Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде 2023 жылдан бастап жаңа форматтағы басшылар құрамын іріктеу мен дайындауға бағытталған «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі күнге жоба аясында дайындалған 327 резервші басшылық қызметке тағайындалды.
Жоба жүзеге асырыла бастаған алғашқы жылы кадрлық резервке 207 үміткер қабылданып, оның 181-і мемлекеттік білім беру ұйымдарына басшы болып тағайындалды. Ал 2024 жылы өткен екінші кезеңде 376 педагог резервке алынды. Оның ішінде 110 педагог мектеп директоры, ал 36-сы директордың орынбасары болды.
«Оқу-ағарту министрлігі білім сапасын арттыру мақсатында бес негізгі бағытты айқындады. Әсіресе, тиімді менеджмент пен кадрлық резерв құруға басымдық берілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасымен біз «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасын іске қостық. Жарты жыл бойы олар түрлі іріктеу кезеңдерінен өтіп, өздерінің көшбасшылық, кәсібилік және басқарушылық қабілеттерін жетілдірді», — дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев.
Президенттік жастар кадр резервінің үлгісінде жасалған жоба Министрлікпен 2023 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Бастапқы кезеңінде оған барлығы 13 796 өтінім келіп түскен болатын. Оқу бағдарламасына балабақшалар, мектептер және колледждер педагогтері қатыса алады.
Кадрлық резервке іріктеу бес кезең бойынша жүргізілді: кәсібилік және басқару дағдыларын бағалауға арналған тестілеу, оқыту, еліміздің жетекші мектептерінен тағылымдамадан өту, қорытынды бағалау және республикалық комиссиямен әңгімелесу.
