Басы » Cыныптан тыс » Қош бол, құтты әліппем!

Қош бол, құтты әліппем!

Шанкиева Гулнар

 Тақырыбы: «Қош бол, құтты әліппем
Мақсаты: Оқушылардың сауат ашу пәнін оқу барысында алған білімдерін тиянақтау;
өз өнерлерін ата — аналарына көрсету, эстетикалық талғамдарын тереңдете түсу,
өзін өзі басқаруы мен ана тілін сүйіп, қастерлеуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: тақырып жазылған плакат, шарлар, әріптер, «Әліппе», «Ана тілі» оқулықтарының макеті, тапсырмалар
Мұғалім: Құрметті ата — аналар, ұстаздар, бүгін қуанышты күн. Міне, менің кішкентай балапандарым кеше ғана құшақтары гүлге толып мектеп табалдырығын аттап, қолдарына сүйікті де, сүйкімді Әліппе кітабын алған болатын. Сол әліппемен бүгінгі күні қимастықпен қоштасқалы отыр. Сіздердің алдарыңызда осы бүлдіршіндермен бүгін біз «Қош бол, құтты әліппем!» атты ертеңгілігімізді өткізгелі отырмыз. Балаларымыздың білім шыңына басқан алғашқы қадамдары құтты болсын дей отырып, ертеңгілігімізді бастауға рұқсат етіңіздер!

2015 жылдың 1 — қыркүйегінде мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндеріміз бүгінгі күні әріп танып, оқып, жазып үйреніп, өздерінің сауатын ашқан сүйікті әліппесімен қоштасқалы отыр.
Оқу жылы жемісті
Мерейі үстем жыл болсын
Шәкірттерім білімді
Елім дейтін ұл мен қыз болсын дей отырып 1 сынып оқушыларын ортаға шақырамын.
-Әліппені бітірді балаларым,
Әліппеден нәр алған даналарым.
Өзі оқып жазатын хәлге жетті.
Құтты болсын білімі балалардың!
Сынып оқушылары қызықты да ғаламат өзгерістер сыйлаған, білім нәрімен сусындатқан, өмірде өз жолдарын табуға жол сілтеген ұстаздарына, ата — аналарына өнерлерін көрсетуге дайын. Олай болса, оқушылар, сөз кезегі өздеріңізде.
Хормен: Үлкенге де сіз,
Кішіге де сіз.
Қонақтарды құрметтеп,
Бас иеміз біз.
1. Ассалаумағалейкум, уа, халайық!
Армысыздар, аналар,
Бармысыздар, балалар,
Сөзіме құлақ салыңыз,
Бір серпіліп қалыңыз.
Әліппеге арналмақ,
Бүгінгі жыр, әніміз!
2. Көз салып қараңызшы бойымызға
Ортақ боп бүгінгі өскен ойымызға.
Хош келіпсіз, ұстаздар, ата — аналар,
Әліппемен қоштасу тойымызға.
1.Өтті оқу сан сабақ,
Бүгін үлкен салтанат.
Оқулықпен достаспақ,
Әліппемен қоштаспақ.
Екеуі бірге: Өсті білім, ойымыз,
Құтты болсын тойымыз!

Мұғалім:Балалар мына жұмбақтың шешуін табыңдаршы.
Әр білімнің бастауы
Бар ғылымның бастауы
Жас балаға нұр шашқан
Қандай кітап тіл ашқан?     Бәрі: Әліппе!
Мұғалім: Дұрыс балалар, енді ортамызға өздеріңнің сүйікті достарың Әліппені шақырайық.

Балалар:  Әліппе, әліппе, әліппе!
Әліппе сөзі: Армысыздар, жан достар!
Армысыздар, ата — ана!
Болашаққа жол бастар
Әліппе келді ортаға
Білім деген ғажаптың
Әліппесін меңгерген
Келешегі ғажаптың
Басталады сендерден.
Мұғалім: Балалар біз Әліппеге рахмет айтамыз. Рахметімізді ән шашумен жеткізейік.
Хор: Әліппе әні.
Мұғалім: Енді өлең, тақпағымыз әліппеге арналады.
1. Ыстық әрбір беттерің
Жазуыңды ұғамын
Ақыл бердің Әліппе
Ақылды сен мұғалім!
2. Әліппемен қош айтысып қаламыз,
Енді қолға басқа кітап аламыз.
Ата-ана қуанышқа ортақ бол,
Сауатты боп, шықты міне балаңыз.

  1. Үйретті бізді Әліппе
    42 — дербес әріпке
    Сөз, сөйлем құрап әріптен,
    Лайық болдық дәріпке.
    4. Оқитын әрі жазатын
    Білімге қол созатын
    Оқушы болдық сауатты
    Білімнің кенін қазатын.
    Бәрі: Іші толы әріпке,
    Мынау әйбат Әліппе
    Барлық ілім, білімнің
    Әжесі осы Әліппе.
    5. Қош бол, құтты Әліппем,
    Көп нәрсені үйреттің.
    Таныстырып әріппен
    Тақылдатып сөйлеттің.
  2. Әліппем, менің әліппем
    Сені қолға алып мен
    Есігін аштым мектептің
    Ертеңгі күнмен жарықпен.
    7. Пайдаң тиіп отанға
    Риза болсын халқымыз
    «5» болсын алар бағамыз
    Білімнен бақыт табамыз.

8.Әліппем, менің Әліппем
Сені қолға алып мен
Есігін аштым мектептің
Ертеңі сәуле жарықпен
9.Әсем ою өрнекпен,
Көмкерілген Әліппем.
Сен болмасаң білімге,
Бастайтын жолды біліп пе ем.
10.Енді жаза білеміз,
Әріпті қосып әріпке.
Риза болып саған жүреміз,
Сүйікті біздің әліппе.

Айбибі:
Алфавитің «А» тұрады басында ,
Інжумаржан:
Әрқашанда «Ә» тұрады қасында
Жұлдызай:
Байқайсың ба «Б» тұрады үшінші
Ал, осының сыры неде ?
Дильяра :
А-деген ол аналар ғой ардақты,
Ә-деген ол әкелер ғой салмақты
Б-деген ол балалар ғой әдемі
Біздің елде үшеуі де кәделі
Хормен:
Алшақ кетпей сондықтан да расында,
Тұрады олар алфавиттің басында.

Ән:
Кішкентай сиқыршы: Балалар, мен сендерге жұмбақ жасырамын. Сендер жұмбақтың шешуін дұрыс тапсаңдар, бір сөз шығады. Қанеки, мұқият тыңдаңдар.
1. Әжеде бар, атада жоқ,
Әтеште бар, көжекте жоқ. (ә) Інжумаржан
2. Мынау доға қарайық
Ұқсайды оған қай әріп? (л) Ғибрат
3. Ірімшікті жедің ғой
«Тәтті екен» дедің ғой.
Оның аты біз жазған,
Қайсы әріптеп басталған. (і) Ұлпан
4. Ата-анаңмен барып сен,
Пілді көрдің парктен.
Осы атаулар зер салшы,
Басталған қай әріптен? (п)  Жұлдызай
5 Пілде бар, шілде жоқ,
Допта бар, шарда жоқ. (п)  Айбибі
6. Ешкіде бар, қойда жоқ,
Кеседе бар, қасықта жоқ. (е)  Дильяра
Жүргізуші: Ал енді, «әліппе» сөзімен құралған әріптеріміз де сыр шертеді.
1. Әжең әнге басады,
Әтеш ұйқы ашады. (Ә)
2. Лашын биік самғайды,
Лашын көкті шарлайды. (Л)
3. Інісіне бағалы
Іңкәр ішік алғанды. (І)
4. Повладарда трактордың,
Парасат жүр бұрап кілтін. (П)
5. Партамызда отырып ,
Парақтап кітап оқыдық. (П)
6. Елге есті ер керек,
Ержет өсіп ертерек. (Е)
— Сендерге Әліппенің не үйреткенін көрейікші.
— Ал, қане балалар өнерімізді көрсетіп жіберейік
Сұрақ:
1. Қазақ тілінде неше әріп бар?
2. Неше белгі бар?
3. Қандай дыбыс дауысты да, дауыссызда болып келеді?
4. Отаныңның президенті кім?
5. ҚР астанасы қай қала?
6. Сенің кіші Отаның қалай аталады?
Жұмбақтар жасыру:
1. Жазу жазып жалықпаған,
Жаза жаза арықтаған (бор)
2. Алты қырлы,
Алтын сырлы (қарындаш)
3. Қабат — қабат қаттама,
Ақылың болса аттама. (кітап)
4. Үйреткен ілімді,
Қырық екі білімді. (Алфавит)
5. Өшірді сүртті,
Өзгені құртты,
Өзін де құртты. (Өшіргіш)

