Ақыл-ойында ауытқуы бар балалардың эмоциялық көңіл-күйінің психологиялық ерекшеліктері
Ақыл-ойы кем оқушылардың көпшілігін ата-аналары жоқ, толық емес және әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларынан шыққан балаларды құрайды. Мұндай балалар өз отбасымен толық қарым-қатынастан айрылған. Бұл олардың жеке тұлғасының қалыптасуына жағымсыз әсер етеді. Интеллектуалдық жетіспеушілік салдарынан ақыл-ойы кем балалардың жеке тұлғасының қалыптасуы әр түрлі аспектілерінде қиын жағдайларда өтеді. Жеке тұлғаның көптеген қасиеттер жиынтығына адам белсенділігінің кез-келген көрінісіне әсер ететін эмоциясы ерекше орын алады. Ақыл-ойы кем баланың эмоциясының көрінуі оның жасына, кемістік құрылымының сапалық ерекшелігі мен тереңдігіне және оны қоршаған әлеуметтік ортаға тәуелді.
Мұндай балалар мадақтауға, қолдауға және ренжісуге әсершіл болып келеді.Олар ұнамсыз және еркелету эмоцияларын ажыратады. Бірақ өз эмоцияларын вербалды түрде көрсете алмайды. Өзінің адамдарға деген қатынасын жымиюмен, бетіне қараумен білдіреді. Мектепке дейінгі жастағы ақыл-ойы кем балалар селсоқ, сенімсіз әрекет етеді. Олардың эмоциялары әлсіз, алайда күйзелістері тұрақты, терең болып келеді. Олар айқайлауға, жүгіруге, рұқсатсыз зат алуға, шулауға, қырсығуға болмайтындын түсінбейді. Ал кейбіреулері сөйлемейді, жан-жағына үреймен қарайды, ата-аналарының, тәрбиешілерінің артына тығылады, қарым-қатынастан бас тартады.
Ақыл-ойы кем балалардың эмоциялық көңіл-күйі көбінесе ойын және еңбек іс-әрекетінде көрініс береді. Қалыпты дамыған мектепке дейінгі балалардың жетекші іс-әрекетінің түрі -ойын болып табылады, ал ақыл-есі кем мектепке дейінгі балалардың дамуында ойын қажетті орын иеленбейді. Мұндай балалар сюжеттік-рөлдік ойындарды өз беттерінше меңгере алмайды. Ересектердің көмегімен ғана ойын барысында сатушыны, сатып алушыны және т.б. рөлдерін ойнайды, алайда өз бастамасымен ойын ұйымдастыра алмайды. Жекелеген ойын іс-әрекеттерін байқатуы мүмкін, бірақ мазмұны жағынан толық емес болып келеді. Ақыл-ойы кем балаларға арналған оңалту орталықтарында танымдық іс-әрекетпен қатар негізгі іс-әрекеттің бірі — еңбек іс-әрекеті болып табылады.
Олар тапсырманың мақсатын түсінбейді. Бұл іс-әрекет үрдісінде баланың әрекет ету тәсілдері, тіпті олар анық қате болғанда да, талап ететін нәтижені алып келмейтін болғанда да өзгермейді. Ақыл-ойы кем балалардың көпшілігіне өздерінің мүмкіншіліктерін бағалай алмауы тән. Олар кез-келген тапсырманы орындауға заттарды дайындау тәсілдерінің ретін түсінбей жатып орындауға дайын тұрады. Қажетті талаптарды орындамайды. Өздерінің нәтижелеріне сыни көзқарастары жоқ, оның үстіне ересектердің бақылауын және көмегін қажет етеді.
Мұндай балаларға іс-әрекеттің «қысқа» түрткісі (мотивациясы), сондай-ақ қарым-қатынастың қарапайым, әлсіз мотивациясы тән. Қарапайым іс-әрекетті орындау барысында ынталарының тез әлсіреуі байқалады. Ақыл-ойы зақымданған балалар мінез-құлықтың жалпы қабылданған нормасын, қарым-қатынас дағдысын меңгеруде үлкен қиындыққа кездеседі. Қорыта айтқанда ақыл-ойы кем балалардың жеке тұлғалық ерекшеліктері нормаға қарағанда анағұрлым кеш байқалады, ал кейбіреулерінде мүлдем қалыптаспайды.
Қазіргі таңда еліміздегі мүмкіндігі шектеулі балалар өзінің қадір-қасиетін қамтамасыз ететін, өзіне деген сенімділігін арттырып және қоғамдық өмірге белсене араласуына жәрдемдесетін толыққанды жағдайларда лайықты өмір сүруде. Ақылы кем балаларға жан-жақты педагогикалық қолдау көрсетіп, әрбір оқушы шама-шарқына қарай білім көлемін меңгеруі қажет.
Барлық білім түрін бақылау, балаларды ынталандыру, іс-әрекет мүмкіндігін дәлелдеу, ойлау қызметін жинақтап, қорыту оның ішіндегі білім мен икемділікті жаңа жағдайға көшіру, сезіну – сөздік логикалық жүйе мен практикалық ойлау қызметінің құрамды бөлігімен ара-қатынасын анықтау, тапсырманы өз бетінше шешу, үлкендер жағынан көрсетілген көмекті қабылдау қабілетін дамыту және тұлғалық ерекшеліктерінің қалыптасуына ықпал ететін факторлардың ішіндегі маңыздысы педагогтың, мектеп психологының бағалауы болып табылады.
Айгүл Бердібекқызы ШАМШАТОВА,
Қызылорда қаласындағы ақыл-есі кем балаларға арналған интернат үйінің психологы