Маңғыстау ауданы
Е.Айшуақұлы атындағы орта мектебі
Епенова Бақтыгүл Шонықұлқызы
Тақырыбы: Халқының қаһарман ұлы
Мақсаты: Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай жерлесіміз И.Сүйеубаев туралы мағлұматтар келтіре отырып, батырлықты, ерлікті дәріптеуге шақыру
Көрнекіліктер: “Ұлы Жеңіске-70 жыл» бейнеролигі,қанатты сөздер, Исатай туралы слайд, «Маңғыстау батырлары», «Тағзым» кітаптары
І бөлім. Кіріспе. Мұғалім сөзі
70 жыл! Бұл бір адамның тұтас өмірі. Қарт кісінің ғұмыр жасы. Соғыстың біткеніне осынша жыл. Жеңіс күні туған бала бүгінде қария атанып отыр. Жеңіс таңы атқанына, жұртшылықтың бейбіт өмірдің дәнін егіп, дәмін татқанына тура осынша уақыт.
Жан алып, жан беріскен ұрыстың қақортасында «Біздің ісіміз әділ, біз жеңеміз!» деген сеніммен майдандасты. Дұшпан оғы қарша борады. Жүрек жұтқан ерлер кеудесін қалқан қылды.
Батыр атағын алғандардың қатарында маңғыстаулық Мәди Бегенов, Жұмағали Қалдықараев, Біләл Қалиев пен жауынгерлік «Даңқ» орденінің толық иегері Кемер Оңғалбаев бар.
Ленинград қаласын қорғауға қазақстандықтар республикамызда құрылған 310-атқыштар дивизиясы мен 314-дивизиясы сапында алғашқы кезеңнен қатысты. Ленинград үшін шайқаста қазақ жауынгері Сұлтан Баймағанбетов кеудесін оққа төсеп, Александр Матросовтың ерлігін қайталап, Кеңестер Одағының батыры атанды. Жерлесіміз Қартбай Бекжанов Ленинград қорғанысында көрсеткен ерлігі үшін Ленин орденімен наградталды. Қоршауда қалғандарға рухани күш-жігер беру үшін қазақтың қарт жырауы Жамбылдың жалынды өлеңі — «Ленинградтық өренім» қала көшелеріне ұран есебінде ілінді.
Сталинград шайқасына барлығы 90 мыңға жуық қазақстандық қатысып, ерліктің тамаша үлгілерін көрсетті. Дон мен Еділ аралығында 200 тәулік бойына созылған бұл сұрапыл шайқас неміс-фашист әскерлерін талқандаудың басы болғаны тарихтан белгілі. Нұркен Әбдіров 1942 жылы 19 желтоқсанда ИЛ-2 ұшағымен жаудың Беков-Пономаревка ауданындағы (Сталинград шебінде) бекінісін жою мақсатында өрт шалған ұшағын жау техникасы шоғырланған тұсқа тастап, қаһармандықпен қаза тапты. Осындай ерлігі үшін оған Кеңестер Одағының Батыры атағы берілді.
Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова жау төбесінен жай оғын төкті. Сталинград, Солтүстік Кавказ, Кубань, Украина, Белоруссия мен Германияны фашистерден азат ету жолында жаумен 300-ден астам әуе шайқасына қатысып, жауынгерлік ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және көптеген медальмен марапатталған.
Сталинградты қорғаудағы ерлігі үшін 196-дивизия Қызыл Ту орденімен наградталды. Олар ұлттық болып құрылмаса да, іс жүзінде қазақстандықтардан құралған болатын. Оның ішінде Ленин орденінің иегері, маңғыстаулық батыр Исатай Сүйеубаев та бар еді.
Осы соғыста төрт адам Кеңес Одағының Батыры атағын екі рет иеленді. Олар – Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Иван Павлов пен Леонид Беда. Әр миллион қазаққа шаққан кезде 33 батырдан келеді. Ұлы Отан соғысында КСРО батырларының саны жағынан бірінші – орыстар, екінші орында – украиндар, үшінші орында – белорустар, төртінші орында еврейлер тұрды. Бесінші орынды қазақтар (98 КСРО Батыры) иеленді. Ұлы Отан соғысында КСРО 27 миллион адамынан айырылды. 600000-ға жуық қазақстандық майданда қаза тапты.
Желегі желбіреген жас келіншек жарынан қара қағаз алып жоқтау айтып, қатар теңімен ойнап-күле алмай, қыршын кеткен ұлының қазасына қайғырған ана аңырап зар қақсады. Сан мыңдаған солдаттың қабірі табылмай, өлі-тірісі белгісіз күйде қалды. Иә, бұның бәрі де соғыс салған өрт еді. Соғыстан жұққан дерт еді. Қидаласқан қан майдан ұрыс өткен жерлердің әр талы мен бұтасы, орманы мен көлі, тауы мен тасында әлі соғыстың азалы үні ызыңдап, қан соқта соғысты көзбен көрген кәрілер шерлі шежіресін шертеді.
«Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды!» Осы бір қанатты сөзді естігенде есіңе соғыстан оралмаған боздақтар түседі.
Сәуірбай Нұрлыбек. Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ
Сөзі: жерлес ақын Есенғали Бөкенбаевтікі.
Білеміз сұм соғыстың кезеңдерін,
Сел болып аққан қанның өздерін.
Елімді, Отанымды олжалауға,
Жау оғы жан ұшырып кезенгенін.
Көтердік сол соғыстың зардаптарын,
Қайғылы, қатерлі кез салмақтарын.
Елімнің бақыты үшін шеит болған,
Аяулы ардагерлер, саңлақтарым.
Болса да жер шарының кеңестігі
Оңай бізге келген жоқ Жеңіс күні
Жеңіс үшін аянбай қызмет етіп,
Тылда да еңбегімен тер төккені.
ІІ бөлім. Сталинград батыры Исатай
- Жасұлан Болатбек. 1913 жылы Маңғыстаудың Тиген ауылында туып, өз еркімен майданға сұранып кеткен Исатай Сүйеубаев пен оның қан майданда көрсеткен ерен ерлігі туралы маңғыстаулықтар жетік біледі. Жеңістің 70 жылдығы мерекесі қарсаңында ерлігі ауыздан-ауызға, ұрпақтан-ұрпаққа тарап, ел жадынан өшпестей орын алған қазақтың батыр ұлы туралы айтуды жөн санадық.
Қазақ халқының тағдыр-талайына тап келген қиын жылдары көпшілікпен бірге Түрікменстан жеріне тұяғы тиген көптің бірі Исатай болды. Ағамыздың бұл елге Маңғыстаудан өндіріске қолғабыс беру үшін жұмыс күші ретінде көшірілген мыңға тарта отбасының арасында жолы түседі. Мұнда одақтық деңгейде танымал Қарабұғаздағы сульфат өндірісіне жұмысқа тұрады. Кісіге есесін жібермейтін тентек мінезді, бір жағы кеудесін ешкімге бастыра бермейтін намыс иесі Исатай осы өндіріс орнында жүріп, Кавказ жігіттерінің жұдырығынан талай қазақ жігітін арашалап, қаракөз қандастарының қамқоршысына айналады. Еңбекте өте жауапты, тиянақты Исатайдың беделі жұмыстастары мен басшылық арасында тез белгілі болып, есімі елге жақсы танымал болады. Еңбекпен бірге техника тілін үйреніп, шоферлік куәлікке қол жеткізеді. 1940 жылы туған жері Маңғыстауға оралып, аудандағы жалғыз машинаның рөліне отырады. Ал соғыс басталғанда Исатайдың екі бауыры – Әкімбай мен Сырлыбай майданға аттанады.
2.Салиева Жанат.