Балалар, сендер 4 ай ішінде көп нәрсені үйрендіңдер?
— Осының бәрін үйреткен кімдер?
Оқушылар (хормен):
— МЕКТЕП!
— ӘЛІППЕ!
— МҰҒАЛІМ!
— АТА — АНА!
— Әліппені меңгертуге, жазуға, санауға үйреткен ата — аналарымыздың үлесі бар. Ата — анамызға ризашылығымызды білдіреміз. (Бастарын иеді)

Әліппе: Құрметтеріңе рақмет! Жас достар мен сендермен қимай-қимай қоштасқалы тұрмын. Енді сендермен достасуға «Ана тілі» асығып келе жатыр, қарсы алыңдар.

Қане балалар ендеше Әліппені шығарып салайық.

Әліппе: Сау болыңдар, жас достар!
Хормен: «Қош бол, сүйікті Әліппе!»
Мұғалім: Балалар сендердің білімдеріңді, өнерлеріңді көріп, Әліппе сендерге риза болып кетті.
Ал енді «Ана тілі» кітабын оқитын боласыңдар. Бұл пәнді де жақсы оқиды деп сенемін.

Ана тілін шақырамыз.
Хормен: «Ана тілі, Ана тілі»  Ана тілі келеді.
Балалар: Сәлеметсіңбе, Ана тілі!
Ана тілі: Сәлеметсіңдерме, менің жас достарым. Мен сендермен танысқаныма қатты қуаныштымын. Енді сендер бұрынғыдан да көп оқисыңдар. Сонда ғана көп нәрсе үйренесіңдер.
Балалар: оқимыз, оқимыз.

1 — оқушы: Ана тілің біліп қой
Бостандығың, теңдігің
Ана тілің біліп қой
Мақтанышың елдігің.
2. Анам алғаш осы тілде
Бесік жырын жырлаған
Ұзақ түндер анам айтқан
Ертегілер тыңдағам.
3. Ана тілім менің
Әлдилеген әнім
Ана тілім-демім
Ана тілім-жаным.
Ана тілі: Рахмет сендерге, балалар. Ал, балалар, осы әліппеден сауаттарыңды ашқан кім? (Ұстаз)
4. Барша жұртқа сыйлаған
Ілім білім мұратын
Өмірдегі сыйлы адам
Бес әріптен тұратын
Жаны шуақ, мейірімді,
Ұстазды кім білмейді.     Ән: «Ұстазым»

Бәрі:Келгенде алғаш мектепке
Білмеуші едік әріп те.
Оқимыз қазір ертек те
Үйреткен оны Әліппе.
-Қазір сіздер «Кім неден күшті»ертегісін тамашалайсыздар.
Ерте — ерте ертеде
Ешкі жүні бөртеде
Қырғауыл жүні қызыл екен
Құйрық жүні ұзын екен
Мұзға барып қонған қонған екен
Жамбасы ауырып қалған екен
— Сол уақытта жасаған ием мұздан сұрапты.
Саят: Мұз — мұз, сен неден күшті болдың?

Жұлдызай: Мен күшті болсам, күн көзінен ерімес едім.
— Күн, күн сен неден күшті болдың?
Дильяра:Мен күшті болсам, бетімді бұлт басар ма еді?
— Бұлт, бұлт, сен неден күшті болдың?
Айбибі:- Мен күшті болсам, жауа — жауа, жусан басын көгертпес пе едім?
— Жусан, жусан, сен неден күшті болдың?
Ғибрат: Мен күшті болсам, қошақан жер ме еді?
— Қошақан, қошақан, сен неден күшті болдың?
Ерасыл: Мен күшті болсам. құйрығымды қасқыр тартар ма еді?
— Қасқыр, қасқыр, сен неден күшті болдың?
Ұлпан:- Мен күшті болсам, мерген атып алар ма еді?
— Мерген, мерген сен неден күшті болдың?
Мансур: Мен күшті болсам, мылтығымның бауын тышқан қияр ма еді?
— Тышқан, тышқан сен неден күшті болдың?
Дияр: Мен күшті болсам, ала жаздай жинаған азығымды құмырсқа тасып кетер ме еді?
— Құмырсқа, құмырсқа, сен неден күшті болдың?
Інжумаржан: Арқаммен алты батпан, желкеммен жеті батпан ауырды көтергендіктен күшті болдым.
Мұғалім: Балалар, бүгін біздің ортамызда ата-аналарымыз да қуанышымызға ортақтасып отыр. Құрметті ата-аналармен қызықты ойын өткізейік. Ортаға 5 ата-ана шыға қойсын. Манадан бері балалар әріптердің сырын ашуға тырысты. Ендігі кезек сіздердікі. Сіздерге Ж, Қ, А, О, Т әріптерін береміз. Мен қойған сұрақтарға тек сіздерге берілген әріптерден басталатын сөздермен жауап бересіздер.
-Балаңыздың аты кім?
-Балаңыздың досы кім?
-Балаңыз қандай?
-Балаңыз қандай тамақты жақсы көреді?
-Балаңыз бос уақытында немен айналысады?
Жүргізуші: Ойынға қатысқандарыңызға рақмет.
Әліппе: Бәрі жақсы, балалар. Енді мен сендермен қоштасайын. Алдағы уақытта жақсы оқыңдар. Ата-аналарыңды, ұстаздарыңды тыңдаңдар. Менің досым Ана тілін ренжітпеңдер, оқыңдар.
Ана тілі: Балалар әліппеге, ұстазға, ата-аналарға рақмет айтайық.
Мұғалім:  Балалар әліппемен қоштасуға аз қалды. Енді өзіміздің биіміз бен әнімізді орындап берейік.
1.Қазақ биі: «Қамажай»  2. Ән: «Жарқын жүзді ұстазым»  3.Орыс биі: «Калинка»
Мұғалім:

— Жеміске құты тола ма,
Бір — бірлеп теріп алмаса.
Әп — сәтте шыға қоя ма,
Еккен дәнің ойласаң?
Білімде сондай, қарағым,
Біртіндеп сіңер бойыңа
Ұғып ал білім боларын
Шамшырағың жолында — дегендей шәкірттерім әліппемен қоштасу тойы құтты болсын, жаңа оқулықты жандарыңа серік қылып, білім баспалдағына өрлей беріңдер!
-«Қош бол, құтты Әліппем!» атты ертеңгілігімізді аяқтай келе ата-аналардың тілегін тыңдаймыз.

— Көңілді күн биі. Барлығы бірге билейді.
Біздің қадірлі қонағымыз болғандарыңыз үшін көп — көп рахмет.

[bws_related_posts]

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *