№2 Қаратау колледжінің ІІ санатты арнайы пән оқытушысы
Тақырыбы: « Желтоқсан желі – ызғарлы »
Мақсаты:
Желтоқсан оқиғасының арқасында тәуелсіздікке жету жолында талай боздақтарымыздың жалған айыппен шейіт болғандарын көрерменге жете ұғындыру, оқушылардың дүниетанымын кеңейту.
1986 жылы желтоқсан оқиғасын оқушыларға таныстыру. Желтоқсан оқиғасының неден бастау алып,оның не себепті қанды оқиғаға ұласқанын ашып көрсету.
Өз отанын,туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыра отырып, отаншылдыққа, елжандылыққа,еліміздің рәміздерін қастерлеуге тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: «Желтоқсан құрбандары» атты буклет, бейнетаспалар, желтоқсан оқиғасына байланысты кітап, сурет көрмесі.
Мұғалім сөзі: Құрметті ұстаздар оқушылар! Бүгінгі тәрбие сағатымыз 1986 жылғы
Желтоқсан оқиғасына арналған.
Қанша жыл, қанша ғасыр өтсе де ұмытылмайтын оқиғалар болады. Ұмытылмайтын себебі ол оқиғалардың халық тағдырымен байланыстылығында. Қоғам құрсағында жетілген қайшылықтардың салдары ретінде көрінген мұндай құбылыстардың талайы тарихтан белгілі. Соның бірі, дүниені дүр сілкіндіріп тәуелсіздік туын ең алғаш көтерген әйгілі – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы.
Халқымыздың тәуелсіздігі, егемендігі жолында өз өмірлерін қиған құрбандардың рухына құрмет көрсету исі қазақ азаматтарының игі борышы.
Ал енді Желтоқсан оқиғасынан үзіндіні көгілдір экраннан көрейік. (Ақпарат беріп отыру)
Қазақ жастары қандай мақсатпен алаңға шықты? Ол туралы не айтасыңдар?
1- оқушы:
1986 жыл 17 – желтоқсан,
Алматыда таңғы уақыт,
Үй – үйге жарық болып қонды бақыт…
Бір сәтте ішінен тартып сұр –сұр аспан,
Тыныштық терезесін алды уатып.
Рас, досым, 86 есімде
17- ші желтоқсанның кешінде,
Намыс кернеп, шықтық біздер алаңға,
Шындық үшін «тар жол тайғақ кешуде.»
Алматы қаласы. 1986- шы жылдың 17-ші желтоқсанында таңғы сағат 8-де Брежнев алаңына жастардың алғашқы тобы келді. Олар саны 200-300 шамасында еді. Бара-бара қаралары көбейді. Алаң қарақұрым адамға лық толды. Бәрі де қазақ жастары. Олар студент қыздар мен жігіттер, жас жұмысшылар, оқушылар.
Халыққа билікті бермеу үшін басшылар қандай іс- шара жүргізді?
2- оқушы:
Алаңға 50 мың әскер, 20 мың милиция, 16 мыңдай жасақшылар шықты.
Ал шеруге шыққандардың қатары 10 мыңға жуық..
Жиналуда тұрған қандай бар айып?
Ойлары жоқ дейтін оңай тарайық
Қоршап алған қалың әскер түйісіп,
Күтті кештің түскенін қас қарайып.
Желтоқсанның 17- нен 18-не қараған түні алаң айнала қоршауға алынды. Шеруге шыққан жастар үш қатарлы қоршауда қалды. Жасақшылар олармен бетпе- бет келіп алдында тұрды. Одан кейінгі қатарда милиция үшінші қатарда әскер.
Ұлтым үшін жан пида, қасық қаным қалғаны деп батылданып шыққан жастардың жігері немен жүгендеді?
3- оқушы:
Аяз қысып, төкті қыста қаһарын,
Сиретпеді жастар бірақ қатарын
Қайдан білсін милиция қорғаны
Ұрып- соғып, суық сумен атарын.
Жастардың жүздердің үрейдің ізі білінбейді. Бір кезде өрт сөндіретін қан- қызыл машиналар көрінді. Олардың 20 шақтысы іркес- тіркес алаңға ойқастай шығып, жастардың үстіне су шашып, жаңбырдай боратты. Жұрт арлы- берлі қашқалақтап лықсып тұрып алды. Ыдырап тарай қоймады. Қоршалып қалғандарын білген жастар қолдарына түскен тас, таяқ, т.б. нәрселерді лақтырды. Шиеленіп ушығып, өрттей лаулап ала жөнелді.
Қайдан білсін аңғал, албырт жастарым,
Сойыл күрек жаратынын бастарын
Шаштан сүйреп, әскер қорлап қыздарды,
Қойдай қамап, айдалаға тастарын.
Осының арты тарих кешіре алмас қанды сұрапыл оқиғаға ұласты.
4- оқушы:
Тегеурінді соққыларды жайратқан
Ақша қарға судай ақты қайнап қан.
Қайдан білсін, қызбаланған ерлерім,
Айрыларын Ләззат, Ербол, Қайраттан.
Қайдан білсін таппайтынын жан тыным,
Қалса жаны таптайтынын танкінің
Ашынған ел аза тұтып, аһ ұрып,
Өлмей рухы, сақталарын даңқының.
Қараңғы түскеннен кейін жастарды ығыстыру операциясы басталды. Күрек, сойыл, арсылдаған иттер пайдаланды. Жастарды ұрып- соғып, қуып таратқаннан кейін, түнгі сағат 24 шамасында алаңдағы қар үстінде 150- ден астам ұл- қыздар соққыға жығылып жатты…
Кең даланы солқылдатып танк кетіп барады,
Шынжыр табан қанжоса ғып, тесіп тіліп торады
Малын жайып жүрген бала жалт етіп бір қарады
Қарады да, жасқа толды мөлт- мөлт етіп жанары.
Мұғалім:
Иә, ол күн Тәуелсіздіктің туын ең алғаш көтерген әйгілі 1986 жылдың 16 желтоқсаны еді. Таңартеңгі сағат 10-да Республиканы үздіксіз басқарып келген Д.А.Қонаевты қызметінен босатылып, орнына Г.В. Колбин ешкімнің пікірінсіз-ақ ұсынылған еді.
Осы кезде аяқ астынан Пленум болатындығы туралы хабар – сыбыс тез тарады. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Пленумы 1986 жылғы 16 желтоқсанда өтті. Пленумда Д.А. Қонаев жолдасты зейнеткерлікке шығуына байланысты Республика Компартиясы Орталық пленумында бірінші хатшысы қызметінен босатты. Оның орнына сол уақытқа дейін Ресей Федерациясында Ульянов облыстық партия ұйымын басқарған Г.В. Колбинді сайлады.
1986 жылы желтоқсанның 17 жұлдызында бүкіл елді дүр сілкіндірген ғаламат оқиға болды. Бұл кеңес өкіметі тұсында бұрын – сонды кездеспеген құбылыс. «Алматыда демонстрация», «Брежнев алаңында қаптаған жұрт», «Көшеде сап түзеп бара жатқан жастар» деген лебіздер ескен желдей гулеп тарап жатты. Елеңдеген ел түсіне алмай дал болды.
Республика жұртшылығының өмірлік мүдделеріне қатысты мәселені шешудегі Орталықтың әділетсіз бұл қадамы қорланып қалған халық наразылығының жанартаудай атылып сыртқа шығуына түрткі болды.1986 жылы 17 желтоқсан күні таңертең Алматының Брежнев атындағы алаңына халық жинала бастады.Кешке қарай жиналғандардың саны шамамен 25-30 мыңға жетті.
Жиналған көпшілік республика басшылығындағы мұндай өзгерісті Д.А. Қонаевтың өзінің келіп түсіндіруін талап етті. Орталық аландағы жағдай бірден Мәскеудегі Бас хатшыға және басқа билік орындарына баяндалды.
Өз ретінде билік алдына бейбіт шеруге жиналушылар нанымды жауап алмайынша алаңнан тарамайтындықтарын мәлімдеді.
Аңғал сеніммен алаңға шыққан бейкүнә қыз-жігіттер «контрреволюционерлер» емес еді.Олардың ойы халықтың құқықтары мен көкейтесті мәселелері туралы сөз жүргізу еді.
Шеруге шыққан жастарға «Бұзақылар», «Ұятшылдар» , «Нашақорлар» деген кінәлар тағылды.
Алайда оларды бір қолында шоқпары, бір қолында қалқаны бар қарулы, сақадай-сай әскерлер қарсы алды. Бейбіт шеруге шыққан жастардың бейбіт тілегі ағаш жаңқасындай быт – шыт болып ұшып жатыр.
Үкімет үйінде жастар шеруін қуғындау үшін астыртын «Құйын-1986» дейін оперативті жоспар құрылып жатты. Ал алаңдағы жастар жайбарақат еді, аңғал еді, алаңсыз еді. . Қолдарында «Әр халыққа-өз көсемі !», «Лениндік идеялар жасасын!», «Ешбір халыққа артықшылық берілмесін!», «Қазақстан қазақтардікі», «Ресейге қайт», деген транспоранттар бар.
Құрамында қазақ ұлтынан ешкімде болмаған бұл штабтың жұмысын КСРО ішкі істер министрінің 1-ші орынбасары генерал полковник Б.К. Елисев басқарды. Штабтың қарауына шамамен 20-25 мың адамнан тұратын Алматы гарнизонының КСРО ішкі істер министрлігінің Алматы облысында, сондай-ақ Фрунзе,Ташкент, Челябі, Новосібір, Уфа, Свердловск , Тбилиси қалаларында орналасқан арнайы ұшақтармен Алматыға алдырылған әскери күштері берілді. Әскерилерге қарусыз шерушілерді қуып таратуға қажетті қару жараққа қосымша 15 БТР, 20 өрт сөндіруші машина берілді. Милиция және әскер құрамаларына саны 10-15 мың шамасында темір сойылдармен қаруланған «жасақшылар» көмектесті.
Желтоқсан алауын жалындатқан, жана алмай өшкен боздақтар
туралы жүректеріңде не сақталуда?
1986 жылғы 16 желтоқсанда бүкіл жастары тотаритарлық режимге ашық қарсылық көрсетті. Міне,осындай ұмытылмас оқиғадан бері 25 жыл өтті.Өмір-өзен толқындары сол кезден бізді алыстатып бара жатса да жүрегімізде мәңгі ұмытылмас бір нәрсе қалды.Ол үшін дүниені дүр сілкіндірген қазақ қыздары мен ұлдарының рухына, ерлігіне деген тағзым,құрмет. Ендеше сол желтоқсанның оқиғаларындағы шыңдаған, боздақтардың рухын еске алайық.
Қайрат Рысқұлбеков:
-Ресми хабарлар бойынша Қ.Рысқұлбековтың Савицкийдің өліміне қатысты айыпталғаны белгілі. Ұзақ , мұқият жүргізілген тексеру жұмыстарынан кейін, Комиссия кісі өліміне қатысты деп оны айыптау әуелден-ақ тергеу орындарының жалған ісі деген ойға келді. Рысқұлбеков өзінің кінәсін мойындаудан үзілді- кесілді бас тартып, қылмыс жасалған жерде мүлде болмағанын айтты. Комиссияға келіп түскен куәлардың көрсетулері де Савицкийдің мерт болуы сәтінде Рысқұлбековтың мүлде басқа жерде болғанын мәлімдеді. Қазақ ССР Жоғарғы Сотының Қылмыстық істер жөнінднгі сот коллегиясы 1987 жылғы 16 маусымдағы үкімімен Қ.Рысқұлбековты қылмысты деп тауып, өлім жазасына кесті.
Қ.Рысқұлбеков Қазақ ССР Жоғарғы Сотына, ССРО Жоғарғы Сотына шағынады. Бірақ оның бұл шағымдарынан еш нәтиже шықпайды. Сот органдары оның кінәсі толық дәлелденген, лайықты жазасын алған деуден бір тайынбайды.
ССРО Жоғарғы Советі Президиумының 1988 жылғы 28 сәуірдегі Указымен Қ.Рысқұлбековке кешірім жасалып, өлім жазасы 20 жыл бас бостандығынан айырумен ауыстырылды. Алайда бұл хабар Қайратты қуанта алған жоқ. Өйткені, жазықсыз 20 жыл қапаста отыру, оған атылумен бірдей болды.
Ресми жорамал бойынша Қ.Рысқұлбеков 1988 жылы 21 мамырда өзін-өзі өлтірді делінді. Бұған негізгі дәлел ретінде оның өлім алдындағы хаты келтірілген.
Қ.Рысқұлбековтың түрмеде өзін-өзі өлтіргені жөнінде алғашқы хабарды Мемлекеттік хауіпсіздік комитетінің қызметкерлері оның ауылына жеткізіп, туған- туысқандарына марқұмның денесін алап кетуге рұқсат етпейді. Неліктен? Сөйтіп, туыстарының денені алып қайтуға бара алмайтындығы жөнінде жалған телеграмма ұй
Ол 1987 жылдың 1-қаңтар күні үйінде жаңа жылды тойлау үстінде тұтқындылған еді.
Тас қамалдың арғы бетінде отырған Қайрат неше жерге шағымданса да, оны ешкім тыңдамады. 1987 жылы 20-шы тамызда шығарылған үкім күшіне енді. Қайратты ымдастырылып жіберіледі. Қ.Рысқұлбековтың денесі әлі күнге Семейде қалып отыр.
сот ақтық сөзіңді айт деп тағы қинады.
Қайрат Семей түрмесінің 21- ші камерасында 21 жасында 1988 жылдың 21- ші мамыр күні жұмбақ өліммен дүниеден өтті.
Қайрат Рысқұлбековтің денесі Семей қаласының маңына жерленген. Сол кездері Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің қызметкерлері жергілікті заң органдарымен бірлесе отырып, Бірлік ауылының басшыларын Қайраттың үй-ішіне, туған-туыстарына қарсы айдап салды.
«Сендер барғанмен оның денесін көрсетпейді, керек болса өздеріңді атып тастайды» деп қорқытып бақты. Ақырында Қайраттың туыстарының атынан «біздің денесін алып кетуге жағдайымыз жоқ» деген жедел хат салдырады. Кейін Ноғайбай аға Семейге екі рет барып ұлының жерленген жерін әрең дегенде тауып қайтады.
Мәрмәр тасқа Қайраттың бейнесі бейнеленіпті де, былай деп жазылыпты:
«Қайрат Рысқұлбеков
13.03.1966 ж.
21.05.1988 жылы әкімшілдік-әміршілдік жүйеге қарсы күрестің құрбаны, желтоқсан 1986 ».
Ал, тақтатастағы:
«Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
Еркек тоқты- құрбандық,
Атам десең, атыңдар…»
деген өлең жолдары жазылған.
ҚР Президентінің Жарлығы бойынша Қайрат Рысқұлбековке 1996 жылы желтоқсанның 9-да жоғарғы ерекшелік белгісі – «Халық қаһарманы» атағы беріліп – Алтын Жұлдыз тапсырылды. Желтоқсанға қатысушыларға деген айрықша құрмет болды.
Халық қаһарманы атында:
Алматы,Семей қалаларындағы орталық үлкен көшелердің бірі Қайрат есімімен аталды.
Жетісай қаласындағы орталық мәдени – демалыс паркіне Қайрат Рысқұлбеков есімі берілді.
«Желтоқсан құрбандарының» бірі – Ләззат Асанова.
Алматы музыка училищесінің студенті Ләззат Асанованың өлімінің себептері де анықтаусыз қалды. Жаппай тәртіп бұзуға қатысқан деген желеумен қылмыстық іс қозғалып тынған. 16 жасар бүлдіршін қыз төбеден құлап мерт болған.
Ербол Сыпатаев:
19-желтоқсан. Ауруханаға бас сүйегі мен миынан жарақаттанған энергетика институтының екінші курс студенті Ербол Сыпатаев әкелінді. 23-желтоқсанда есін жимастан қайтыс болды. Ербол біреудің жалғыз баласы еді. «Құйын-86» операциясының құрбаны болды.
Сәбира Мұхаметжанова:
Сәбира Мұхамеджанова бар жоғы 16 жаста еді.
26-желтоқсан күні Астанадағы дүрбелеңге үн қосқаны үшін өзінің ар- намысына, анасына, атасына масқара сөздер айтып, балағаттағанына училищеден жазықсыз шығарылғаны үшін шыдай алмай, Өскемен педучилищесінің 1- курс студенті Сәбира Мұхамеджанова жатақхананың 5-ші қабатынан құлап өлді.
Арада 4 жыл өткен соң, 1990 жылы 17 желтоқсанда сол алаңға ескерткіш тақта қойылды. Ал, Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына орай Желтоқсан құрбандарына Ескерткіш қойылып, оны Елбасымыздың өзі ашты.
ЖЕЛТОҚСАНДА, БРЕЖНЕВ АЛАҢЫНДА
1986 жылдың 17- 18 желтоқсанында іс жүзінде не болды және ол неліктен болды?
17 желтоқсанда , таңғы жетіде, Брежнев атындағы алаңда жастардың алғашқы тобы пайда болды. Түске қарай олар 5 мыңға жуықтады.
Комиссия мүшелері және осы жолдардың авторы сұрастырған көзкөргендердің берген түсініктемелері төмендегідей:
«Колоннада күлкі естілді, жігіттер мен қыздар ән айтты. Колонна алаң жаққа қарай бара жатты. Мұның бәрі бейбітшілік шеруін еске салды. Шерушілердің қолдарында «Әр халыққа — өз көсемі», «Лениндік ұлт саясаты жасасын!» ұрандары, Лениннің портреттері болды».
9.30 – 10.15 Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетімен келісе отырып, Ішкі істер министрлігі алаңға бөгеу қойды.
10.00 – 15.00. Милиция қызметкерлері әлсін-әлсін топ арасынан шерушілерді бас сала тартып алып, оларды қамауға алды.
Е. АЙТЖАНОВА: Сағат 11-ге қарай колоннадан тыс, жолаушылар жолымен келе жатқан қызды мұртты ірі денелі милиционер ұстап алды. Қыз абыржып қалды да, оның қолынан босануға тырысты. Ол оны әрі-бері лақтыра бастады, қыздың аяғынан етігі түсіп қалды, ол құлап түсті…»
15.00. Бөгеу милиция мектебі мен өрт-техникасы училищесінің курсанттарымен күшейтілді. Жиналғандар алдында партияның Орталық Комитетінің хатшысы
З. Камалиденов, президент С. Мұқашев, премьер Н. Назарбаев, Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М. Меңдібаев және басқалар сөз сөйледі.
КУӘГЕРЛЕР: «Шешен-шерушілердің сөздерін стационарлық дауыс зорайтқыштар арқылы берілген қазақ композиторларының әндері «жұтып» жатты. Алайда, алаңды босатуға шақырған республика басшылары сөз сөйлеген кезде, музыка өшіріліп тұрды».
18.05. Осы тақылеттес шақырулармен республика прокуроры Г. Елемесов және Қазақстан ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Э. Басаров сөз сөйледі.
Э. ҚАДЫРЖАНОВ, Алматы Электр техникасы заводының бұрынғы директоры: «17-желтоқсанда мен заводтың жасақшыларын жинап, оларды алаңға бағыттау туралы бұйрық алдым. Олар қарсылықты басу үшін шыбық, таяқ, арматура іспетті құрал алуы қажет болды. Бұйрық Октябрь аудандық партия комитетінің бірінші хатшысынан түсті».
Е. ДУНАЕВ, электр-вагон жөндеу заводының слесарі: «Кешкісін мен және заводтан бірнеше адам ерікті халық жасақшылығында кезекшілік еттік. Алаңға беттеген адамдар өздерімен бірге таяқтар, шыбықтар, кабель қиындыларын алды».
18.15. Шеруді таратуға әрекет жасалды, өрт сөндіру машиналары пайдаланылды.
М. ЗВОНЦОВ: «Топқа қарай су атқылайтын құралы бар өрт сөндіру машиналары бет алды. Осы миниуттан бастап тәртіпсіздікке жол берілді. Топ машиналарды аударып, өртей бастады, солдаттарға тас лақтырды. Курсанттар саперлар күрегімен қаруланған еді».
Әділ іс пен зұлымдықтың аражігінің жіңішкелігі сондай, оны тез, айқын, таза көзқараспен ғана ажыратуға болады. Бірақ қолыңа арматура сынығын немесе тас алу үшін еңкейсең, қан басыңа құйылып, көзің қарауытады…
19.30. Москвадан СОКП Орталық Комитетінің, Ішкі істер министрлігінің, Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің және ССРО Прокуратурасының жауапты қызметкерлер тобы келді. Еліміздің Ішкі істер министрінің орынбасары, генерал-полковник Б. Елисов алаңда тәртіп орнату жөніндегі бүкіл жұмысқа жетекшілік етті. Елисов пен Колбиннен басқа штаб құрамына сонымен бірге, ССРО Бас прокурорының орынбасары О. Сорока, еліміздің Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті төрағасының орынбасары Ф. Бобков енді. Штабқа баяндаулармен Қазақстан Ішкі істер министрі Г.Князев пен республика Мемлекеттік Қауіпсіздігі Комитетінің төрағасы В. Мирошник кіріп жүрді.
23.00. Топты алаңнан шығару туралы шешім қабылданды.
23.30 – 0.45. Жастарды алаңнан шығаруға байланысты операция. Күректер, тоқпақтар, иісшіл иттер қолданыла бастады. Қуу, таратудан соң қар үстінде азаматтық киімдегі 150-ден астам адам қалды.
С. ӘБДІРАХМАНОВ, Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы: «…Менің көз алдымда солдаттар ұсталған және қарсылық көрсетпей тұрған адамдарды соққыға жықты».
2.00, 18 желтоқсан. Қала мен облыстың партия-шаруашылық активі. Сөз сөйлеген З. Камалиденов, Г. Колбин, М. Мендібаев және басқалар шерушілерді ұлтшылдар, экстремистер, нашақорлар және маскүнемдер деп атады. Тиісті қарар қабылданды. Ол өкіметтің жасалған және алда жасалатын іс-қимылын ақтауды көздеді. Бет-әлпеттерге назар аударыңыздаршы: активте – толық интернационал. Ешқандай ұлттық қарсылық жоқ. Номенклатура ұлттан тыс…
. Қорытынды:
1986 жылы желтоқсан көтерілісі Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігі жолындағы үдерістің дамуына жол салып берді. 1991 жылы 16 желтоқсанында Қазақстан шын мәніндегі тәуелсіз және демократиялық мемлекет болды.
86-Желтоқсанның аязды бір күндері,
Мәскеу жақтан бір үкім кеп төндірді,
Біз білмеппіз, өңшең қазақ қас екен,
Бір-біріне неге мұнша, бұл белгі??….
Арыз көпті, болмас былай басқалай,
Колбин барар, көтеріңдер тастамай,
Сен мәңгүртке билік қайда, болмасты,
Деген сөзбен ызалы ойын тастады-ай….
Мұны есітіп бар қазақтың бозымы,
Атқа мінді, шал-шауқаны тозығы,
Арулары шашын түйіп арқаға,
Алаң келіп, ұзына бой созылды….
-Әй қойыңдар болмас былай, тарқаңдар,
Саясатқа қарсы келме, жай таңдар,
Емессіңдер, қане қайтқын бәрің де,
Біз білеміз, кімді қойып, кім таңдар??!!!….
Осы кезде жентектелген қар басы,
Ұшып жатты трибунаға, араласып,
Тасы да бар, іштен шыққан ызамен,
-Қазақ болсын, қазақ болсын Елбасы….
Осы кезде Мәскеу жақтан бір хабар,
Келді-дағы бәрі қалды, қарайлай,
-Жергілікті басшы шешсін тірлікті,
Күш қолдану керек пе екен орайлай???….
Осы күнгі жүрген анау, қолды ұрып,
Кезінде елу еңсермеген сол тұрып;-,
-Сіздер үшін мен-ақ алдым мойынға,
Атып-асып құртып жібер, сол дұрыс….
Әр жер келген милиция бар солдат бар,
Бәрі бірдей жабылғанда аппақ қар,
Қан боялып, суша ақты сарылдап,
Қарды ерітіп, ағып жатты аққан қан….
Қырып беріп төрт мыңдайын қазақтың,
Басқасын да түрме тығып, азаптың,
Неше түрін ойластырған заман да,
Өтіп барар тіліндей боп сағаттың….
Міне халқым мейрам емес мына күн,
Жоқтау айтып, іштен ғана тынатын,
Күн де емес, сол заманды еске алып,
Құран оқып, еске алып тұрар кім??….
Ол мына сен, асқақтатқын үніңді,
Сол залымды табу керек бүгінгі,
-Қырсын деген, оны алған мойынға,
Ортаға алып, көрсет оның түрін де!!!….