Басы » Tәрбие сағаттары » Наурыз — ұлыстың ұлы күні

Наурыз — ұлыстың ұлы күні

Наурыз — ұлыстың ұлы күні

Екібастұз қаласы

№ 25 қазақ қыздар гимназиясы

Математика пәнінің мұғалімі

Жаңбарыбаева Әсем Жастілекқызы

Мақсаты. Оқушыларға қазақтың салт-дәстүрі, ойындарын, наурыз нақыштарымен әрлей түсіп білімдерін кеңейту, өз жеріне, еліне деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, әсемдікке, эстетикалық талғамдарын дамыту

 

Керек құралдар:  «Наурыз нақыштары»оқушылар шығармашылығы көрмесі, шарлар, қанатты сөздер.

 

Барлық оқушылар Қонақтарды қарсы алып: Қош келдіңіздер, төрлетіңіздер

Мұғалім:

—         «Ақпан кетті араз боп наурызбен,

Наурыз жүр жоғалған бағын іздеп.

Көктем жетті көрісіп, жанын үзген,

Қыс аттанды қоштасып тағы бізбен.

Көктем жетті көл –көсір шуақ қуып,

Қыс барады қиылып, жылап тұрып,

Шатырында үйлердің Наурыз жүр,

Мұз көрпесін ақпанның лақтырып» ,- дегендей,

 

Құрметті қауым қыс кетіп, міне Көктем айы да келіп қалды. Өзімен бірге көктемгі мерекелерін де ала келді. Оның бірі халықаралық әйелдер күні – 8 Наурыз.

Арулар – аяулылар, ардақтылар,

Өмірдің жылуы боп қалмақ бұлар,

Арулар – тіршілікке күре тамыр,

Өмірді бір – біріне жалғап тұрар. – деп

сіздерді құрметті арулар мерекелеріңізбен құттықтаймыз!

 

Осыған орай  « Ал, кәнеки қыздар – ай» сайысының «Өнерлі қыз» номинациясына ие болған Мағауова Альмаура жүргізушімізді ортаға шақырайық.

Ортаға 5 б класының ару қыздарын қошеметпен ортаға шақырамыз.

 

5б класының ару қыздарына мінездеме

Аида:

Шаш үлгісін жасаған, сымбатты, сұлу қыз

Зерек болған сабаққа, ұнатамыз бәріміз.

Әлия:

Жаны ашып бәріне елпілдеген дара жан,

Көңіліңді көтерер, көзің тоймас қарасаң.

Ақмарал:

Жанына бәрін жинаған,

Үлкен, кіші сыйлаған.

 

Гүлсана:

Әр ісіне ұқыпты, әділетпен қараған,

Қылығымен қызығар қолқабысқа жараған.

Зарина  Дәуітбек:

Ақын жанды жомарт қыз, жаны жайсаң,

Қылығына мәз бола бір қарайсың.

Зарина Жимбаева:

Он қолынан өнер тамған

Тілі оның тәтті балдан.

Айзада:

Ақын қыз, сөз зергері, тілі шешен,

Әр сөзін өлеңменен өрнектеген.

Бибігүл:

Жақсы оқыған сабағын,

Суретші қыз бір дарын.

Шолпан:

Ақкөңіл, елгезек қыз елден ерек,

Құрбыларын жүретін сөзбен демеп.

Ақмарал Қабдылова:

Жаны нәзік, періштедей келбетті,

Суретші қыз, өрнекпен құрастырған кереметті.

Альмаура :

Өнерлі, биші, жас ғалым,

Жиналған бойда жас дарын.

Айжан:

Қолы ашық, сұңғақ бойлы, жадыраған,

Би билеп, өнерімен құрбыларын таң қалдырған.

Айдана:

Өзі гүлдей жайнаған

Тілі бұлбұл сайраған.

Анель:

Әрбір іске ебі бар, алғыр, биші, өнерлі,

Жаны нәзік Анельді бәрі жақсы көреді.

Дана:

«Серпантиннің» бишісі, көрерменін қаратқан,

Сұңғақ бойлы, әр ісі үлгілікке жараған.

Айнұр:

Қорғап жүрер класын, ақын Айнұр тентегім,

Жолың ақ боп өмірде, ашық болсын ертеңің.

Мадина:

Өнерлі, домбырашы, әнді сүйген,

Класы үшін жүгіріп, жаны күйген.

 

Мұғалім:

Қымбатты қонақтар, баршаларыңызды жақсылықтың лебізіндей жыл құсымен бірге келер Наурыз мейрамымен құттықтаймыз.

 

Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын.

Ұлыс береке берсін,

Пәле-жәле жерге енсін.

Ұлыс бақты болсын,

Төрт түлік ақты болсын.

Ұлы күні — ұлыстың басы болғай ырыстың!

 

Жүргізуші Альмаура:

Армысыздар, халайық!

Бармысыздар халайық!

Наурыз тойын жұп жазбай,

Жылда қарсы алайық!

 

Жүргізуші Айзада:

Мереке Наурыз жыл басы,

Наурыз тойы құтты болсын!

Дендеріңіз сау, мықты болсын!

Аман – есен болайық!

 

Жүргізуші Альмаура:

Баршамызға тілегіміз осы, халайық!

Еліміздің несібесі көп болсын!

Жауын жауып, жер бетіне көк толсын!

Даламызға бұл жаңа жыл құт болсын!

 

Залға Наурыз аруы кіріп: (Айдана)

 

Есенбісіздер, қырмызы гүлдей жайнаған берекелі елім!

Армысыздар, балалар! Тағы келдім сендерге.

Наурыз тойын тойлайтын, келіп жеттім елдерге

Наурыз айы көктемің жарқырайды көкте күн.

Сәбилерді қуантып, былтыр келіп кеткенмін.

Тіршіліктің бастауы Наурыз айы – мен болам.

Гүлге толы ұшағы құлпырады кең далам.

Жапырақтары жайқалып, бақтар жасыл түске енді.

Тізбектеліп сән түзеп, жылы жақтан құс келді.

Жүргізуші Альмаура:

 

Осыншама жақсылық

Алып келген Наурызым!

Төрлет бізге нұр беріп

Шуақ шашып ақ жүзің.

 

Осы тойға ортамызға келіп, айналаны гүлге ораған, наурыз аруы, төрлетіңіз. Біздің өнерімізді тамашалаңыз.

 

Әдеби –монтаж

Қабдылова А:

Аманбысың, армысың, халқым менің?!

Ақтарған кең даламның алтын кенін,

Мереке басы болсын берекенің,

Ардақты Наурыз тойы, салтың елім.

Әнел:

Наурыз тойын аңсап келем,

Ата – бабам жырлап келген.

Той думаның жалғассын,-  деп

Тойбастарды жолдаймын мен.

Ж.Зарина:

Көктем келді, Наурыз келді,

Жер көгерді, ел көгерді.

Дастарханын жайып дархан,

Жақсылық пен бақыт шашқан.

 

ән «Ару қыз» Медеубаева А орындауында

 

Бибігүл:

Наурыз келді тойға ұласқан,

Наурыз тойы құтты болсын!

Жер көгеріп смалға толсын!

Ырыс тасып берекелі,

Өмір сүрсін бақытты елім!

 

Жүргізуші Альмаура:

Қашан-да құт – береке орнасын деп,

Тойларда шашу шашу салты елімнің.

Уа, халайық теріп ал шашуыңды,

Қабыл қылсын халқымның ақ тілеуін!

 

Шашу шашылады (Молдахметова Әнелдің әжесі Күлшай әже)

 

 

Айнұр:

Ал, халайық тұрмайық

Әндетейік, жырлайық,

Ортамызды ашайық,

Ырыс тілеп бұл жылға!

 

Аида:

Көлде аққу көкте қаз,

Орманда бұлбұл сайраған,

Көптен күткен көктем кеп,

Құлпырды дала жайнаған.

 

«Қамажай» биі орындалады. (Қыздар тобы)

 

Жүргізуші Айзада:

Құлақтан кіріп бойды алар,

Әсем ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар

Әнді сүйсең менше сүй, — деп абай атамыз айтқандай кезекті ән мен жырға берейік.

 

Айжан:

Аса таяқ дауылпаз, сыбызғыдан,

Төгілген күй толқиды домбырадан.

Жырлайды қазағымның сырын шертіп,

Назды әуен, сиқырлы күй, сырлы саздан.

 

Тусупова Мадинаның орындауында «Балбырауын» күйін қабыл алыңыздар.

 

Әлия:

Домбырадай мұраны,

Қастерлеуге тұрады.

Сонда жатыр даламның,

Үні менен бар әні.

 

Жүргізуші Альмаура:

Көкектің айы көктемім,

Күлімдеп күмбез көкте күн,

Жайқалған жасыл жапанға

Қарашы нұрын төккенін.

Көкектің айы кербезім,

Керілген далам кең көзім.

 

 

 

Жүргізуші Айзада:

Жайлауда жазы жақындап,

Жадырап жүрмін мен өзім.

Көкектің айы, көк айым,

Көңілді күндер, көп айым.

Көгілдір жібек жамылған,

Көркіңе сенің болайын.

 

Мадина:

Наурыз келді құт болып,

Мына бізге сүт болып,

Аққа аузымыз толады,

Бар жақсылық болады.

 

Гүлсана:

Бәйшешеке гүл ашады,

Мұздар сайға қашады.

Суға толып өзен көл,

Кемерінен асады.

Тәсупова М «ана туралы ән»   

 

Жүргізуші Альмаура:

 

Ата – аналар, сіздер Наурыз тойын қалай тойлайсыздар, неден бастайсыздар соны білсек.

Мадинаның папасы Әділбек:

Наурыз күнінің бір есте қаларлық салтанаты бұл күні көрісуден басталады. Ол жай амандасу емес,  адамдар бір-бірін құттықтап қана қоймай, бір-біріне деген өкпелерін де кешірген. Қане, бәріміз құшақтасып, амандасып өкпемізді ұмытайық.

 

Бибігүлдің мамасы Күлпаш апай:

 Наурыз – қазақтың шын мағынасындағы ұлттық мейрамы. Бұл — күн мен түн теңелетін көктем мен еңбек мерекесі. Халқымыз наурызды «жыл басы», «Ұлыстың ұлы күні» деп те атайды.

 

Күлшай әже: Игі тілекпен әндете келген жарапазаншыларды қарсы алып, оларға риза болғандар құрт-ірімшік ұсынып, шапан жауып, белдеріне жібек орамал байлайтын болған.

 

Жарапазан:

Айтамыз жарапазан отбасыңа, тілейміз денсаулықты бас-басыңа

Тілесек денсаулықты бас-басыңа, амандық келер әр күн отбасыңа.

Айтамыз жарапазан ауылыңа, береке, бірлік берсін қауымыңа.

Береке, бірлік берсе қауымыңа бас имес кімдер келіп ауылыңа

Айтамыз жарапазан еліңізге, байлаңыз жақсы орамал белімізге.

Байласаң жақсы орамал белімізге кетеміз мақтай-мақтай .

Айтқанмен жарапазан тоямызба, дәстүрін халқымыздың қоямыз ба?

Дәстүрін халқымыздың біз ұмытсақ, дүниеде екі бірдей оңамыз ба?

 

Жүргізуші Айзада: Наурыз –көже туралы не айтасыздар?

 

Гүлсананың мамасы Алмагүл апай:

Наурыз –көже: Наурыз күні жеті немесе 9 түрлі тағамнан (соғымнан қалған сүр ет, сүт, құрт, бидай, май, ұн, тұз)  қазан толы көже пісіріледі.

Ашық болсын қас қабақ, таспен атқанды,

Аспен ат. Бейтаныс та, таныс та бүгінгі төрде бас қонақ.

 

Жүргізуші Альмаура:

Батаменен ел көгерер,

Жаңбырмен жер көгерер, дегендей,

Ата, өзіңізден бата күтеміз.

 

Мотай ата:

Көл жиналып тамшыдан,

Теңіз толсын қаңсыған,

Құт – береке кетпесін,

Диқан менен малшыдан.

Бақыт ашып қақпасын,

Мәңгі бақи жаппасын,

Пәле жала қазақты

Іздесе де таппасын.

Бүлдіршіндер көбейіп

Өркендей берсін жеріміз,

Батыр туған ерлермен

Көркейе түссін еліміз.   Әумин.

 

Жүргізуші Айзада: Жиналған құрметті қауым ! келесі наурызда  да төрт көз түгел, уайым-қайғысыз амандықпен кездесейік. Бас аман, бауыр бүтін болсын!

1 пікір

  1. рахмет, жақсы сабақ екен

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *