Атырау облысы
Индер ауданы
М.Мөңкеұлы атындағы орта мектебі
І санатты бастауыш сынып мұғалімі
Тулегенова Гулаим Едиловна
Тақырыбы: «Біз- тәуелсіз елміз»
Мақсаты:
-Еліміздің тәуелсіздік алу жолындағы ата-бабаларымыздың ерлігін паш ету, оқушыларға желтоқсан құрбандарымен, желтоқсан оқиғасына қатысқан аға-апалардың ерлігін үлгі етіп көрсету.
-Оқушылардың туған өлкемізге деген сүйіспеншілігін, сезімдерін ояту.
-Елін, жерін сүюге, Отанын қастерлеуге, шыншылдыққа тәрбиелеу.
Көрнекілік: Интербелсенді тақта, шарлар, түрлі жайма қағаздар.
Кіріспе
-Қазақстан Республикасының гимні. Хор.
Мұғалім сөзі
Тәуелсіздік бізге оңай келмеді.
Жұртым менің не қиындық көрмеді?
Жылап тұрып аналарым бұл жолда,
Сан перзентін қара жерге жерледі.
-Тәуелсіздік таңы атты, тәуелсіздік күніне арналған ашық тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!
Тәуелсіздік бізге оңай келмеді.
Асау аттай өз тізгінін бермеді.
Қазағымның алтын басын иілтіп,
Талай дұшпан төрімізге төрледі.
Мұғалім сөзі
1986жылы 16-желтоқсанда таңертең, Алматыда жаппай толқу басталды. Жастар алаңға жинала бастады. Алаңда «Біз қазақ, ежелден еркіндік аңсаған», «Әрбір ұлтты өз көсемі басқарсын», «Тәуелсіздік керек»,-деген ұрандар айтылды. Алматы гарнизонын жауынгерлік дайындыққа келтіріп, көп күшпен алаңдағы жастарды қоршап алды. Алматыға әр аймақтардан әскердің арнайы бөлімдері жіберілді. Өз елінің тәуелсіздігін талап етіп, шеруге шыққан жастарға «Бұзақылар», «Ұлтшылдар», «Нашақорлар»,-деген кінә тағылды. Көптеген студент жастар түрмеге қамалды, оқу орнынан шығарылды. Тәуелсіздік жолында Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира тағы басқалары сияқты қазақ жастары желтоқсан оқиғасы кезінде қайсарлықпен ерлік көрсетіп құрбан болды.
«Ой ашар» сұрақ-жауап әдісі
-Отан дегеніміз не? Оны қалай түсінесіңдер?
-Біздің Отанымыз- ….
-Біз қай ұлтпыз?
— Қандай Республикамыз?
— Біздің ана тіліміз қандай тіл?
— Елбасымыз кім?
-Балалар, біз қандай елміз?
-Қай жылы тәуелсіздік алдық?
— Неше жылдығын тойлағалы жатырмыз?
— Желтоқсан оқиғасы қашан, қайда болды?
Сонымен қатар біздің рәміздеріміз бар. Кәне, рәміздерді атап шығайықшы.
( әнұран, көк байрақ, елтаңба)
Ақниет
Қазақстан Республикасының Гимні — бірлікке, ынтымаққа, достыққа қызмет етті. Жастарды ерлікке, қайсарлыққа, еліміздің тәуелсіздігін қорғауға шақырады.
Айшат
Көк байрақтың ортасындағы шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген, тік бұрышты көгілдір мата, матаның сол жағында өрнегі бар.
Гүлзат
Елтаңбаның көркемдік шешімі: шаңырақ, жұлдыз, сондай-ақ аңызға айналған қос пырақ. Қазақстан деген жазуы бар. Қанатты пырақ биік самғайды, болашақ жайлы армандауды білдіреді.
1-оқушы Ернұр
Сол бір сәтте бұлт торлады аспанды,
Алатаудың көзінен де жас тамды.
Тәуелсіздік желтоқсанмен бітпейді.
Тәуелсіздік күресі енді басталды.
2-оқушы Анель.
Қатыгездік жұдырығы түйіліп,
Қамшы үйірді жасқап, жекіп бұйырып,
Желтоқсанда шықты үлкен алаңға
Ата-баба аруағына сыйынып.
3-оқушы. Арсен
«Нашақор»-деп, «ұлтшыл»-деп,
Қазаққа күйе жаққан күн,
Базары кетіп, бір түнде
Қайғыға халық батқан күн.
4-оқушы. Айшат
Намыс үшін күрессең мазақтар кім?
Құлға айналу азабы азаптардың.
Қаны төгілді желтоқсан алаңында,
Бодандыққа көнбеген қазақтардың.
