Екібастұз қаласы, №25 қазақ
қыздар гимназиясының мұғалімі
Аримбекова А.Г.
Мақсаты:
- Қыздарды халқымыздың ізгі қасиеттері: имандылық, инабаттылық, ізеттілік, ісмерлік,негізінде тәрбиелеу.
- Әр қыз баланы парасатты, жан – жақты білімді болуға, әсемдік, сұлулық әлемін түсінуге тәрбиелеу.
- Табиғат сыйлаған қасиеттерінің ашылуына көмектесу.
Байқаудың шарттары төмендегідей:
Cыныптан бес үміткер қатысады. Дюсембаева Д, Тұқан А, Әшірова А, Бегежанова А, Мейрамқызы А
- «Мен қазақтың қызымын» таныстыру
(қатысушылар өздерін осы сөзбен, өлеңмен, әнмен таныстырады) - «Зерделінің ойы озық»
(Лездік сұрақтарға жауап беру) - «Қыз еркем – кестесімен көркем»
(Әр қыз өзінің қолынан келетін бір ісмерлік өнерін көрсетеді) - «Өнер»
(Ән айту, би билеу, күй тарту) - « Ас мәзірі»
( қыздар өздерінің ас мәзірін жасап келеді және оны көрсетіп, қорғайды) - «Қызды тәрбиелеген – ұлтты тәрбиелейді»
(Қыз бала тәрбиесіне байланысты даналық сөздердің мағынасын ашу
1-жүргізуші: Жулдыз
Кеуделерде жас көктем жайраң күліп
Келді көктем көрген көзді қайран қылып-
Құйып кетті көшеге нұр шуағы
Қыздарды қызыл гүлге айналдырып.
2-жүргізуші: Жансулу
Құрметті жиналған қауым бүгінгі 8-наурыз халықаралық қыз — келіншектер, ана, апаларымыздың мерекесіне орай 6 «Б» сыныбының ұйымдастырылуымен «Қыздар –біздің гүліміз» атты байқауымызды бастауға рұқсат етіңіздер. Сіздердің көңілдеріңізді көтеріп, мерекелік көңіл-күй сыйлаймыз деген ойдамыз.
1- жүргізуші: Құрметті аналар, ұстаз аналар, бойжеткен арулар! Сіздерді көктемнің ең алғашқы мерекесі 8 наурыз халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтаймын! Қазақ қызы десе ашық, бірақ жүзінде ұяңдық бар, әдепті, инабатты жан елестейді. Бүгінде сол әдепті де әдемі, инабатты да мейірімді ару қыздарымыз сынға түскелі тұр. «Қыздар – біздің гүліміз» байқауына қош келдіңіздер!
2 – жүргізуші:
Уа, арулар, арулар! Ешкімің жоқ алалар.
Ару болу үлкен сын, оны қазың бағалар. – деп әділ – қазылар алқасымен таныс болыңыздар.
1. ________________________________
2. ________________________________
3. ________________________________
Әділ-қазылар алқасы әр сайыс сайын бағаларын бірден көрсетіп отырасыздар!
1 – жүргізуші:
Уа, халайық, халайық,
Мұнда назар салайық.
Рұқсат болса бастайық!
Мың бұралған арулар аңдап басып,
Келеді міне ортаға толқып тасып
Аруларын сыйлаған, халқым менің,
Көңілді қошеметпен қарсы алайық!
(Арулар ортаға шығады)
Жюридің алдынан өздерінің кезек нөмірлерін алады.
2 – жүргізуші:
Бойжеткен арулар келіп жетті танытуға,
Бойындағы бар дарынды дарытуға.
Қорықпастан ортаға келіп жетті,
Әдеппен, ізетпенен танысуға.
1 – жүргізуші: Байқаудың І кезеңі «Мен қазақтың қызымын». Таныстыру бөлімі .
Әділ – қазылардан арулардың бағасын күтеміз
2 – жүргізуші: Байқаудың ІI кезеңі «Зерделінің ойы озық» (Лездік сұрақтарға жауап беру) . – деп аталатын бұл кезеңде әр аруға 10 сұрақтан қойылады. 1 минут ішінде 10 сұраққа жауап беруі тиіс. 1 дұрыс жауап 1 ұпаймен бағаланады.
1-ші арудың сұрақтары.
1. Қозы Көрпештің серігі? (Баян Сұлу)
2. Ананың анасы сізге кім болады? (Нағашы әже)
3. Еттен жасалатын тағам? (Бесбармақ).
4. Қазақстанның Президенті кім? (Н.Назарбаев)
5. Қазақстанның бұлбұл әншісі атағына ие болған әнші анамыз? (Б. Төлегенова).
6.Абай Құнанбаевтың анасы? (Ұлжан)
7. Білім, оқу, жазуды үйретуші адам? (Ұстаз).
8. «Фариза, Фаризажан Фариза қыз» кімнің өлеңі (Мұқағали)
9.Қошақанның анасы? (қой).
10. Қыз бала туралы бір мақал айтыңыз.
2-ші арудың сұрақтары.
1. Төлегеннің серігі? (Жібек)
2. Ананың сіңлісі сізге кім болады? (Нағашы апа)
3. Сүттен жасалатын тағам? (Көже, айран, ірімшік,қаймақ,май).
4. Аллада не жоқ? (бауыр)
5. Ақ сүт берген аналардың анасы (әже)
6. Әйгілі күйші – анамыз? (Дина Нүрпейісова).
7. Науқас адамдарға көмек беруші, емдеуші адам? (Дәрігер).
8. Әнші Мадина … (Ералиева)
9. Тай, құлынның анасы? (Бие).
10. Ана туралы бір мақал айтыңыз.
3-ші арудың сұрақтары.
1. Еңліктің серігі? (Кебек)
2. Ананың қызы сізге кім болады? (әпке)
3. Қамырдан жасалатын тағам? (Бауырсақ, нан).
4. «Ана тілі – арың бұл»кімнің өлеңі? (Қ. Мырза Әли)
5. Қазақстандық әйгілі биші анамыз? (Ш. Жиенқұлова).
6. Абай Құнанбаевтың әжесі? ( Зере).
7. Ас пісіруші маман адам? (Аспаз).
8. Әнші Нағима… (Есқалиева)
9. Ботаның анасы? (түйе).
10. Бала туралы бір мақал айтыңыз.
4-ші арудың сұрақтары.
1. Мойынға тағатын әшекей бұйым (алқа)
2. Апа сіңлінің балалары (бөле)
3. Қазақ әйелдерінің сәндік әшекей бұйымдары? (сырға,білезік, жүзік, сақина, шолпы, алқа, қапсырма, шашбау, бойтұмар, түйреуіш, белбеу).
4. Ою өрнектің бір түрін ата? (қошқар мүйіз, арқар, сыңар, өркеш, төртқұлақ, түйетабан, қос алқа, сыңар).
5. Аққуда не жоқ? (сүт)
6. Абай Құнанбаевтың анасы? (Ұлжан).
7. «Мен қазақпын» поэмасының авторы (Ж.Молдағалиев)
8. Әнші Тамара… (Асар)
9. Ешкінің төлі ? (лақ).
10. Қыз туралы бір мақал айтыңыз.
5-ші арудың сұрақтары.
1. Сүттен жасалатын тағамдар (қымыз, шұбат, айран, қаймақ, май, сүзбе, көже, қойыртпақ, шалап, боза, іркіт, ірімшік, құрт, жент, малта)
2. Киелі құс (аққу)
3. Тігінші құралы ( ине)
4. «Үш бақытым» өлеңінің авторы кім? (Мұқағали)
5. Қазақтың діни мейрамы ( құрбан айт, ораза айт)
6. Тіршілік иелерінің моторы (жүрек)
7. Көздің суы (жас)
8. Ақ сүт берген аналардың анасы (әже)
9. Анаңның бауырлары (нағашы)
10. Ең зор байлық (денсаулық)
2 – жүргізуші: Байқаудың ІII кезеңі «Қыз еркем – кестесімен көркем»
(Әр қыз өзінің қолынан келетін бір ісмерлік өнерін көрсетеді)
Өнері өрге жүзер, таңғалмаңыз!
Таланты талмай ұшар, таңғалмаңыз!
Таңғажайып әлемі — өнер аты,
Шарпып өтсін лебімен, таңғалмаңыз!
Аруларымыз көрермендерді қолөнерлерімен таңғалдыруға асығады.
1 – жүргізуші:
Кедеймін деп қысылма,
Өнерің болса қолыңда
Өнерлінің ырысы
Жарқырап жатыр жолында.
Сайыста ән салайық, би билейік,
Өнермен өрге басып кідірмейік.
Байқаудың ІV кезеңі «Өнер»
(Ән айту, би билеу, күй тарту)
Әділ – қазылардан арулардың бағасын күтеміз
2 – жүргізуші: Байқаудың V кезеңі « Ас мәзірі»
( қыздар өздерінің ас мәзірін жасап келеді және оны көрсетіп, қорғайды)
1 – жүргізуші:
Пір тұтқан адамдықты, адалдықты,
Көркімен таң қалдырған тамам жұртты.
Қыздардың қылығымен өмір қызық,
Қыздардың ғұмырымен заман құтты – дегендей Байқаудың ІІІ кезеңі «Қызды тәрбиелеген – ұлтты тәрбиелейді» деп аталады.Бұл кезеңде қыз бала тәрбиесіне байланысты даналық сөздердің мағынасын ашу бойынша аруларымыз сынға түседі.
«Ә» дегенше соңғы сайысымызға да келіп жеттік. Байқаудың VI кезеңі «Қызды тәрбиелеген – ұлтты тәрбиелейді»
(Қыз бала тәрбиесіне байланысты даналық сөздердің мағынасын ашу
1. «Қыздың жиған жүгіндей»
Бұл теңеу қыз баланың ұқыптылығын, шеберлігін көрсетеді. Өздеріне тән нәзіктілігімен, сүйкімділігімен, сыртқы және ішкі сымбаттылығымен ерекше екендігін айтқан
2.«Қыз өссе – елдің көркі, гүл өссе – жердің көркі»
Біздің халқымызда «қыз» деген сөздің өзі әдеміліктің, жан-жақты сұлулықтың символы ретінде қолданылады. Қыз баланы гүлге теңеп, көрікті болатынын аңғартады. «Елдің көркі» деп қыз баланың айрықша әдептілігіне көңіл бөліп, олардың жүрегін жылылыққа бөлеп, жандарын жаманшылықтан аластап өсірген.Қыз баланың сүйкімділігінен, жанының нәзіктілігінен шыққан сөздер.
3.«Қызға қырық үйден тыйым»
Қыз бала тәрбиесіне ата-ана ғана емес, көрші-қолаң, туған-туыс, ауыл-аймақ болып сергектікпен қарайтын болған.
4.«Біреудің ала жібін аттама».
Қыз бала үшін өтірік айту, ұрлық істеу және қатыгездік, қулық-сұмдық деген жат қасиет екенін айтып, өтірік өрге бастырмайды, ешкімге қиянат жасама деп адалдыққа тәрбиелеп отырған. Тәрбиенің бұл түрінің әсері сол қыз баланың өмір жолын дұрыс таңдауына зор ықпалы болған.
5.« Шеше көрген тон пішер»
Халқымыз қыз бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Қыз балаға 5 – 6 жасынан-ақ апа-жеңгелері, шешесі мен әжесі үй шаруасын жүргізуді (үй сыпыру, төсек жинау, ыдыс-аяқ жуу, ас пісіру, мал сауу), ою ойып, өрнек, кесте тоқуды үйрете бастаған. Қыз бала тәрбиесінде шешенің орнын ерекше бағалаған.
Қыз баланың әр іске талапты да алғырлығынан, өнер-білімге бейім тұратын сергектігінен шыққан сөздер.
6. «Қыз жат жұртқа жаратылған»
Қыздарды тұрмыстық мүліктерді даярлауға: жүн түту, жіп иіру, шекпен тоқу, кесте тігу, құрақ құрау, оюлап киіз басу, кілем тоқу, арқан есі, көрпе көктеу, т.б. өнерлерін қыз балалар бөгде босағаға бармай тұрып-ақ үйреткен. Осындай еңбекке баулу нәтижесінде жанұя алдындағы жауапкершілік сезімдеріне бойларын үйретіп, психологиялық жағынан отау тігуге даярлай бастаған.
7.«Қызым – үйде, қылығы – түзде»
Халқымыздың тәрбиесінде қыздардың ерсі қылықтары мен әрекеттеріне үлкендер тыйым жасап отырған, сыпайылыққа, жарасымды мінез-құлыққа тәрбиелеген. Дөрекілікке, менменшілдікке, әдепсіздікке барудан сақтап отырған.
6-шы кезең бойынша аруларымыздың ұпайлары.
Енді әділқазы алқаларынан барлық ұпай сандарын санап, жеңімпаздарды анықтауларын сұраймыз. Ұпай сандары әзір болғанша;
Мың бұралып билеген
Аруды кім сүймеген .
Күміс көмей аруларға
Кімдер басын имеген-дей отырып келесі кезекті 6б сыныбының бишілерінің «Шаттық» биіне береміз.
Қорытынды сөз әділқазы алқаларына беріледі, марапаттау рәсімі.
VII Қорытынды: Қыз баланы ізетті, инабатты асыл жан етіп, ісіне көркі сай тәрбиелеу, қыз сыйлау халқымыздың қанына сіңген қасиет, олардың айналадағы адамдармен қарым – қатынас жасай білуіне көңіл бөле отырып, оларға нәзіктік пен сүйкімділік қасиеттерін бере білген.
«Қыз емес қыздың аты қызыл алтын,
Көрінер толған айдай жүзі жарқын,
Үлкеннің алдын орап сөз сөйлемес,
Халқының сақтай білген ізгі салтын» — дегендей, қыздарымыз апаларының өнегелі істерін өз бойларына дарытып өссе екен дейміз. Осымен байқауымыз өз мәресіне жетті. Ару қыздарымызға рахмет айтамыз. Мерекелеріңіз құтты болсын!
- 1- жүргізуші: Құрметті қонақтар! біздің «Қыздар –біздің гүліміз» атты мерекелік кешімізді көңіл қойып тамашалағандарыңызға көп-көп рахмет. Сау-саламатта болыңыздар!