Павлодар облысы, Екібастұз қаласы,
№25 қазақ қыздар гимназиясының
бастауыш сынып мұғалімі
А. С. Елікбаева
Сабақтың тақырыбы: «Ә дыбысы мен әрпі ».
Сабақтың мақсаты:
1. Оқушыларды ә әрпінің таңбасымен таныстыру. Дыбыстық фонемалық қызметін модельдеу арқылы өтілген дыбысты қатыстырып сөз, сөйлем құрату.
2. Жеке сөздерді оқуға, біртіндеп сөзді тұтас оқуға, сөз тізбектері мен сөйлемдерді дұрыс әрі тез оқуға дағдыландыру. Мәнерлеп оқуға, түсінгендерін айтуға үйрету.
3. Қазақтың қолөнерін таныстыра отырып, оқушыларды еңбекке тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: Аралас сабақ.
Әдістемелік тәсіл: Түсіндіру, әңгімелеу, сұрақ жауап, ойын ойнату, мадақтау.
Көрнекі құралдар: суреттер, текшелер, ою- өрнектер, әріптер, үнтаспа, ұршық.
Сабақтың барысы:
1. Балаларды ұйымдастыру сәті:
— Балалар, сәлемдесу туралы мақал- мәтелдерді еске түсірейікші. «Сәлем- сөздің анасы- әдептілік белгісі ». Сәлем бергенде біз бір- бірімізге жылы жүзбен, ақ көңілмен хал- жағдайымызды сұрап, жылы сезімімізді білдіреміз. Ал, ендеше жылы шыраймен сәлемдесіп бір- бірімізге жылуымызды берейік.
1. Балалар бір- бірімен қол беріп амандасады.
2. Аталармен ер балалар «Ассалаумағалейкум » деп, оң қолын кеудесіне қойып, бас иіп барып амандасады.
3. Қыздың үлкендермен сәлемдесуі.
— Сәлеметсіз бе, ата? Есенсіз бе?- деп кеудесіне қолын қойып ізет етеді.
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру.
Екі топқа бөліну. «Ақ бота », «Қарлығаштар ».
1- сұрақ: «Ақ бота » тобына.
І дыбысы кездесетін сөздерді атаңдар (ін, ірімшік, іс, тіс, ешкі, елік ).
2- сұрақ: «Қарлығаштар » тобына.
Мына сөздерді і әрпі нешінші буында естіледі?
Желім, ешкі, етік, темір.
3- сұрақ: «Ақ бота »
Қандай әнші құстарды білесіңдер?
(бұлбұл, бозторғай ).
4- сұрақ: «Қарлығаштар »
Ең алғаш хат тануға арналған кітап, тұңғыш оқулық қалай деп аталады? (әліппе )
5- сұрақ: Сурет бойынша әңгіме.
ІІІ. Жаңа сабақ.
Үнтаспадан мына мәтінді тыңдаңдар:
Толқынның әжесі 65 жаста. Ол өте ажарлы, әрі шебер. Бүгін ол кісі немересі Ертайдың әскерге кету тойына келді. Ертайдың жанұясы ауылға киіз үй тікті. Бұл киіз үйде ауыл ақсақалдары, сыйлы қонақтар қымыз ішеді әрі тамақтанады. Ал, жастар жазғы үйде домбыра тартып, көңілді отырмақшы. Толқын киіз үйге сырмақ, текемет, кілемдерді төсеп, әжесіне көмектесті. Әр киізде ұлттық ою- өрнек бейнеленген. Толқын ою- өрнектер жайлы әжесіне сұрақтар қойды. Әжесі сұрақтарын жауапсыз қалдырған жоқ.
— Мәтін кім туралы? (Әже )
1. Оқулықтағы суретпен жұмыс. (Әліппе 85- бет)
Суреттен кімді көріп тұрсыңдар?
Әже деп кімді айтамыз?
Әжеміздің қолында не бар?
(Ұршықты көрсету, сырмақ туралы айту ).
Әже— сөзін айтып көрейікші, қандай дыбыс естіледі?
Ә— қазіргі әліпбиіндегі екінші әріп. Ауыз мол ашылып, тіл мен иектің төмен түсуінен пайда болатын жіңішке, ашық, езулік дауысты дыбыстың таңбасы. Көбінесе сөздің бірінші буынында қолданылады.
1. Ә әрпінің баспаша, жазбаша түрін көрсету.
2. Ә дыбысына берілген сөздерді оқу, беретін мағынасын ашу, түсіндіру.
Әже- әкесінің шешесі, үлкен шеше.
Әке- балалы болған ер адам.
Әлем- жер жүзі, дүние жүзі, жиһаз.
Әсем- әдемі, көрікті, көркем.
Әуе- жер үстін қоршаған көк күмбез аспан.
Әдемі- көркем, сұлу, әсем.
Сәнді- көркі келісті, әдемі.
Дәмді бабымен дайындалған тәтті жұғымды тағам.
Ән- музыкалық шығарманың әуені, сазы.
Сән- әдемі, жарасымды.
Әнші- әнді орындаушы адам.
Осы сөздердің ішінде Әке, Әже дегенді көкпен қоршап қойған. Ол сөздерді ерекше есте ұстауымыз керек.
4. Мәтінді оқу. «Әже».
5. Сергіту сәті:
Таң әлі атқан жоқ,
Маңай әлі қараңғы.
Әтеш ерте оянып,
Жан- жағына қарады.
Шынықтырып денені,
Қанаттарын қағады.
Ку- ка- ре- ку тұр- тұрлап,
Оятады баланы.
6. Оқудың түрлері:
Теріп оқу.
Буын санына байланысты оқу.
Әріп санына байланысты оқу.
Көлденеңінен оқу.
Тігінен оқу.
Тауып оқу.
Бір буынды сөздерді оқу.
Ә ә дыбысы бар баланың атын оқу.
Туыстықты білдіретін сөздерді теріп оқу.
Заттың атын білдіретін сөздерді теріп оқу.
7. «Мен әдепті баламын » әнін үнтаспадан тыңдау.
8. Дамыта оқытуға арналған тапсырмалар:
а) Сөздерді сызықшамен буынға бөліп көрсет.
Әншілер, әпкелер, бәйшешек.
ә) Сөзде неше әріп бар екенін цифрмен көрсет.
Ән , сән , әке , мәсі ,
дәрі , әріп , әскер ,
әже .
б) Жалғасын тап.
Қол- , жұм- , шә- , бай- , дә- , әй-
в) Сөздердегі дауысты дыбыстардың астын сыз.
Әлем, әсем, әдемі, әнші әтеш.
г) Сөздердегі дауыссыз дыбыстардың астын сыз.
Дәптер, тәртіп, тәулік, жәшік.
9. Сабақты қорытындылау.
«Ақ бота », «Қарлығаштар » тобының жұмысына баға беру.
Марапаттау.
10. Үйге тапсырма.
Ә әрпіне байланысты сөздерді оқу.