Айнұр Темірова
№25 қазақ қыздар гимназиясының
Бастауыш сынып мұғалімі
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы
Мұғалім: Қайырлы күн, құрметті ата-аналар, ұстаздар! Ана тілінің ғажайып, әрі шынайы әлеміне бүлдіршіндерді дәл жетелейтін, өз тілін оқып-үйренуге, оқи алсам деген ұмтылысқа шақыратын — Әліппе оқулығы. Сүйікті әліппенің арқасында сауатты адам қатарына ендік. Екі тоқсан бойы оқыған әліппемен қоштасатын сәт те келіп қалды. Алдарыңызда 1”б” сынып оқушылары әліппеден алған білімдерін көрсетіп, өнерлерін ортаға салмақшы.
( әуенмен, қолдарына шар ұстап оқушылар кіреді.)
1- жүргізуші: Сәлеметсіздер ме, құрметті ата-аналар, ұстаздар!”Қош бол, Әліппем” атты ертеңгілікті бастауға рұқсат етіңіздер!
1 — оқушы: Өтті оқу сан сабақ,
Бүгін үлкен салтанат.
Оқулықпен достасып,
Өсті білім, сан санат.
2 — оқушы: Бүгінгі біздің қуанышымызда шек жоқ. Өйткені біз тұңғыш рет сауатымызды ашқан “Әліппені” бітірдік.
3 — оқушы: “Ана”, “шана”, “ор”, “шора”,
Тұңғыш тізген сөзіміз.
Енді міне оқып тұрмыз,
Үлкендерше-ақ өзіміз.
4 — оқушы: Бар кітапқа бас болған,
“Әліппе” ғылым ағасы,
Әліппеден басталған,
Даналықтың данасы.
Барлығы:Қайда екен біздің Әліппе?
( әуенмен Әліппе келеді. Қолында сандық )
Әліппе:Армысыңдар жас достар,
Армысың ата-аналар.
Болашаққа жол бастар,
Әліппе келді ортаға.
Менің атым әліппе,
Мені анаңдай дәріпте.
Мені оқып ержеткен,
Бауыржан да, Мәлік те.
Барлығы:Оны біз де білеміз.
Сондықтан да Әліппе.
Мәңгілік сені сүйеміз.
Әліппе:Олай болса алғашқы.
Әліппені кім жазды?
Барлығы: Ыбырай Алтынсарин.
Әліппе: Қазақ тілінде қанша әріп бар?
Барлығы: 42 әріп бар.
Әліппе: Ал әріптер қайдасыңдар, сапқа тұрыңдар!
— Дауыстылар!
— Мұндамыз!
— Дауыссыздар!
— Мұндамыз!
— Дыбыстық қасиеті жоқ әріптер!
— Мұндамыз!
( оқушылар әріптерге байланысты тақпақтарын айтады. )
А: А-дегенім ардақты,
Ақ сүт берген апамыз.
Ә: Ә-дегенім әнімнің,
Әнге айналған әуені.
С: С-дегенді ел сәбидің,
Сылдырмағы ұқпай ма?
( әр әріпке байланысты тақпақ айтады)
Барлығы: Әріптердің сыры бар,
Алфавитті біліп ал!
9-оқушы: Әліппе даңғыл жол ашты,
Жаңадан пәндер жалғасты.
Әліппе сырын ұқтырған
Рахмет ұстаз алғашқы!
Барлығы: Рахмет!
Ән. “Мұғалім ол біздің”
Әліппе: Жарайсыңдар, балалар!Қазақ халқы шешен халық.Шешендік өнер біздің халқымыздың асыл мұрасы. Ата-бабадан балаларға жеткен баға жетпес байлық, асыл қазына.Мені оқығанда оны түсінген шығарсыңдар?
(музыкамен залға екі пират кіреді )
1-пират:Естідіңбе, мына кітапта қазына, байлық бар екен!
2-пират: Тезірек алып қашайық! Іші толған алтын, ақша шығар! Бұл нағыз байлық!
(екеуі залды айналып ,Әліппені қоршап алады. Қолындағы сандығын ашады)
1-пират: Мынау не? Әріптер, суреттер?! Байлық қайда?
2-пират: Қазынаны қайда тықтың?
Әліппе( басын шайқап): Сендер ақшаны, алтынды байлық деп санайсыңдар. Ол дұрыс емес. Нағыз байлық, қазына – ол кітап, оның ішіндегі мақал-мәтелдер, нақыл, дана сөздер, ертегі, аңыздар. Егер сендер мына оқушыларды тыңдасаңдар бәрін де өздерің түсінесіңдер.
Кәне, балалар, менен қандай мақалдарды үйрендіңдер?
1 — оқушы: Оқу-инемен құдық қазғандай.
2 – оқушы: Өнерлі бала сүйкімді.
3 – оқушы: Гүл өссе- жер көркі,
Қыз өссе- ел көркі.
4 – оқушы: Ана тіліңді ұмытқаның,
Өз тіліңді құртқаның.
5 – оқушы: Ана тілің – қазынаң.
6 – оқушы: Отан – алтын бесік.
Әліппе: Жарайсыңдар. Қазақ халқы ежелден балаларын тазалыққа, кішіпейілдікке, инабаттылыққа тәрбиелеген. Ал сендер қандай ырым-тыйым сөздерді білесіңдер?
Оқушылар:Дастарқанды, тамақты баспа; Нанды жерге тастама, үстіне басқа зат қойма;Үлкенннің жолын кеспе, сөзін бөлме; Әдепсіз сөз айтпа; Жаман әдетті үйренбе.
Пираттар: Балалар, біз бәрін түсіндік! Біз де кітап оқып, көп нәрсені білгіміз келеді. Сонда біз өте бай боламыз.Тезірек кітапханаға барайық! Балалар сендердің кітапханаларың қайда?(шығып кетеді )
Мұғалім: “Әліппеден” біз көп нәрсені оқып, білдік, үйрендік. Әліппемен қош айтыссақ, оның білімін жалғастыратын Ана тілі кітабын қарсы алайық!
Барлығы: Қош келдің Ана тілі!
Ана тілі: Амансыңдар ма ! Балалар енді бұдан былай мені оқып, менен білім аласыңдар. Өз ана тілдеріңді құрметтеңдер!
Оқушылар: Бар әлемде анаға,
Басымызды иеміз.
Бабалардың тілі деп,
Даламыздың үні деп,
Ана тілін, ана тілін, ана тілін сүйеміз!
Ана тілі: Рахмет, балалар.
Мұғалім: Құрметті оқушылар, ата-аналар, ұстаздар! Бүгінгі ертеңгілігімізді аяқтай келе, оқушыларға айтарым:
Озат болып оқыңдар,
Ойға білім тоқыңдар!