Басы » Cыныптан тыс » Алты бақан

Алты бақан

qadyrqanБейнеу гуманитарлық-экономикалық колледжі
Қаза тілі мен әдебиеті арнайы пәндер оқытушысы
Қадыр Толқын Сұлтанқызы
Сахна әдемі безендірілген.ортада алтыбақан құрулы тұрады.Күй ойнап тұрады.Күй әуені бәсеңдеген кезде ортаға 2 жүргізуші шығады.
1-жүргізуші :
Армысың, алқалаған қалың елім,
Бүгінің , болашағың жарқын сенің.
Құтты болсын бүгінгі амал тойы
Сыпырғын аз-кем сәтке аттың терін
2- жүргізуші:
Таласа тұрып бүгін сәріменен,
Киінген қыз-келіншек сәніменен.
Таңертең ауылымыздың жас-кәрісі
Көріскен Маңғыстаудың дәбіменен.

1-жүргізуші :
Көгереді ауылымның көсегесі
Артады әлі елімнің несібесі.
Жолдауын Елбасының орындасақ,
Сабаның толар тасып кенересі.

2-жүргізуші :
Ошақта қазынамыз асқа толып,
Ен дәулет орнар әлі басқа қонып.
Ауылымызды жұмаққа айналдырсақ,
Бәріміз бір кісідей атқа қонып.

1-жүргізуші :
Жақсы дәстүр жалғасын тауып жатыр,
Колледжде туған жер саясында.
Студенттер ойын-сауық құрып жатыр
Тербеліп алтыбақан аясында.

2-жүргізуші :
Қабыл етің , өнерімізді тарту еттік
Көрсетіп қазағымның кереметін
Әзіл айтып,ән қалқып  колледжімізде
Тербетеміз алтыбақан әткеншегін.

Күй әуені күшейтіліп, жүргізушілер кетеді.Сахнаға әуелетіп ән салған жігіттер тобы шығады.Қарсы жақтан «гәккулеткен» қыздар даусы алыстан талып естіледі.
Жеңге : Мына жігіттер біздерді күтпей-ақ «Алтыбақанды» бастап та жіберіпті ғой.
Жігіт : Тағатсыздана күткен аруларымыз дауысымызды естіп, тезірек жетсін дегенім ғой, жеңеше. Оның несі айып ?
Жеңге : «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» дегендей , қыз жүрегін баурап алар өнерің болса, осы кеште аянып қалма , сері жігіт.
Жігіт : Ұлы Абайды табынтқан Тоғжан әні,Өмірдің ғашықтарсыз бар ма сәні?

 Қайып та «Ақбөбек» деп бебеу қаққан
Қарсылық білдірсе де елдің бәрі.
-Пәлі !
-Табылған сөз !
Жеңге : «Оралыңның барында ойна да ,күл» демейтін бе еді? Бүгін бір арқаны кеңге салып, құмардан шығыңдар. Өнерлеріңе қазылық міндетін өзім алғалы келдім.Әйтпесе, үйде бала бар, ата менен ене бар дегендей. Ал, қане, кімнің қандай өнері бар ?

Жігіт ән айтады. Барлығы қостайды. Атамұратов Бауыржан.

Қыз : Ақ жібек орамалды кестеледім.
Құрбыға қатар жүрген еркеледім.
Сыйлығым болсын менің өзіңізге
Әніңізге арнаған естелігім,- деп, қыз ән аяқталған соң жігітке назды қылықпен кестелі ақ орамал ұсынады.
(қошеметтеу сөздер айтылады)
Жігіт : Ақ сезім куәсіндей ақ орамал,
Жақсы іске табылады қайда да амал.
Желпіген орамалың болар деймін
Сен жақтан хабар айтса ескен самал,-дегенде , барлығы көтермелейді.Жігіт қызды демеп, алтыбақанға отырғызады.

Жеңге : Қыздар, «Орамал тон болмағанмен, жол болады» ғой. Жігіттердің өнерінің қарымтасына біз де бір ән салсақ қайтеді?

Бәрекелді !
-Жөн айтасың !

Ортадан суырылып бір қыз ән бастайды. Ұлданай,Нұршат  ҚБ-51

Жігіт : Өнерің үстем болсын, қарындасым,
Пернеден он саусағың жаңылмасын.
Әніңді тыңдау үшін келіп тұрам
Өзіңдей тең құрбыны сағынғасын,-дейді.
(қошеметтер естіледі)

Жігіттер өзара ақылдасады. Қыздардың өнерлі екендерін мойындап, қайтсе сүріндіруге болатынын айтып жатады. Ақылдаса келе бір жігіт :

Ақылменен шешіңдерші жұмбағымды
Дәл тауып айта қойшы ойдағымды.
Жауабын тездетіңдер, әйтпегенде
Білерсің қой кезекке қойғанымды.

Жігіттер жағы күліп алады.

Қыз : Қыздар, мына жігіттер бізді сынамақ қой, сірә.Қане, кімнің қой кезекке баратынын көрсетейік.Дұрыс жұмбақтарың болса, айтып көріңдерші, қане? (қыздардың қостаған дауыстары естіледі)
Жігіт : Жұмбақ айтсам, табасың
Ақылмен шешіп аласың.
Шеше алмасаң жауабын
Менімен сайға барасың.
(күлкілер естіледі)

Қыз : Мына жігіттердің дәмесін қарашы, Сай қуалағыш жігіттің жұмбағын тыңдайық, кәнеки.

Жігіт : Жігіттердің жұмбағының қиын екенін ұмытпаңдар. Айыбын өтеуге әзірлене беріңдер.Ал айта қойшы, колледж қашан құрылды?
(Қыздар жауабын айтады)

Қыз : Енді біздің жұмбағымызды тыңдаңдар . Осы Бейнеу гуманитарлық-экономикалық колледжін бітіріп, бүгінде аудандық, облыстық тілші мұғалімдердің олимпиадасында бас жүлдені қанжығасына байлаған түлектің аты-жөніні кім айта алады ?

Жігіттер тосылып қалады.Қыздар «бол, болдың» астына алады. Ақыры таба алмаған соң жігіттер жағы айып төлейді.
Ілияс өлең оқып береді.

Жігіт : Ал, енді қыздар, біздің жұмбағымызды тыңдап қараңдаршы. Осы өзіміздің коледжімізде, өзіміздің арамызда анау-мынау емес, Қазақстан Республикасының спорт шебері жүр, кім екенін айта аласыңдар ма?

Қыздар күбірлесіп жатады.

Жігіт : Жаңылтпаш айтсам ,қарындас
Қайталап айтар табылмас.
Айыбы қымбат тұрады
Сеземін, тауым шағылмас

Қыз : Айта ғой жаңылтпашың қиын болса
Қыздардан айып алар ойың болса.
Жаяулап үй жағыңа қайтып жүрме
Көрерсің одан басқа сыйым болса.

Жігіт :
Ал, ендеше тыңдаңдар :
Ағама ат тағалаттырдым,
Жеңгеме жалын тазалаттырдым.
Апама тоқым жаңалаттырдым,
Бәрін де өзім қадағалап тұрдым.

Қыздар тұтығып айта алмай қалады. Жігіттер жағы мәз-майрам.Қыздардың асықтырғаны есіне түскендей, бұлар да асықтыра түседі. Ақыры болмаған соң, қыздар жағы айыбын төлейді.
ҚБ-51 тобының қыздарының биі.

Қыз : Енді жаңылтпаштың кезегі бізде.Ал,тыңдаңдар, мықтысынған батырлар !
Асау биемді бұйдалайын десем де, бұйдалай алмаймын.
Жігіттер жағы оп-оңай айтып шығады.

Жігіт :
Жаңылтпашқа тілдерің келмес деймін,
Өкпелеп қалып жүрме бізге кейін
Сеземін, осы жолы сүрінерсің
Олақ қыздың қолындағы кестедейін. (бәрі дуылдап күледі)

Ортаға бір жігіт шығып :
Атам берген ақ атанымды
Бұйдалайын десем де бұйдалай алмадым.

Қыздар жағы : Бұйдалай алмасаң, ноқталай сал.
Әуре боп қайтесің?-деп дуылдасып, күліп жатады.

Қыз :Қане, атанын бұйдалай алмаған шырақтың, құрт асағысы келген жігіттің жаңылтпашын жаңғақша шағып жіберелік, қыздар.

(өзара дуылдасып, орталарынан бір қызды шығарады. Қыз жаңылтпашты мүдірмей айтып шығады.Жігіттер өзара күбірлесіп қалады.)

Жігіт : Ал, қыздар, енді сендер –ақ  айтыңдар жаңылтпаштарыңды, біз де қарап қалмаспыз.

Қыз : Көп көкек
Көкектеп
Көкек кеп
Көктем келді. Ал, осыны тез-тез айтып көріңдерші.
Жігіт : Мынауың жаңылтпаш емес, жұмбақ сияқты ғой.
Қыз : Айта алмайтын болған соң, солай ғой. Мүмкін, ертегі дерсіңдер.

(жігіттер бірінен соң бірі шығып, айта алмай жатады)

Жігіт :
Жеңгеміз қысылғанда табар айла
Жақсының шуағындай көңіл қайда ?
Сұраймыз өзіңізден біздер көмек
Әкелмес бос мақтану басқа пайда

Жеңге :Бұлдану-жаманның ісі.Сондықтан мен сендерге «     » деген ойын үйретейін.Соны ойнап көріңдер.

Ойын ойналады. Қыз жеңіліп қалады. Айыбына ән айтады.Жазира мен Дина
Қошеметтер көрсетіледі.

Жігіт :
Көңілдерде жүрмесінші кірбің қалып,
Құрбылар, кел өлеңмен айтысалық.
Ақынды айтысқанда жеңіп шығып,
Кетейік қыз үкісін қалап алып.

Жігіт : Дұрыс айтасың, Кәкімбек.Қыздар, «бәйге дегеніңіз ат шығар, ат астымызда, палуан дегеніңіз сөз шығар, сөз аузымызда» демеп пе еді Мәтжан би, ендеше, қане, айтыссақ, айтысалық..Ақын жігіт Сүйінбек қайда?Қане, көрсет өнеріңді осындайда,тосылып қалма.

Жеңге  : Қыздар, жігіттер енді бізді айтысуға шақырып тұр ғой.Қайсың барсың, қанеки.

Ақын қыз :
Жігіттер, айтыспаққа біздер әзір,
Кетпейді көкейімнен жақсы мәзір.
Өнеріміз болмаса неге келдік
Ондай жанда ешқашан болмас қадір.

Жігіт :
Жүрсіз бе аман-есен, қиғаш қастар,
Қара көз, алма мойын,сүмбіл шаштар
Шығыпсыз жақсы күнді құрмет қылып
Ұлыс күн құтты болсын, замандастар

Қыз :
Кез қылып ұлы күнді құдайымыз,
Сіздерге нәсіп болды шырайымыз.
Қадірлеп құрметтейміз тауып айтар
Жігітті сөзге шешен ұдайы біз.

Жігіт :
Басы-алтын өлеңімнің, бақайы жез
Кез болдым әріптеске оңынан тез.
Іздеген сұрағанға душар болса,
Әр түрлі ойда жүрген айтылар сөз.

Қыз :
Өлеңде шабыс та бар, жарыс та бар
Бересі ,не болмаса алыс та бар.
Мереке күнде осылай бола бермес,
Бозбала, барың болса, шарықтап қал.

Жігіт :
Тұлға болу еліме басты арманым
Саралайын әр сөздің астарларын.
Келбетін танытатын ауылымның
Қозғайық, кел, ендеше жастар жайын.

Қыз :
Айтыстың шыңына біз шығайық та,
Жөнсізді тілге тиек қылайық та.
Жазып-сызу, бүлдіру ғимаратты
Айтшы сен, ер жігітке лайық па?

Жігіт :
Әр нәрсенің айырма, арасы бар,
Жігіттерге таңылған жала шығар.
«Сүйем» деп жазып жүрген ғимаратқа
Ойы шикі, өзі жас бала шығар.

Қыз :
Айыбын мойнына алмас кісі ме екен,
Кей жігіттің сөзі мәз, ісі бөтен.
Көше бойы-босаған бөтелкелер
О да болса, баланың ісі ме екен?

Жігіт :
Айып емес, құрбым-ау сынағаның,
«Бұл қалай?» деп уайым жеп , сұрағаның.
Бәрі емес, ішінара ойы тайыз
Замандастың ісі үшін ұяламын.

Қыз :
Бетке ұстайды ел қашан да тектілерін
Тыныш болсын еліміз- тек тілерім.
Есер үшін естіге ұялу да
Адамдықтың нышаны деп білемін.

Жігіт :
Мектептен колледжге тек жете ме,
Қыз бала тым ертелеу бой жете ме?
Айтшы, құрбым, қыздарға дәл өзіңдей
Ерге шығу он бесте мәртебе ме?

Қыз : Қыздар, енді біз жігіттердің сөзге шешендігін сынап көрсек қайтеді?(қыздар қостайды) Ендеше, мақал айтысуға қалайсыңдар?

Жігіт : Жарайды, қыз сынынан қашатын жігіт болатын ба еді ? «Күйеу келсе, қыз дайын» дегендей, біз қандай жарысқа да дайынбыз.

Қыз :Көзі жаманның сөзі жаман
Жігіт : Сөзі жаманның көзі жаман
Қыз : Түлкі жатарында жер талғамайды
Жігіт :Қыз кетерінде ел талғамайды
Қыз :Бай жаңа киім алса, «құтты болсын» дейді
Жігіт : Жарлы жаңа киім алса, «қайдан алдың »дейді
Қыз : Аз асты аяған астан құр қалады
Жігіт : Ұялған қыздан құр қалады
Қыз : Жақсы әйел жаман ерін хан қылады
Жігіт :Жаман әйел жақсы ерінің басын даң қылады
Жеңге  : Мына жігіттер мақал дегенде ағып тұр екен, қыздар. Жігіттердің кезегін беріңдер.

Жігіт : Қыздар, біз мақал бастау үшін алдымен қояр шартымыз бар. Егер соған көнсеңіздер,бастаймыз.Көнбесеңіздер,босқа арам тер болғымыз келмейді.
(қыздар келіскендей ыңғай білдіреді)
Мақалдан жеңілсеңдер,екі-екеуден ақсүйек іздеуге барасыңдар.(қыздар да қарсы еместерін білдіреді, жігіттер күлісіп, қостап жатады)

Жігіт : қыз ұзатылса, жат болғаны
Қыз : Тай үйретілсе, ат болғаны
Жігіт : Жігітке серуен де серуен
Қыз : Сергелдең де серуен
Жігіт :Алғаның жақсы болса, ат үстінен дүбір ет
Қыз :Алғаның жаман болса, үйге кіріп, сабыр ет
Жігіт : Диуананы ұрсаң, мазарға жүгіреді
Қыз : Саудагерді ұрсаң, базарға жүгіреді
Жігіт :Жақсыға сұқтан

Қыздар кідіреді. Жігіттер асықтыра түседі.

Жеңге : Айта алмай қалдыңдар, енді айыптарыңды өтеңдер,қыздар. «Жаманнан сақтан» емес пе оның жалғасы?

Қыз : «Еруліге қарулы» деген, терлігіне тер қатып, қыз іздеген жігіттердің өнерінен біз де қала қоймаспыз.Қане, қыздар, әуелете ән шырқап, айналаны әнге бөлейік.

Қыздар өнер көрсетеді____________________________________________________

 [bws_related_posts]

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *