Эльмира Маденова
Жыл басы — Наурыз!
Мақсаты: Балаларға ұлыстың ұлы күні туралы мағлұмат беру, алаларды елін , Отанын сүюге, ұлттық салт-дәстүрін дәріптеуге тәрбиелеу, имандылық, инабаттылық, ізеттілік қасиеттерін қалыптастыру. Балалардың шығыс күнтізбесі жайлы түсініктерін жетілдіру. Шығыс күнтізбесі бойынша Жаңа жыл 22- наурыздан басталып, күн мен түннің теңесетінін түсіндіру. Наурыз мерекесінің басқа мерекелерден айырмашылығын білуге үйрету. Халқымыздың салт — дәстүрлерін сақтауға, балаларды еңбексүйгіштікке, мәдениеттілікке тәрбиелеу.
Мұғалім сөзі: — Наурыз қазақтың шын мағынасындағы ұлттық мейрамы, Наурыздың 22 – інде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп көктем келеді. Тіршілік басталады. Ол тіршілік арқауы – тамақ. Малының қыстан аман шығуы. Оның өсіп — өніп төлдеуі. Қазақ халқы үшін үлкен мейрам – жаңа жыл болып саналған. Жыл басы – Наурыз, Баба халқымыздың салтында, ойын – күлкінің көркімен сәні Жиренше, Қожанасыр, Алдаркөсе, Тазша бала болған. Міне, енді сол ауылда болып жатқан « Наурыз тойы – дәстүрлі мереке » атты тәрбие сағатын бастаймыз.
1.О, жарандар, жарандар!
Бәрің мұнда қараңдар.
Наурыз тойы басталды,
Текке қарап тұрмаңдар.
2. Әуелесін армандар.
Үміті от боп жанғандар
Бақ дарып, Қызыр қарасын,
Мерекеден қалмаңдар.
3. О, жарандар, жарандар
Тамашадан қалмаңдар.
Құс қанатты көңілмен
Жер әлемді шарлаңдар.
4. Оятып шың мен асқарды.
Ерітіп мұз Бен ақ қарды.
Нұрландырған даланы
Наурыз көктем басталды.
(Басталар алдында 4 жігіт шығып сөйлейді)
(Соңында 4-уі бірге «Наурыз мерекесі баршаңызға құт береке әкелсін»
1-жүргізуші: Ассалаумағалейкум, барша халық.
Қартқа құрмет сыйлайық жасқа шабыт
Салты солай Наурыздың
Ей, адамдар, бауырларша келіңдер бас қосалық.
2-жүргізуші Көктем сайын арда емген Анна-Күнді,
Дүбірлесін думаннан дала күллі.
Салты солай Наурыздың
Ей, адамдар, туыстарша тойлайық Жаңа жылды.
1-жүргізуші: Құрметті халайық! Наурыз мерекесіне арнаған ойын-сауық кешімізге қош келдіңіздер! Мерекелеріңіз құтты болсын!
2-жүргізуші: Наурыз ән-күй, би, достық, ынтымақ мерекесі. Бұл күні алдағы күндерге арналып ізгі ой, арман-мақсат айтылып, тілектер тіленген.
Ортаға екі бала шығады.
1-бала : Ассалаумағалейкум
Ұлыс оң болсын
Ақ мол болсын!
2-бала: Уағалейкумассалам
Ұлыс оң болсын
Пәле – жала жерге енсін!
Екі бала төс қағыстырып аман – саулық сұрасады.
2-жаршы: Күн мен түн теңелді,
Жер шуаққа кенелді.
Соны тойлар ел енді.
Наурыз тойы салтымыз,
«Көгерсін!» деп халқымыз,
Көшеге тал егеді.
Бабалардың үмітін,
Жас ұрпақтар ақтаймыз.
Қыдыр атаны шақырып,
Наурыз тойын бастаймыз.
Көрініс: күн мен түн ортаға шығады.
Күн: Сәулесі мол Күнмін,
Түн: Жұлдызы көп Түнмін
Екеуі бірігіп: Бүгін біздер бірдей боп,
Теңелеміз бүгін біз.
Түн: Ал ертең күн ұзақ.
Күн: Түн қысқарар бірақ.
Екеуі бірігіп: Ұйқы қанбай қалып,
Жүрмеңдер бірақ.
Ән: « Наурыз көктем ». (хор)
Мұғалім: Балалар, ұлы күнде сәлемдесудің де қалыптасқан дәстүрі бар екен, кәне, соны көрейік. Ортаға Сырым, Аяулым, Томирис, Жангүлді шығады.
Оқушы:
Амансыз ба, Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын,
Қайда болса, жол болсын.
Оқушы:
Ұлыс береке болсын,
Бәле – жала жерге енсін.
Оқушы:
Ұлыс бақытты болсын,
Төрт түлігің ақты болсын.
Оқушы:
Ұлыс бақты болсын,
Әр күніміз жақсы болсын,
Достығымыз берік болсын,
Бі лім — өнер серік болсын!
Оқушы:
Ау, жараңдар, келіңдер!
Той қызығын көріңдер!
Наурыз айға бас иіп,
Күнге сәлем беріңдер.
Көрініс:
Залға бірін-бірі итеріп, қалжыңдасып Қожанасыр мен Алдар көсе шығады.
Қожанасыр: Ассалаумағалейкум, халайық! Алдар көсені көрмедіңдер ме? Мені алдап кетті. Қайда жүр екен, ә? Қазір кездессін бәлем! Алдар! Алдар! Қайдасың? Менің жаңа шапанымды алдап киіп кетіпті.
Алдар көсе: Ей, Қожеке не болды, сонша айқайлап. Неге шақырдың? Өзің бердің ғой сол шапанды.
Қожанасыр: Әкел шапанымды, Бер деймін шапанымды.
Жүргізуші: Қойыңыздар ағалар не болды сіздерге! Бүгін мейрам, Ұлыстың ұлы күні. Бұл күні адамдар ренжіспейді. Ренжіскен адамдар төс қағысып татуласады.
Алдар: Кешіріңіз Қожеке, келіңіз татуласайық, ренжімеңіз.
Қожанасыр:Татулассақ татуласайық. Тойға құтты болсын айтайық.
Арайы бар даланың,
Амансың ба, жаңа күн.
Сәлем, халқым, тірегім
Сендермен бірге жүрегім,
Орындалсын ойларың,
Құтты болсын тойларың!
Алдар: Сәлем Наурыз күніміз
Мейман парқын біліңіз
Қыруар істі бастаймыз,
Қуанышты үніміз!
Қайтқан емес толайым,
Алдарыңа кеп тұрмын,
Айналайын, ағайын.
Жүргізуші: Ендеше әнші аталар
Шалқытып мерекеде ән салайық
Өнерпаз өрендерге тамсанайық.
Аружан мен Дильназдың орындауында «Тойға шашу» қабыл алыңыздар.
(кішкентай қыз ортаға шығып)
Шашу шашу шашайық
Ән думанға басайық
Наурыз келді далама
Жаңа жыл келді аулыма. (Шашу шашылады)
Аружан: Шашу шаштық болсын деп аман халқым,
Болған соң мұндай дәстүр жақсы салтым.
Шашуды тер, мол болсын деп несібелі
Келер жылға жетсек деп аман-есен.
Ата-аналардың орындауындағы ән
1-жүрг: Ұлыс күндеріңіз құтты болсын!
Келе жатыр жылымыз,
Мейрамдаймыз мұны біз.
Халқы сүйген мейрамды
Қарсы алайық Наурызды!
1 бала: Қош келіпсің Наурыз!
Арман тойы халықтың.
Қуанышы халықтың,
Құтты болсын қадамың!
2- бала: Сені тойлап қарсы алып,
Бар әлемге жар салып,
Сәлем бердік, біз сізге!
3-бала: Наурыз тойы — береке,
Наурыз тойы — жыр аңыз.
Қызып дулы мереке
Қызық думан құрамыз
Мұғалім: Наурыз айы – Шығыс күн есебі бойынша жылдың алғашқы айы. Бұл айда жылдың алғашқы айы есебінде күн мен түн теңеледі, сол себепті наурыз жыл басы саналады.
Жүргізуші: Ұлттық дәстүріміз бойынша қалада болсын, далада болсын әр ұйым, өз наурыз салтанатын көрсетіп, ойын сауықтарын жасайды. Бұл мұсылман қауымына аса маңызды қуанышты мереке. Көркем безендірілген қазақы үйлер, сәулетті ұлттық дәстүрлер көріністері, қызықты ойындар көрсетеді.
Көрініс: «Бесікке салу» (ата-аналар)
2-жүргізуші: Ал, қәнекей ағайын,
Асқақ әнге салайық,
Басы болсын бұл тойдың,
Шырқап әнге салайық.
Ән: «Наурыз-жыл басы»
1-жүргізуші: Наурыз күні той самалық айтудан басталған.
Қуандық:
Самалық, самалық
Қан тауының көк құсы
Ұйқыдан көзін ашты ма?
Қайсар:
Самалық, самалық
Самарқанның көк тасы
Жібіді ме, көрдің бе?
Асхат:
Самалық, самалық
Жаңа жыл жарылқа,
Ескі жыл есірке.
Жүргізуші: «Тұсауыңды кесейін, күрмеуіңді шешейін», — деп сәби қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген ниетпен жасалатын ғұрып, әрі ырым. Тұсау кесер көрінісін тамашалаңыздар.
Ата-аналардың орындауындағы ән
Мұғалім: Наурыз тойында ұлттық ойындар да ойналған. Қане, кімқандай ұлттық ойындар біледі? ( Қыз қуу, бәйге, көкпар, күрес, теңге алу, асық ойнау).
— Олай болса, біз де бүгін тойымызда осы ойындарды ойнап көрейікші.
- Арқан тартыс
- Көтеріспек
- Күш сынасу
- Ұшты-ұшты
1-жүргізуші: Бұл күні Самарқанның көк тасы жібиді, яғни бұл күні әр адам қателігі болса, кешірім сұрауға және ол кешірім беруге тиіс. Кешірімесе «Бұл күні Самарқанның да көк тасы жібиді, сен тастан қаттысың ба?» — деп тоқтатады екен. Сол сияқты бұл күннің әлемге жылулық әкелетін сәтін де бейнелеп айтқан.
2-жүргізуші: Наурыз келсе, құт келгені, халайық!
Есік ашып, ел боп қарсы алайық — дей келе келесі сөз кезегін оқушыларға берейік.
(Тақпақтар айту)
Батырхан: «Наурыз-жыл басы»
Түйе сеніп бойына,
Жатпа қарап, мойыма,
Қалған ұмыт жылдардан.
Талма, именіп ділмардан.
Сырым: «Ұлыстың ұлы күнінде»
«Оң болсын, — деп, — ұлысың!»
Төс түйісіп көрісер.
Көжедегі ырысын
Көпшілікпен бөлісер.
Серік: Төс түйісу дегені —
Тату болсын ел іші.
Бөліп ішу көжені —
Тоқшылықтың белгісі.
Аслан: Наурыз тойы салтымыз,
Аман босын халқымыз.
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын!
Мұғалім: Наурыз тойының өзіне тән үлкен ырым асы — Наурыз көже. Оның мәні — Жаңа жылда молшылық, мәнді де, дәмді, татымды өмір болсын деген ырымды, тілекті паш ету. Сонымен қатар наурыз мерекесіне арнап дастарханға басқа да тағам түрлері дайындалады. (ата-анаға сөз, тағамдар жайлы түсіндіреді)
Әсет: «Наурыз көже»
Ашық болсын қос қабақ,
Таспен атқанды аспен ат.
Бейтаныс та, таныс та,
Бүгін төрде бас қонақ.
Нұргүл: Арпа, бидай, тары бар,
Қатық, малта — ағы бар.
Ішілетін, жейтінің
Бұл көжеде бәрі бар.
Мирина: Ошақта көп шоқ әлі,
Астың ауыр обалы.
Астан үлкен ешкім жоқ,
Қазан аузы жоғары.
Ұлжан: «Наурыз тойы»
Күн мен түн теңелді,
Жер шуаққа кенелді,
Қуанышта ел енді.
Наурыз келді-салтымыз:
«Көгерсін!» деп халқымыз
Көшеге тал егеді.
1-жүргізуші: Шеберлерім өнер тамып қолынан,
Жаңылмаған ата-баба жолынан.
Шебер қолдар өз өнерін көрсетсін,
Біз айтайық төрелігін соңынан.
Әжелердің орындауындағы ән
Жүргізуші: Жылдың басы –Наурыз,
Жырдың басы – Наурыз.
Наурызға жыр арнап,
Әндетерміз әлі біз.
Наурыз әні Қабыл алыңыздар.
Жүргізуші: Ұлыстың ұлы күні, жаңа жылда наурыздың 21 нен 22- сіне қараған түні даланы Қызыр баба арлайды екен. Қызыр баба үйге енгенде «Жалғыз шала сәуле болмас» деп төрге шырақ жағылып қойылады.
(7 шырақ жағып 7 қыз шығады музыкамен, сахнаны айналады)
(Ортаға Қызыр ата келеді)
Қызыр ата: Ал балапандарым. Жарайсыңдар, «Атаның сөзі –ақылдың көзі» дегендей ата салтын ұмытпай, ұлыс тойын өткізіп жатқандарың өте жақсы.Көсегелерің көгерсін, ырысымыз көп болсын деп Наурыз тойына бата берейін.
(Бата беріледі)
Наурыз құтты болсын!
Дендеріміз сау, мықты болсын.
Наурыз тойы келе берсін!
Барлық халық бақытты болсын,
Еліміздің несібесі көп болсын.
Қош, сау болыңыздар, халайық!
Көріскенше күн жарық болсын!
1-жүрг:Халқымыз ежелден тұрақтылық пен бейбітшілікті, ел арасындағы татулық пен бірлікті ерекше бағалаған. Келесі жылы да басымыз Аман, жұртымыз тыныш, жайлы болсын, халайық!
2-жүрг:Жасай берсін жаңа күн!
Туа берсін жаңа нұр!
Дүр сілкінсін дала бір.
Құтты болсын Наурыз тойы,
Құтты болсын жаңа жыл!
(бірге) Көріскенше күн жарық болсын!