Басы » Рефераттар » Оқудың педагогикалық технологиялары

Оқудың педагогикалық технологиялары

Жоспары

1. Оқудың педагогикалық технологиялары түсінігі

2. Оқудың педагогикалық технологияларына сипаттама

1. Оқудың педагогикалық технологиялары түсінігі

Көптеген уақыттар желісінде «технология» түсінігі педагогикалық ұғымдар қорынан тыс қалып келді. Шынайы мəні («шеберлік жөніндегі ілім») педагогикалық міндеттерге: педагогикалық процесті сипаттау, түсіндіру, болжау, жобалау – сай келсе де, ол технократиялық тіл элементі ретінде қарастырылды.

Педагогикалық əдебиеттерде қандай да педагогикалық технологиялар сипатын айқындаушы көптеген терминдер ұшырасады, мысалы: оқу-үйрену, тəрбиелеу, оқыту технологиялары, білімдендіру жəне дəстүрлі технологиялар, бағдарламаластырылған жəне проблемді оқу технологиялары, авторлық технология жəне т.б.

Алғашқыда педагогтар «педагогикалық технология», «оқу-оқыту технологиясы» жəне «тəрбиелеу технологиясы» ұғымдарының өзіндік мəн-мағыналарына назар аудармай келді. Ал бүгінде педагогикалық технология оқу жəне тəрбие аймағындағы педагогикалық міндеттердің шешілуіне байланысты орындалатын педагог іс-əрекеттерінің бірізді жүйесі ретінде танылуда. Осыдан «педагогикалық технология» мəні «оқу технологиясы», «тəрбие технологиясы» ұғымдары мəндерімен салыстырғанда тереңдеу де ауқымдылау.

Педагогикалық технология – бұл педагогикалық əрекеттер табысына кепіл болардай қатқыл ғылыми жоба. Əрі сол жобаның дəл жаңғырып іске асуы.

Педагогикалық технология кешенді, бірігімді процесс. Ол өз құрамына адамдарды, идеяларды, құрал-жабдықтарды, сонымен бірге жоспарлау, қамсыздандыру, бағалау жəне білім меңгерудің барша қырлары жөніндегі проблемалар шешімін басқаруды қамтиды.

Педагогикалық технологиялар көп түрлі болуына қарамастан, олардың іске асуының екі ғана жолы бар. Біріншісі – теориялық негізде орындалуы (В.Б.Беспалько, В.В.Данилов, В.К.Дьяченко жəне т.б.), екіншісі – тəжірибемен жүзеге келуі (Е.Н.Ильин, С.Н. Лысенкова, В.Ф.Шаталов жəне т.б.).

Сонымен, технология астарында не жатыр? Оқу технологиясы жөніндегі идея қай заманда пайда болған?

Мұндай ғылымдық мəні бар ой жаңалықты емес. Кезінде оны Я.А.Коменский де дəріптеген. Ұлы педагог – ғұлама 16-ғасырда-ақ оқудың «техникалық» (яғни «технологиялық») болатынын уағыздап, оның мүлтіксіз тиімді нəтиже беретін жолдарын іздестіріп бақты. Я.А.Коменский еңбектеріне үңіле түссек, педагогикалық технологияға бастау берген даналық пікірлерді табамыз: «Дидактикалық машина үшін қажет нəрсе – 1) түбегейлі ойластырылған мақсаттарды; 2) сол мақсаттарға жетуге дəл икемдестірілген жабдықтарды; 3) мақсаттың орындалмауына мүмкіндік бермейтін нақты жабдықтарды қолданудың мызғымас ережелерін табуымыз керек».

Коменский заманынан бастап, оқуды мүлтіксіз əрекеттегі механизмге сəйкестендіру ұмтылысының талайы күні бүгінге дейін басылған емес. Кейін оқу технологиясы жөніндегі көптеген тұжырымдар толықтырылып, нақтыланып отырды. Əсіресе, техникалық прогрестің əрқилы теориялық жəне практикалық қызметтер аймағына енуімен оқуды технологизацияластыру идеясы нығайып, іске асырыла бастады (П.Я.Гальперин, Н.Ф.Талызина, Ю.К.Бабанский жəне т.б.).

Осы заманғы дидактикада əрқилы оқу технологиялары көрініс беріп жүр. Олардың көп түрлі болу себебі — əр автор мен орындаушының педагогикалық процеске өзінше жаңалық қосып, технологияға өзгеріс ендіріп баруымен байланысты.

Дидактикада оқу технологиялары төмендегідей сипаттарымен жіктеліп, топтастырылады:

— қолдану деңгейі: жалпы педагогикалық, пəн əдістемелік, бөлімдік (модульдік);

— философиялық негізі: ғылыми жəне діни, гуманистік жəне əміршіл- əкімшіл (авторитарлы);

— тəжірибе меңгерудің ғылыми негіздемесі (концепция): байланыс-жауапты (ассоциатив-рефлекторлы); іс-əрекетті (бихевиористік), іштей ұғу (интериоризаторлы), дамытушы;

— тұлғалық құрылымға бағдарлануы: ақпараттық (білім, ептілік жəне дағдылар қалыптастыру), нақты қимыл-əрекеттік (оперативті- ақыл-ой əрекеттері əдістерін қалыптастыру), шығармашыл (эвристикалы-дарын қабілеттерін дамыту), қолданбалы (тұрмыс-тəжірибелік əрекеттер қалыптастыру).

— Дəстүрлі оқу жүйесін жаңалау бағыты (модернизация): оқушы іс-əрекетінің белсенділігін көтеру жəне жеделдестіру технологиясы; мұғалім жəне оқушы арасындағы қатынастарды адамиластыру мен демократияластыру негізінде жасалған технология; оқу материалын дидактикалық қайта түзуге негізделген технология жəне т.б.

Оқу технологиясының топтастырылуы, сонымен бірге, нақты кезеңде басым болған мақсаттар мен міндеттерге, оқуды ұйымдастыру формасының қолданылуына, дəл кезеңде қажет болған əдістерге жəне басқа да негіздемелерге тəуелді келеді.

Оқу технологиясын оқу əдістемесінен ажырата білген жөн. Олардың бір-бірінен айырмасы – оқу технологиясын қайталап, көбейте таратуға болады. Қай жағдайда да технология өзіне сай түзілген оқу процесінің жоғары сапасына жəне педагогикалық міндеттердің табысты шешілуіне кепіл бола алады. Ал əдістеменің соңғы тиімді нəтижеге жете алмауы жиі кездеседі. Сонымен бірге, əдістеме технологиялық деңгейге дейін көтерілуі мүмкін. Мысалы, жаңа материалды түсіндірудің белгілі əдістемесі бар. Егер ол əдістеме шынайылық, сенім, сəйкестік талаптарына орайласса, оны технология деп тануға болады.

Оқу технологиясы педагогикалық шеберлікпен өзара байланысты. Оқу технологиясын жете білудің өзі – шеберлік. Бір технологияны əрбір оқытушы жеке іске асырып отыруы мүмкін, ал осы іске асырудағы технологиялық ерекшеліктерден мұғалімнің оқу шеберлігі көрінеді.

2. Оқудың педагогикалық технологиялары сипаттамасы

Оқудың дəстүрлі (қайта жасау- репродуктивті) технологиясы білім, ептілік жəне дағдыларды ұсынуға бағытталған. Ол өтіліп жатқан материалдың игерілуін, қайта жасау деңгейіндегі білім сапасының бағалануын қамтамасыз етеді. Бұл технологияның ежелгі түрі. Ол бүгінгі таңда да кең таралған (əсіресе орта мектепте). Оның мəні: жаңаны игерту–бекіту–қадағалау–бағалау сұлбасы (схема) бойынша оқу процесін жүргізу. Технология негізіне табысты өмір тіршілігін қамтамасыз ететіндей білім ауқымын анықтауға мүмкіндік беретін жəне оны оқушыға жеткізу жолын көрсететін білімдік бағыт-бағдарлама (парадигма) алынады. Осыған орай оқу- оқытудың басты əдістері ретінде 1) көрнекілік жəне онымен бірге жүретін түсіндіру, 2) оқушының жетекші іс-əрекеттері түрлеріне – тыңдау мен есте қалдыру, 3) басты талап жəне тиімділіктің негізгі көрсеткішіне – игерілгенді қалтқысыз қайталап жаңғырту ептілігі алынады. Мұғалім қызметтері – түсіндіру, əрекеттерді көрсету, оқушылар орындағандарды бағалау жəне реттеу, түзету.