Көрініс
-Қайрат пен тергеуші
Тергеуші:
-Сен 13-желтоқсан күні, сағат 10-да қайда болдың?
Қайрат
-Жолдастарымен бірге Фурманов көшесінде
Тергеуші
-Жоқ сен Сәтпаев пен Мир көшесінің қиылысында Совецкийді соққыға жықтың. Соның нәтижесінде ол қайтыс болды. Сен оны өлтірген.
Қайрат
-Мен оны көргенім жоқ
Тергеуші
-Ақымақ, сен оны өлтірген! Әкетіңдер, атыңдар, көзін құртыңдар.
Қайрат
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар.
Алам десең алыңдар,
Қайрат деген затым бар.
Қазақ деген атым бар.
Еркек тоқты құрбандық
Атам десең атыңдар… (сүйреп әкетеді).
Анель:
-Дүниені дүр сілкіндірген 1986 желтоқсан оқиғасының қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков 22-ақ жыл ғұмыр кешті. Елінің болашағы, бостандығы егемендігі үшін күресті.
6-оқушы Ақниет
Өктем билік қаралады, даттады,
Бірақ Алла ақиқатты жақтады.
Назарбаев атамды жұрт қалады.
Түсті амалсыз Колбин деген атақты.
7-оқушы Гүлзат
Алаңға шығып, ойын айтты жастарым,
Қиындық пен қатерге тігіп бастарын.
Содан барып, тоңды еріді кеңестің
Содан кейін еркіндікті бастадым,
8-оқушы Арсен
Сол желтоқсан оқиғасы қанша ызғарлы естілсе де, жанымызға нұр септі. Мәңгілік егемендікті алып келгеннің арқасында, дүние жүзіне танымал ел болдық.
9-оқушы Альмира
Желтоқсандық ерлерді есте сақтаймыз,
Ерлік ісін, аманатын сақтаймыз.
Отан үшін отқа түссең күймейсің,
Ізбасары болмай елге жақпаймыз.
10-оқушы Гүлімай
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жарлығымен 1996жылы 9-желтоқсан Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі мен «Алтын жұлдыз» тапсырылды. Сәбира, Ләззат, Ерболға тағы басқа желтоқсанға қатысқан жастарға «Желтоқсан қаһарманы» атағы берілді.
Желтоқсан құрбандарын еске алайық (1-минут үнсіздік)
Хор: Атамекен.
11-оқушы Әліби
Астана біздің сәніміз,
Білім біздің нәріміз
Азат елдің тірегі
Болайықшы бәріміз.
Бекарыс
Нұр атаның жолдауы
Халықтың оны қолдауы
Бақыты үшін елінің,
Болмайды еш сөз дауы!
Хормен Қазақстан Туымен тұғырлы,
Елтаңбасымен еңселі.
12-оқушы Қарақат
Бақтың құсы әр адамға қонып бір,
О тәңірім бізді баққа жолықтыр.
Бүгін міне тәуелсіздік ағайын,
Әр қазақтың жүрегі боп соғып, тұр.
13-оқушы Айшабибі
Желдей еркін, түздей кең қандай азат,
Мен қазақпын деген де қандай ғажап.
Мақтан етсін халықтар халықтығын
Жетер сан жыл шеккені азап.
14-оқушы Әбілхан
16-желтоқсан
Тәуелсіздік алған күн,
Ерекше боп мәңгілік
Ел жадында қалған күн.
Жасай берсін ұлы күн,
15-оқушы Ертилеу
Жарқырап атар таңы бар,
Жарқылдап айтар әні бар.
Әні бар, теңіз дәні бар,
Айналдым сенен Отаным!
Анель
Елім бар да мен бақытты ұланмын.
Елім сүйсе, сенімінен шығармын.
Елім менің көтермесе елдігін
Намысымның биігінен құлармын.
Шығармашылық жұмыс
1- топ: Елбасына құттықтау хат жолдау
2- топ: Тәуелсіз елміз әңгіме жазу
Қорытынды
Сонымен балалар, бүгін біз дербес ел болып, уығымызды қадап, шаңырағымызды көтеріп, ерікті еркін мемлекетімізді құрып, Қазақстан Республикасы атанып, көк байрақ туымызды желбіретіп әлемге әйгілі болуымыздың өзі- осы Тәуелсіздікке қол жеткізуіміздің арқасы. Олай болса Тәуелсіздігімізге шаң жұқтырмай оны ең қымбат бұйымымыздай етіп құрметтеп, келер ұрпақтар қолына аманаттап тапсыруға тиіспіз. Елімізді ішкі-сыртқы дұшпандардан қорғауға міндеттіміз. Сонда ғана Тәуелсіздігіміз мәңгілікке мирас болмақ
Хор: Көк тудың желбірегені