Бұланды ауданы
КММ «Макинск №4 орта мектебі»
Еркенова Анар Ризабекқызы
Бастауыш сынып мұғалімі
Бастауышым — балбұлағым.
Мақсаты: 1. Білімнің сара жолы бастауыштан басталатынын, бастауышта алған білімнің негіз болып қаланатынына көз жеткізу.
- Бастауыш сыныбымен, алғаш қолына қалам ұстатқан алғашқы ұстазымен қоштаса отырып, орта буында дәріс беретін ұстаздармен таныстыру,әр баланың ерекшелігін таныта отырып, сәт – сапар тілеу.
- 3. Білім берер ордасы- мектепті , ұстаздарын құрметтеп, білімге деген құштарлғын арттыру. Өз Отанынының адал ұлы мен қызы болуға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Слайд: «Шуағын төккен 4 жыл», «Бастауышым-балбұлағым» баннар, шарлар, гүлдер.(Көңілді музыка ойнап тұрады)
Ортаға ертекші шығады:
Ерте, ерте ерте ме екен, әлде мүлде келер күн бе екен, әлемде мектеп деген мықты патшалық болса керек. Оның тұрғындары сондай ақылды, білімді, өнерлі болыпты. Ол патшалыққа жамандық атаулы мүлде жоламаған екен. Ол патшалық үш хандықтан тұрады екен. Ең кіші «Балбұлақ» хандығында кішкене бүлдіршіндер өмір сүріпті. Тәп-тәтті бүлдіршіндер кез келген мейманды тәтті қылықтарымен баурап алады екен. Уақыт өте келе 10 жасқа толған «балбұлақтықтар» « Орталық» хандыққа өтеді. Ол хандықта алған білімдерін жалғап, сапалы білім мен өнерге баулитын Жоғары хандығына өтіп отырыпты. Бүгін міне, 2011 жылдың 23 мамыры да айтулы күн болып қалмақ. Дәл осы күні «Балбұлақ» хан өзінің үлкен ағасына қонаққа келген болатын.
Орталық хан: Пай, пай, қош келдің бауырым!
Балбұлақ хан: Қош көрдім, ағатай! Өзіңді сағынған екенмін. Кел төс қағыстырып амандассам деп едім.
Орталық хан: Әрине, еркем! Кел, кел. (Екеуі құшақтасып амандасады)
Балбұлақ хан: Аға, менің хандығымнан тағы бір қарлығаштарым ұшқалы отыр. Ақ батамды тілеп, сенің хандығыңа өткелі отырған бүлдіршіндерімнің жұмысымен келген едім. 2010 жылы тарыдай болып мектеп табалдырығын аттаған кішкене бүлдіршіндер бүгін міне ақыл –ойлары толысып, оң мен солын танып, жақсы мен жаманды ажырыта алатын шәкірт болды.
Орталық хан: Е, бауырым, уақыт деген сиқыршы ғой! Міне көзді ашып – жұмғанша кешегі кішкене бүлдіршіндер де есейген екен, Сенің хандығыңнан келген барлық балаларға өте разымын. Десек те, сен білесің, менің хандығыма өту оңай емес, мен хандығыма өнерлі, білімді шығармашыл балаларды қабылдаймын.
Балбұлақ хан:Аға, жылдағы дәстүрді бұзбағым жоқ! Ендеше сол балалардың өнері мен білімін көрсетер сәтте келген екен. Ал, ендеше көрелік
Көңілді әуен ойналып, ортаға сынып жетекшісі шығады.
Сынып жетекшісі: Құрметті ата-аналар, оқушылар, ұстаздар! Бүгінгі күн барлығымыз үшін ерекше күн! Бұл күннің ерекшелігі сол, осыдан 4 жыл бұрын мектеп табалдырығын аттаған балаларыңыз ақыл-ойы толысып, оң мен солын айырып, жаман мен жақсыныны ажырата білуді үйреніп, ең қызық шағы бастауышпен қоштасқалы тұр. Ендеше осы қуанышты да, қайталанбас күндеріңізбен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер!
Толқимыз , толқып тұрсыз баршаңыз да
Мұндай күй болған сірә баршаңызда
Қол соғып, қошеметтеп шақырайық
4а – сынып оқушыларын ортамызға!
Музыка әуенімен бастауыш сынып түлектері ортаға келеді.
Дияр:
Армысыздар, мұғалімдер әз жандар,
Білім іздеп инемен құдық қазғандар
Сан ұрпақты тәрбиелеп оқытқан
Өмір деген үлкен жолда тарландар
Бүгін, міне қоштасады бастауышпен балбұлақ
Әніменен жырына, тарландарым сан құлақ.
Кеше сәби, бүгін, міне жас ұлан
Лаулап жансын болашағың шамшырақ
Даниял:
Қош келіпсіз, ақ жаулықты аналар,
Жүздеріңнен мейірім мен нұр тамар.
Алдарыңда жауқазындай құлпырған
Біз алаңсыз балғын шақты балалар.
Қош келіпсіз, өр тұлғалы әкелер,
Қыран құстай болашағын мәпелер
Бүгін, міне бастауышпен қоштасады
Азамат боп, кешегі сәби – еркелер.
З.Аружан:
Көз салып қараңызшы бойымызға
Ортақ боп бүгінгі өскен бойымызға.
Қош келіпсіз мейірбан ұстаздарым,
Бастауышпен қоштасу тойымызға.
Бүгін міне, қоштасады бастауышпен балбұлақ,
Әніменен, жырына тарландарым сал құлақ.
Лаулап жансын болашағың шамшырақ,
Қош келіпсіз, құрметті қонақтар!
Ж.Дидир:
Шаттанамын мен бүгін шаттанамын.
Ғылым сырын түсіндім мақтанамын.
Осы сырды үйреткен 4а сыныбым.
Түстей болып міне бүгін артта қалдым.
Өмірге жолды бір өзіңнен бастадым
Алфавитті алғаш сенен жаттадым
Ұстаз – ана естен кетпес мәңгілік
Мейіріммен жауырынымнан қаққаның.
Қуандық:
Есімде ұстазым алғаш қарсы алғаны
Айқара есік ашып тастағаны
Бір мереке думан болып осы маңда
Жетелеп бір сыныпқа алып барғаны
Енді міне, сағымдай боп өте шықты.
4 жыл уақыт аз ба екен кім біліпті
Ұстаз ана жасады мына біздеп
Ел таңғалар азамат бір-бір мықты.
Нәзгүл:
Байсалды мінезіңмен бірқалыпты
Меніңде көкейімде із қалыпты
Ұстаттың қағаз, қалам қолыма өзің
Ерінбей үйреттіңдер әр әріпті
Қоссаңдар бірді екіге үш болады.
Деуші едің біліммен күш толады.
Алғыр бол, әдепті бол, сабырлы бол,
Ақылмен іс істесең іс болады.
Бақтияр:
Біз барамыз артқа тастап 4 жылды,
Ұмытпаймыз ұстаздарды жаны ізгі.
Пана болған дара болған біз үшін
Жанымыздан артық көреміз біз сізді.
Беруші ең бізге айтып өлең, тақпақ
Таласып алушы едік біздер жаттап.
Өзіңіз баға қойған күнделікті.
Жоғалтпай өмір бойы жүрем сақтап.
Бекжан:
Қолыма алғаш қалам ұстатқызған
Апайым әрқашанда қымбат маған
Сабырлы да, салмақты қалпы менен
Қажымай үйретуден бір танбаған
Көреміз көзіңізден мейірімді.
Сеземіз анамыздың алақанын.
Қыран ана секілді күтіп баптап
Ұшырған ұясынан балапанын.
Айымай:
Күтеміз ықыласпен әр сабағын.
Оқимыз жіберместен бір парағын.
Барынша игеруге тырысамыз.
Осы деп бұл заманның зор талабын
Айтамыз апай сізге көп –көп алғыс
Қашанда қасыңыздан табылармыз
Бастауыш бар білімнің негізі деп
Біз сізді әрқашанда сағынамыз
Мадина:
4 жыл бойы білім берген мәпелеп
Анамыздай біз сыйлаймыз қастерлеп
Рахмет сізге ұстаз апай мол алғыс
Ұмытпаймыз жүремізде дәріптеп.
Көрмеген артық сөйлеп, артық күліп
Шәкірттерін баулыды тәртіпті қып.
Қоштасамыз біз бүгін ұстазбенен.
Ұстаз әнін жаңғыртып айтып тұрып
- Ән. « Ұстазым»
Айнұр:
Бірдей біздің ойымыз да, сырымыз,
Бір мектептің ұлы менен қызымыз.
Бірдей өстік оқуда да еңбекте,
Күліп – ойнап біріміз бен біріміз.
Мектебімде шырқалмаған жыр бар ма?
Мектебімде айтылмаған сыр бар ма?
Мектебімде алаулаған жас жалын,
Кетер мәңгі сөнбей талай жылдарға.
Диана:
Білім деген байлық бар
Еш байлық оған жетпейді.
Жасында оқып жиып ал
Тепкілесең кетпейді
Өртіңе де күймейді
Ұрыларда тимейді.
Жатып ішер жанбастап
Жалқауды ол сүймейді.
Сұлтан:Жұп жазбастан жүреміз
Біздің сынып мақтаулы
Өйткені біз сүйеміз
Дәйім тәртіп сақтауды
Біздің сынып – мақтаулы.
Бекжан: Оқуда да алдамыз
Біздің сынып осындай
Ж.Аружан:Ұлдар, ұлдар тоқтаңдар, құр сөзбен мақтана бергеннен ешкімге ештеңе дәлелдей алмаймыз.
Диана:Дұрыс айтасың Аружан.Мына отырған ата-аналарымыз бен ұстаздарға өз білімімізді көрсетудің жолын таптым. Достарым, біз қонақтарға әр пән бойынша өз білімдерімізді көрсетіп жіберелік
Барлығы: Дұрыс, дұрыс. Ендеше іске сәт!
Қоңырау соғылады. Слайдтан математика сабағы деген жазу шығады.
Мұғалім: Балалар, өз білімімізді көрсету үшін екі топқа бөлініп жарысайық! 1-топтың тапсырмасы: біз оқыған 4 жылда қанша рет математика сабағы жүргізілді?
2-топ: Біз оқыған 4 жылда қанша рет қоңырау соғылды?
Мұғалім: Жақсы. (қоңырау соғылады)
2.Би. «Қобыз биі» Орындайтын: Сайланова Дильназ.
Қоңырау соғылады. Слайдтан әдебиеттік оқу сабағы деген жазу шығады.
Мұғалім: Құрметті оқушылар ана сүтімен бойымызға дарыған тіліміздің сонау тереңнен келе жатқан мұрамызбен танысуға үлкен мүмкіндік жасаған әдебиеттік оқу сабағы болғаны анық. Кәне не білдік, нені үйрендік ортаға салайықшы. (оқушылар естерінде қалған мәтін,өлеңдерін айтады) Ақмарал,Бақыт А,
Мұғалім: Өте жақсы, балалар. Әлі де тамыры тереңге кеткен қазақ әдебиетінің жаңалықтарымен танысып, сусындай берулеріңе тілектеспін.
Қоңырау соғылады.Оқушылар үзіліске шығады.
3.Ән:
Қоңырау соғылады. Слайдтан қазақ тілі сабағы деген жазу шығады.
Ойлы болсаң озып көр. 7 сұрақ
1.Сұлу сөзіне мәндес сөздерді ата (келбетті, көрікті, әдемі ажарлы,)
2.«Көз сүріну» тіркесінің мағынасын түсіндір (каз ала алмау, қатты қызығу) 3.Артық сөзді тап:Сулы, балықты, оқушы, білім, асқазан (Асқазан сөзі себебі ол күрделі сөз, екі сөздің бірігуі арқылы жасалған)
- Мектеп- сөзіне 5 жолды өлең құрастыр.
5.Дыбыс пен әріптің айырмашылығын айт.
- 5 етістік ата
- қоян сөзінде неше дыбыс бар?
Мұғалім: Балалар ненің суреті шықты.
-Жетіқарақшы
Мұғалім: Осындағы Темірқазықтың қандай пайдасын білесіңдер?
Мұғалім: Адасқан адам аспандағы Темірқазыққа қарап, солтүстікті анықтаған екен, ендеше қазақ тілінен алған білімдерің сендердің өмірлеріңнің Темірқазығы болсын.
Қоңырау соғылады.Оқушылар үзіліске шығады.
4.Би: «Шығыс биі» Орындайтын: Сайланова Дильназ.
Қоңырау соғылады. Слайдтан дүниетану сабағы деген жазу шығады.
Асықтың көмегімен ойын «Кім жылдам» Ойын шарты: Жылдам құс пен жануардың атын кезектестіріп айтып шығу керек немесе мемлекет пен қалалардың атын кезектестіріп айту. Аз уақытта 10 асықты жинап үлгерген бала марапатталады. (құмсағат қажет)
5.Сахыналық қойылым: «Түс»
Зарина:
Есігіңді ашқан балаңа
Құшақ жайдың мектебім сен қуана
Сол бір сәтті мәңгі ұмыта алам ба?
Сенен артық дүниені таба алам ба?
Мектебім мәңгі бапкерім
Қарызбыз саған бәріміз.
Өзіңе деген парызды.
Ақтаймыз талай әлі біз.
Бабаева .А.
Мектебім- білім берер алтын ұям.
Ер жетіп сенде сөзім, артты санам.
Баулыған 4жыл бойы ата- анамдай.
Әрқашан қасиетті атың маған.
Арада өтсе дағы дүркіреп жыл ,
Әр күні балалықтай бір жүрек бұл.
Өзіңе борыштармын өмір бойы
Есейген шәкіртіңнің серті деп біл
Рахат:
Мектеп – үйім , ұстазым менің – ата- анам,
Сенен өсіп, сенен ғана нәр алам.
Саяң ыстық , сен мәуелі бәйтерек.
Тамырланып , сан тарапқа тараған.
Жанат:
Мектебім- сүйікті мектебім,
Бауырыңда түлеймін , көктеймін.
Сен – бұлақ, мен- қайың бүр ашқан,
Өзіңнен нәр алып көктедім.
Х.Дидар:
Армысың сен , алтын ұя мектебім,
Саған айтар жыр- алғысым көп менің .
Жүректерге жаққан білім шырағын ,
Мектебіме арналады бұл әнім!
Дияр:Дұрыс айтасың Дидар! Мектептен қаншама адам тәлім алған десеңші.Менің атам да, әжем де , әкем де, анам да , енді мен де мектептен тәлім алудамын.
Балжан: Олай болса Дияр алтын ұя мектебімізге арнап Мадина мен Аружанның орындауында «Мектебім» әнін тыңдайық!
6.Ән: Мектебім. Орындайтындар: Мадина мен Аружан.
Дияр: Біздің жамандығымызды жасырып, жақсылығымызды асырып жүрген біздің ата — анамыз. Қатарымыздың теңі болып, тамағымыз тоқ, көйлегіміздің көк болып жүруі де сол кісілердің арқасы.
Даниял: Әр ана өз баласын мейірімді болса екен, жақсы оқып,елге қалаулы азамат болса екен дейді. Халқымызда мынадай бір нақыл сөз бар: «Анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да борышыңды өтей алмайсың» деген. Алайда ардақты анамыздың ақ сүтін ақтай білгенге не жетсін!
Дияр:Иә, дұрыс айтасың Даниял.Біз болашақта саналы да, ақылды бала болып өссек әке мен ананың арманы орындалды деген осы емес пе?
Даниял: Құрметті ата-ана келесі өлең шумақтары өздеріңізге арналады.
Нәзгүл:
Дүниеге әкелген, ол да сенің анашың,
Ақ сүт беріп өсірген, ол да сенің анашың.
Тіл алмасаң кешірген , ол да сенің анашың,
Мәпелеген баласын,аман болсын анашым!
Диляра:
Аман болшы қашанда анажаным,
Анашым ыстық маған алақаның.
Жан сүйсінтер жүректі елжіретіп,
Қызым деп еркелете қарағаның.
Айымай:
Әкешім тілеуімді тілеп жүрген,
Аумайсың жарығы мол ашық күннен.
Шаршайсың жұмыс істеп біздер үшін.
Ақылды балаларың оны білген.
Ерген:
Ыстық — ау кім — кімге де әке деген,
Суыққа шалындырмай, мәпелеген.
Өмірдің соқпағымен өрге тартып,
Алдымен адам бол деп жетелеген .
Ж.Аружан:
Кеудемнен сезім селі ақтарылсын,
Болармын күні ертең- ақ мақтанышың.
Білім алып, тер төгем , еңбек етем,
Өзіңнің сеніміңді ақтау үшін!
- Ән: «Әкешім-анашым» Орындайтын:
- Сахыналық қойылым: «Оқушы арманы»
Ортаға оқушы шығады. (Бақтияр) Ортаға үлкен қорап келеді.
Бақтияр:Мынау не қылған қорап.? Жаңа жылда аяз атаға менің тілектерімді орындайтын джин жіберші деп сұраған едім. Сол орындалды ма?
Ашып көрем бе екен?
Ары, бері жүреді. Санамақ ойнап жібереді ашайын, ашпайын, ашайын, ашпайын, ашайын
-Әй, қойшы, ашып көрейін!
Музыка ойналады да, қораптың ішінен Сиқыршы шыға келеді
Қуандық: Тақсыр, қош көрдік. Сенің үш тілегіңді орындаймын.
Бақтияр:Түу, шошыттың ғой. О, сиқыр деген осы екен ғой! Расымен орындайсың ба? Түу, не армандасам екен? Армандарым көп еді! «Әншейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппас» демекші, сөзге жүйрік Бақтияр едім, маған не болды?
Қуандық:Апырай-ай, болсаңшы! Жаңа жыл кезінде сен сияқты қанша жалқаудың аяз атаға сиқыршы жібер деп хат жазғанын білесің бе? «Түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айрылдық қой!
Бақтияр:Жарайды, жарайды. Дәп қазір үйге берілген барлық тапсырмалар орындала қалса екен!
Сиқыршы: «Сим, салабим, рахатум» -дегенде барлық тапсырма орындала қалады. (Слайдтан дәптері шыға келеді)
Бақтияр:Ойбай, мынауың не? Мынау менің жазуым емес қой!
Қуандық: Сен маған менің жазуым болсын демедің ғой! Қойшы оны кім біліп жатыр!
Бақтияр:Қайдағы, сен біздің Анар Ризабекқызын білмейсің ғой! Ол мұғалім болмағанда, атақты ізкесуші болар ма еді, кім білсін.! Ол кісі ұйықтап жатқанда оятып, мынаны көрсетсең, мынау менің жазуым емес екенін айтады. Қой, мынауың келмейді,
Қуандық: О! Балақай, тездет, тездет! Мен саған тек 10 минутымды ғана жұмсауым керек. Үлгермесең, өз обалың , өзіңе! Тез, екінші тілегіңді айта ғой!
Бақтияр:Туү, сен де болмадың ғой! Тез, тез деп. Ал онда екінші тілегімді орында! Маған Біздің сыныптағы Дильназдың ән салғаны ұнайды. Өзі де сүп-сүйкімді. Дәп қазір Дильназ осы жерде бола қалсын!
Қуандық: «Сим, салабим, рахатум» дегенде сыныпқа Дильназ ұрсып кіреді
Дильназ:А – а,Нұрханов осында екенсің ғой! Сен үшін мұғалімнен сөз естігім келмейді, осы жолы үй тапсырмасын орындамадың, мені ұятқа қалдырдың, Тез жылдам черновигіңді ал, есепте. Жылдам, Жылдам. Түу, болсаңшы, мына есептің бәрі қате,, үш алудан шаршамадың ба? Сені емес дәптеріңді аяймын. Тез бесінші есепті орында. Жоқ бірінші диктант жазайық. Бірінші сөйлемді тыңда: «бірінші мамыр халықтар достығы күні. Енді жазамыз. Бі-рін-ші
Бақтияр Қуандыққа қарап: — Ей, Сиқыршы , мынаны әкет, тез, тез! Дильназ кетіп қалады.
Бақтияр :Уһ! Кетті –ау әйтеуір! Сен қандай сиқыршысың өзі! Бәрін бүлдіресің ғой!
Қуандық: Сен маған Шырайлым алдыңда күліп тұрсын деген жоқсың ғой. Өзің кінәлісің! Тез үшінші тілегіңді айт. Ойланып айтсаңшы, шаршатып жібердің ғой өзің!
Бақтияр :Не ойласам екен! Көп ақша сұрасам ба екен? Бірақ апам өз адал еңбегіңмен тапқан нан тәтті деуші еді. Бұным жарамас. Бәрі менен қорықса десем бе екен? Жоқ-жоқ ! Анар Ризабекқызы «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деді емес пе?
Ойланып тұрады да, кенет қуанып кетеді.
Бақтияр :Таптым, таптым! Әй, Сиқыршы тыңда. Сыныбымдағы барлық достарым аман есен болып, бірлігіміз мызғымастай берік болсын. Жаңа мектепті мектеп мақтанышы ретінде аттайық! Елімде сәбидің шат күлкісі естіліп, әрдайым тыныштық болсын!
Қуандық: «Сим, салабим, рахатум» дегенде, сыныптың барлық ұлдары шығып Бақтиярмен құшақтысып, амандасады, «Алға, қазақ, жігіттерін» айтады.
9.Ән: Орындайтындар: Ұлдар «Алға қазақ жігіттері»
Шаттық шеңбері
Мұғалім: Құрметті, оқушылар! 1-қыркүйекте өздеріңмен осындай шаттық шеңберінде тұрып танысқан болатынмын. Енді міне осы шаттық шеңберінда сендерге ақ жол тілеп орта буынға шығарып салып тұрмын. Осы қоштасар сәтте «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бір-бірімізге жақсы тілек айтайық.
Ант беру рәсімі
Дидар: Біз 4 «а» сынып ұлдары мен қыздары ұстаздар мен ата-аналарымыздың алдында бұдан былай да мейірімді, тәртіпті, шыншыл болуға, бүгінге дейін алған білімімізді одан әрі толықтыруға, өзімізге білім берген ұстаздарымызды ұмытпауға, өз Отанымызды сүюге
АНТ ЕТЕМІЗ! АНТ ЕТЕМІЗ! АНТ ЕТЕМІЗ (барлығы бірге айтады)
- Вальс:
- Ән: «Соңғы қоңырау»
Қорытынды.
«Орталық» хан: Бәрекелді, жарайсыңдар! Жарайсыңдар! Мен сендерді өз хандығыма қуана қабылдаймын. Қанаттарың талмай самғай беріңдер жас өрендер!
Слайд:
Марапаттау:
Мұғалім:
Өздеріңмен адымдап басқандаймын,
Сендер барда ешкімнен жасқанбаймын.
Бастауышты бітірген мына сендер,
Ал мен тағы бір белестен асқанлаймын.
Мен үшін бірдейсіңдер қарақтарым,
Орындалсын арман тілек талаптарың.
Самғаңдар биіктерге қайрылмасын, Енді ғана қатайған қанаттаың!
Құттықтау сөз қатысушыларға беріледі.
Құрметті ата-аналар, ұстаздар, оқушылар! Бүгінгі той тағы да қайырлы, құтты болсын. Балалар әркез биіктен көрініп барлығымызды қуанта берсін.