Басы » Cыныптан тыс » Күз-мерекем, күз-берекембет 24

Күз-мерекем, күз-берекем

Алматы қаласы

Әуезов ауданы

№72 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Игілік Қарақат

Мақсаты: оқушылардың білімін, тапқырлығын бақылау. Ұйымшылдық қасиетін, өз ойлары мен өнерлерін ортаға салып көрсете білуге тәрбиелеу. Шеберлікке, іскерлікке, жылдамдыққа бейімдеу. Табиғатты, қоршаған ортаны қорғауға, Отанын сүюге тәрбиелеу.

Барысы:

Жүргізуші: Армысыздар, құрметті «Күз-мерекем, күз- берекем» мерекесіне жиналған ұстаздар қауымы мен оқушылар және ата-аналар! Дәстүрге айналған «Алтын күз» мерекесіне қош келдіңіздер!  Күз- байлық, күз – молшылық, күз – қуаныш, күз – шаттық дей отырып, күзді мектеп оқушыларының қатысуымен үлкен салтанатты мерекеге айналдырып отырмыз. Ендеше, сіздердің қошеметтеріңізбен ортаға сайыскерлерімізді шақырайық.

Жүргізуші:

Күз мейрамы құтты болсын баршаға,

Күздің сәні келіп қапты ортаға.

Қазылар алқасымен таныстырып,

Кетейінші осы отырған баршаңызға.

  • Құрметті көрермендер,бүгінгі сайысымызды әділ бағалауға келіп отырған әділқазылар алқасымен таныс болыңыздар.

Әділ қазылар:______________________________________________

Жүргізуші:

Армысыздар, бүгінгі кеш куәсі,

Алтын күзім тойланатын күн осы.

Жасыл далам, сар далаға айналып,

Алтын күзге арналады жыр осы,- дей отырып, бүгінгі сайысымыздың кезеңдерімен таныс болыңыздар. Сайысымыз 7 кезеңнен тұрады.

  1. «Сәлем-сөздің анасы» Таныстыру (3 минут)
  2. «Күз келбеті» Қабырға газетін шығару, қорғау (3 минут)
  3. Өнер сайысы (ән, би және т.б. тақырыпқа сай)(5 минут)
  4. Викториналық сұрақтар
  5. Күзгі сән үлгісі (3 минут)
  6. «Күзгі гүл шоғы». Табиғи материалдардан экибана (5 минут)
  7. «Күзгі жемістер шеруі» (3 минут)

Жүргізуші:

Табиғаттың ажары, көркі бар,

Шежіресі секілді ертегі жыр.

Ал, тыңдаңыздар, топтарға енді сөз береміз,

Өздері жайлы өздері шертеді сыр,- дей келе, сайысымыздың «Сәлем-сөздің анасы» атты кезеңімізді бастаймыз. Бұл кезеңде қатысушыларымыз өз-өздерін таныстырады. Құрметті әділқазылар алқасы оқу мәнеріне, сөйлеу шеберлігіне баға бересіздер.

Жүргізуші: Бірінші сайысымыз аяқталды. Әділқазылар алқасы өз бағаларыңызды  берсеңіздер.

Жүргізуші:

Табиғаттан нәр алған ғой жанымыз,

Жер бетінің ажары ол – сәніміз

Туған өлке табиғатын аялап

Ұсынайық жүрек үнін бәріміз,- дей отырып, сайысымыздың екінші «Күз келбеті» кезеңіне кезек берсек. Бұл кезеңде әділқазылар алқасы жұптардың салған суреттеріне, күз тақырыбын жан-жақты ашуына баға бересіздер. Бұл сайысымызда әр жұп қабырға газетін қорғайды.

Екінші сайысымыз бойынша әділқазылар алқасы өз бағаларыңызды берсеңіздер!

Жүргізуші:

О заманда ашқан қазақ өнер сырын,

Шақырған сайыстарға бірін-бірі.

Тыңдайық тамашалап, көрермендер,

Көрсетеді сайыскерлер өз өнерін, — дей отырып, сайысымыздың үшінші кезеңі өнер сайысына кезек берсек. Бұл кезеңде сайыскерлеріміз өз өнерлерін көрсетеді. Әділқазылар алқасы сайыскерлеріміздің өнерлерін бағалауда тақырыпқа сай болуына мән берсеңіздер.

Әділқазылар алқасының үшінші кезеңге берген бағаларына назар аударсақ.

Жүргізуші:

Бәйгеге түсіп жарыспай,

Жүйріктің бағы жанар ма?

Білім мен өнер жарысып,

Тәрбие, тәлім табар мән,

Бұл кезең-ойдың бәйгесі,

Кім жүйрік ойға, сол алда, — дегендей, сайысымыздың келесі кезеңін викториналық сұрақтарға берсек. Бұл кезеңде ханзадаларымыз жемістер салынған себеттен жеміс таңдап алып, жемістің сабағындағы сұраққа жауап береді. Жауап берген ханзада жемісті өз ханшайымына ұсынады. Ал, жауап бере алмаған жағдайда жеміс себетте қалады. Бұл сайыста ханзадаларымыздың ойға жүйріктігі мен білімі сынға түседі.

Әділқазылар алқасының үшінші кезеңге берген бағаларына назар аударсақ.

Жүргізуші:

Бүгінгі кеш өтіп жатыр өз мәнімен

Әр сұлу әсем болар өз жанымен
Өз қолынан шығарған киім үлгісін
Сіздерге көрсетеді өз сәнімен, —
Сайысымыздың  күздің сәнін кіргізетін «Күзгі сән үлгісі» кезеңіне кезек береміз. Бұл кезеңде әділқазылар алқасы киім мен шаш үлгісіне назар аударуларыңызды сұраймын.

Төртінші сайысымыз бойынша әділқазылар алқасы өз бағаларыңызды берсеңіздер!

Жүргізуші:

Табиғаттан бабамыз ала берген секілді,

Дарқандықты қазаққа дала берген секілді.

Еркелікті, ерікті желден алған секілді,

Мөлдірлікті, көрікті көлден алған секілді, — деп Қадыр Мырзалиев жырлағандай, бүгінгі күзгі мерекені табиғатты аялау, табиғат сұлулығын сақтау тақырыптарымен ұштастырайық. Келесі кезеңіміз «Күзгі гүл шоғы».

Бұл кезеңде әділқазылар алқасы жұптардың жасаған бұйымдарына, фантазиясына назар аударуларыңызды сұраймын.

Жүргізуші:

Ал енді, құрметті көрермендер келесі сайысымыз «Күзгі жемістер шеруі» деп аталады. Бұл кезеңде бір жемісті таңдап алып, сол жеміс кейіпінде киініп, жеміс туралы қызықты мәлімет беру. Әділқызылар алқасы жұптарымыздың жеміс туралы қызықты мәлімет беруіне мән берсеңіздер.

Жүргізуші:

Бүгінгі сайысымыз өз мәресіне жетті. Әділқазылар алқасы әділ бағаларын шығарғанша, _____________________________________өнерін тамашалайық.

Жүргізуші:

Жеңістер мен жеңілістен тұратын,

Өмір-күрес, жеткізе ме мұратын?

Жеңбедім, жеңілдім деп ренжіме,

Қатысу да бір жеңіс, жан болсаң сен ұғатын, —

Әділ-қазылар алқасына сөз берейік. Ортаға қатысқан сайыскерлерімізді шақырып, марапаттау кезегіне кезек берсек.

Жүргізуші: Ортамызға қоңыр күз келсе де, күн суытса да, барлықтарыңызға көтеріңкі көңіл-күй тілей отырып, бүгінгі кешімізді аяқтаймыз. Күз жақсылыққа толы болып, молшылыққа кенеле берейік. Келгендеріңізге көп рақмет! Амандықта жүздескенше!

[bws_related_posts]

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *