Қызылорда облысы Қызылорда қаласы №11 орта мектебінің
ІІ деңгейлі мұғалімі Ахметова Нұргүл
Оқушыларды жас ерекшеліктеріне сай оқытуда танымдық қабілеттерін арттыру
Мақсаты: Оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып есте сақтау, зейін
тұрақтылығы және жадыны жақсарту арқылы танымдық қабілеттерін арттыру.
Қазіргі уақытта мектеп оқушыларына білім мен тәрбие беру жұмысы күрделі мәселелердің бірі.Оқушыларды заман талабына сай білім беруде оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін қолдану кажет. Әр оқушы сабақ кезіндегі жаңа білім қосып қана қоймай , соны өзі игеріп , ізденіп, пікірталастар деңгейіне жетіп, даму үстінде болуды қалайды. Осыны іске асыру үшін мен курстың бірінші «Бетпе-бет» кезеңін аяқтап, өзімнің жұмыс жасайтын X мектеп-лицейіне тәжірибеден өтуге келдім.Тәжірибе жұмыстарын бастамас бұрын мектеп-лицей директоры Б есімді директор, директордың оқу және тәрие ісі жөніндегі орынбасарлары және мұғалімдермен курстық оқыту яғни екінші деңгей бағдарламасының мақсаты,міндеттері,оқу нәтижелері,оқыту мен оқудағы әдістері не үшін өзгеру қажеттігі аясында пікірлестік.
Өзім осы мектепте директордың бастауыш сыныптар бойынша оқу тәрбие орынбасары және бастауыш сыныпқа сабақ беретін ұстаз болғандықтан көптен бері толғандырып жүрген үлкен мәселе сыныпта әр түрлі жастағы оқушылардың кездесуі. Жалпы білім беру Заңының ережесінде бірінші сыныпқа ағымдағы оқу жылының 1 қыркүйегіне дейін алты жасқа толған оқушы қабылданады деген. Бірақ осы мектепке жасы толық алтыға толмаған оқушылардың қабылдануы тоқталмай тұр. Себебі ата-аналардың өтініш,арыздарына байланысты,баланың талантты,дарындылығын атай отырып мектепке тапсырады. Қабылданған оқушы өз қатарынан әлде қайда ой-өрісінің кеш дамитындығы,сөз сараптамасының аздығы сабақ жүру барысында, тапсырмаларды орындауда байқалды. Себебі, қазіргі таңдағы оқулық және ондағы тапсырмалар жеңілден күрделіге негіздей отырып құрылған. Осыған байланысты іс-әрекетті зерттеу жұмысымның нысаны ретінде 2 «В» сыныбына «Оқушылардың жас ерекшелігіне сай оқытуда танымдық қабілеттерін арттыру» тақырыбын таңдадым. Себебі 1-сыныпты аяқтаған оқушылардың биылғы жаңа оқу жылында жастарына бір жыл қосқандығын ескере келіп, олардың дамуындағы өзгерістерді анықтағым келді. Зерттеу жүргізуді ең алдымен сынып жетекшісімен және мектеп-лицей психологімен сұхбаттасудан бастадым. Сұхбаттасу барысында сынып құрамы, сыныптың әлеуметтік жағдайы, оқушылардың денсаулығы, сыныптағы мінез-құлқы жайлы өзіме керекті мәліметтер алдым.
-
Сыныптың құрамы бойынша оқушы саны-29
-
Ұлты-барлығы қазақ
-
Жынысы бойынша- 11 ер бала, 18 қыз бала
-
Отбасы жағдайы бойынша – 27 оқушы толық, 2 оқушы толық емес отбасының балалары екенін анықтадым.
Оқушылардың өткен жылғы үлгерім көрсеткіштерін сынып журналы мен оқушы табельдері арқылы танысып білдім. Оқу жылының соңында сынып жақсы білім көрсеткішін көрсетіп, сыныптағы және мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан. Сынып жетекшісімен пікірлесу кезінде сыныптың ұйымшыл, достық қатынаста және сыныпта «қиын» оқушының жоқ екендігін танысып білдім. Сонымен қатар оқушылардың сабаққа, ортаға қарым-қатынасын байқау мақсатында түрлі тақырыпты қамтитын сауалнамалар алдым.
Сен сабақтың қалай ұйымдастырғанын қалайсын? сұрағына оқушылардың көбі тапсырманы достарыммен бірлесіп орындауларын қалайтындықтарын көрсеткен. Оқушылардың бұлай өз ойларын айтуы қалыпты жағдай. Себебі оқушылар әр сыныпқа жоғарылаған сайын олардың білімді қабылдауы өзгеріп, жас ерекшеліктеріне сай әр сатыдағы қабылдау мүмкіндіктерін ескере отырып, тапсырмалар бергенде оқушыда өздігінен даму жүреді – деген ғалым М.Монтессори. Сонда бала өзін-өзі дамытады. Монтессоридің педагогикалық ұраны баланың мұғалімге: «Мынаны менің жасауыма бағыт бағдар бер» деуіне жету.
Сыныптың жас ерекшелігін байқау мақсатында сауалнама алып, нәтижесінде сынып оқушыларының аралас жастағылар, яғни 7 және 8 жас екенін және 29 оқушының 8-і жасының кішілігі анықталды. Осы оқушылардың танымдық қабілеттері мен білімді игеру дағдыларында басқа оқушыларға қарағанда өзгешелік бар екені байқалды.. Сондықтан балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты зейін, ойлау, есте сақтау, қабілет тағы басқа қабілеттерін анықтауға сенімділікпен кірісіп, зерттеу жұмысымды бастадым. Балалардың сөйлеуі, шығармашылықпен жұмыс жасауы негізінен тіл сабақтарында жақсы көрінетіндігін ескеріп, дүниетанудан сабақ өтуді жоспарладым. Курста алған теориямды тәжірибеме енгізу үшін 2 «В» сыныбына дүниетану пәнінен «Адам еңбегімен қадірлі» тақырыбында алғашқы дәстүрлі сабақтан өзгеше топтық үлгідегі сабағымды өттім. Сабақтың мақсаты: Оқушыларға адамдардың еңбегі туралы мағлұмат беру. Адам еңбек ету арқылы халыққа қызмет жасайтынын үйрету. Топта бірлесе, ынтымақтаса жұмыс жасауға тәрбиелеу.
Ал бұдан күтілетін нәтиже: сабақтан соң оқушылар адамдардың еңбегі туралы жан-жақты біліп,.адам еңбек ету арқылы халыққа қызмет жасайтынын үйренеді, топта бірлесе жұмыс жасауға қалыптасады.
Алғашқы топпен өту сабағы болғандықтан оқушыларда қобалжу болды. Бірақ ұйымдастыру сәтінде: сынып оқушыларына жағымды ахуал туғызып, өздерін еркін сезіну мақсатында жылы амандасып, бүгінгі күндеріне сәттілік тілеуден бастадым. Оқушыларға ынтымақтастық атмосферасын қалыптастырып және жас ерекшеліктерін ескере отырып, оларды әр түрлі күндердің суретімен, келесі бетіне жыл мезгілдерінің аттары жазылған сөздер бойынша топқа бөлдім. Бұрын мен жаңа сабағымды үй жұмысын сұраудан бастасам, бүгінгі сабағымды сабағымның мақсаты және сабақта нені орындайтынымыз туралы баяндаудан бастадым.
Сабақ өту барысында мен әрбір баланың бойында өз қабілеті мен дарындылығы бар екенін балалардың жасаған постер қорғауда,сәйкестендіру жұмыстарында,жеке тапсырма орны алмасқан сөздерден сөйлем құрау жұмыстарынан байқадым. «Баланың қажеттілігін анықтап,дарындылыққа итермелеу үшін түрлі әдістерді қолдануды талап етеді»- деп Фриман айтып өткендей әрбір баланың дарынды, талантты етіп шығару үшін негізгі кілтін, қажеттіліігін анықтауымыз қажет екендігін ұқтым. Тәжірибемнің бастамасы ретінде сыныптан жас ерекшеліктерін ескере отырып үш деңгейдегі оқушыны таңдап алып, жұмыс жасадым. Ол үшін А деңгейіндегі оқушы ретінде сыныптағы үлгерімі өте жақсы, белсенді, өзін кез-келген ортада еркін ұстай білетін жасы 2-сыныптың деңгейіне сай Н алсам, В деңгейлі оқушыға үлгерім көрсеткіші орташа, жасы А деңгейлі оқушыдан 1 жас кіші А есімді қыз баланы, С деңгейіндегі оқушы ретінде үлгерім көрсеткіші төмен, өзін сыныпта еркін ұстамайтын,ұяң мінезді Д деген оқушыны таңдап алдым. Таңдалған үш оқушының «Сабақ жоспарлау кезінде қаншалықты мақсатқа жұмыс жасай алады?», «Сабақ барысында не істеді?» деген сұрақтарға жауап беру мақсатында үш оқушыны зерттеу парағымен жұмыс жасап, сабағым аяқталғаннан кейін кестеге оқушылардың жұмысты қаншалықты орындағаны туралы мәліметтер жазып отырдым. Осы бірінші сабағымда төрт топқа төмендегідей тапсырмалар бердім.
Бірінші топқа мәтіннің бірінші бөлігін оқып, берілген өлеңді өз сөзімен әңгімелеп беру
Екінші топқа оқулықтағы мақалдарды оқып, мағынасын түсіндіріп, өздері білетін қазақ халқындағы еңбекпен байланысты салт-дәстүрлерді айтып беру
Үшінші топқа адамның мамандығына байланысты берілген жұмбақтардың шешуін тауып, сол мамандықтардың атқаратын қызметі туралы түсінік беру
Төртінші топқа суретте берілген техникалардың қандай мамандық иелеріне қатысты екенін табу және оның күнделікті тұрмыста пайдасы туралы әңгімелеу.
Оқушылардың сабақ үстіндегі іс-әрекеті
Топтардың барлығына «Суреттер сөйлейді» стратегиясын пайдаланып, бүгінгі сабақтан алған білімдерін постерге түсіріп қорғау ұсынылды. Осы тапсырмаларды оқушыларға орындату барысында байқағаным олардың зейіні, қабылдауы, есте сақтау бірдей деңгейде еместігі. Сыныптағы А, М, С, Ж өздерінің жас ерекшеліктеріне сай тілінің, ойлауының жақсы дамығандығын жұмбақтарды шешкенде, суреттерге әңгіме құрастыруда жақсы көрсетті. Ал жасы 8 – ге толып тұрса да А, Б деген оқушылардан байланыстырып сөйлеу, сұраққа толық жауап бермеуі байқалды. Сыныптағы жасы кіші оқушылар көбіне менің жетектеуімді қажет етіп отырды. Алғашқы сабақ болғандықтан болар балаларда ынтымақтасып жұмыс жасау аз болды, сондықтан топтың ережесін естерін түсіріп, бірлесіп жұмыс жасау керектігін еске салып отырдым. Бұл сыныптағы балалардың жас ерекшелігін ескере отырып, балалардың сабақ үстінде тез шаршайтындығын байқап сергіту жаттығуын сабақ басында және сабақ ортасында жиі қолдануыма тура келді.
«Адам еңбегімен қадірлі» тақырыбында топтық жұмысқа тапсырманы топтың әрбір мүшесі талқылауға өзінің үлесін қосу үшін , аталған тақырыпқа сай барлық ақпараттарды талқылап , нақты бір шешімге келу үшін» суреттер сөйлейді» тәсілі қолданылды. Топта мәтінді ішінара оқып болғаннан кейін ,топта бірігіп талдап,өз ойларын плакатқа суреттеу арқылы жұмыс жасалды.. Бірақ топтың ішінде ынтымақтастық атмосферасы аз болды. Сол сәтте оқушыларға топтың ережесін еске түсіріп бір-бірін тыңдау ,басқа топтарға кедергі келтірмеу керек екені және топ басшыларының жұмысты дұрыс атқарылуы ескертілді. Сонымен бірге жұмыс жасау барысында оқушы мен оқушы арасындағы диалогтік әңгіменің орын алғанын байқадым.
Жас ерекшелігіне сай оқушыларға жұмыс парағын таратып жеке жұмыс жасаттым.жұмысты екі жұлдыз,бір тілек арқылы бағалады. Үш деңгейлі оқушының жұмысын назарға алдым.Жұмыс барысы төмендегідей тапсырмалардан тұрды.
-
Сәйкестендіру тапсырмасы
-
Көп нүктенің орнына қалып қойған сөзді жазу
-
Орны алмасып кеткен сөздерден сөйлем құрастыру
Сабақ соңын ББҮ әдісі бойынша бағаладым.