Басы » Баяндамалар » «ҚИЫН» ОҚУШЫЛАРМЕН ЖҰМЫС ЖАСАУ ЖОЛДАРЫ

«ҚИЫН» ОҚУШЫЛАРМЕН ЖҰМЫС ЖАСАУ ЖОЛДАРЫ

«ҚИЫН» ОҚУШЫЛАРМЕН ЖҰМЫС ЖАСАУ ЖОЛДАРЫ
Қайболдиева Нұргүл Жұмакелдіқызы,
Маңғыстау гуманитарлық колледжі директордың оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары, педагогика пәнінің оқытушысы, Ақтау қаласы
«Тағдыр таразысының қайда қарап ауатыны, бесіктің қалай тербетілетініне байланысты»
Станислав Ежи Лец.
«Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын»
Халық мақалы.
Ұрпақ тәрбиесі қай заманның, қай қоғамның болсын көкейкесті мәселелері болып келгендігі  дәлелдеуді қажет етпейді. Тәрбие ана сүтінен басталып, біреудің біреуге ықпалы арқылы өмір бойы қалыптасатын күрделі құбылыс. Бала тәрбиесі — салғырттыққа, себеп-сылтау іздеуге төзбейді. Оны жүргізу үшін педагогикалық ұжымның кәсіптік білгірлігі, ата-аналардың саналық көзқарасы және осы принциптерге негізделген мектеп және  отбасы арасындағы тығыз байланысқан одақ, нәтижелі жұмыс қажет. Соңғы кезде жасөспірімдер, жеткіншектер арасында мектеп қабырғасында жүріп-ақ кейбір келеңсіз оқиғаларға оқушыларымыздың көп ұрынуы, «қиын» бала есебін толықтыруы, сөз жоқ, мұғалімдер мен мектеп ұжымын ойландырады. Осының себебіне үңілсек әр түрлі пікірлер айтуға болады.
“Қиын” оқушы ұғымына ғылыми  әдебиеттерде бірнеше анықтама түрлері беріледі: “өмірі ауыр жағдайдағы балалар”, “ата-анасының қарауынсыз қалған  балалар”, “қауіпті әлеуметтік жағдайдағы балалар”, “мемлекеттік  көмекті қажет ететін балалар”, “қоғамдық тәрбиені қажет ететін балалар” және т.б.
“Ауыр жағдайдағы балалар”  қатарына мынадай  критерийдегі  балаларды жатқызуға болады: ата-анасының қарауынсыз қалған балалар: мүгедектер, физикалық және психикалық дамуында кемістігі бар балалар, ұлтаралық және қаруланған қақтығыстардың құрбандарының, экологиялық және техногендік апаттардың, басқа елден еріксіз қоныс                                                                  аударған “босқындардың” балалары, зорлық- зомбылық көрген балалар, бас бостандығынан айырылып өз кінәсін тәрбиелеу колонияларында өтеген балалар, “қиын” балаларға арналған оқыту-тәрбиелеу арнайы мекемелердегі, аз қамтылған отбасындағы балалар, әр түрлі жағдайлардан бұзылған, оны өз бетімен не жанұясы шеше алмайтын отбасындағы  балалар.
Жалпы, мінез-құлықтағы  қиындық және “қиын” балалар ұғымы 1920-1930 жылдары пайда бола бастады. Психолог-педагог ғалымдар А.Макаренко, С.Шацкий, А.Выготский, П.Блонский “қиын” балалар мәселелерін жан-жақты зерттеді.
В.Трифанов  зерттеулеріндегі  “қиын” бала анықтамасы – күнделікті  педагогикалық әсерге көне бермейтін, өзіне үнемі қосымша уақыт бөліп қарауды, мұғалімнің ерік-жігерін, күшін, қажырлы  педагогикалық  еңбегін қажетсінетін оқушы.
Ал,  А. Фортунов “қиын” бала ұғымына үлгірмеушілер  мен тәрбие ықпалына көнбейтін балаларды жатқызады.
Көріп отырғанымыздай  “қиын” топтағы балалар тамыры терең кеткен әртүрлі әлеуметтік жағдайлардан болатыны белгілі болды. Сондықтан осы топтағы балаларға жекелей жұмыс, педагогикалық әдістемелер қажет.
“Қиын” балалар намысқой келеді, олар бір нәрсеге өзінің жарамсыз екенін сезіп тұрады және сол себептен қиянат жасауға физикалық күшін жұмсап, “маған бәрі жоғарыдан төмен қарайды, мені адам екен деп санамайды, мен оларға көрсетемін”  деген ой тұжырымдап өзін-өзі сендіреді. .
Тәрбиеші тәрбиені жас ерекшеліктеріне қарай жүргізсе, баланың ынтасын дамыта отыру арқылы әдіс-тәсілдерді жаңартып отырса нәтижелі болады. «Егер бала бұзақы бола бастаса, онда бұған бала кінәлі емес, педагогикалық әдістер кінәлі», — деген А. С. Макаренконың пікірі өте орынды. Пайдасыз әдістердің зиянды салдарын түзеу үшін, жан-жақты ойластырылған, ғылыми негізделген психологиялық — педагогикалық жүйе болуы керек. Бұл жүйенің ерекшелігі — «қиындардың» түзелу мүмкіндігіне ғана емес, сонымен бірге олардың рухани жағынан да бүтіндей қайта өзгеретіндігіне кәміл сену қажеттігінде.
Тәртібі нашар балалардың шығу себебіне үңілсек:

 

біріншіден, бұған қоғамдық жағдай мен өмірдегі тұрмыс жағдайы себепші болады;
екіншіден, балалардың мінез-құлқындағы жағымсыз ерекшеліктері мен психикасының өзгеше қалыптасуынан, немесе, қалыпты нормадан ауытқуы;
үшіншіден, педагогикалық  тәрбиесінің дұрыс болмауы.
Бұзақылыққа бейім тұратын жасөспірімдерді тәрбиелеудегі ата-аналардың жіберетін қателіктерінің әр түрлі екені белгілі. Олар:
1.Әлеуметтік жағдай:
бақылаусыздық;
назардан тыс қалуы;
бос уақытының болмауы;
отбасының  толық болмауы.
2.Психологиялық жағдай:
балалардың жас кезінде педагогикалық тәрбиемен жете қамтылмауы;
оларды қайта тәрбиелеудегі асығыстық;
балаға балдырған кезінде қатал болып, ал жеткіншек кезінде айтқанын орындата алмау;
балаға жасынан толық еркіндік беру.
Осылармен қатар, ата-аналардың отбасындағы келіспеушілігі, өз жауапкершілігін терең сезінбеуі, бала қабілетімен санаспау, сенім білдірмеу, мінез-құлық ерекшелігін ескермеу, ұлттық тәрбиенің болмауы сияқты себептер де баланың бұзылуына әсер етеді. Сол сияқты, мектеп пен ата-ана арасындағы байланыс әлсіздігі, мектепте сынып жетекшісінің баланың педагогикалық психологиялық даму заңдылығын ескермеуі, жас ерекшелігіне қарай зерттемеу, құр уағыз айту, баламен санаспау (кейде жанын жаралау), сенімсіздік тудыру сияқты себептер де кездеседі.
Қазақ психологиясында баланың 11-12; 15-16 жас аралығын «жетіліп келе жатқан кезеңі», -дейді. Олар әрекет жасау жағынан әлі бала, ал талап қою жағынан ересекпін, — деп сезінеді.Бұл кезең «өтпелі кезең», «құбылмалы шақ» немесе акселерация кезеңі. Ол кез — ересектер талабына көнуі қиын кезең, жан дүниесінде жаңа құрылымдар пайда болып, бала ол өзгерістерге жол таба алмай қиналып, уайым шегетін кез.
Жеке басының жан толқыныстары кезінде күнделікті үйреншікті тіршілікке қарама-қайшылық пайда болады, сөйтіп бірте-бірте «қиын» оқушыларды іс жүзінде бақылау үшін олардың әрқайсысын өз алдына зерттеп, жеке-жеке топтарға, денсаулықтарына қарай, жас ерекшеліктеріне қарай, бетімен кетушілік дәрежесіне қарай және бетімен кету ұқсастықтарына қарай топтап бөлген жөн.
Жағымсыз іс істеу немесе заңды бұзу пайдасыз қажеттіліктерді қанағаттандырудан, мысалы: арақ-шарап ішу, шылым шегу, т.с.с. Өзін басқаның алдында еш нәрседен қорықпайтын батыр етіп көрсетуге тырысудан, тентектіктен т.с.с. басқа да себептерден де болады.
Тәрбиеленуі  “қиын” балаларды болдырмау үшін  ұстаз бен шәкірт арасында тартыс тумауы қажет. «Қиын» деген оқушының өзі бұзылған, бала емес екенін ескеру керек. Сондықтан да «қиын» бала тәрбиесінде  тәрбиеші мына жайттарды ерекше назарда ұстаған жөн:
Баланың жас ерекшелігін ескере отырып, рухани дүниесін терең зерттеп білу, жүрегіңізбен сезініп, оған қайырымды болу керек.
Баланың ішкі дүниесі мен қылықтарын, іс-әрекеттерін білу керек, мінезін түсіну үшін оның дамуына қажетті не екенін білу керек.
Мейірім мен сүйіспеншілік — екі жақты да адамдық сипатқа  жеткізетінін ұғыну керек.
Психологиялық түзету кезеңінде тек қана төзімділік керек.
Тәрбиелік іс-әрекет кезінде сабырлы, ілтипатты, салқынқанды, ұстамды болу қажет.
Баланың саналы түсінгендігіне сенім көрсетіп, әділетті болу керек.
Құр уағыз айтып, мезі етіп, жанын жараламай, қателігін үнемі бетіне баспау керек.
Орынсыз жазаламау керек.
Жан жылуын зәруліктен құтқару, бала құқығымен санасу.
Жеке тұлға ретінде дамуына ықпал ету жағын ескеру қажет.
Осы жағдайлардың бәрін ескере отырып, тәрбиеленуі қиындардың әрқайсысына әр түрлі қатынас жасап, оларды жеке-жеке бақылап, зерт­теп, өзіне лайықты шара қолданып, тәрбие жұмысын жүргізу керек. Тәрбиелеуі «қиын» жасөспірімдерді тәрбиелеу проблемасы көп факторлы құбылыс, оны психологиялық жағынан бақылап зерттеу, педагогтар мен психологтарға, заң қызметкерлеріне жүктеледі.
Ол үшін баламен жұмысты қалай жүргізуге болады:
“тәрбиеші  және бала” – бір-біріне деген сенім атмосферасының қалыптасуы;
мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау және  баланың балалық шағын қорғау туралы үрдістерді іске қосу;
баланың жанұясымен үнемі тығыз байланыста болу;
үнемі әлеуметтік қорғау туралы қосымша мағлұматтармен, құжаттармен танысу.
Тәрбиесі «қиын» балалармен жұмыста төмендегі әдістерді пайдалануға болады.
Тәрбиешінің жұмысындағы ең  белгілі әдістердің бірі- бақылау әдісі.  Баланың  іс-қимылын, сөзін әртүрлі іс-шаралардан байқау.

Жүйелі және  нәтижелі жұмыс арқылы ол баланың мінезінде ауытқушылықтар болса, сөзінде береке болмаса, ол баламен жеке жұмыс ұйымдастыру керек. Бақылауды қалыпты жағдайларда жүргізу өте тиімді: ойын кезінде, сабақта, әртүрлі іс-шараларда үнемі көңіл аударып, жүйелі жұмыс жүргізу керек.
Әңгімелесу әдісі — бұл баламен сөйлесу арқылы оның ішкідүниесіне ену, проблемасын білу, түсіну және  оны шешуге бағыт-бағдар сілтеу.
Сауалнама жазу арқылы бала  туралы ақпарат жинау. Сауалнаманың мазмұнында негізгі проблема ғана болуы тиіс. 

 

ойы
мінезі
әлеуметтік демографиялық жағдайы
белгілі бір бағыт бойынша қызығушылығы
Сұрақтар мынандай  түрде болуы мүмкін:
сұрақ (дайын жауаптардан керегін бала өзі таңдайды)
өз бетімен жауап беру
тура жауаптар
жанама жауаптар
Сұхбаттасу әдісі алдын-ала дайындалған сұрақтарға жауап алу. Бұл әдісте  мына жағдайларды есте ұстаған абзал:
қарапайым жағдайда сөйлеу
баланың үнемі болатын ортасында  сұхбаттасу
жауап беру мүмкіндігін есксру;
белгілі бір уақыт ішінде  жауап беру керектігін айту;
үшінші  адамның көмегінсіз әңгімелесу.
Тест әдісі — стандартты тапсырмалар арқылы зерттеу. Дамыту, графикалық, ассоциациялық тестер болуы мүмкін. Жауаптарды белгілі бір жүйе арқылы сараптау, талдау қажет.
Құжаттарды тексеру бұл  әдісті үнемі қолдануға болады. Құжаттар мынандай түрде кездеседі:
жеке, жанұялық және сыныптық т.б.
алғашқы (бақылау немесе әңгімелесу кезінде алынған жауап), соңғы (сараптаудан өткен нәтиже)
негізделген және негізделмеген
Бұл әдісті қолдану бала туралы ақпараттарды тез арада жинауға көмектеседі, бірақ
ақпараттың кейбір түрлері белгілі бір уақытқа қана жарамды болады, оны жаңартып отыру қажеттігі туындайды. Сонымен қорытындылай келе, тәрбиесі «қиын» жасөспірімдерді тәрбелеу проблемасын ата-аналар, психологтар, педагогтар болып бірігіп қолға алуымыз қажет. Өйткені, тәрбие саласында жүрген кемшіліктерді уақыт өткен соң қайыра қалпына келтіру  қиын.
Жас шыбықтың шорт сынбай, қайырылса да қайта орнына келгенінің  жақсы болатыны секілді, қиюы келіспесе де   қиын баланы тәрбиелеу қажырлы, қайратты еңбекті талап етеді.
Ұрпағымыздың жұмсақ мінезді, мейірімді, байланыс жасауда қиындық тудырмауы үшін, өмірдің қатал сынына төзбей «қиын бала» атанған бауыр етіміз балалардың тәрбиесіне  бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып іске кірісуіміз қажет.
 
 
 
Пайдаланған  әдебиеттер тізімі:

1.Воспитание трудного ребенка. Учебно-метод.  Пособие. М.И.Рожкова.М., 2001
2. Агафонов А.Н., Менлибаев К.Н.,Буйнова Л.П. Социальная работа с молодежью девиантного поведения. Петропавловск,2000.
3.Дүйсекенова А.К. Қиын балалар және олармен жұмыс істеу ерекшеліктері, 2003.
4. Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика, Алматы, 2000.
5. Жолмұханова Б. Қиын оқушыны тәрбиелеу //  Оқушы тәрбиесі  №1, 2009.

 
 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *