Атырау қаласы №34 лингвистикалық мектеп-гимназиясының мектепалды даярлық сыныбының мұғалімі
Қорғанова Базаргүл Әндірқызы
Оқу іс – әрекеті: Тіл дамыту
Оқу іс — әрекетінің тақырыбы: Хайуанаттар бағындағы қызықтар
Оқу іс — әрекетінің мақсаты: Балаларға хайуанаттар бағы туралы түсінік беру, жабайы аңдар туралы білімдерін тиянақтау.Аңдардың кейбір ерекшеліктерін салыстыра айтуға үйрету арқылы ойлау қабілеттерін дамыту.Жан — жануарларды қорғауға, қамқор болуға, сүйіспеншілікпен қарауға тәрбиелеу.
Көрнекіліктері: аңдардың, тордың суреттері, ойыншықтар, суреттер.
Оқу іс — әрекетінің барысы:
1. Кіріспе бөлім.
а) Сабаққа дайындық ретінде балалар алдын-ала хайуанаттар бағына апарылады. Хайуанаттар бағынан алған әсерлері үйден салып келуге тапсырылған суреттерінен байқалады.
ә) Жұмбақтар шешу.
1.Қалқиып қос құлағы,
Елеңдеп қорқып тұрады.
2 .Халық «қу» деп,
Қылған күлкі
Айласы көп.
Бұл не?
Хрестоматияда берілген «Жануарлар әлемі» атты мәтінді оқып беру.
Осы мәтін арқылы әлемдегі ең үлкен жануар — көк китті таныту.
Ол теңіздегі ең ірі сүтқоректі жануарлар болып табылады.
Әлемдегі ең ұзын жануар – керік. Ол жануарлардың ішінде ең жүрегі үлкен аң. Керіктің тілі – қап-қара болады екен.
б) Сұрақ — жауап әдісі арқылы мәтіннің мазмұнын айтқызу. Балаларға жануарлар әлемі туралы теледидардан, бейнетаспалардан көруге болатындығы және көптеген кітаптар бар екені айтылады. Астана қаласындағы «Мұхит аралы», Алматы қаласындағы хайуанаттар паркінен көптеген жануарлардың түрін көруге болатындығы айтылып, олардың суреттері көрсетіледі.
2. Негізгі бөлім.
а) Хайуанаттар бағы — жабайы жануарларды қолда (торда, қоршауда) немесе жартылай қолда (табиғи мекендеу ортасына жақын көлемде қоршалған аумақ) ұстайтын ғылыми ағарту мекемесі.Онда біздің елде мекен етпейтін,теледидардан ғана көре алатын,жыртқыш,жабайы жануарларды адамдар өз көздерімен көруге мүмкіндік жасалған.Оларды хайуанаттар бағының қызметкерлері баптайды. Хайуанаттар бағындағы жануарларға кез-келген тамақты беруге тиым салынған.Өйткені олар ауырып қалуы мүмкін.
ә) Сөздік жұмысын жүргізу.
Хайуанат — жан — жануарлардың жалпы атауы.
Хайуанаттар бағы — жан — жануарларды бір араға жиып, көпшілікке көрсету шараларымен шұғылданатын мекеме.
б) Сурет бойынша әңгіме жүргізу.
Дәптердегі хайуанаттар бағы бейнеленген суретті пайдаланып, әңгіме құрастырады. Балалар көмек арқылы торда тұрған қасқыр, аю, көжек туралы әңгімелейді.
Қасқыр — ит тұқымдас жануар. Түсі — сұр. Оны жыртқыш дейді. Қасқырдың баласын бөлтірік деп атайды.
Қоян — ұзын құлақ жабайы жануар. Қоянды үйде де асырайды. Оның түсі аппақ, сұр болады. Ол — өте қорқақ аң. Қоянның баласын көжек деп атайды.
Аю — ірі денелі, икемсіз жануар. Ол — жыртқыш аң. Ақ аю, қоңыр аю, қара аю болады. Аюдың баласын қонжық деп атайды
.
Піл – жер бетіндегі ең ірі,ең мықты, төрт тізесі бар жалғыз жануар. Оның аяғы жуан,тұмсығы ұзын болады.
Сондай -, мүйізтұмсық, жолбарыс, т.б. аңдар және құстар, бауырымен жорғалаушылар (жылан, кесіртке, тасбақа, қолтырауын) туралы да қысқаша мағлұмат беріледі, суреттерін не солар туралы түсірілген фильм көрсетуге болады.
в) Қоян, аю, қасқыр сөздерін қатыстырып, бірнеше сөз тіркестерін құрастыру. Мысалы, қорқақ қоян, сұр қоян, аппақ қоян, ақ аю, қорбаңдаған аю, сұр қасқыр, т.б.
Хайуанаттар бағына орналастыр
Мақсаты: заттың көлеміне қарап, салыстыруды үйрету. Жабайы аңдар мен үй жануарлары, құстардың дене бітіміне қарап хайуанаттар бағына орналастыру, оларға қамқоршы болуға тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: хайуанаттар торлары, әртүрлі жануарлар, аңдар, құстар.
Ойын шарты: хайуанаттар бағына әкелінген аңдар мен құстарды торларға орналастыру қажет. Балалар пілді, түйені үлкен торға, қоян, тиін, т.б. кіші торға орналастыруы қажет. Бала неліктен олай орналастырғанын, яғни піл үлкен, қоян кіші, сондықтан үлкен торға пілді, қоянды кіші торға орналастырғанын айтып, олар туралы білетін жұмбақ, жаңылтпаштар айтады.
г) Жұмбақтар шешу.
1.Қорықпайды күшті аңнан,
Қорқады тек тышқаннан.
2. Ағаштан-ағашқа секірген,
Кішкентай ғана шапшаң аң.
3.Тарғыл-тарғыл тас па,
Тастан бірақ басқа
Мекені қамыста,
Бұл саған таныс па?
4.Қаңғырамын,үйім жоқ,
Ауылдардың қойы көп.
Ұрлық,зорлық кәсібім,
Танамақтанар-нәсібім.
5.Айбарлы түрі бар,
Қанжардай тісі бар,
Тұма бойында
Тасыған күші бар
Күжірейген жалды.
Білсең айт бұл аңды.
ғ) Дидактикалық ойын
«Адасқан көжекті хайуанаттар бағына жеткіз» дидактикалық ойыны. Шытырман жолдардың ішінен баққа апаратын жолды сызып көрсетеді
3. «Кім тез табады?» ойыны.
Екі баланы тақтаға шығарамыз. Плакаттағы суреттен кірпінің жолын дұрыс,тез тапқан баланы мадақтаймыз.
4. Оқу іс — әрекетін қорытындылау.
а) Сұрақ — жауап әдісі арқылы сабақта алған білімдері пысықталады.
ә) Сабақ балалардың жануарлар туралы білетін өлең — тақпақтар айтуымен аяқталады.
[bws_related_posts]