Басы » Баяндамалар » Алдаркөсенің тәрбиесі

Алдаркөсенің тәрбиесі

Т. Салқынбаев. ҚР Білім беру ісінің үздік қызметкері. ШШығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылы.
Алдаркөсенің тәрбиесі.
Еліміз еңселі елулікті еңсеріп ордалы отыздықты межелесе оған бір кездегі «коммунизм елесіндей» елес деп емес ел болып еселі еңбек етіп жоғарғы технологияларды меңгергенде, қоғам өмірінің барлық саласы – экономикасы, өндірісі, ғылымы, саясаты дейсізбе бәрі – бәрі әлемнің алдыңғы қатарлы елдеріндегідей деңгейде жұмыс істейтін болса ғана қол жеткізетін нақтылы жағдай деп қарауымыз керек. Қоғам өмірінің салалары да көп, олардың бәрі де маңызды, оның ішінен мынау маңыздырақ деп бір саланы бөліп алу қиын. Дегенмен алдымыздағы үшінші индустриялық революцияны іске асыратын да, сол заманның өндіріс салаларын меңгеріп әрі қарай дамытатын да адамдар болмақшы, және адам болғанда ғылымға негізделген өндірісті үздіксіз дамыта отырып өзін де қоғамды да жетілдіруге қабылетті адамдар болмақшы. Демек шешуші фактор адамның сапасы болғандықтан ондай адамды тәрбиелеу мектеп партасынан да бұрынырақ, ол дүниеге келгеннен басталуы тиіс. Сондықтан да Елбасы білім беру саласына, оның ішінде әсіресе мектепке дейінгі тәрбиеге ерекше көңіл бөліп келеді. «Жаста берген тәрбие жас ағашты игендей» демекші адам болмысының іргетасы, тұлғалық тұғырнамасы бес жасқа дейін қалыптасатынын ескерсек ең алдымен осы кезеңдегі тәрбие құралдарына да мұқият болғанымыз жөн шығар. Өйткені бөле қарағанда «тәрбие беру» ісі «білім беруден» әлдеқайда ауыр, әлдеқайда қиын болып келеді. Неге десеңіз өмірде тәрбие үрдісіне кері әсерін тигізетін теріс ықпалдар мен ақпараттар өте көп кезігеді. Біз соларға тосқауыл қоя алмағандықтан нәтижеміз күткендегідей болмайды да ақыры жас ұрпақты жазғыруға көшеміз. Бұрынғы қазақтың баласы ақпараттың бәрін ұлттық дәстүрдің тұнығынан, атаның ақылынан, әженің ертегісінен алатын. Кәзіргі бала туғаннан телевизорға телміріп компютерге көміліп өсіп келеді. Оның көзін ашқаннан көретіні әртүрлі ақпарат құралдары, тіпті болашақта осы ақпарат құралы адамның бір дене мүшесіне айналып кетсе еш таңдануға болмайды. Демек енді біз баланы осы екі жәшіктен ажыратып ала алмаймыз. Ендеше осы жәшіктердің беретін өнімдерін тектегенде қатты тектеу керек қой. Баланың қай жасында болса да тұлғалық қалыптасуына кері әсер ететін ақпараттың көбі осы компютер мен телевизордан беріледі. Оның ішінде бір–екі жасынан бастап бала ол жерден алатынын мультфилмдер арқылы алады. Егер адамның тұлғалық психикалық бітімі бес жасқа дейін қалыптасып болатыны рас болса онда ол өмірді танудың өшпес сабақтарын мультфильмнен қабылдайды. «Ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі» деген бар. Енді «ұяда көретін» мультфильмдердің 80-90пайызы шет елдікі болса оған қалай таза қанды қазақ бол демекпіз. Тартымды сюжетімен, қызықты қимыл — әрекетімен баланы елітіп әкететін орыстың «Ну, погоди», «Маша мен аю», «Леопольд мысық», «Простоквашино», т.б. танымал «мультиктерінен» бастап американың «Том мен Джерри» сияқты топтамаларын сәби балалар қайта-қайта көріп, тіпті жаттап алады екен. Ал осы «Том мен Джерри» топтамасын америка қауымы «сюжетінде қатыгездіктің белгісі бар, баланың рухани дамуына кері әсер етеді» деп сынайтын көрінеді, тіпті кейбір қоғамдық ұйымдар осы топтаманы көрсетуге тиым салуды талап етеді деседі. Өз елінде әрине, өз балаларының болашағын қорғағандары ғой. Соған қарағанда олар біздің «Алдар көсені» көрсе жандарынан түңілетін шығар дейсің. Үйткені мұндағы «Алдар көсе» персонажына қатысты сериялардың бәрі біреудің мүлкін алдап алуды ғана дәріптейді. Байдың болсын басқаның болсын дүниесін алдап алу алаяқтыққа жатады емеспе, бұл кәзіргі заңда қылмыс деп танылған, шариғат та алдау – арбауды, алаяқтықты құптамайды. Мультфилмді түсірушілер «Алдар көсе байдың нәрсесін алдап алып кедейдің есесін қайтарушы» деген «большевиктік» идеяны арқау қылған көрінеді. Сол үшін байларды сұмырай, жексұрын, жауыз, ақымақ етіп көрсетуге тырысады. «Байдың асын байқұс қызғанады» демекші баланың байға деген жиіркенішін тудырып аляқтықты дәріптеу кәзіргі заманның идеясына сай келеме? Президенттің өзі бай болыңдар деп отырған жоқ па? «Жемесе де май жақсы, бермесе де бай жақсы» дегенді де бұрынғылар бекер айтпаған болар – ау. Мультфилмнің авторлары «Байдың бәрін емес ішіндегі сараңын ғана сынадық» дейтін шығар, бірақ бала өйтіп талдап саралап жатпайды, қалай көрді солай қабылдайды. Содан барып баланың бойында еңбектеніп бай болайын дегеннен көрі, жеңіл жолмен нәпәқа табуға бейімділік қалыптаспай ма? Енді – енді бірдемені түсіне бастаған баланың санасына бәрінен бұрын алаяқтықтың дәнін себудің кімге, не үшін қажеті бар? Және сәби жастағы балалардың қабылдаған ақпараты тасқа қашап жазғандай мәңгі қалады, оның өмірлік болмысына қатты әсер етеді. Ерте жастан Алдар көсенің тәрбиесіне қаныққан баланың алаяқтыққа бейім болып өсері сөзсіз. Ондай адамнан әсте патриот шықпайды, керісінше сатқындыққа жақын болып өсуі мүмкін. Нағыз патриоттықтың үлгісі болатын шынайы өмірде болған тұлғалар аз емес тарихымызда, соноу Томирис патшайым мен Шырақ батырдың заманынан бері қарай ізгілік пен парасаттың үлгісі боларлық мыңдаған жарасымды кейіпкерлердің арасынан бізге бұйырғаны алаяқ Алдар көсе ғана болыпты. Ол бір сөзінде «Әйгілі қу, алдаудан алдына жан салмаған Алдар көсе мен боламын» деп мақтанады. Қандай «өнеге» десеңші. «Мал жиып арамдықпен ұрлап – қарлап, қусың десе қуанып жүр алшаңдап» деп Абай айтпақшы келешекте аляқтық мақтанышқа айналып кетпесе екен деп тілейік, ағайын. Сол Абай данышпанның «Баяғы қулық бір алдау» дегеніне қарағанда жалпы қазақ қоғамы бұрыннан – ақ алдау, арбау, алаяқтықтан тапшылық көрмеген сияқты. Оны тағы да Абайдың «Көңлім қалды достан да дұшпаннан да, алдамаған кім қалды тірі жанда» дегенінен байқасақ және бір сөзінде «Ендігі жұрттың сөзі ұрлық – қарлық, саналы жан көрмедім сөз ұғарлық» деп түңіледі. Демек Абай ұғымында қулық, ұрлық, алдау жиналып келіп аляқтық пен санасыздыққа саяды екен. Соған қарағанда бұл Алдар көсе дегенннің өзі Абай айтатын «Ала жылан аш бақа күпілдектердің» персонажы болса керек.
Ол ол ма халқымыздың сан ғасырлық ізгілікті дәстүрлеріне қиянат жасаған тұстары да көп бұ топтаманың. Мысалы, «Күтпеген қонақ» деген бөлімінде жауыз бай мен бажылдақ бәйбіше «түнеп шықсақ болама» деп келген қонақты қой қораға қондырады. «Сиықырлы қасық» деген бөлімі «Сараң бай қонақ келмесін деп үйін жеке тігіпті» деп басталады. Тағы бір жерде бай мен бәйбіше қонақ ұйқтап жатқанда тамағын жасырып ішпекші болады. Ағайындар-ау дәл қазақ халқының қонақжайлығына әлемде бір де бір ел шендеспейді емеспе, қазақ салтында «қонып шығуға болама» деп рұқсат сұрамайды. Біз «Қонақ болжаусыз» деп күнделікті қонақ күтуге дайын отыратын елміз, кәзір де кез келген қазақ отбасы тәтті-дәмдісін қонаққа сақтамай ма? Тамағын жасырып ішпек түгілі қазақ байларының дастарханы жиналды ма екен? Қазақ ауылында «қонақ үй», «асхана, ресторан» деген болмаған, соның бәрін со байлар атқарған. Үйткені қазақта «Ұры басынып ұрлайды, қонақ таңдап қонады» деген де сөз бар. Демек ауылға келген қонақ байдың үйіне түспегенде Алдар көсенің үйіне түседі дейсіз бе? Сонда бұл «мультиктің» өзі халқымыздың қонақжайлық салтына да, қазақ байына да жасалған қиянат емес пе? Ескі замандарда қазақ «бай» атауын да қатты құрметтеген, бұрынғы әжелердің ертегілері «Баяғыда бір бай бопты, төрт түлігі сай бопты» деп басталатын. Ұл балаларға ат қойғанда, әй бір 70-80 пайызы баймен аяқталатын шығар, болмағанда баймен басталады. Бай болу жеті атадан құт қонған тектіліктің белгісі деп білген ғой қалқымыз. Бай бір ауылдың шаруашылығын ұйымдастырушы, асыраушысы болған. Сан жылғы ұлт азаттығы үшін күрестер мен соғыстардағы сансыз сауын – сауғаның жүгін көтеретін, үйірімен жылқы беретін, сойыс малын да басқа шығындарын да мойындарына алатын осы қазақ байлары еді ғой. Бұрынғы қазақ баланы бай болуға құмартсын, соны мұрат етсін деп тәрбиелесе, кәзір де президентіміз кәсібіңді істеп бай бол дегеннен жаңылған емес. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында осы байларды жаппай кәмпескелегеннен кейін қаншама халықтың ашаршылықтан қырылғанын да ұмытуға болмайды. Жалпы қазақ байларының ерлікке пара пар мәрттік, демеушілік, меценаттық дәстүрі де өте бай, ол әлі де жалғасып келеді. Міне осындай үлгі – өнегелерді дәріптегеннің орынына бұл топтаманың «Сиқырлы дорба» деген бөлімі «әр ауылда кем дегенде бір сараң, жауыз бай тұрады, оны қампиған қарыны мен такаппар түрінен тануға болады» деп басталып осы тұжырымды дәлелдеуге тырысады. «Оқымысты қоян» деген бөлімі «Ертеде бір ақымақ, жалқау бай болыпты» деп басталады. Өзгені білмеймін, дәл ақымақ пен жалқау адам бай болатын болса жүр емеспіз бе сеңдей соғылысып.
Дегенмен, бір жақсысы балалардың да бәрі бірдей бұл фильмді қуана қабылдамайтын көрінеді. Қалада тұратын бір немереміз «Алдар көсенің идиотский приколдарына кім сенеді дейсің» деп өз бағасын беріп еді. Шынында бұл топтаманың адамның ақылына симайтын ойсыз тұстары көп. Мысалы тағы бір көріністе базарға келген адам ақшасын кіреберістегі базардың бастығына «сақтай тұруға» тастап кетеді. Қалай десе де ақылға сиатын нәрсе емес қой, сонда ол несімен сауда жасайды дегенді көріп отырған баланың өзі – ақ айтпай ма. Немесе «Билейтін аю» деген бөлімінде кейіпкер «бір кесек сабын, арқанның қиындысы, бір салым тұз» деп қақсайды да отырады. Осыларды қосып қайнатсаң алтын шығады дейді екен де басқалар соған сенеді екен. «Қауын дәнегі» деген бөлімінде Алдар көсе қауынды «Аспан тұлпарының жұмыртқасы» деп сатады екен де келе жатқан жолаушы соған сеніп әлгі «жұмыртқаны» сатып алады екен. «Өтіріктің өзіне сенбе, ебіне сен» демейме халқымыз, балаға да нанымды, иланымды, ақылға қонатын нәрселерді беру керек қой. Оның үстіне мультфилм бүлдіршіндерге қазақ тілін үйретудің құралы ретінде жасалған дейді, басқа ұлттың балаларына да, өзіміздің сәбилерге де қазақты осыншама топас етіп көрсетсек жетістірген екенбіз.
Қоғам алаяқтықтан арыла алмай отырғанда «Ол да өзіңдей ит болсын азғыр, азғыр» деп Абай данышпан айтқандай бұл болашаққа жаны ашитын адамның жасаған туындысы емес. Неге десеңіз осы мультфилмді қайталап көріп жадына сіңірген бала еңбеккер, іскер, бай болуды армандамайды, одан бұрынырақ алаяқ, қу болуды мұрат ететіні сөзсіз. Ендеше ұрпағы үшін алаңдайтын елдің қауымы да үкіметі де экрандарды шет елдің жағымсыз өнімдерінен де өзіміздің алаяқ алдарлардан да қорғай білгені және соған көбірек күш жұмсағаны жөн шығар.

 

[bws_related_posts]

1 пікір

  1. саламатсыздар ма№ маған Т.Салқынбаев деген кісінің толық аты-жөні, элпоштасы керек еді.қалай білуге болады?

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *