Мәжіліс депутаты ҰБТ тәртiбiн өзгертiп, тест тапсырмаларына ашық сұрақтар енгiзудi ұсынды
АСТАНА. ҚазАқпарат -Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу тәртібін өзгертiп, тест тапсырмаларына ашық сұрақтарды енгiзу қажет.
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Тұрсынбек Өмiрзақов осы мәселені көтерді.
Депутаттың айтуынша, Ұлттық бірыңғай тестілеу — бұл мектепті бітіру және оқуға түсу емтихандарын толығымен алмастырып отырған білімді бағалау жүйесі. Яғни, түлектердің жоғары оқу орындарына түсуі ҰБТ нәтижесіндегі балға тікелей байланысты. Осыған орай, Ұлттық бірыңғай тестілеудің өткен жылдардағы тәжірибелеріне, білімді бағалаудың осы тәсілінің әлемдік тәжірибеде қолданылуына, сондай-ақ бұл мәселеге қоғамның алаңдаушылығына тоқтала келе депутат жүйені жетілдірудің бірқатар ұсыныстарын алға тартты. «Ережеге сәйкес, апелляциялық комиссия арыздарды тест нәтижелері белгілі болған күннің ертесінде сағат 14.00-ге дейін қабылдайды. Комиссия міндеті тест нәтижесінің әдiлдiгiн қамтамасыз ету және оған сенiмдi арттыру. Осыған байланысты апелляция мерзiмiн ҰБТ нәтижелерi жарияланғаннан кейiн кем дегенде 2 жұмыс күнiне дейiн ұзарту қажет», — дейдi депутат.
Оның айтуынша, тест мазмұны да жетiлдiруді қажет етеді.
«Жоғары оқу орнына түсуге құзыреттілік пен бiлiм деңгейiн бағалау, оның ішінде мемлекеттiк грантқа иеленетін түлектердiң логикалық ойлау қабiлетi мен пәндер бойынша бiлiмі сай екендiгiне көз жеткiзу қажет. Сондықтан да, тестiлеуде түлектердің өз ұстанымын дәлелдеудi талап ететiн ашық сұрақтар болуы тиiс. Бұл бағалау сапасын арттырады», — деді Т.Өмiрзақов. Оның айтуынша, сұрақтардың бірнеше түрлерін (тестілеу, ашық сұрақтар мен эсселер) пайдалану тәжірибесі Ресейде, Ұлыбританияда, АҚШ-та кеңінен қолданылады. «Бұл ретте ашық сұрақтар енгізу қолдау табатын болса, жекелеген пәндерден сынақ тапсыруды әртүрлі күндерге белгілеуді қарастырған абзалырақ», — дейді Т. Өмірзақов.
Бұдан бөлек, депутат сауал барысында жергiлiктi жерлерде тестілеу барысында түрлi сипаттағы құқық бұзушылықтарға жол берілетінін айтып, мұндай фактiлер ҰБТ мәртебесiн төмендететінін атап өтті. Бұдан бөлек, ондай фактілер ҰБТ-ның теңдей жағдайды қамтамасыз етпей отырғанын көрсетеді. «Сондықтан да, әділ ҰБТ-ны қолдау үшін ресми сайт ашып, онда ақпараттар толғымен қамтамасыз етілуі керек», — деді депутат.