Басы » Tәрбие сағаттары » Аяулы аналар – асыл жандар!

Аяулы аналар – асыл жандар!

Екібастұз қаласы, №25 қазақ қыздар гимназиясы
қазақ тілі пәні мұғалімі
Рахимбаева Айнұр Кендібайқызы

Мақсаты:

Оқушылардың анаға деген сезімдерін, махаббатттарын өз жүректері арқылы жеткізу
Аялы жандарға деген құрмет, ілтипатты көрсету.
Эстетикалық — рухани тәрбие беру.
Безендірілген сынып бөлмесі. Қонақта әжелер, аналар және сынып қыздары.
Жүргізушілер: Мұхамеджанова Мадина, Башар Айсұлу
Мадина: Қайырлы күн, Айсұлу! Бүгін бізге қонаққа аяулы аналар, ақ жаулықты әжелер,
гүлдей жайнаған қыздар келіпті ғой. Олар неге бүгін осында жиналып отыр. Білесің бе?
Айсұлу: Иә, Мадина, қазір далаға жайма шуақ көктем келген мезгіл емес пе? Ал көктемнің алғашқы күндерінде әже, ана, қыздардың жарқын мерекесі келетінін ұмыттың ба?

Мадина. Дұрыс айтасың. Әбден есімнен шығып кетіпті. Ендеше аяулы жандарға арналған мерекелік концертімізді ашығу рұқсат етіңіздер!

Айсұлу:
Той пердесін ашайық,
Тойға шашу шашайық,
Аналарды құрметтеп,
Ән маржанын шашайық.

Мадина.
Құтты болсын, ардақты ана
Асыл анам мерекең.
Құтты болсын теңдік алған
Қуанышты берекең.
Алғашқы мереке шымылдығын ашу үшін ортамызға «Анаға хат» әнімен Айдана мен Арайлымды шақырамыз.

Айсұлу
Менің анам үйде барлық тірлікті істеп, одан қала берсе жұмысқа барып үлгереді.

Мадина. Мен мектептен келсем тамағым да дайын, үй де жинаулы, мұның бәрін қалай үлгереді екен?

Айсұлу. Біздің аналарымыз бәрін өз қамқорлығына алады, олар барлық шаруаны бітіреді, сонымен қатар олар біздің әр ойымызды айтқызбай табады, біздің бар сырымыз оларға әрқашан да белгілі.

Мадина.
Ардақты ана, аяулы ана, қымбаттым,
Тәтті ұйқыңды бөліп талай түн қаттың.
Өміріме нәрін берді ақ сүтің,
Кең құшағың – аясындай гүл бақтың.
Мен өзіңмен қайда болсам біргемін.
Махаббатың жүрегімде жүр менің.
Күн нұрындай – жадырай бір күлгенің
Қандай жақсы ортамызда жүргенің!
Айсұлу. Келесі кезекті Асима құрбымызға берейік. Асима сіздерді «Өз қызыңды тапІ» атты ойынға қатысуға шақырады. Бәріне сәттілік тілейміз..

Мадина.
Ана – өмір, қолдаушысы әлемнің,
Шаңырақтың шаттығы мен шуағы.
Сейілмесін жанарынан ананың
Тіршілікке төккен нұрлы шуағы.
Аялайық аналарды әрдайым,
Қуанышқа бөлейікші өздерің.
Әжелердің, аналардың, қыздардың
Мұң шалмасын күлім қаққан көздерің.

Айсұлу: Мадина, біздің қызғалдақтай құлпырған қыздарымыз сондай әдемі, сүйкімді! Өздері сондай өнерлі! Шарықтатып ән де салады, мың бұралып би де билейді, сондай-ақ әр түрлі шараларды ұйымдастыруға шебер-ақ! Ортаға мың бұралған қазақтың «Көктем гүлі» биімен Диана қызымызды шақырамыз. Қарсы алыңыздар!

Мадина.
Ана десем – алғыс алам халқымнан,
Ана десем – теңіз болам шалқыған.
Ана десем – ашылады қабағым,
Ана десем – әділдікті ұғамын.

Келесі кезекте әзіл-сықақ театрынан келген әртістерімізді ортаға шақырғым келеді. Олар өздерінің жарқын әзілдерімен бәріміздің көңілімізді көтерсе  нұр үстіне нұр емес пе, Мадина.

Мадина. Гүлден құрбым, сен бүгінгі мерекеге не алып келдің?

Гүлден. Мен де құр бос келген жоқпын. Аналарымызбен «Сиқырлы шар» ойынын өткізгелі келдім. /Гүлден ойын шартымен таныстырып, ойынды өткізеді/

Айсұлу.
Көктем келіп, гүлге толы дала бар
Мерекеңіз құтты болсын аналар
Сіздерсіздер тіршіліктің тұтқасы.
Жас ұрпаққа ақыл берген даналар.

Сагдатова Камиланың орындауындағы «Мама» әнін тамашалаңыздар.

Мадина.
Өмірдің иесі сен, ғазиз Ана,
Келтірген дүниеге нелер дана.
Анасыз батыр да жоқ, ақын да жоқ.
Өмірдің алтын кілті сонда ғана.

Айсұлу. Ортаға өз өлеңдерін оқуға ақын қыздарымызды шақырайық. Өнерлерің өрге жүзсін, құрбыларым!
(Адель. Камила өлеңдерін оқиды.)
Айсұлу.
Адамзат қуат алар ақ сүтінен,
Мәпелеп әлдилеген пейілің кең.
Аналық махаббатың –кәусар бұлақ,
Сөнбейтін ақ жүрегің – мәңгі шырақ.

Мадина.
Келесі кезекті биге берейік, иә, Айсұлу. Қыздарымыз Камила мен Аружан өздерінің өнерлерін аналарымызға сыйламақ. Қарсы алайық, «Ойын» биі.
Мадина.
Дүниенің жарық күні – анамыз,
Дана болсақ анаменен данамыз.
Тыңдаңыздар көңіл қойып, аналар,
Сіздерге арнап тағы бір ән саламыз.
Айсұлу. Зарина мен Айсананың орындауында «Ана жүрегі» әнін қабыл алыңыздар.

Айсұлу.
Алтын анам жасымнан аялаған,
Мен үшін игілікті аямаған.
Сабақтан шаршап үйге келгенімде
Бал сөзі «жаным» деген сая маған.
Азалия, сен неге мында шықтың? Сен де бірдеңе өткізгің келе ме? Құпия болмаса айтасың ба?
 Азалия.Иә. Мен де мерекеде ақ тілектер айтылсын деп «Анама тілек» ойынын өткізгелі келдім. (Азалия ойын шартымен таныстырып, өткізеді.)
 Мадина.
Өзіңсің, сүйікті анам, құдіретім,
Жанымды жадыратып күлдіретін.
Сендегі маған деген мол мейірді
Нұр толы қос жаңарың білдіретін.

Айсұлу.
Өзіңсің өмірдегі асылым да, ардағым,
Бір өзіңе ақтарып сыр, жыр арнадым.
Анашым, айтарым көп тіл жетпейді.
Бір сендей асыл адам таба алмадым.

Мадина.
Келесі тамашалайтын шығыс биі. Ортаға Жансая құрбымызды шақырамыз. Қарсы алыңыздар?

Айсұлу.
Тағы да ойынға кезек келді. Ойын «Кім шапшаң? деп аталады. »Ол ойынды сіздермен Камила өткізеді. Сөз кезегі сенде КАмила. (Сагдатова Камила ойын шартымен таныстырып, өткізеді.)
Мадина
Бақытты ғой шынында
Анасымен балалар.
Құтты болсын мереке,
Аман болсын аналар.
Айсұлу.
Жүзімізге қараңыз
Біз бақытты баламыз
Бізге қымбат құшағыңыз
Бізге қымбат анамыз   деген өлең шумақтарымен мерекелік шарамызды аяқтауға рұқсат етіңіздер. Осы кештің нүктесін қоюға ортамызға біздің екінші анамыз сынып жетекші Айнұр Кендібайқызын шақырамыз.
(Сынып жетекші өз жылы лебіздері мен игі тілектерін жолдайды. )

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *