ТӨГІЛГЕН ТЕР, ТАТЫМСЫЗ ТАБЫС мұғалім мәртебесін көтере ала ма?
Әлемнің көптеген елдерінде мұғалім мәртебесі айтарлықтай биік. Ал, біздің еліміздегі ағартушы беделі «белден» аспайды. Мұғалім мәртебесінің қоғамда өзге маман иелерімен салыстырғанда көш соңында қалуының басты себебі не? Тарқатып көрейік.
Біріншіден, бізде мұғалімдік — өте қолжетімді мамандық. Жоғарғы оқу орнынан педагог деген бір жапырақ қағаз алсаң, сосын артыңнан қағар ағаң болса, оқытушы болып шыға келесің. Тіпті колледж тәмамдаған маман мен ЖОО бітірген маман бір ұжымда иық тірестіріп жұмыс жасай алады. Ал болашақ бағбандарына жауапкершілікпен қарайтын Францияда мұғалім мектеп директорының бұйрығымен емес, мемлекет тарапынан таңдалады.
Екіншіден, осы қолжетімділіктен туатын сауатсыздық, біліксіздік. Кейбір мұғалімдердің білімділігін, бейімін былай қойғанда адами этикадан да жұрдай. Қоғамдық орында өзін-өзі ұстауы, жүріс-тұрысы ұстаз статусына сай келмейді. Ал дамыған елдер мұғалімдік мамандығына барынша дарынды жандарды тартуға баса мән береді.
Үшіншіден, жалақының аздығы. Нарықтық қоғамда мұғалім мәртебесіне сызат түсіріп отырған да негізгі себеп жалақы жайы. Мәселен, бүгінде ұстаз деген табақтай дипломы бар жастар 5-10 тиыны артық өзге жұмыстан нәпақасын табуға мәжбүр. Тіпті кейде білім ошақтарында ер-азаматтар аз деп дабыл қағамыз. Әлбетте отбасының бар жауапкершілігін арқалар азамат қалай ғана бейнеті көп, зейнеті аз мамандыққа беттесін?
Жалақысы аз деп «зар заманның» күйін неге кеше береді? Бұқаралық ақпарат құралдары жылда ұстаздар мен дәрігерлердің айлығы артып жатқандығын ақпараттандыруда дерсіз. Сондықтан соңғы статистикаға сүйене отырып, күнұзақ мектеп қабырғасына қамалған мұғалімдердің нәпақасын назарға алсақ.
Базалық жалақы – 17697 теңге.
Жоғарыда көрсетілген негізгі жалақы мөлшері сәуір айында 10 пайызға өсті. Ал биылғы жолдауда 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап білім саласы мамандарының жалақысын 29 пайызға дейін арттыру (жоғарғы санаттағы ұстаздардың негізгі жалақы мөлшері 91494 теңгені құрайтын болады) айрықша аталынды.
Еліміздегі мұғалімдерге тағайындалған табысты таразыладық. Ал өзге елдердегі ұстаздардың жағдайы қандай деген қызығушылықпен интернет иіріміне иек арттық.
Ғаламтор деректеріне сүйенсек, АҚШ, Корея, Швейцарияда ұстаздың жылдық табысы 51 мың АҚШ долларын құрайды. Ал Германияда 1 жылда 52 мың долларға қол жеткізеді екен. Араб елдерінен ағартушылар жалақысын ең көп беретін Катар мемлекеті болып шықты. Ұстаздың жылдық табысы 80 мың долларға жетеді. Ал Біріккен Араб Әмірліктерінде мұғалімнің маңдай тері 60 мың долларға бағаланса, Кувейтте 55 мың доллар шамасында. Сауд Арабиясында 50 мың доллар көлемінде табыс табады. Сонымен қатар кейбір елдерде мұғалім, дәрігерлердің жалақысы ең жоғарғы табыс көзі саналады екен. Мысалы, Солтүстік Корея мемлекетінде ұстаздың айлық жалақысы 3-4 мың АҚШ долларына жетеді. Әлемнің көптеген елдерінде мұғалім мәртебесі айтарлықтай биік. Мәселен, Германияда мұғалімдер мемлекеттік қызметкерлер қатарына кіріп, салықтағы жеңілдіктер мен жоғары зейнетақыға ие болады. Бір ерекшелігі, Германияда мұғалім бірнеше пәнді қатар бере алу құқығына ие. Педагогикалық университеттің студенттеріне мемлекеттік мәдениет орындарына тегін, ал жекеменшік мәдени орындарға 50 пайыздық жеңілдіктер ұсынылады. Жылдық еңбекақысы 21000 долларға жететін Түркия еліндегі мұғалімнің апталық сағаты – минимум 15 сағат. 18 сағаттан асып жатса, қосымша сабақ ретінде саналып, қосымша жалақы да төленеді.
Шетелде сараланған мынадай жүйе бар. Ұстаздың сабақ беру, мектепте болу уақыты, жалпы жұмыс істейтін 3 түрлі уақыты бар. Мектепте болу мен жалпы жұмыс жасайтын уақытта оның сабаққа дайындалуы, дәптер тексеруі, емтихандарға, олимпиадаларға дайындауы, ата-аналармен жиналыс өткізуі, мектеп ішіндегі әдістемелік жиналыстарға қатысуы, оқушыға жетекшілік етуі, т.б. — барлығы есепке кіреді. Ақы төленеді. Ал бізде ше? Бізде мұғалімнің тек сабаққа кіру сағаты ғана есепке алынған. Оның сабаққа дайындалуы, үй жұмысын тексеруі, емтихан мен ҰБТ-ға дайындауы, сынып жетекшінің сыныппен бірлесе іс-шараларға дайындалуы, апталықтар мен ашық сабақтарға әзірлігі, ата-аналармен жиналыс өткізуі, үй-үйді аралап рейд жасауы, мектеп ішіндегі әдістемелік жиналыстарға қатысуы, олимпиадаға дайындауы, ғылыми-педагогикалық жұмыспен айналысуы, мұғалім портфолиясын жинақтауы, күнделікті білімін жетілдіру сынды миға салмақ салар шаруасына кеткен уақыт есепке алынбайды. Мысалы, мұғалімнің айлық дәптер тексеру еңбегіне 6636 теңге төленеді. 18 сағатқа толтыру үшін кем дегенде 4 сыныпқа сабақ беруі керек делік. Қазіргі қазақ мектептерінде бір сыныпта кем дегенде 25 баладан отыратынын есептесек, ұстаз 100 балаға білім береді екен. 100 баланың №1, №2 дәптерлерін есептесек, екі аптада 200 дәптер, төрт аптада 400 дәптерге көз майын құртады. Бұған 1 айда бір жазылатын (екі пәннен) 200 бақылау жұмысы парақшаларын қосыңыз. Енді өзіңіз саралай беріңіз. Ұстаз ізденіс жасап, жаңа бір білімді, жаңа технологияны игерудің орнына көп уақытын дәптерге телмірумен өткізеді.
Әрбір істің қағаз жүзінде есебін талап етіп, онсыз атқарылған еңбекті есепке алмайтын қағазстанның да қарекеті ұстаздың энергиясын тауысады. Тіпті мұғалімдерге берілетін бір күндік демалыс та қағаз күйбеңімен өтеді. Сонда да мемлекеттік қызметкерлер мейрам сайын алатын сыйақының ұстаздар ұшын да көрмейді.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН.
Ұрпақтың жұлдызын жағып, мәртебесін биіктететін де, тағылымын қалыптастырып, танымын кеңейтетін де ұстаз дейміз. Бірақ бейімі бар жас маман қайнаған қалада қаражаты көп жұмыс іздейді. Ал амалсызы мектептің ауласына аяңдайды. Содан сапасыз кадр деп тағы сан соғып жатқаны. Ал ауылда ұстаздықтың жөні бөлек. Оған да қолы жеткендер, араға ағайынды салып, директордың дегенін бергендер орнығады. Сондықтан мәртебелі мамандық. Мәртебе дейміз-ау езу тартып, ауылда ағартушылықтан өзге қызметтің де жоқтығын ұмытып. Және мұғалімнің айлығы ауылдық жерлерде ғана шайлығыңды ақтайды.
Ж.ӘШІРБЕК
Материал фейсбуктегі Мұғалімдер мәртебесі тобынан алынды
Фото: http://start.sampo.ru/
[bws_related_posts]