Оқу технологиясы бірқатар маңызды да ұнамды тараптарымен еленген. Олар – үнемділігі , күрделі материалды түсінуді жеңілдетуі, білім-тəрбие процесін тиімді басқаруды қамтамасыз етуі, білім ұсынудың жаңа əдіс –тəсілдерін пайдалануға икемді келуі. Сонымен бірге дəстүрлі технология біршама кемшіліктерге де жол береді – оқу процесін дараландыру мен жіктеуге қолайсыз, оқушылардың ойлау қабілетін дамытуға мүмкіншілігі кем.

Дамытушы оқу технологиясы мектеп тəжірибесіне енген оқу іс-əрекеттері арасындағы аса танымалы (Л.С.Выготский, Л.В. Занков, Д.Б.Эльконин жəне т.б.).

Ғалымдар дəлелдегендей, педагогика бала дамуының өткеніне емес, болашағына бағытталуы тиіс. Сонда ғана ол оқу процесінде осы нақты уақыт шеңберіндегі жақын даму процестерін жүзеге асыра алады. «Жақын даму аймағының» мəні: бала өз дамуының белгілі кезеңінде оқу міндеттерін ересектер басшылығында не ақылдылау дос –жарандарымен араласа жүріп шешуі мүмкін. Келтірілген пікір жария болғанға дейін бала дамуы, əсіресе оның ақыл-ойының өрістеуі оқу жəне тəрбие ізімен жүретіні мойындалған болатын.

Зерттеулер нəтижесінде (Л.В. Занков) оқу тиімділігін көтеру есебінен оқушы дамуын жеделдетуге болатыны дəлелденді. Бұл үшін оқуды жоғары деңгейлі қиыншылықта жүргізу принципін ұстану – басты талап. Егер алдынан рухани, сезімдік күш-қуаттың іске қосылуын қажет ететін кедергілер (ойын, оқу, тұрмыс) шығып тұрмаса, əрі оларды жеңуге талпынбаса, бала дамуы бəсеңдейді.

Жоғары қиыншылық деңгейіндегі оқу принципіне орай білім мазмұны жəне оны құрастыру реті анықталады. Оқу материалының мазмұн қарқыны ұлғаяды, əрі тереңдейді, жетекші рол теориялық білімдерге беріледі, дегенмен, оқушылардың практикалық ептіліктері мен дағдыларының маңызы жойылмайды.

Дамытушы технология талаптарының жəне бірі – оқу ілгерілі жəне жедел қарқында жүреді. Өткендерді жиі əрі бір беткей қайталаулар оқу процесінің кедергісіне айналып, оқуды жоғары қиыншылық деңгейінде өтуге мүмкіндік бермейді. Дамытушы технологияны іске асыру сонымен бірге оқушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты жүйелі- іс-əрекеттік оқу бағытын ұстануды қажет етеді (Д.Б.Эльконин).

Дамытушы технология идеяларының қатарына сондай-ақ оқу қызметінің əрқилы жағдайларында оқушылардың қажет болғанды өзінше танып, содан өздігінен жауап əрекет орындауға (рефлексия) ынталандыру идеясы да кіреді. Жауап əрекетке (рефлексия) келу дегеніміз баланың өз əрекеттерін сезінуі мен түсінуі, оқу іс-əрекеттерінің тəсіл, əдістерін өзінше байқап, тануы.

Рефлексиялық əрекет-қимылдар əрқашан өзіндік қадағалау жəне бағалаумен тығыз байланысты болатындықтан дамытушы технология шарттарына орай оларға да көп мəн беріледі.

Дамыта оқыту идеясы бұл күнде еліміздің мұғалімдері арасында кең қолданымда. Алайда, бұл технологияның кейбір тұжырымдары пікір таласты болып жүр. Себебі, оқушылардың бəрі бірдей қиыншылықты деңгей оқуын көтере алмайды. Солар ішінде тума жайсаң қозғалысты тұлғалардың мұндай оқуда əбден күйзеліске түседі. Сондықтан барша шəкірттерді теңдей шапшаң жəне жоғары күрделілік деңгейінде оқытып, тəрбиелеуге болмайды.

Бағдарламаластырылған оқу технологиясының (БОТ) негізгі мақсаты оқу процесінің басқару жүйесін жақсарту (П.Я.Гальперин, Л.Н. Ланда, А.М. Матюшкин жəне т.б.).

