Басы » Баяндамалар » САБАҚ БЕРУ –ЖАҢАДАН ЖАҢАНЫ ТАБАТЫН ӨНЕРбет 192

САБАҚ БЕРУ –ЖАҢАДАН ЖАҢАНЫ ТАБАТЫН ӨНЕР

АҒМАНОВА   РАУШАН  РАМАЗАНҚЫЗЫ

Алматы қаласы  Жетісу ауданы

№57 жалпы білім беретін мектебі

Директордың  оөу  ісі  жөніндегі  орынюасары,

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

САБАҚ  БЕРУ –ЖАҢАДАН ЖАҢАНЫ ТАБАТЫН  ӨНЕР

ХХІ ғасыр – тәуелсіз әліміздің дүниежүзілік өркениетке ұмтылған өрлеу ғасыры. Ол келешек қоғам иесі –жас ұрпақты өсіріп, жетілдіруге тікелей байланысты.

Қашанда адамзат алдында тұратын ұлы мұрат- міндеттердің ең бастысы өзінің ісін жалғастыратын салауатты, саналы, білімді ұрпақ өсіру.

«Білім беру реформасы табысының басты өлшемі – тиісті білім мен білік алған еліміздің кез келген азаматы әлемнің кез келген елінде қажетке жарайтын маман болатындай деңгейге көтерілу болып табылады.

Біз бүкіл елімізде әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметіне қол жеткізуге тиіспіз.»,- деген президент Жолдауынан ұлттық бәсекелестікке қабілетті ұрпақтың білім деңгейімен анықталатынын, әлем кеңістігіне көтерілу үшін мектеп табалдырығынан сапалы да саналы білім беру болып табылады.

«Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы» өз бетімен білім алатын және алған білімін өмірде қолдана білетін жеке тұлғаның қалыптасуын қамтамасыз ететін оқытудың жаңарған технологияларына көшу талабын қойып отыр.

Үздіксіз іздену- мұғалімдерге қойылып отырған басты талаптардың бірі. Мұғалім шеберлігінің негізгі көрсеткіштері- әдістеме салаларындағы ғылыми жаңалықтар мен озық тәжірибені жетік игеру. Оларды өздерінің күнделікті сабақтарында пайдалану, осы орайдағы мұғалімнің шығармашылық еңбегі, ең алдымен, сабақпен байланысты. Демек сапалы, тиімді нәтижелі жүргізілген әрбір сабақ –ұстаздың тынымсыз еңбегінің айғағы.

Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретудегі басты мақсатым: «Сабақ сапасын арттырып, оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын, белсенділігін дамытып, жүйелі тәрбие беру, танымдық қабілетін дамыту арқылы ізденімпаздықа, белсенділікке жетелей отырып, өз бетінше шығармашылық және ғылыми жұмыстарға жұмылдыру, ынталандыра білу».

ХХІ ғасырдың басында Жүсіпбек Аймауытовтың «Сабақ беру-үйреншікті жәй ғана шеберлік емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер» -деген ұлағатты сөзі бүгінгі таңда да күшін жоғалтпай келеді. Қазақ халқының аса көрнекті ғалымы, ұлы педагог Ахмет Байтұрсынов: «Жақсы дерлік те, жаман дерлік те бір әдіс жоқ. Олақтылық белгісі- бір ғана әдісті білу, шеберліктің белгісі- түрлі әдісті білу. Мұғалім әдісті көп білуге тырысуы керек, оларды өзіне сүйеніш, қолқабыс нәрсе есебінде қолдануы керек»,- деп жазған еді.

Сабақ- мазмұны мен құрылымы жағынан, ұйымдастыру жағынан күрделі динамикалық жүйе болып табылады.

Сабақ – оқытудың сыныптық-сабақтық жүйесінде педагогикалық үрдістің аяқталған бөлігі. Н.М.Верзилиннің бейнелеп айтуы бойынша, «сабақ-ол күн, оның айналасында айналып жүрген планеталар –оқу сабақтарының барлық түрлері». (1)

«Сабақ» түсінігінің екінші аспектісін, М.И.Махмудовтың тұжырымдамасына сай былай құруға болады: «Сабақ дегеніміз- оқыту үрдісіндегі білім беру, дамыту мен тәрбиелеудің міндеттерін шешу мақсатындағы оқытудың мазмұнын, формаларын, әдістерін және құралдарын мұғалім мен оқушылардың белгілі құрамының өзара мақсатты әрекеті үрдісін ұйымдастыруға бағытталған дамитын және жылжымалы формасы». (2)

Сабақтың қызметі оқытуды ұйымдастырудың түрі ретінде аяқталған мақсаттық жетістіктерден тұрады. Мысалы, бір жағдайда ол кең көлемді мазмұны бола тұрып оның бір бөлігінің біртұтас мазмұнын толық меңгеруге бағытталады, ал келесі бір жағдайда қабылдау және есте сақтау деңгейіне қарай жүйе жартылай меңгеріледі. Бірінші жағдайда тұтас жүйе түріндегі сабақтың құрылымы тұтас үрдіс ретінде оқыту құрылымын қайталайды, екінші жағдайда –оқытудың тұтас үрдісін жартылай көрсетеді. Ол-дегеніміз оқытудың ұйымдастыру формасы ретіндегі сабақ ерекшелігі мақсатқа шартталады және толық оқу үрдісінде әр сабақтың жеке алғандағы орнына байланысты. Әрқашан сабақ сұрау қажет пе, үй тапсырмасын орындау міндетті ме, ұжымдық немесе топтық жұмысты қалай ұйымдастырған дұрыс, оқушылардың дара қабілеттерін қалай есепке алған дұрыс, ағымдағы сабақты өткен немесе келесі сабақпен қалай байланыстырған жөн. Бұл сұрақтар оқыту үрдісінің қарастыруы бойынша өте мәнді емес. Олар тек оқытуды оңтайлы ұйымдастыру немесе сабақ құрылымы мен түрлерін жоспарлау кезінде ғана мәнге ие болады. Осылайша, сабақ көп жақты және көп   жоспарлы.

Оқу үрдісіндегі әртүрлі жеке уақытта алынған нақты міндеттерді шеше отырып, сабақ тақырыптың, оқу пәнінің бөлігі болады және оқу пәні жүйесінде, бағдарлама тақырыптарында,өзіне  сай орынға ие болады, нақ осы уақыттағы дидактикалық мақсаттарды шешеді. Бірақ ол үшін сабақтың өзінің дидактикалық мақсаттарымен, құралдарымен, әдістерімен және оқыту тәсілдерімен анықталатын, бір ішкі логикасы болуы керек.

Сабақ – бұл педагогикалық шығарма, сондықтан да ол өзінің біртұтастылығымен, бөліктерінің ішкі өзара байланысымен, оқытушы мен оқушылардың бірыңғай әрекетін өрістету логикасымен ерекшеленеді. Бұл оқушылардың танымдық әрекетін басқаруды қамтамасыз етеді. (3)

Әрбір сабақтың басталуы- мұғалімнің сабақ нәтижесінде не алуды мақсат ететіндігін айқын анықтаудан, оны түсінуден басталады. Сосын мұғалімге мақсатына жетуге көмек беретін құралдардың, одан кейін әдісін анықтау, яғни мұғалім қалай істесе, оның мақсаты орындалатынын нақтылаудын басталады

Оқытудың негізгі түрі – сабақ. Өйткені, сабақ жастары қатарлас топтағы оқушыларға бірыңғай бағдарламамен тиянақты күнтізбе бойынша білім берудің негізі болып табылады. Сабақтың типі жөнінде ғылыми тәжірибелік зерттеулерде, жүйелеулерде жетерлік. Дидактиканың мақсаттағы әр түрлі ойларды сараптай келгенде оны мына тұрғыда топтастырған орынды:

  • Жаңа білімді меңгеру сабағы.
  • Іскерлік пен дағдыны қалыптастырып дамыту сабағы.
  • Алған білімді жүйеге келтіріп тұжырымдау сабағы.
  • Қайталау, пысықтау сабағы.
  • Тексеріп алған білім сапасын айқындау.
  • Аралас сабақ.
  • Жинақтап қорыту сабағы.

Сабақтың құрылымын, түрін жіктеп топтастыру шартты мәнде, өйткені бұлардың мазмұны мен әдісі бір-біріне ұқсастығымен қатар, іштей араласып бір арнада тоғысып жатады. Сол себепті бір типті сабақ болмайды. Сабақтың қойылған дидактикалық мүддеге жетуі оның құрылысына, оқылатын тақырыптың мақсатына, мазмұнына, оның әдіс-тәсіліне және оқушының дайындық деңгейіне байланысты.

Сабақ – педагогикалық үрдіс. Дидактикалық кезеңдердің өзара ішкі байланысы ғана емес, осы компонентттердің бірізділігі, яғни, оның өзіне тән ішкі байланысы мен құрылымы болатындығы. Сабаққа қойылатын талаптардың орындалуы үшін мұғалімнің теориялық білімі, ізденімпаздығы, еңбекқорлығы, жаңашылдығы негізгі роль атқарады. Ол шығармашылықты, шеберлікті талап етеді. Сондықтан да өз сабақтарымда оқыту, тәрбиелеу, дамыту міндеттерімен қатар психологиялық, физиологиялық, әлеуметтік талаптарды да қоса алып жүремін.

Сабаққа қойылатын жалпы талаптар: тәрбиелік, дидақтикалық, психологиялық. Бұлар өзара тығыз байланысты.

  1. Тәрбиелік талаптар. Ұлттық ұстанымдарға, қазақстандық патриотизмге, жоғары азаматтық адамгершілік моральға, қоғам дамуының талабына және сол сабаққа берілетін материалдар мазмұнының тәрбие көзіне негізделеді.
  2. Дидактикалық талаптар. Тақырыптық-күнтізбелік және күнделікті сабақ жоспарын дұрыс құру. Сабақтың мақсатын мен міндетін нақтылау. Сабақ кезеңдерінің, әртүрлі дидактикалық әдіс-тәсілдерінің бірізділігі, уақытты ұтымды пайдалану және мұғалімнің педагогикалық жетекшілігі.Жаңа ақпараттық-инновациялық технологияларды, электронды оқулықтарды, интерактивті тақтаны тиімді қолдану.
  3. Психологиялық талап. Оқушының психологиялық ерекшелігін білуі, онымен санасуы.Ойлауы, есте сақтауы, еске түсіруі, жаттауы, игеруі, байқампаздығы, көңіл аударушылығы, шығармашылық елес-қиялы, еркі, эмоциясы. Мұғалімнің көңіл-күйі, жинақылығы, байқампаздығы, ашушаңдығы белгілі біл дәрежеде оқу еңбегінің қортындысына әсер етеді. Мұғалім өзін-өзі ұстай алуы, өзін өзі басқара алуы, өзіне сенімсіздігі немесе артық сенімділігі сияқты психологиялық жағдаймен де ерекшеленеді. Сабақтың нәтижелілігіне салыстырмалы түрде оқушылардың білімге деген ынтасы, білімін кеңейтуге деген ықыласы да әсер етеді. Сонымен қатар мұғалім мен оқушының арасындағы сыйласымдылық, түсіністік, психологиялық ырғақ та өз нәтижесін береді.

Жоғарыда көрсетілген міндеттерге сүйне отырып,  қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде әрбір сабағымды өзгеше өткізуге тырысамын. Сондықтан да үздік сабақтарымды аралас сабақ түрінде өткіземін. Бұл сабақ дидактиканың міндеттері болып табылатын  жаңа материалдарды меңгеру, білімді, іскерлікті, дағдыны жетілдіру, қорыту және жүйелеуден тұрады. Сондықтан да ол аралас деп аталады. Көрнекті педагог Сухомлинский: «Сабақ жасөспірімдердің интелектуальды өміріне тек сабақ болып қоймас үшін ол қызықты болуы шарт» деп айтқан. Өйткені, жай сабақ құнарсыз тағам секілді адам бойына жатпайды.

Қызықты сабақтар мұғалімнің ашқан жаңалығы, өзіндік қолтаңбасы, қолданған әдіс-тәсілдері арқылы ерекшеленіп, шәкірт жүрегінен орын алады.

Сабақ беру процесі күрделі педагогикалық объект болғандықтан оның типі дидактикалық бағытта, мазмұнына, орнына байланысты өзгере береді. Білім беру әдістерінің тиімділігін арттыру негізі-сабақ болып табылады. Білім беруде оқушының танымдық белсенділігін арттырып, өз бетінше білім алуға, шығармашылығын қалыптастыруға ықпал етіп, ұжымды бірлесе жұмыс жасауға үйрететін уақытпен үндес оқыту технологияларының бірі болып отыр.

Өз сабақтарымда сабақтың әдістемелік құрылымының негізгі элементерін қатаң сақтап отырамын. Олар:

а) оқушыларды сабаққа ұйымдастыру;

ә) бұрынғы өткен материалдарды меңгеруін қадағалау;

б) жаңа материалды мұғалімнің бөліп қарастыруы, енгізуі және оқушылардың матриалды түсінуі үшін олардың жұмысын ұйымдастыруы;

в) жаңа материалды алғашқы бекіту, оқушылардың іскерлігі мен дағдыларын қалыптастыру жұмыстары, білімдерін тәжірибе жүзінде қолдану;

г) үй тапсырмасын және оның үлгілерін беру;

д) оқушының бүкіл сабаққа  қатысуына  қарай  бағасын  немесе баллын қойып, сабақты қорытындылау.

Сабақтың сапасын арттыруда технологиялық модельдік жүйені енгізе отырып, оқушыларды жеке тұлға ретінде қалыптастыруға бағытталған инновациялық технологияларды тиімді қолдануға тырысамын.Электронды, мультимедиялық оқулықтарды оқу-тәрбие үрдісінде тиімді қолдану, қашықтықтан оқытудың ғарыштық каналдары арқылы білім беруді ұйымдастыру – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі.

Қазақ тілін оқытуда ақпараттық-коммуникативтік технологиялардың рөлі ерекше. Бұл білім беру үрдісінде ақпараттық құзіреттілікті қалыптастыруға үлкен септігін тигізеді.

Ақпараттық құзіреттілік — көпшілік ақпарат құралдары көмегімен қажетті ақпараттарды іздеу, талдау, таңдап алу, ұйымдастыру, түрлендіру, сақтау және тарату. Бұл құзіреттілік оқушылардың тілді үйрену барысында қоршаған дүниедегі ақпараттармен жұмыс жасай білу дағдыларын қамтамасыз етеді.

Өзімнің тәжірибемде оқушының ойлау қабілетін арттыру үшін жаңа ақпараттық технологияларды қолдану арқылы оқушының ойлау жүйесіне әсер етіп, таным белсенділігін арттырамын. Оқушының танымдық ойын дамыту және шығармашылықпен орындауға арналған тапсырмалар, мәселелік сұрақтарды беру арқылы тұлға белсенділігін арттыруға болады. Белсенділіктін негізі – сабақ барысында оқушының белсенді ойлауы. Оқушымен қарым-қатынасты жүзеге асыруда қатысымдық әдістің сөйлесім әрекетін қолданамын. Олар:

  1. Оқылым
  2. Жазылым
  3. Тыңдалым
  4. Айтылым
  5. Тілдесім

Сөйлесім әрекеті арқылы оқушы сабақтан жаңа ақпарат алып қана қоймайды, шығармашылық тұлға ретінде белсенділік танытады, алған білімін өмірде қолдана алады.

Қазіргі кездегі ғылым мен техниканың даму деңгейі әрбір адамда сапалы және терең білім мен іскерліктің болуын, ойлау қабілетінің жоғары, шығармашылықпен жұмыс жасауын талап етеді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» жолдауында Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс, келешек ұрпақтың мемлекеттік тілді, сонымен қатар орыс, ағылшын тілдерін жақсы білу- өмір талабы екенін айта келіп, «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын кезеңдеп іске асыруды ұсынған. (4)

Бүгінгі таңдағы жаңа талаптар оқушының танымын кеңейтуге, өзін-өзі дамытуға, алған білімінін түпкі нәтижесінде қолдана алу деңгейіне жеткізуді қажет етеді. Осы жағдайда ғана полимәдени қарым-қатынас іске асырылады. Осыған орай сабақ беру барысында үш тілде білім беруді ұйымдастырамын. Ол, әрине, жаңа сөздерді өту барысында, тренинг жүргізуде, аукцион және сайыс сабақта «Глосарий» әдісі арқылы орындалады.

Қазақ тілін оқыту арқылы  жеке тұлғаның адами құндылықтары негізінде дниетанымын қалыптастыруда «Өзін-өзі тану» бағдарламасын қолданамын. Ұстаз балалармен бірге пікір таластырады, ойланады, жаңалықтар ашады, таңданады және күмәнданады, бірлескен шығармашылықта қызығушылықпен өмірдің ақиқатына көз жеткізеді, сыныпта жағымды жағдай туғызады. Осының барлығы тілді үйретуде оқушылардың құзіреттілігін дамытуға, күтілетін нәтижелерге қол жеткізуге ықпал етеді. «Шаттық шеңбері», «Жүректен жүрекке» әдісі арқылы білім берумен қатар жеке тұлғаның өзіндік танымын жетілдіру, адамгершілік мінез-құлқын қалыптастыру, әдептілік, имандылық құндылықтары қалыптасқан халқымыздың абыройлы қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіре білетін  тұлғаны тәрбиелеуге болады.

Сөзімнің соңын қорытындылай келгенде, «Жақсы сабақ дегеніміз — ол іскер шығармашылық ахуал қайнап тұрған сабақ. Оқушылардың мұғаліммен белсенді түрде диалогқа түсуі мүмкін болатын сабақ». (5)

Жүсіпбек Аймауытовтың «Сабақ беру-үйреншікті жәй ғана шеберлік емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер» — деген ұлағатты сөзін негізгі басшылыққа ала отырып , шеберлігімді шыңдау, үздіксіз іздену арқылы ғылыми жаңалықтарды назардан тыс жібермей, озық тәжірибелерді меңгеру арқылы ақпараттық құзіреттілігі қалыптасқан жеке тұлға тәрбиелеу – ұстаздық парызым деп санаймын.

 

Қолданылған әдебиеттер:

  1. Верзилин Н.М. Проблемы методики преподавании биологии.- М., 1974г
  2. Махмутов М.И. Современный урок.2-е. –М., 1985. 44б
  3. Скаткина М.Н. Дидактика средней школы.2-е изд.-М., 227 б\
  4. Назарбаев Н.Ә. «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» .- Астана., 2007ж
  5. Педагогика. «Қазақ университеті».Қазақ университеті.- Алматы., 2006 ж
  6. Оразбаева Ф.Ш. Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі.-Алматы., 2000ж
[bws_related_posts]

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *