нұры балам,
Жаныңа жәрдем берсін хақ тағалам;
Атаң мұнда анаңмен есен-аман,
Сүйіп сәлем жазады бүгін саған.
Атаңды сағындым деп асығарсың,
Сабаққа көңіл бөлсең басыларсың;
Ата-анаң өнер білсең асырарсың,
Надан боп білмей қалсаң аһ ұрарсың.
Шырағым, мұнда жүрсең нетер едің?
Қолыңа құрық алып кетер едің.
Тентіреп екі ауылдың арасында
Жүргенмен не мұратқа жетер едің.
Ыбырай өлеңдері тек оқу, өнер, білім тақырыбы шеңберінде қалып қоймайды. Оның көп өлеңдері адамгершілік тақырыбына арналған. Ақынның адамгершілік хақындағы кейбір пікірлері өзіне дейінгі қазақ ақындарының ақылгөйлік дәстүрін жалғастырып, достыққа, адамгершілікке, тату-тәтті өмірге үндейді.
Бәріміз бір адамның баласымыз,
Жігіттер, бір-біріңе қарасаңыз!
Өмір деген бес күндік, кетер өтіп,
Атаң барған орынға барасыңыз!
Дәулеттілер кемтар, кедейлерге көмектесіп, жақсылық жолында ізгі іс қылса, қатарға тез қосылар еді, зұлымдық тез жойылар еді деген үмітпен
Қорлама кем адамды болсаң дана,
Кәріпті құдай сүйсе не еді шараң?!
Ренжітпе пенде болсаң бейшараны,
Кәріп көңілі бір сынық пиала-ды.
Дүниедегі адам көзі бақ пен дәулетке тойымсыз. Сондықтан адамға қайыр, рахым керек. Онсыз ол адам атағынан айырылады дейді Ыбырай.
Мақтанба бақыттымын деп бағыңызға.
Қартаймақ, қиын сауда, тоғыңызда.
Іске аспай бақ, дәулеттің қалуы оңай,
Басыңнан бағың тайған шағыңызда.
Ақын «Әй, достарым!» деген өлеңінде «Колыңнан келсе, қыл қайыр!» деп, қайырымды, кең пейіл, адал азамат болуға шақырады.
Ыбырайдың оқырманды мейірімділік пен жоғары адамгершіліккебаулитын әңімелерінің бірі — «Аурудан аяған күштірек». Мұнда жас өспірімнің шыдамдылық, төзімділік, имандылық сияқты ерік-жігер қасиеттері, олардың сыр-сипаты сөз болады.
«…Абайсызда бір баланы арба қағып кетіп аяғын сындырды. Шешесі мұны көріп есінен танады. Осыны сезген бала жалма-жан жылағанын қоя қойып, тіпті сынған аяқты салып жатқанда дыбыс шығарып, қабағын шытпайды. Бұған қайран қалған сынықшы: — Аяғың ауырмай ма, қабағыңды да шытпайсың ғой? — деп сұрайды. Қасында шешесінің жоғын көрген бала: «Ауырмақ түгілі жаным көзіме көрініп тұр, бірақ менің жанымның қиналғанын көріп, анамде қиналып, жүдемесін деп шыдап жатырмын» — деген. Әңгімеде баласының анасына деген сүйіспеншілігі, аянышы, мейірімділігі сөз болады. Жазушы өзгеге мысал болар бір өмір көрінісін алып, шағын әңгімемен терең ой түйінін жасайды. Аяулы анасына деген мейірімді баланың төзімділігін, адамгершілігін ардақтайды.
Жазушының «Таза бұлақ» деген әңгімесінде: Мұндағы үш жолаушының бірі — саудагер, екіншісі — молда, үшіншісі — жай бір келбетті жігіт. Бұлардың әрқайсысының өзінше түсінігі, өмірге деген көзқарасы бар. Олар жолдағы бір таста жазылған: «Ей, жолаушы!Таза болсаң, осы бұлақтай бол» деген сөзді өздерінше ұғынады. Саудагер өзінің саудасына бұрады. Молда өз түсінігіне сай жорамал жасайды. Ал жігіт ұғымы олардан мүлде өзгеше болады. Ол: «Жүрегің осы бұлақтай таза, ісің әділ, адамгершілігің мол болсын!» деген тұжырым жасайды. Автор кісі еңбегін қанайтын саудагерді де, елге жалған үгіт тарататын алдамшы молданы да жақтамайды.
Бала жанының зергері Ыбырай Алтынсарин әңгімелерінің барлығы дерлік балалардың жас ерекшіліктеріне орай, тілі жеңіл, мазмұны тартымды, олардың жан дүниесіне әсер етерліктей етіп іріктелініп алынған. Осы әңгімелерде мұғалімдер мен ата-аналардың балаларды әртүрлі ізгі қасиеттерге тәрбиелеу мақсаты көзделеді.
Қорыта келгенде, Ыбырай Алтынсарин – ХІХ ғасырдағы қазақтың рухани мәдени тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлға, қазақтың тұңғыш ағартушы ғалымы, алғашқы қазақ оқулықтарының авторы, балалар әдебиетінің атасы, қазақ тілінде мектеп ашып, елімізде еуропалық үлгідегі білім берудің негізін қалаған кемеңгер қоғам қайраткері. Ағартушының мұралары мен ізгі идеялары халқымен бірге жасап келеді. Тағылымды еңбектері кеңес дәуірі мен қазіргі тәуелсіздік кезеңінде де кеңінен зерттеліп, насихатталуда.
Ыбырай Алтынсарин – реалист жазушы, тұңғыш ағартушы педагог, қазақ балалар әдебиетінің негізін салушы, тіл, дін тазалығы үшін күрескен, имандылықты насихаттаушы, адамзатты, қоғамды, жас ұрпақты адамгершілікке шақырған кемеңгер. Көрнекті ғалым Қ.Жұмалиев өзінің «XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ әдебиеті» атты зерттеу еңбегінде педагог-жазушыға: «XIX ғасырда қазақ даласынан шығып, орыс, Еуропа мәдениетіне қолы жеткен оқымысты, халық ағартушылар дәрежесіне көтерілген әрі педагог, әрі ақын-жазушы Ыбырай Алтынсариннің өз халқының келешегі үшін істеген еңбегі зор»,-деп баға берді. Оның еңбектері жан-жақты зерттеліп, ондаған ғылыми еңбектер жазылып, диссертациялар қорғалды.Өзінің өнегелі өмірі, тынымсыз ізденісі, жан-жақты таланты арқылы танылған Ыбырай Алтынсарин шығармаларының жастар тәрбиесі мен ұлтымыздың мәдени,әдебитарихында алатын орны зор.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Алтынсарин Ы. «Шариат-ул Ислам» («Мұсылманшылықтың
тұтқасы») Дайындаған А. Сейдімбеков. Алматы: Қазақстан;
ТПО «Қаламгер», 1991.— 80 бет.
2. Маслова. В.А. «Лингвокультрология».Москва:«Академия», 2001
3.М.Хұснит-дін, Бұлдырты ЖББОМ мұғалімі «Имандылық — қастерлі
қасиет» мақаласы. «Имандылықайнасы» журналы, Алматы 2011ж,
№53 96-99 беттер
Құдайбергенов Н. «Ислами менталитет» мақаласы «Имандылық
айнасы» журналы, Алматы 2011ж, №53 81 бет
Сманов Б. «Мұхтар Әуезов және дін мәселесі»мақаласы.
«Ақиқат» ұлттық қоғамдық саяси газеті, Алматы 2009 жыл, №4 68-71 беттер«SHPORA.NET»сайты
[bws_related_posts]