Алматы облысы
Райымбек ауданы
Жалаулы ауылы
Педагог — ұйымдастырушы
Бектурған Айнур Бақытжанқызы
Тіл – достықтың дәнекері
/танымдық сайыс/
Танымдық мақсаты: Оқушыларға көп тіл білудің маңыздылығы жайлы түсінік беру;
Тәрбиелік мақсаты: Оқушыларды ана тілін жетік білуге, шешен, шебер сөйлеуге, өзге тілді құрметтеуге әрі үйренуге ұмтылыстарын арттыру;
Дамытушылық мақсаты: Оқушылардың жаһандану заманында тіл үйренуге құлшыныстарын ояту.
Әдісі: Топтар арасындағы сайыс.
Сайысты өткізу жоспары:
- Мұғалімнің кіріспе сөзі:
Армысыздар, құрметті ұстаздар және оқушылар! 22 қыркүйек Қазақстан халықтары Тілдерінің мерекесі. Тіл ұлт пен ұлтты жақындастыратын, достықтың дәнекері болатын өзгеше байланыс құралы. Адам тіл арқылы бір – бірімен қарым – қатынас жасайды. Қазіргі таңда, еліміз өз егемендігін алып, дербес мемлекет ретінде танылуда. Біздің мемлекеттігіміздің де негізгі атрибуттарының бірі – мемлекеттік тіліміз. Қазақстан көпұлтты ел. Біздің Отанымызда әр ұлт пен ұлыс өкілдері күн кешуде. Олардың әрқайсысының өз тілі бар. Бұл –қазақ тілі тек қазақ халқының тілі деген сөз емес, мемлекеттік тіл – ортақ тіліміз. Өзін Қазақстан азаматы санайтын әрбір тұрғын мемлекеттік тілді білуі шарт. Дегенмен, қазіргі таңда заман талабына сай жастар орыс және ағылшын тілдерін де жетік меңгеруге тиісті. Елбасымыз «Үштұғырлы тіл» саясатын алға қойды. Сондықтан да біздің бүгінгі сайысымыз қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өтпек. Сайыс «Таныстыру», «Сәлемдесу», «Жұмбақтар», «Ол кім?», «Бұл не?» деп аталатын бес кезеңнен тұрады. Ал енді сайысымызды бастамас бұрын, әділқазы алқаларымен таныс болайық.
1.
2.
3.
Әділқазы алқаларымен таныс болдық, әр қазының алдында бағалау парағы бар. Топтардың ұпайларын жазып отырып, қорытындысын сайыс соңында шығарады. Олай болса, сайысымызды бастайық. Сайыскерлерге сәттілік!
- Топтық сайыс
1 – кезең «Таныстыру» деп аталады. Топтар өздерінің атын, төсбелгісін таныстырып және ұрандарын айтып өтсін. Бір топта үш оқушыдан болғандықтан, шартымыз бойынша бір оқушы қазақ тілінде, екінші оқушы орыс тілінде, үшінші оқушы ағылшын тілінде таныстырады. Өзіне міндеттелген тілде таза әрі сауатты таныстыра білсе, жоғарғы ұпай бес балл қойылады. Ең төменгі ұпай бір балл.
2 – кезең «Сәлемдесу» деп аталады. Бұл кезеңде топ мүшелері қарсылас топпен әр ұлттың тілінде сәлемдесіп жарысады. Сәлемдесу сөздері қайталанбауы тиіс. Әр сәлемдесу сөзіне бір ұпайдан. Ал егер, сәлемдесу сөзі қайталанар болса, бір ұпай шегеріледі. Қай топ кідіріп қалса, сол топ жеңілген болып табылады.
3 – кезең «Жұмбақтар» деп аталады. Әр топқа жекелеген жұмбақтар жасырылады. Топ жұмбақ шешімін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде табуы тиіс. Үш тілде де тапқан жағдайда үш ұпай қойылады. Екі тілде ғана айтылса, екі ұпай. Ал тек қазақ тілінде табылса, бір ұпай беріледі. Жұмбақ шешімі табылмаса, топтар ұпайдан қағылады.
I топқа:
1.Үлкен алтын табақтан,
Әлемге нұр таратқан.
(Күн, солнце, sun)
- Доптар жатыр жемісі бар,
Қабат – қабат терісі бар.
(Қырыққабат, капуста, cabbage)
- Зәулімде тұрағы,
Тіреусіз тұрады.
(Бұлт, облако, cloud)
- Аспаннан ақ ұлпа борады,
Қырқаны сейсепке орады.
(Қар, снег, snow)
- Өртесең де ерімейді,
Не тот басып шірімейді.
Өн бойына су сіңбейді,
Ылғал тартып ірімейді.
(Тас, камень, stone)
- Ағаштардың көркемі,
Мәңгі жасыл бұтағы.
Мекен ғып тау – өлкені,
Кәусар ауа жұтады.
(Шырша, елка, fir — tree)
- Сайқымазақ қулығы бар,
Барған жерде ұрлығы бар.
(түлкі, лиса, fox)
- Сылдырдан қорқады,
Шошынып жортады.
(Қоян, заяц, hare)
II топқа:
- Күндіз білінбейді,
Түнде күлімдейді.
(Жұлдыз, звезда, star)
- Сырнайынан төгіп жыр,
Күнге сәлем беріп тұр.
(Күнбағыс, подсолнечник, sunflower)
- Келістіріп өрнегін,
Құрып қойды өрмегін.
(Кемпірқосақ, радуга, rainbow)
- Еш тесікке тұрмайды,
Ол жоқта жер құрғайды.
(Су, вода, water)
- Көктемде
Ақ гүлге оранады.
Күзде
Қолға доп боп оралады.
(Алма, яблако, apple)
- Қаймықпайды күшті аңнан,
Қорқады тек тышқаннан.
(піл, слон, elephant)
- Еріксе,
Құйрығымен ойнайды,
Зеріксе,
Ұйқыға бір тоймайды.
(Мысық, кошка, cat)
- Адамға серік,
Күзетке берік.
(Ит, собака, dog)
4 – кезең «Ол кім?» деп аталады. Сайыс шарты бойынша, әр оқушы өзіне міндеттелген тілде жасырылған тұлғалар есімін табады. Яғни, ағылшын тілін алған оқушыға ағылшынның белгілі адамдары, орыс тілін алған оқушыға орыс зиялылары, қазақ тілін алған оқушыға қазақтың танымал тұлғалары жасырылады. Бұл сайыста екі топтың бір – бір мүшесі бетпе – бет жарысады. Кім алғаш болып жауап берсе, ұпай сол оқушының тобының жазылады. Бір тұлғаға бір ұпай.
Ағылшын тілін алған қарсылас екі оқушыға:
- Англия патшайымының есімі кім? (Елизавета )
- «Мистер Бин» атты лақап есіммен танылған ағылшын актері?
(Роуэн Себеастьян Аткинсон)
- Футболдағы мансабын «Манчестер Юнайтед» клубынан бастаған, өзінің керемет айып соққысымен танылған, 2011 жылы «Ең жоғары төленетін футболшы» атанған ағылшынның атақты футболшысы?
(Дэвид Роберт Джозеф Бекхэм)
- Джек Хиггинс атты лақап есіммен танылған ағылшын жазушысы кім?
(Гарри Паттерсон)
- Джомолунгма шыңы бүгінде кімнің есімімен аталады? (Джордж Эверест)
Орыс тілін алған қарсылас екі оқушыға:
- 1869 жылы химиялық элементтердің Периодтық заңын ашқан орыс ғалымы кім? (Д. И. Менделеев)
- Көркем гимнастика тарихында тұңғыш рет екі мәрте Олимпиада чемпионы атанған және үшінші рет үш дүркін Әлем чемпионы атанған орыс гимнастшы қызы кім? (Алина Кабаева)
- Орыс әдебиетінің асқары атанған, орыс әдеби тілінің негізін қалаушы әрі орыстың ұлы ақыны? (А.С.Пушкин)
- Максим Горький атты лақап есіммен танылған орыс прозаик, драматург әрі жазушысы? (Алексей Максимович Пешков)
- «Оқы, оқы және оқы» деген қанатты сөздің авторы, орыс мемлекетінің қайраткері? (В. И. Ленин)
Қазақ тілін алған қарсылас екі оқушыға:
- «Абай жолы» роман – эпопеясының авторы, қазақтың ұлы жазушысы? (Мұхтар Омарханұлы Әуезов)
- Тәуелсіз Қазақстан тарихында зілтемір көтеруден тұңғыш рет Әлем чемпионы атанған қазақ спортшысы? (Жасұлан Қыдырбаев)
- 2014 жылы «Тюрквижн» халықаралық ән байқауында жеңімпаз атанған қазақ әншісі кім? (Жанар Дұғалова)
- Қазақтың әйгілі кескіндемешісі, график-суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі? (Әбілхан Қастеев)
- Векторлық өріс алгебрасының бөлшектенбейтін кеңеюін есептеген, ассоциативті емес алгебраның тепе-теңдіктерін тапқан қазақстандық математик? (Асқар Жұмаділдаев).
5 кезең «Бұл не?» деп аталады. Соңғы кезеңімізде қарсыластар топтар бір – біріне суретте көрсетілген жан – жануарларды іс – қимылмен салып көрсетеді. Жануарды дұрыс тапқан жағдайда, тапқан топқа, таба алмаған жағдайда, қарсылас топқа ұпай қосылады. Топ мүшелері жануардың атауын үш тілде айтуға тиіс. Дұрыс әрі үш тілде табылған жануарға үш ұпайдан беріледі. Екі тілде ғана айтса, екі ұпай, тек қазақ тілінде табылса, бір ұпайдан беріледі.
III. Қазылар алқасының қорытындысы
(Қорытынды шыққанға дейін, қатысушы сынып оқушылары үш тілде жаттаған тіл жайлы өлеңдерін оқиды).
- Қазылар алқасының төрағасы сайыс қорытындысымен таныстырып, жеңімпаздарды марапаттайды.
- Мұғалімнің қорытынды сөзі.
Бүгінгі сайысымыз осымен аяқталды.
Сөзімнің соңын Елбасымыздың ана тілі туралы айтқан мынадай көрікті ойымен аяқтағым келеді: «Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен?!». Расында да, айтылуға орамды, көркем де қастерлі тілімізді кейінгі ұрпаққа осы әсем де айшықты қалпында аманаттауымыз керек. Ана тіліміздің абыройы асқақ болсын!
Қатысушыларға белсенділік танытқаны үшін алғыс айтамын және көрермендерге алтын уақыттарын бөліп келгендері үшін ризашылық білдіремін. Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймын, қарсыластарына алдағы сайыстарда жеңіс тілеймін!
Сау – сәлеметте болыңыздар!
Бағалау парағы
Топтың аты | Таныстыру | Сәлемдесу | Жұмбақтар | Ол кім? | Бұл не? | Жалпы ұпай |
I топ | ||||||
II топ |