БОТ бастауын берген американдық психологтар мен дидакттар (Н.Краудер, Б.Скиннер, С.Пресси).

БОТ – бұл арнайы жабдықтар, бағдарламаластырылған оқулық, ерекше оқу-машинасы, ЭВМ жəне т.б. көмегімен күні ілгері дайындалған бағдарлама бойынша орындалатын өзіндік жеке-дара оқу технологиясы. Бұл технология əрбір оқушыға өзіндік сапа-қасиеттеріне орай (оқу қарқыны, сауаттылық деңгейі жəне т.б.) оқуына мүмкіндік береді.

БОТ-ның өзіне тəн сипат белгілері:

— оқу материалының кіші көлемді жеңіл игерілетін бөлшектерге жіктелуі;

— əр бөлшекті игеруге арналған нақты əрекеттерді орындау нұсқаулары жүйесінің берілуі;

— əр бөлшек игерілуінің тексерілуі;

— қадағалау тапсырмаларының дұрыс орындалуымен оқушы материалдың ендігі жаңа бөлшегін алып, келесі оқу қадамын іске асыруға өтуі;

— дұрыс жауап бере алмаған жағдайда оқушының қосымша көмек түсініктемелерін алуы;

— қадағалау тапсырмаларының нəтижесі хатталып, оқушының өзіне де (ішкі кері байланыс), педагогқа да (сырттай кері байланыс) белгілі болуы.

Проблемді оқу технологиясы мұғалім басшылығында өтетін оқушылардың оқу міндеттерін шешуге орайластырылған өзіндік ізденіс іс-əрекеттерін ұйымдастыруға негізделеді. Оқу ізденістері барысында оқушыларда жаңа білім, ептілік жəне дағдылар қалыптасып, қабілеттері, танымдық белсенділігі, қызығуы, ой-өрісі, шығармашыл ойы жəне басқа да тұлғалық маңызды сапалары дамиды (Т.В.Кудрявцев, А.М.Матюшкин, М.И.Махмудов жəне т.б.).

Жалпы түрінде проблемді технология сипаты келесідей: оқытушы білімді дайын күйінде ұсынбай, оқушылар алдына міндет (проблема) қояды, оған қызықтырады жəне оның шешу əдіс-тəсілдерін табуға ынталандырады. Ал оқушылар мұғалімнің тікелей басшылығында не өз бетінше олардың шешімін табудың жолдары мен əдістерін зерттейді, яғни болжам түзеді, оның шынайылығын тексеру тəсілдерін белгілейді əрі талқылайды, дəйектейді, нəтижелерін талдайды, пікір жүргізеді, дəлелдейді.

Проблемді оқу басқа да технологиялар сияқты өзінің ұнамды да болымсыз тараптарына ие. Оның тиімділігі: оқушыларға тек қажетті білім, ептілік жəне дағдылар жүйесін меңгеруге жəрдемдесіп қоймастан, олардың ақыл-ой дамуына жол ашады, өз шығармашылық қуатымен берік білім қалыптастыруға көмектеседі, өз оқу еңбегіне қызығу ұмтылысын дамытады, оқу нəтижесінің бекінуін қамтамасыз етеді. Кемшілігі : жоспарланған нəтижеге жету көп уақытты талап етеді, сонымен бірге, оқушылардың танымдық іс-əрекеттерін жүйелі басқару қиын.

Модульді оқу технологиясы АҚШ пен Батыс Еуропада 1960 жылдары дəстүрлі оқуға балама ретінде ұсынылған білім игеру жүйесі. Бұл технологияның мəні — оқушы модульмен жұмыс орындау барысындағы нақты мақсатқа өз бетінше (не белгілі шамада мұғалім жəрдемімен) жетеді (П.Юцявичене, Т.И.Шамова). Модуль – мақсатқа орайластырылған оқу мазмұны мен оны меңгеру жолдарын (технологиясын) біріктірген түйін, топ (узел).

Модуль құрамы: əрекеттің мақсаттық жоспары, ақпарат қоры, дидактикалық мақсатқа жетудің əдістемелік көрсетпелері.

Бұл технологияға орай оқу мазмұны өз алдына белгілі жинақы құрамға келтірілген ақпараттық топ (блок) күйінде беріледі. Ол ақпарат оқу мазмұнының көлемін ғана емес, əдістері мен олардың игерілу деңгейін де көрсететін дидактикалық мақсатқа сəйкес меңгеріледі.

Модульдік оқуда өзіндік жұмыстарға аса көп уақыт бөлінеді. Бұл оқушыға оқу əрекеттеріне кірісумен өз мүмкіндіктерін сезінуге, білім игеру деңгейін өзі анықтауына, өз білімдері мен ептіліктеріндегі кемшіліктерді байқауына жəрдемдеседі.

Модульдік оқу дəстүрлі білім игеру жүйесімен байланыста пайдаланылуы мүмкін. Модульдер оқу жүйесінің қалаған ұйымдастырылу формасында орын тауып, оның сапасын жақсартуға жəне тиімділігін арттыруға қолданылуы ықтимал.

Шоғырластырылған (концентрлі) оқу технологиясы педагогикада ежелден танымал пəнге шомдыру əдісіне негізделген (П.Блонский, В.Ф.Шаталов, М.П.Щетинин жəне т.б.).

Бұл технология жақтастарының пікірі: оқудың дəстүрлі сынып-сабақтық жүйесінде бағдарламалар мен оқулықтарға сəйкес берілетін оқу мазмұны бөлім, тақырып, параграфтарға бөлшектеніп, өз алдына шартты дербестенген ауқымда ұсынылады. Осыдан оқушылардың жеке пəндерден алатын білім, ептілік, дағдылары жай қалыптасады. Оқу проблемасының ұзаққа созылып өтілуінен, оқушылардың сабаққа болған қызығушылығы кемиді. Бір дəрістің екіншісінен алшақты болуынан бір сабақта қабылданған ақпарат келесіге дейін көбіне ұмытылады.

Пəндердің тұрақты ауысып баруынан оқушы олардың бірде-біріне тереңдеп ене алмайды. Бір пəннен екіншісіне өтуде бала қиыншылық көреді, көп уақыт сарп етеді, ендігі сабақ өткендегіні көлеңкелейді, сонымен əр өткен сабақ өз құндылықтарын жойып барады. Əр дəріс оқушы үшін – жаңа жүктеме, мұғалімдердің жаңа талаптары, жаңа мазмұнды материал, жаңа көңіл-күй ықпалдары, т.с.с. осылардың баршасына сəйкес бала икемделіп, оқу іс-əрекеттерін орындауы шарт. Ал бұл енді қалыптасып жатқан жас буынға оңай шаруа емес.

Шомдыру оқуында сабақтар топқа (блокқа) келтіріледі, бір күнге не аптаға межеленіп, қатар өтілетін пəндер саны кемітіледі. Мұндай технология оқу- оқыту процесін адам қабылдауының табиғи психологиялық ерекшеліктеріне жақындастыра түседі. Сабақта игерілген материалды ұмытудың алдын алу үшін оны бекіту жұмыстары сол күні жүргізілуі тиіс, яғни қандай да уақыт аралығында оқушы басқаларына алаңдамай, тек сол пəнмен ғана шұғылданып, толық шомуы қажет.

Қашықтан оқу технологиясы – бұл осы заманғы телебайланыс, электронды почта, теледидар жəне интернет жəрдемімен оқу мекемесіне қатыспай-ақ білімдену қызметтерін пайдалану. Қашықтан оқу қандай да себептермен білім иеленуге қол жеткізе алмай жүргендердің бəріне бірдей үйде отырып оқу мүмкіндіктерін ашады (əсіресе мүгедектерге, зағиптар мен есітуден қалғандарға, т.с.с.).

Оқу технологияларының басқа да түрлері баршылық: əр деңгейлі оқу, толық меңгеру, ұжымдық ықпалдаса оқу, икемдесе оқу, жобалап оқу, авторлық оқу технологиясы (мысалы, В.Ф.Шаталов технологиясы) жəне т.б.

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Оқу технологиясы деген не?

2. «Оқу əдістемесі» жəне «оқу технологиясы» түсініктерінің айырмашылығы неде?

3. Модульді оқу технологиясының мəні мен сипаты қандай?

4. Проблемді оқу технологиясының мағынасын ашып беріңіз.

5. Оқудың қандай авторлық технологияларын білесіз?

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *