Басы » Бастауыш сыныптар » «Әліппемен қоштасу» ертеңгілігінің жүрісі

«Әліппемен қоштасу» ертеңгілігінің жүрісі

Маңғыстау облысы
Ақтау қаласы
№28 гимназия мектебі
Утеева Бибигул Нурхасиновна

«Әліппемен қоштасу» ертеңгілігінің жүрісі

 Мұғалім: Армысыздар, құрметті қонақтар, оқушылар! Шәкірттердің қолдарына тұңғыш рет ұстап, бетін ашқан оқулығы – Әліппе. Барлық ғылымның атасы, болашағымыздың негізі – әліппені бітіру тойына қош келіпсіздер дей отырып, ертеңгілігімізді бастайық.

(Ұшақтың даусы естіледі.)

Дауыс: Құрметті жолаушылар, «Әліппе» аэропортынан «1 А» ұшақ рейсіне отырғызу басталды. Сіздерге ұшақ стюардессалары Жанабердиева Жасмин мен Саурбек Сымбат  қызмет көрсетеді.  Алдымен жолқұжаттарыңызды көрсетіп, орындарыңызға жайғасу сұралады.

1 стюардесса: Құрметті жолаушылар! Біздің ұшағымызға қош келдіңіздер!

2 стюардесса: Ұшағымыздың білім кеңістігіне көтерілуіне аздаған ғана сәттер қалды. Осы сәтті қызықты да, көңілді өткізу өзімізге байланысты.  Алдымен сіздермен таныс болайық!

2 стюардесса: Қане, әріптер, шығыңдар!

Орындарыңа тұрыңдар!

Бастайық, қане айтысты,

Жібермейік намысты.


«А»: А дегенің ана ғой,

Ана деген дана ғой. (Абылайхан)

 «Ә»: Әжем әнге басады,

Әтеш ұйқы ашады. (Жұлдыз)

«Б»: Б дегенің бала ғой,

Жұмсаса апаң бара ғой. (Абдурахман)

 «Г»: Г әрпімен гүлденер,

Қызғалдақты қырат, тау. (Әсел)

«Ғ»: Ғ әрпімен бір келер,

Ғылым атты ұлы тау. (Нұрсұлтан)

«Д»: Д әрпінен басталар,

Дархан, дария, далам бар. (Альбина)

«Е»: Е-ні  ұмытпас ешқашан,

Елін сүйген жарандар. (Баязет)

«Ж»: Ж дегенің жөргегің,

Туып өскен жерлерің. (Фатима)

 «И»: И дегенің – иманың,

Адалдықтың асқары. (Айбек)

 

«К»: К дегенің – күй-дарын,

Домбыраның дастаны. (Айкөркем)

«Қ»: Қартқа қол бер,

Жасқа жол бер. (Дәурен)

 «М»: Мақтанышым ұдайы,

Маңғыстаудың мұнайы. (Асылжан)

«О»: Отан – жерім, отан – суым,

Отан қуат нәр береді.

Отан – ұран, отан – туым,

Отан мәңгі гүлденеді. (Асель)

«Р»: Р дегенің – рақым,

Мейірің мен пейілің. (Махаббат)

 «Ш»: Ш  дегенің шапағат,

Тие берсін баршаға. (Жаннат)

«Х»: Х дегенің сәлем хат,

Қуанышың қаншама. (Керимжан

 

 

1 стюардесса:

Сымбат, қарашы, сүйкімді әріптер боп экипажымызға келген  біздің жолаушыларымыз қандай әдемі!

Өсті, міне, бойларың,

Өсті ақыл-ойларың.

Қуанышқа ортақпын,

Құтты болсын тойларың.

 

2 стюардесса: Құрметті жолаушылар! Ұшуға дайындықтарыңызды тексеру үшін сіздерге қояр сұрағым бар:

Іші толы әріпке,

Білімдегі жарық не?

 

Хормен: Болашаққа жол ашар,

Ол – сүйікті Әліппе!

Ол – сүйікті Әліппе!

 

1 стюардесса: Олай болса, бәрімізге ең қымбат, «Әліппе» аэропортының бас директорын ортаға шақырайық!

Хормен: Ә-ліп-пе! Ә-ліп-пе!

«Әліппе» әнінің әуенімен ортаға «Әліппе» келеді.

1 стюардесса:

Самғамақ боп білімнің көгіне біз,

Жақсыдан артқа қалар мәңгілік із.

Білімнің белесіне жетелейтін,

Әліппеге алғыс деп бас имекпіз.

(Оқушылар бас иеді.)

Әліппе: Армысыздар, жас достар,

Армысыздар, ата-ана!

2 стюардесса: Әліппе, әріппен таныстырып, оқуды үйреткеніңіз үшін сізге біздің жолаушыларымыз дән риза! Өзіңізге арналған әнімізді қабыл алыңыз!

Ән: «Әліппе» (Сымбат, Амина, Жанат )


1 оқушы:

Әліппем, менің, Әліппем!

Сені қолға алып мен.

Есігін аштым мектептің,

Ертеңгі сәуле жарықпен.

2 оқушы:

Келгенде алғаш мектепке,

Білмеуші едік әріп те.

Оқимыз қазір ертекті,

Үйреткен оны Әліппе!

3 оқушы:

Әліппе деген алтын жол,

Апарар сені алысқа.

Жеңіл емес ауыр жол,

Тырысып бақ намыс

Хор: «Әліппе» әні

Әліппе:

Рахмет, балалар! Өнерлі, талапты екенсіздер! Дымбілмес болмай, Білгішбек болыңыздар! (Дымбілмес келеді)

 

 

 

 

Дымбілмес:

— Лә-лә-лә! Лә-лә-лә!

Мен Дымбілмес, Дымбілмес!

Тазалықты сүймеймін,

Мен ештеңе білмеймін.

— Мыналар неге жиналып тұр, а? Менің атымды атаған қайсың?

Әліппе:

Сәлеметсің бе, Дымбілмес?! Алдымен амандасқан жөн. Сенің  атыңды атаған менмін. Бүгін балалар менімен қоштасып, «Білімпаздар» ұшағымен білім кеңістігіне ұшқалы тұр.

Дымбілмес:

Не дейд? Ұшақ дей ма? Менің де ұшаққа мінгім келеді.

Әліппе:

Дымбілмес, бұл ұшаққа тек білгір, ұқыпты, әдепті балалар ғана мінеді. Ал, сен, әріп танымайсың ғой.

Дымбілмес:

Неге білмейм, білем. Мынау — доңғалақтың суреті. Ал мынау – рогатка. Мынау – есік. Бұлардың бәрін мен Әліппені оқымай-ақ білемін.

Мұғалім:

Ол не дегенің, Дымбілмес?! Бұлар – О,Ү,П әріптері. Дегенмен, балалар, Білмесбектің сөзінің жаны бар. Әрбір әріп бір нәрсеге ұқсас.

Ортаға спортсмен жолаушыларымызды шақырамыз. Олар бейнелеген әріптер бойынша сөздерді оқу Дымбілмес пен ата-аналарға жүктеледі. Ал ендеше бастайық!

(оқушылар әріптерді бейнелейді. АТА,АНА сөздері шығады.)

1 стюардесса: Ендеше, ата-аналардың ыстық лебізді тілегін естіп, батасын алайық! Ата-аналар атынан сөйлеу үшін ортаға ………………………………………….. әжесін шақырамыз.

(Ата ана сөз сөйлеп, шашу шашады.)

2 стюардесса: Бізді осы күнге жеткізіп, бірге қуанып, бірге ренжитін, әріптерді меңгеріп оқуымызға көмектескен ата-аналарымызға айтар алғысымыз шексіз!

Сіздерге шашу ретінде «Шолпы» биін ұсынамыз! Мың бұралған биші жолаушыларымыз Айкөркем мен Жұлдызды қарсы алыңыздар!

(Би биленеді)

Дымбілмес:

Әй, бәсе, балалар, сендерге ата-аналарың көмектескен екен ғой. Сендер 4 айда оқу, жазуды үйренсеңдер, мен 4 күнде-ақ үйреніп келемін. Мен кеттім, пока, чау!

(Дымбілмес кетеді де, Білгішбек келеді.)

Білгішбек:

Армысыздар, халайық?!

Бармысыздар , халайық?!

Не үйрендің, не білдік?

Қане, ортаға салайық!

Мен  Білгішбек боламын. Сендердің білімдеріңді сынап, қолымдағы қоржынды толтырып, сіздерге беріп жіберуге келдім.

Бұл қоржынға  жақсы оқушыға лайықты сипаттама сөздер салынуы керек. Ендеше, бастайық. (ортаға шарлар тастайды. Әр шар ішіндегі сөзді оқи отырып, балалар қоржынға салады )

Білімді. Тапқыр. Зерек. Зерделі. Әдепті. Сауатты. Өнерлі.

 

 

 

 

Білгішбек:

Міне, балалар, қоржындарыңды толтырдық. Енді маған арнап өз өнерлеріңізді көрсетсеңіздер қалай болады?!

1 стюардесса:

Білгішбек, жолаушыларымыздың дайындаған көрінісін тамашалаңыз.

Көрініс: « Орманшының баласы »

Білгішбек:

Балалар, мен сендерге ризамын. Қоржындарыңыз тек игі жақсы сөздер мен істерге тола берсін. Жолдарыңыз болсын! Білім әлемінің биігіне қанаттарың талмай, самғай беріңіздер! Сау болыңыздар! (Білгішбек кетеді)

Әліппе:

Балалар, 4 ай бойы өздеріңізбен бірге болдым. Мені ұқыпты ұстағандарыңызға, ерінбей оқығандарыңызға көп рахмет! Сендердің келешекте сауатты болатындарыңызға сенемін.

1 стюардесса:

Құрметті, Әліппе! Сіздің досыңыз, көрші аэропорт директоры «Ана тілі» байланысқа шығып тұр.

Әліппе:

Балалар, сендер менімен қоштасып, енді келесі аэропортқа ұшқалы отырсыздар! Ол «Ана тілі» деп аталады. Ендеше, оның сөзіне құлақ түрелік! Сәлем, Ана тілі!

Ана тілі(экраннан):

 Сәлем, Әліппе!

Сәлеметсіңдер ме, балалар!

Туған елдің тілімін,

Ақылыммен танылам.

Түсіндірер бәріне,

Ана тілі мен болам.

Менің сендерге үйретерім көп. Қазақ  тілінің қыр-сырын ұғындырамын. Ақын-жазушылармен , олардың шығармаларымен таныстырамын. Жаттығулар орындап көбірек жазатын боламыз. Сендер оған дайын деген сенімдемін. Ең бастысы, табандылық пен шыдамдылық керек.

Мен сендерді күтемін, балалар. Кездескенше!

Әліппе:

Ал, балалар, жол болсын!

5 болсын алар бағаңыз,

Білімнен бақыт табасыз.

Өнер, білім көп тоқып,

Өсе берсін санаңыз.

Сіздерге «Әліппені» оқып бітіргендерің  үшін рахмет айтып, медаль тағамын. (медаль тағылады.)

Хормен:

Қош бол, құтты Әліппе!

(Ортаға 2 стюардесса шығады.)

1 стюардесса:

— Әріптерді үйретіп,

Жақын болған кім бізге?

 

 

 

Жамандықтан жирентіп,

Ақыл берген кім бізге?

2 стюардесса:

— Әліппені оқуға,

Үйреткен әр күні.

Үйретіп санауды

Көп еңбек сіңірген.

Ол кім?

Хормен:

Ол – мұғалім апай ғой.


4 оқушы:

Үйретіп бәрімізге әліппені,

Мұғалім ғылымға жол салып берді.

Адамның ақыл-ойы, мақсаттары,

Оқудың сәулесімен жарық көрді.

5 оқушы:

Әліппе даңғыл жол ашты,

Жаңадан пәндер жалғасты.

Әліппе сырын ұқтырған,

Рахмет, ұстаз, алғашқы.


1 стюардесса:

 Келесі концерттік нөмірлер ұстазымызға және бізді шығарып салуға келген баршаңызға арналады. Қабыл алыңыздар!

«Ұстазым» әніне вальс

Хормен «Мұғалім – ол біздің» әні

Би: «Рыжий апельсин». Орындайтын Балмағанбет Асылжан.

Мұғалім:

Құрметті жолаушылар, осындай көтеріңкі көңіл күймен жолға шығамыз! Ата-аналар келгендеріңізге көп рахмет! Сау болыңыздар! Ұшағымыз ұшуға дайын. Сәт, сапар, жас бүлдіршіндер!

(Ұшақтың ұшқан дыбысы естіледі.)

Осымен ертеңгілігіміз аяқталды.

Көңіл қойып, тыңдағандарыңызға көп рахмет!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *