Кайболдиева Нургул Жумакелдыевна
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы
Маңғыстау гуманитарлық колледжінің
педагогика пәнінің оқытушысы
ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫ МҰРАЛАРЫМЕН ОҚУШЫЛАРДЫ САУАТТЫЛЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕУДІҢ МАҢЫЗЫ
Жалпы салауатты өмір салтын қалыптастыру, зиянды әдеттер, әдепсіз қылықтан арылу, ауырып ем іздемей тұрып, салауатты ғұмыр кешуге жол табу туралы мәселе ерте кезден-ақ зерделенген. Адамның рухани ішкі және сыртқы тазалығы адамгершілік, имандылық қасиеті, ақыл-ойының, дене бітімінің саулығы, тәлім-тәрбиесі туралы мәселелерді адамзат тарихи тамырын тереңнен алады. Халқымыз жас ұрпақты рухани-адамгершілікке, салауаттылыққа тәрбиелеуге ерекше көңiл бөлiп, кейiнгiге талай ұлағатты сөздерiн, iс-тәжiрибесiн қалдырған.
Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында және оқу-тәрбие саласына байланысты басқа да құжаттарда жан-жақты білімді, ой-өрісі кең, мәдениеті жоғары, денсаулығы мықты, шешен тілді, рухани дүниесі бай және салауаттылық деңгейі жоғары ұрпақты тәрбиелеу қажеттігі көрсетілген.
Ұлттық мәдениет, ұлттық мүдде, ұлттық сана-сезім, ұрпақты руханилыққа және салауаттылыққа тәрбиелеуде ұлтымыздың өзіне тән әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері, жазба мұралары негізінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан асыл мұраларды жинақтап, зерттеп зерделеудің құндылығы арта түсуде. Қазақ халқы жастарды отбасында кiшiпейiлдiлiкке, iзеттiлiкке, имандылыққа, инабаттылыққа, салауаттылыққа тәрбиелеудi бiрiншi мiндет етiп қойған. Ер балаларға ауылдың үлкендерiне қос қолдап сәлем берудi, қыз балаларға ибалық жасап, үлкендерге жол берудi, олардың алдын кесiп өтпеудi уағыздаған. Жастардың жадына «сiз» деген сыпайылық, «сен» деген анайылық, «Адамдықтың белгiсi – иiлiп сәлем бергенi», «Кiшiпейiлдiктен кiшiреймейсiң», «Жұпыны жұтамайды, сыпайы сүйкiмдi» деген қағидаларды үнемi уағыздаған.
Ұлт тағдыры – ұрпақ қолында екенiн жақсы түсiнген ата-бабамыз жас жеткiншектердi өнерге, еңбекке шақыра отырып, рухани-адамгершiлiк iзгi қасиеттерге баулу мәселесiн алғашқы орынға қойған.
Халық мұраларында рухани-адамгершiлiк қасиеттердi, әсiресе, ар-ожданды қастерлеу тәрбиенiң басты қағидасы болып саналған. Осыны басты нысана етiп ұстанған ата-бабамыз «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол», «Ақ жүрген адам азбас», «Әдептiлiк, ар-ұят – адамдықтың белгiсi» деп ар тазалығы басқаға қиянат жасамауға, шыншыл, әдiл болуға баулиды. Әдептiлiк, сыпайылық, кiшiпейiлдiлiк, мейiрiмдiлiк, иманжүздiлiк қасиеттердiң бәрi ар-ұят, ождан тазалығынан туындайды. Имансыз болу – ата-ананы, ұстазды, үлкендi сыйламауды халқымыз кешiрiлмес үш күнә деп санаған. Қазiргi мейiрiмсiздiк, қатыгездiк, дөрекiлiк етек алып отырған заманда жасанды ар-ождан тазалығын сақтауға, рухани-адамгершiлiкке, имандылыққа тәрбиелеуге ерекше көңiл бөлу қажет болып отыр.
Рухани-адамгершілік пен салауаттылыққа баулитын халқымыздың сан ғасырлық тәлім-тәжірибесін, мұраларын болашақ жастар тәрбиесіне пайдаланудың берері мол екендігін халқымыздың зиялы азаматтары, ұлы ғұламалары да атап көрсеткен.
