Абай күні ретінде 10 тамыздың белгіленуі бекер емес. Ғылыми ортада ойшылдың туған күні туралы екі түрлі нұсқа болғанымен, жылдар бойы 10 тамыз ресми түрде Абай Құнанбайұлының туған күні ретінде таңбаланып келді. Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында осы дата күнтізбеге Абай күні ретінде ресми бекітілген еді.
Абай күніне арналған мереке 10 тамыз күні 9:00-де Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Сағат 11:00-де Қаламгерлер аллеясында «Абай рұханияттың алтын қазығы» атты әдеби-сазды кеші болып өтті.
Абай күні қарсаңында Елорданың қақ ортасында Абайдың цифрлық портреті көпшілік назарына ұсынылады.
«Қаланың сол жағалауында қазақтың бас ақыны, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының ең үлкен цифрлық портреті көрініс тапты. Диагоналі 65 метр болатын портрет 53 мың пиксельден астам жаңа LED-жарықтандырумен жабдықталған дөңгелекке орналастырылған. Портрет қазақтың ою-өрнегімен және туымен көркемделген», — деп мәлімдеді әкімдік.
Портрет пен анимация 16 тамызға дейін көрсетіледі.
Абай күніне орай жалпы ел бойынша 500-ге жуық іс-шара өтпек.