Ел басына күн туған қысылтаяң шақта ой мен қырға шаруа қамымен шапқылап жүретін аудандағы жалғыз көліктің құлағында ойнайтын бірден-бір шофер ретінде Исатай алғашында майданға жіберілмейді. Басшысы беделін салып броньмен қалдырып отырады. Ал нағыз ердің жұмысы ел арасында машинамен «серуендеп жүру емес», қолға қару алып, ел қорғау деп ұққан Исатайдың көңілі майданда. Бірде мінезінің қиқарлығы бар Исатай үнемі жанында отыратын тікелей бастығымен келіспей қалса керек. Қолындағы жуан билігін малданып, доқ көрсеткен дөкейдің зәбіріне көнгісі келмеген Исатай машинаны оталдырып, өзі кабинадан түсіп қалып, төбеден төмен қарайғы жолмен жібере салады. Абырой болғанда көлік аударылмай, жол жиегіндегі төмпектер мен бұтаға соқтығысып, салдырлап-гүлдірлеп төбе етегіне жете тоқтайды. Көзі алақтап, кабинадан шошына түскен басшысы Исатайды сотқа беруге немесе оқ пен оттың ортасы – майданға аттандыруға шешім қабылдайды. Соңғысы Исатайдың армандап жүрген «жазасы» еді, майданға қуана-қуана аттанады. Бұл 1942 жылдың тамыз айы болатын. Орынбор қаласында үш ай дайындықтан өткен ол Оңтүстік-Батыс майданының 21-армиясы 293-ші атқыштар дивизиясы құрамына автоматшы болып жіберіледі.
Бұл, соғыс тарихынан белгілі, жаудың Сталинград қаласына қаһарын төгіп, бірақ ала алмай ызалана шабуыл жасап, қала маңын қан-қасап алаңға айналдыра кеңес әкерлерімен кескілесе айқасқан шағы-тын. Қаланы қоршаған Паулюстің әскеріне ту сыртынан соққы беру ұйғарылған аласапыран кезде Исатай қызмет ететін полк осы майданға жіберіледі де, қиян-кескі шайқастың бел ортасына кеп түседі.
3.Алшын Қуан
Әсіресе, 1942 жылдың 20 қарашасында Громки хуторының маңында алапат шайқас орын алады. Дөңгелене шеп құрып, мықты қорғанысқа көшкен жау дәл алдарында бетпе-бет келіп тұрған кеңес әскерінің күшін байқағанмен, тәжірибесінің аздығын да біліп, айылын жимай ұрыс салады. Кейін И.Сүйеубаевтың ерлігіне қатысты газетке сұхбат берген 293-дивизиядағы 1036-атқыштар полкінің бұрынғы штаб бастығы А.С.Суворовтың айтуынша, жағдайды байқаған армия басшылығы қосымша күш ретінде 5 «КВ» танкісін алдырып, алдымен танк десантшыларын ұрысқа салады. Ең мықты деген жауынгерлерді темір тонды техника үстіне отырғызады. Алғашқылардың бірі болып ауызға іліккен Исатай Сүйеубаев Есен Нұрғазиев, Петр Запрягайлов, Икрам Сұлтанов, Е.Шатыков командир танкіне отырғызылады. Бұл сәтті полктің бұрынғы командирі, Кеңес Одағының Батыры, запастағы полковник А.Дмитриев былай баяндайды: «…19 қарашада Совет Армиясының тарихи шабуылы басталды: оңтүстік Батыс және Дон майданының әскерлері ілгері жылжыды. «Катюшалардың» таңғы 8 сағат 50 минутта қолдауымен жаяу әскер атакаға көтерілді.
4.Нұран Жауынгүл
…Румындар мен көмекке келген неміс әскерлерінің қарсылығын тойтара отырып, әскерлеріміз ілгері жылжыды. Жан алып-жан беріскен сұрапыл сәтте автоматшы Исатай Сүйеубаев танктен секіріп, жаңа ғана жау оқ атқан жерді автоматтан көсіп-көсіп өтті. Сонымен қатар, танкке де бағыт сілтеді. Дискідегі оқ бітті. Бірақ жау әлі берілген жоқ. Исатай танк үстіне қайтадан секіріп шығып, люктен: «Әкел гранатаны!» деп айқайлады. Сүйеубаев жауға гранатаны үсті-үстіне лақтырып, танкты алға оздырды».
Ал армияның саяси бөлімінің бастығы Соколов 1943 жылы ақпан айында 1466, дала поштасы, 134-бөлімше мекенінен ВКП (б) Гурьев облыстық партия комитетінің хатшысына жазған хатында: «Біздің армияның бір бөлімінде Сталинград үшін, Отан үшін қазақ халқының даңқты ұлы Исатай Сүйеубаев қаһармандықпен соғысуда… Ол ешқандай тайсалмай және асқан батылдықпен жауды талқандады. Жуырда танк десанты ұрысқа қатысып, Исатай жауға қарсы автоматтан оқ жаудырып, көптеген фашистердің көзін жойды. Бір кезде патроны бітті. Ол енді жау дзотына танк люгінен алынған гранаталарды лақтырды. Бір неміс офицері ержүрек жауынгерді құрту үшін танкке жүгірді. Сүйеубаев оны да өз каскасымен ұрып өлтірді. Ұрыстың бір қызған шағында қолынан жараланды. Сонда шепті тастап кеткен жоқ. Осы соғыста ғана Сүйеубаев 150-ден астам гитлершілерді құртып, 7 дзотты тас-талқан етті» деп жазады. 1036 атқыштар полкінің бұрынғы штаб бастығы А.С.Суворов: «…Исатайдың бір өзі он кісінің орнына соғысты деген сөз ауызда жүрді. Ең алдымен жау оғынан қаймықпай, ісіңді ақылмен істеудің өзі батылдық қой. Танк үстінде қалып қоюы да батылдық пен тапқырлық тек Исатай есімімен байланысты деп білем. Ол бар мүмкіндігін пайдаланды. Қолданған қарулары – жауға деген кек, ақылды қаракет, автомат, граната, каска. Пайдалана білсе, бұлар оңтайлы қарулар екен. Мен өзім осы операцияға қатыстылығымды мақтан тұтамын. Ол жүрегі шайлықпаған қазақ халқының қаһарман ұлдарының бірі», деп еске алған екен кейін.
Каскамен өзі ұрып өлтірген жауды құтқармаққа жүгірген екінші жауды да өз қаруымен түйреп тастайды. Алайда, жанынан жарылған снарядтан ауыр жараланады. Жараланса да жығылмай, тіпті жарасын елемей, керісінше өжеттене соңына дейін шайқасқан оны майдан даласынан госпиталға алып кетеді. Исатайдың жараланған сәтіне куә болған дәрігер И.И.Рыжиков «Бұл ерліктің табиғаты айрықша бөлек болды. Ол алға дегенде тек беталды шаба бермей ақылмен, тапқырлықпен қимыл жасау керек дегенді іс жүзінде көрсетіп берді емес пе? Ол жараланған соң да ұрыс даласын тастаған жоқ. Полктің медициналық пунктіне түскен соң 319 медициналық-санитарлық батальонына жөнелтілді. Мен ол кезде полктің санитарлық дәрігері едім. Исатай шын мәніндегі батыр солдат» деген естелік қалдырған. Бір деректерде, осы ұрыста Исатайдың 19 жерінен жараланғаны айтылады.
5.Далжан Мирас
И.Сүйеубаевтың ерлігі майдан газеттеріне жазылып, жауынгерлер арасына листовкалар таратылады. Туған жеріне, ата-ана, отбасына арнайы хаттар келіп, оның ерлігін бүкіл елге таныстыру арқылы соғыста жауынгерлер мен тылдағы еңбеккерлерді Жеңіске жігерлендіре түседі. Оның ерлігі мен есімін қазақ даласынан халық ақыны, жырау Сәттіғұл Жанғабылов, майдан даласынан Л.Кацкельсон, капитан Моссович жырға қосады.
Оқ пен от тұмшалаған осы ұрыста Исатайдың біраз қарулас достары ажал құшады. Ал, жауған оқтың ортасында жауды жапырып, қанша нысанаға іліксе де бойына оқ дарымай атой салған Исатайды, қазақы тілмен айтсақ, «періштелері сақтаған». Жанында болған жолдастары немесе бүкіл майданға тараған ерлігі туралы әңгімелерді естіген замандас ардагерлер: «Автоматының оғы бітіп, танктен граната лақтырған сәтте Исатай: «Қазақ жаудан жеңілген емес! Қазақ қазір сендерге өлім әкеледі!» деп айқайлайды екен», дегенді айтады. Міне, алапат айқаста халқымыздың қайсар ұлы қалай соғысқан?! Ерлігіне сан ұлт өкілдері тәнті болып, қазақ халқының қанға біткен қайсарлығын тани түсті деуге болады.
6.Нысанбай Алтынай
Громки хуторының маңындағы болған сол шайқаста көрсеткен ерлігі үшін армия қолбасшысы генерал И.Чистяков оны Кеңес Одағының Батыры атағына лайық деп тауып, әскери кеңестің мүшесі генерал И.Крайнов, 293-дивизияның командирі генерал П.Логутиннің қол қоюымен есімін ең жоғары наградаға ұсынады. Алайда, белгісіз себептермен Исатайға ол марапат емес, Ленин ордені беріледі. Оның мәнісін сол кезді көзімен көріп, іс басында жүргендер кейін «соғыс алдында бастыққа көрсеткен қылығы кесірін тигізді. Бірнеше генералдардың жазған ұсынысы туған жеріне қарау үшін жіберілген кезде, баяғы «зәбір» көрген басшылар мақұлдамай жіберген» дегенді айтады. Сол уақытта 21-ші армияда бұл атаққа ұсынылған жалғыз И.Сүйеубаев қана болады. Мұның өзі оның көзсіз батыр екендігін дәлелдей түседі. Армия қолбасшысы генерал И.Чистяковтың қолынан Ленин орденін алған Исекең бір ай мерзімге демалысқа елге келеді, халықпен кездеседі. Қайтадан майданға аттанып, соғысты Шығыс Пруссия жерінде аяқтап, елге оралады. Бастан-аяқ өте батылдықпен соғысып, талай ерліктердің ортасында жүреді. Сарғайған газет қиындылары мен мұрағат құжаттарына көз салсақ, Исатайдың ерекшелігі – ол батылдықпен бірге оқиғаға сай әрекет ететін тапқыр, ақылмен әрі шапшаң ойлап және қимылдап үлгеретін зеректігінде. Ұрымтал тұсты қалт жібермейтін ұтқырлығында.
8.Ізтұрғанов Сабыржан
Соғыстан кеудесін сыңғырлаған орден-медальдарға толтырып, аман-есен елге оралған И.Сүйеубаев техниканың тілін жетік білетін болғандықтан, колхоз, кеңшарларда, Таушықтағы көмір өндірісінде, техника саласында қызмет етеді. Еңбекте де алдына жан салмайды, беріле жұмыстанып, қатарының алды болады. Сондықтан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы Исатай Сүйеубаевты Қызыл Тумен марапаттап, 100 сом сыйақы береді. Осы ақшаға соғыстан кейін жадап-жүдеген тұрмысын түзеп, майданнан оралмаған Әкімбай мен Сырлыбайдың қасіретін тартып жаны жабырқаған анасы Күнжанды қуантпақ болып, Астраханьнан киіз үй сатып әкелуге аттанады. Володар ауданынан бес киіз үй сатып алып, оны кемеге тиеп, ауылға бет алған шақта жанындағы кеме матростарымен келіспей қалады. Жаман ойлаған екі жігіт ашық теңізге шығысымен Исатайды теңізге лақтырмақ боп, жабыла кетеді. Екеуімен арпалыса жүріп Исатай батыр олардың біреуін өзімен бірге теңіз түбіне ала құлайды. Осылайша, 1947 жылы қыркүйек айында кешегі өткен зұлматты жылдарда елді қорғап, ерлігі Кеңес Одағы шеңберіне тарап, тіпті «атса оқ дарымайтын, өртесе от шарпымайтын» қазақ деген халықтың ұлы» деп есімі немістер жағының өзіне танылған айбынды ұл қапыда қаза тапты. Соғыс біткенмен, ел есін жимаған қиын кезеңде сүйегі Астрахань облысының Володар ауданына қойылады. Соңында қалған жалғыз ұлы да көп ұзамай шетінеп кетеді. Ел тәуелсіздігін алған соң, 1993 жылы жазда ағайындары мен жерлестері сүйегін Маңғыстауға әкеліп қайта жерлеп, басына белгі қойып, ас берді.
9.Жанайдарова Алуа
Сәттіғұлдың Исатайға арнауы. Қарт ақынды ерекше шабыттандырған өзі кеше ғана ақ тілеу айтып аттандырған жерлесі Исатай Сүйеубаевтың Еділдегі ерлік ісі еді. Исатай батырлығы бүкіл тыл мен майдан даласына аңыз боп тараған болатын. Қас дұшпан оғы қардай бораған қан майданның қиын сәттерінде жараланғанына қарамастан «КВ» бронды танкісімен жауға қарсы шауып, жаудың 7 дзотын құртып, 150 фашистті жайратқан Исатай ерлігі совет жауынгерлеріне ерекше рух береді. Сол кезде жерлестері батыр жауынгерді жаңа ерліктерге үндеп жігерлендіре түсті. «Исатай, туған елінің тарапынан болуға тиіс көмек күшейе береді деп сен. Біз өмір мен өлім белдескен кезеңде қызыл Армияға сүйеніш бола аламыз. Өйткені фашизмді жер бетінен жоюға керекті нәрселердің бәрі бізде бар» – деп жазды олар осы Исатай ерлігі хақында майдан газетінде («За честь Родины», 1943, І.Ү.).А.Безыменский «Біз сені мақтан етеміз, Сүйеубаев» очеркін жариялады. Сәттіғұл да Исатай ерлігіне «Ер Исатай» толғауын арнады. Ақын онда батырдың ерлік, азаматтық ісін паш етіп, ел сенімін, ана сүтін ақтаған ұлды үлгі, өнеге етеді. Қарт ақын бір жырында…О заманда, бұ заманАрамның жолы болмаған,Адамның жауы фашистҚуылды біздің Волгадан, – деп азаматтық парасатты үн қатады. Кеңес ерлерінің жеңімпаздығын мақтан етеді.
ІІІ бөлім. «Есімде менің қалады»
- Ұлы Отан соғысына қатысқан Маңғыстаулық бес батырды білесің бе?
Жұмағали Қалдығараев, Мәди Бегенов, Біләл Қалиев, Кемер Оңғалбаев, Исатай Шахатұлы Сүйеубаев
2.Маңғыстау облысынан Ұлы Отан соғысына неше адам аттанды?
Алты мыңнан астам
3.Ауылдас ардагер аталарымыз
Молдабек Таңбаев Хамит Олжабаев
4.Исатайдың анасының аты
Күнжан
5.Исатай неше жасында өмірден өтті? 34 жасында
ІҮ бөлім. Өлең шумақтарын жалғастыр
Оқушылар өз таланттарына қарай өлең шумақтарын жалғастыру керек.
№1
Сан жылдар өтіп жатыр сағымданып,,
———-
Боздақтар аунап түсіп жатыр бүгін.
———
№2
Болса да жер шарының кеңістігі
———
Жеңіс үшін аянбай қызмет етіп
———
Ү бөлім. Ұлы Жеңіс туралы оқушылар шығармашылығы
Зинелғабиденқызы Әйгерім «Аталар ерлігі ұмытылмайды»
Нысанбай Алтынай «Тыл еңбеккері Жібек анам»
Хор. «Соғыстан қайтқан солдаттар» әні
Қорытындылау