Қазақ ұлтының салауаттылық, парасаттылық, имандылық, адамгершілік тәлім-тәрбие туралы мәңгі өлмес құнды ұлттық мұрасының дамуын шолып өтсек, Ибн Сина еңбектері, Шығыс Аристотелі атанған ғұлама әл-Фараби, сонау көне түркі жазуымен тасқа қашап жазған ескерткіш «Орхон-Енисей жазуларынан» бастап, Ержүрек қолбасшы Күлтегін, Білге Қаған, мемлекет қайраткері Тоныкөк, Омар Хаям рубайлары, түркі тілдес халықтардың бәріне өшпес рухани мұра қалдырған: Жүсіп Баласағұни, Махмұт Қашқари, Ахмет Яссауи, Ахмет Жүгінеки, Қыдырғали Жалайыри, Мұхаммед Хайдар Дулати шығармаларының орны ерекше. Араға бес ғасыр салып, қолымызға сағындырып жеткен ғұлама-ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегі, ұлттық психологиядан болашақтың салауаттылығына, имандылығына арналған мол мағлұмат алуға болатын еңбек. Тауасарұлы Қазыбек бектің «Түп тұқианнан өзіме шейін» атты еңбегі қазақ тарихының асыл мұралары екені айқын.
Адамның қоғамдағы орны, маңызы, тәлім-тәрбиесі, жан мен тән, өмірдің қыр-сыры туралы толғаныстар, ақыл-кеңес, даналық өсиеттер жөнінде толғаған ақын-жыраулар: Асан Қайғы, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұхар Жырау, Шал ақын, Дулат, Махамбет.
Қазақ халқын әлемге танытқан, Шоқан, Ыбырай, Абай еңбектерінің ұрпақ тәрбиесінде алар орны ерекше. Бүкіл бір халықтың ұстазы Ұлы Абай өзінің қара сөздерінде (45 сөзі) жан мен тән тазалығы, имандылық қасиеттері «толық адам», дені сау адамның іс-әрекет нәтижелері, жалпы қауымның игілігіне айналады деп тұжырымдайды.
XX ғасыр басында қазақ халқының бiлiм беру саласында үлкен бетбұрыстар болды. Ұлттық негiздегi төлтума оқулықтар, рухани-адамгершiлiк тәрбиесi мәселесiне арналған ғылыми еңбектер жарық көрдi. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан мұраларды жинақтау, оны бүгiнгi оқушылардың рухани-адамгершiлiк тәрбиесiне, салауаттылығын қалыптастыруға пайдалануда тәлімдік ой-пікірлерімен қазақ даласына із қалдырған Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, X.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, Ғ.Қараш және т.б. еңбектері – ұрпақ саулығы үшін қам жеген денсаулық мәселесіне арналған мұраларының орны ерекше.
Мәселен, М.Жұмабаев өзінің «Педагогика» оқулығында «Сау жан сау денеде ғана болады» деген адамзат дүниесінің ескі мәтелін дұрыстай отырып, баланың денсаулығы мәселесін «Дене тәрбиесі» бөлімінде егжей-тегжейлі қарастырады.
Ата-бабамыз келер ұрпағына «табиғат үйін» – орасан зор байлығын сыйлап кетті. Осы табиғатта олардың айналысатын шаруашылығы – төрт түлік малы, табиғи кенеулі асы: ішсе – сусыны, айран-сүті, қымыз-қымыраны, шұбаты; жесе – еті, қазы-қартасы, құрт-майы; мінсе – көлігі, ойын тойларда – сауығы болған.
Осы орайда, ақын Қадыр Мырза-Әлі қазақ ұлтының мінез-құлқын, адамгершілік, имандылық қасиеттерін, қазақ елінің табиғатымен байланыстыра келіп былай толғайды:
Табиғаттан бабамыз ала берген секілді,
Дарқандықты қазаққа дала берген секілді.
Еркелікті, ерлікті желден алған секілді,
Мөлдірлікті көгілдір көлден алған секілді.
Қасарысқан ерлікті шыңнан алған секілді,
Көшіп-қону дегенді құмнан алған секілді.
Мыңқ етпейтін мінезді жоннан алған секілді,
Түнеруді тұнжырап тұннен алған секілді.
Күн шуақты күлкіні күннен алған секілді — дейді.
«Ата – балаға сыншы» дейді қазақ мақалы. Әке өз балаларының жеке ерекшеліктерін, қандай іске, өнерге бейімделгенін, ерте аңғарып, шамасы келгенше баласының бойындағы табиғи қабілеттерін дамытуға күш салған. Баласы ойлы, сезімтал болса, ел адамы, қадірлісі болуды көздеп және игі жақсыларға теңеген. Парасатты әке балаларына ата-бабаларының іс-әрекетінің үлгі боларлық өнерін айтып, ағайынның туыстық, жақындық қатынастарын түсіндіріп, ата-тегі туралы айтып, ұрпағының саулығы мен имандылығын, адамгершілік қасиеттерін қалыптастырып отыруды өзінің парызы санаған.
Қазақ отбасы тәрбиесінде өзінің ғасырлар бойы саяси экономикалық, әлеуметтік-тарихи ерекшеліктеріне байланысты атап айтканда, кең байтақ жерін, шаруашылық дәстүрін әр түрлі шапқыншылық, жауынгерлік және табиғаттың дүлей апатынан сақтап, қорғап қалу үшін ұрпағын бала жастан іскерлікке, ептілікке, батырлыққа, мергендікке шымырлыққа, саулыққа, салауаттылыққа тәрбиелей отырып, жаны мен тәнінің бірдей жетілуін дәстүрге айналдырған.
Қазақ ұлтының болашақ ұрпағының санасына туған халқына деген сүйіспеншілік, ұлтының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін, дінін, тарихын сезіне білетін жылы жүрек, тоқтамды ақыл мен имандылық өте қажет. Бұл айтылып отырған құндылықтар тек кана дені сау жаны мен тәні таза, адал иманды, салауатты тұлға бойынан табылатын қасиеттер. Сондықтан, қазақ ұлтының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының, салауатты өмір салтын қалыптастыруда, көздеген мақсатқа жету жолындағы өмір тіршілік әрекеттеріне тоқталып көрелік.
Қазақтың әдет-ғұрыптарының бірі – «Құрсақ шашу». Жас келіннің аяғы ауыр болғаны белгілі болса, оның абысын-ажындары, енелері келінді шақырып құрсақ тойын жасап, оның аман-сау, қол-аяғын бауырына алуына тілек білдіріп, шашу шашып, дастарханды түрлі дәмге толтырып, сауық жасаған. Ғұрып бойынша бойына бала біткен келіншекті «күмәнді», «аяғы ауыр» деп тұспалдап айтқан. Оның мәнісі жас келін қысылып, ұялмасын, тіл-көздің сұғынан сақтасын деген ойдан шыққан. Келіннің жерік асының табылып, жерігі қанған әйелдің құмары тарқап, ерекше сезімге бөленіп, денсаулығы жақсара бастаған. «Жерік асын жегеңдей қуанды» деген сөз осындайдан қалған. Жеріктікті басудың тек анаға емес, іштегі сәбидің де денсаулығына зор әсері бар. Мысалы, жерігі қанбаған ананың балалары әлжуаз, аурушаң, кейде кем тууы да мүмкін. Сәбидің аузынан суы шұбырып жүруі де осындайдан болады дейді халық даналығы.
Нәресте саулығына аса көрегендікпен қараған зерделі ана келінге құмсағыз шайнатқан, оның негізі нәресте ширақ болсын дегені, әсіресе рауғаштың баланың көзін көреген, құлағы сақ болуына септігі бар екенін біліп, өмір тәжірибелерінде пайдаланып отырған. Парасатты ана келінге ән тыңдатқызып, таза ауада жалаң аяқ жүргізген. Болашақ ананың сергек, тамағы құнарлы болғанын қадағалайды. Ән тыңдатқызғаны – нәресте зерделі, ақылды болмақ, жалаң аяқ жүріп – Жер-Анадан қуат алмақ, Айлы түнде келінді суға шомылдырғаны – нәресте ай жүзіндей сұлу болуын, сымбатты болуын қадалаған.
Халық аяғы ауыр ананы да тәрбиелеу жолын әсте ұмытпаған. Оны мәпелеп, аялай білген, ренжітпеген. Бұл жөнінде жазушы Зейнеп Ахметова былай деп жазған: «Қарағым, биік тауға қара – көңілің өседі, көңілің өссе – немерең кең пейілді болады, жайқалған шөпке, жайнаған гүлге қара – сәбиің шырайлы болады, бұлақтың көзін аш – бала қайырымды болады» деген секілді ұлағатты тәлімін беріп, аналарымыз жас келіншектің таным-талғамын ұштап, байқаған. Міне, қазақ ұлтының, ұлттық ұғымының ұрпақ саулығына, руханилығына деген ұлағаты.
Дені сау салауатты, рухани бай, ақылды ұрпақтың дүниеге келуін армандаған қазақ ата-бабаларымыздың асыл мұраларына көңіл аударсақ, «тәрбие тал бесіктен басталады» – деп бекер айтапаған. «Қазақ!.. Балаңды сұлу, сымбатты қылып өсір. Адам сұлулықты сүйсе, тазалықты сүйеді. Тазалықты сүйсе оған ауру үйір болмайды» – деген халық даналығы. Сол тазалық тал бесіктен басталмай ма?
Қазақтың әдет-ғұрыптарының бірі – тыйым сөздер. Тыйым сөздердің әлеуметтік қызметі адамның шаруаға ұқыптылығын, мақсаттығын, барды қадірлей білу, өзін-өзі тәрбиелеуі, айналаға қырағы, қамқор бола білуін арттыруға бағытталған деуге болады. Қадым замандардан бастау алатын мұндай тыйым сөздердің исін қазақтың бар ұрпағы бесік жырымен естіп, зердесіне құйып отырған, талқылауға жатпайтын, сөзсіз орындалуы тиіс ақиқат ретінде қабылдаған. Үлкенді сыйлап айтқанын екі етпеген бала – бабаларымыз байыбына бара бермесе де, осы нақылдарды ылғи есіне алып, жаман әдеттерден бойын таза сақтаған.
Қазақтың ұлттық ойындары – адам ағзасы үшін өте маңызды, теңдесі жоқ сауықтыру, денсаулықты нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру шараларының бірі. Қазақтың ұлттық ойындары – ептілікті, өжеттілікті, ширақтылықты, шапшаңдылықты, тапқырлықты және т.б. қасиеттерді талап етеді.
«Асау үйрету», «Мойын арқан», «Алтыбақан», «Қазақша күрес» – қазақ халқынын ежелгі спорт ойындары адам денесін ширатып, бұлшық еттерді қатайтады, төзімділікке, батылдыққа, ептілікке керек кезінде тез ойланып, ұтымды амал, ақылды шешім, әдіс таба білуге машықтандырады.
Сондай спорттық, ұлттық ойындарға: «Тауық күрес», «Білектесу», «Арқан тартыс», «Бәйге», «Аламан бәйге», «Тай жарыс», «Құнан жарыс», «Дөнен жарыс», «Жорға жарыс», «Аударыспақ», «Түйе жарыс» кіреді. Осы ойындардың ішінде қызығы «Табақ алып қашу», бұл ойын үлкен жиындарда, тойларда ойналады, тамағы бар табақты төкпей-шашпай, ептілікпен, ширақтылықпен көздеген жерге жеткізу, ал қарсы жақ дәл сондай талаппен табақты келесі орнына жеткізу керек. Жеңілген жақ айыптарын кез-келген өнер түрімен өтеп отырған. «Қыз қуу», «Теңге салу», «Асық ойыны» оның бірнеше түрлері бар. «Алшын ойыны», «Омпа», «Асық тігіп ойнау», «Тас қала», «Хан», «Көкпар» т.б. спорттық ойындарды атауға болады. Бұл ойындар адамды дәлдікке, мергендікке, ептілікке, жауапкершілікке, адалдыққа, шыншылдыққа, ширақтылыққа тәрбиелейді.
А.Байтұрсынов «Тәні саудың – жаны сау» екенін айта отырып, «Ең әуелі бәрінен бұрын тазалықтың қадірін біл. Тән саулығының тамыры тазалықта, жан саулығының тамыры тән саулықта» – деп денсаулықты сақтаудың маңызды жолын меңзейді. Себебі, денсаулықтың кепілі – тән мен ардың тазалығы. Ол саулықтың іргетасын қалайды.
М.Жұмабаевтың пікірінше тәрбие саласы төртке бөлінеді. Олар: дене, жан, ақыл тәрбиесі, сұлулық пен құлық тәрбиесі. Автор олардың бір-бірімен байланыстылығын былай түсіндіреді: «Егер адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны. Егерде ол ыстық, суық, аштық, жалаңаштық сықылды жұмыстарға жиі ұшырайтын күштерді елемейтін мықты берік денелі болса, түзу ойлайтын, дұрыс шешетін, дәл табатын ақылды болса, сұлу сөз, жамандықтан жаны жиреніп, жақсылықты жаны тілеп тұратын құлықты болса ғана адам баласының дұрыс тәрбие алып, шын адам болғандығы. Балам – адам болсын деген ата-ана осы төрт тәрбиені дұрыс орындасын» – деген.
Бүгінгі таңдағы мектептер балаларға таза ғылыми негіздегі білімдерді бере отырып, олардың жүректеріне рухани және адамгершілік, имандылық құндылықтарын енгізуді екінші қатарға қалдырады немесе тіпті мән бермейді. Соның салдарынан жастарымыздың бұзылып, рухани-адамгершілік, имандылық дегеннің не екенін білмей өсуіне әкеліп соғуда.
Адам баласы үшін – отбасы мейірімділіктің қайнар көзі. Ол отбасынан адам баласына қажетті тәлім-тәрбие, өмір заңдылықтарын осы ортадан алады. Сондай-ақ үлкенге құрмет кішіге ізет, ізеттілік, инабаттылық, адамгершілік және имандылық міндеттерін өз санасына құяды. Отбасы – сүйіспеншілік пен мейірімділік ошағы. Қазақ ата-бабамыз «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп отбасы тәрбиесінің жобасын байқап отырған. Балаға туған тілі, жері, салт-дәстүрі, тарихын үйлесімді мейірімділікпен шектестіре отырып, санасына құйып отырған. Бұл жөнінде М.Шахановтың туған тілі, жері, салт-дәстүрі, және тарихты төрт ана деп, өз анасына теңестіруінде де үлкен философиялық мән бар. Құдіретті өз анаңның мейіріміне ешнәрсе тең келмейтінін адам баласы жақсы білген. Демек, әлемдегі барлық мейірімділік пен имандылық өмір заңдылықтарын ескеру ана мейірімі мен атаның тәрбиесі арқылы беріледі.
Сондықтан да қазақ халқы «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деп бала тәрбиелеуші ата-аналардың да өнегелі болуын талап еткен. Көргендікті әуелі көп алдында өзің көрсет. Балаңды да, тәрбиеленушіңді де бетімен жіберме. Бесіктен белі шықпаған сәби шағынан жақсылыққа үйрет, жамандықтан жирент. «Бас мүлгісе, аяқ сүрінеді» дегендей, ең әуелі өзің үлгі бол, ұрпағың сонда ғана өнегелі тәрбие алады деп жалпы тәрбие мәселесіне, әсіресе, жақсы тәрбиенің игі ықпалына қазақ халқы өте-мөте үлкен мән берген. Халқымыздың педагогикалық қағиданы парасатты мақал-мәтелдер арқылы шебер бейнелейтініне тәнті боласыз. Мәселен, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Өнеге көші өлшеусіз», «Жақсы атты тай жағалайды», «Ата көрген оқ жанар, ана көрген тон пішер» т.б.
Қазіргі кезде көп ата-ана баламыз компьютерді, ағылшын тілін меңгерсе болды жетілген тұлға болады деп ойлайды. Ең алдымен әрбір бала адами тамаша қасиеттерді бойына жинақтаған дұрыс адам бола білуі шарт. Сонан кейін ғана білімін тереңдете алады. Адамдардың адами рухани-адамгершілік құндылықтарының орнындағы кемшіліктерді ешқандай да академиялық білімдердің толықтыра алмайтынын өмірдің өзі көрсетіп отыр.
Жас ұрпақты рухани-адамгершілікке, салауаттылыққа тәрбиелеуде адамгершіліктің ақ жолынан айнымаған бұрынғы өткен ақыл-ой алыптарының мұра етіп қалдырған өсиет сөздері және ғұламалардың ғибраттары арқылы қоғамымызда салауатты өмір салтын қалыптастыруымызға болады. Сонда ғана бүкіл жер бетінде, әсіресе, жастар арасында бой көрсетіп жатқан маскүнемдік, нашақорлық, жезөкшелік, парақорлық, дүниеқоңыздық, көреалмаушылық сияқты кеселдерден мемлекетіміздің болашағы – жас ұрпағымызды қорғап қаламыз және аман сақтаймыз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Адылханов А.С., Брусенко З.Г., Сейдуманов С.Т. Шымырлылық шынығудан. Мектеп оқушыларына арналған валеология жөніндегі бағдарлама, Алматы, 1998.
- Қазақстан Республикасының Білім Беру туралы Заңы., Алматы, 2001.
- Ембергенова Ж. Жастарды салауатты өмір салтына халықтың педагогикалық құндылықтары негізінде ұрпақ сабақтастығымен ұштастыра тәрбиелеу. Автореф.канд. дис. Қарағанды, 2000.
- Наурызбаев Ж. Ұлттық мектептің ұлы мұраты. Оқушыларға мәдени-этникалық білім беру туралы, Алматы, Ана тілі, 1995.
- Жұмабаев М. Педагогика. Алматы, Рауан, 1992.