«Киев орта мектебі» КММ
Еликбаева Н.М.
Тарих пәнінің мұғалімі
Гүлденген Қазақстан
Мақсаты:
Білімділік: 1986-жылғы желтоқсан оқиғасын келтіре отыра егемендікке қалай қол жеткізгеніміз жайлы, Тәуелсіз Қазақстан туралы оқушыларға толықтай мағлұмат беру.
Дамытушылық: Ой-өрісін, танымдық қабілетін, жеке дара тұлға ретінде дамыту. Оқушыларға тәуелсіздік жайлы жан-жақты түсінік бере отырып, олардың ой-өрісін, ақыл-ойын арттыру.
Тәрбиелік: Ата-баба аманатына адал болуға, ерлігінен үлгі алуға, бабалар рухын асқақтата дәріптей білуге үйретіп, ұлтжандылық, отаншылдық сезімдерін ояту.
Сабақ көрнекілігі: интерактивті тақта, флипчарт, үнтаспа, карточкалар, жұлдызшалар, қоржын, суреттер.
Тәрбие сағатының түрі: ашық тәрбие сағаты
Сабақтың барысы:
Мұғалім сөзі:
— Балалар біз қандай мемлекетте тұрамыз? Қазақстан Республикасы
— Қазақстан Республикасы қандай мемлекет? Егемен, тәуелсіз мемлекет
— Бізге қандай мейрам жақындап қалды? 16-желтоқсан – Тәуелсіздік күні
— Ендеше Тәуелсіздік деген сөзді қалай түсінесіңдер?
Олай болса, 16-желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай өткізіліп отырған «Гүлденген Қазақстан!» атты ашық тәрбие сағатымызды бастаймыз.
Хор: Мемлекеттік Әнұран.
Ата-бабаларымыз тәуелсіздікті үш ғасырға жуық уақыт бойы армандап кеткен. Тәуелсіздікке жету үшін халқымыздың басынан не өтпеді. Қаншама ерлеріміз халық қамы үшін қан кешіп құрбан болған. Азаттық қазақ халқының ежелгі арманы еді. Азаттық үшін күресте айрықша қылыш сермеді, талай қиындықты бастан кешірді. Бірақ ешқашанда мойымады, күресе білді. Азаттық таңы ерте ме-кеш пе туатынына кәміл сенді.
Енді осы тәуелсіздік бізге қалай келді, тәуелсіздігімізді алғанға дейінгі кезеңді бір сәт үзінділермен еске түсіре кетейік.
Тарих қойнауынан слайд.
Иә, осындай қаншама азапты басынан кешкен қазақ халқымыздың азаттық, тәуелсіздік ежелгі армандары еді. Жыл өткен сайын мәңгі ұмытылмас мұң қалдырып тарих қойнауына сіңіп бара жатқан 86-жылдың 16 желтоқсаны барша қазақтың жүрегін сыздатып, көңілдерге жара салды. Желтоқсан оқиғасы салдарынан қаза болған жазықсыз жастарымыздың рухына бас иіп, орнымыздан тұрып, бір минут еске алайық! (1 минут үнсіздік).
Алматыда Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің 18-минутқа созылған қысқа уақытта өткен пленум болды. Сол пленумда Республика компартиясы Орталық комитетінің 1-хатшысы, Қазақстанға 20 жылдай басшылық еткен Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевті қызметінен босатты. Оның орнына саяси бюроның шешімімен Григорий Колбинді сайлады. Бұл шешімге наразылығын білдірен жастар алаңға шықты.
Желтоқсан жайлы видео көрсетіледі.
Өздерің естіп отырғандай қаншама қазақтың қаны төгілді. Міне осындай тәуелсіз , азат өмір сүру үшін қаншама қиындықтар көрді.
Ал, сендер балалар желтоқсан оқиғасына арналған қандай өлеңдерді білесіңдер?
Сара:
Желтоқсан –әйгілі күн,
Ерттеп мініп ар-ождан сәйгүлігін,
Ерлерім ерлік үшін атой салып ,
Еншілерін қайтарған бәйгелі күн.
Бахтияр:
Желтоқсан-тағдырларға азалы күн,
Қайраған намыстарын мазалы мұң.
Қыршынынан қиылған боздақтары,
Қалар мәңгі есімде қазағымның.
Кенжегүл:
Желтоқсан –қайсар ерлік, қуатты күн,
Жігер оты маздаған тұрақты ұғым.
Тәуелсіздік билігі қолға қонған,
Тәңірімде желтоқсан шуақты күн.
Бекзат:
Желтоқсан – жадымызда жаралы күн,
Жастарым жапа шеккен жаралы мұң.
Еркіндік, егеменді елдігімді ,
Еміріне аңсады саналы ұғым.
Желтоқсан оқиғасына байланысты көрініс қойылады.
1-көрініс
Осыдан 25 жыл бұрынғы Алматы оқу орындарының бірінің жатақханасының алдындағы оқиға.
Көрініс
Айбек: — Қыздар, мен газет әкелдім.
Сара: — Не жаңалық шығыпты?
Кенжегүл: — КОКП Орталық Комитетінің хатшысы Д.Қонаевты алып, орнына В.Колбинді тағайындапты.
Айбек: — Колбин деген кім екен?
Сара: — Қайдан келіпті?
Кенжегүл: — Колбин Ульяновтан келіпті.
Айбек: — Қазақстанды өзіміздің қазақстандық азамат басқарсын!
Сара: — Біз демократияны талап етеміз.
Кенжегүл: — Қане жүріңдер, қыздар, жігіттер алаңға кетейік!
2-Көрініс
Тергеуші (Бахтияр): — Сен алаңға не үшін келдің? Савицкийді өлтіргеніңді мойындайсың ба?
Қайрат (Бекзат): — Оу, адамдар, мен адам өлтірген жоқпын. «Қазақ қыздарын жазықсыз ұрып-соғып жатыр» дегенді естіп, қыздарға араша түсейін деп келдім. Мен жазықсызбын.
Атымды адам қойған соң
Қайтіп надан болайын.
Ортам надан болған соң
Қайда барып оңайын?
Қасқалдақтай қаным бар,
21-де жасым бар,
Атам десең, атыңдар.
Қайрат (Бекзат): — Апа, естимісің? Мен жазықсызбын, апа!
Апасы (Сара):
Қарағым, қайран, балам-ай,
Құлыншағым, жаным-ай, құлағыма келеді
Алыстан айтқан зарың-ай!
Қайрат (Бекзат):
Ұинамайды абақтыға жапқаны
Қиын емес дарға асып, атқаны,
Маған ауыр осылардың бәрінен
Өз ауылымының иттері үріп, қапқаны.
Айбек:
Ер жаңылып қолға түсер
Құс жаңылып торға түсер
Ал, жаңылмай-ақ жазықсыз жапа шеккендер саны қаншама!
Сара:
Өшпесін бейне, өлмесін мұра,
Мұндай азған қу заман
Қалыбында тұрмайды
Сенгің келсе бүгінде
Ертеңіннен түңілме.
Кенжегуль:
Өсер ұлдың әр сәтте де бірлік болмақ қалауы
Лаула, лаула желтоқсанның мұзда жанған алауы.
Өздеріңдей ер намысты жас өркені бар елдің
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!!!
Ән: «Желтоқсан желі»
Осындай бірнеше ғасырға жалғасқан бостандық, Тәуелсіздік үшін күрескен қазақ халқының тілегі орындалып, 1991 жылдың 16 желтоқсаны Тәуелсіздік күні болып тарихқа енді. Осындай сан ғасырлық тарихында қаншама бейнет көрсе де халқымыз ешқашанда мойымаған. Тәуелсіздік таңы атып, еліміздің қанаты жайылды, төбемізде туымыз желбіреп, өз Елтаңбамыз төрімізден орын алды. Тұңғыш өз Отанымыздың Елбасы сайланды. Ордабасы – Астана бой көтерді.
«Тәуелсіздік Қазақстан» слайд көрсетіледі.
Ең алғаш Тәуелсіздікті алған жылы елімізде мына тал секілді жер қойнауынан басқа Тәуелсіздікті білдіретін ешқандай нышанымызда, заңымызда жоқ еді.
Оқушылар «Алғырлар», «Қырандар» атты екі топқа бөлініп, жарысады.
І айналым. Сұрақтар:
- Биыл Қазақстан Тәуелсіздігіне неше жыл толды?
Жауабы: 24
- Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері қашан қабылданды? Оларды ата.
Жауабы: Мемлекеттік рәміздер: Ту, Елтаңба, Әнұран. 1992 жылы 4 маусымда егемен еліміз Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері қабылданды.
- Қазақстан Республикасының жаңа Мемлекеттік Әнұраны қашан қабылданды?
Жауабы: 2006 жылы 7 қаңтарда Қазақстан Республикасының жаңа
Мемлекеттік Әнұраны қабылданды.
- Қазақстан Республикасының мемлекеттік туының авторы кім?
Жауабы: Шәкен Ниязбеков
- Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қай жылы қабылданды?
Жауабы: 1995 жыл 30 тамызда қабылданды.
- Ұлттық валюта – теңге айналымға қашан енгізілді?
Жауабы: 1993 ж 15 қарашасында ұлттық валюта – теңге айналымға енгізілді.
- Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті кім?
Жауабы: 1991 жылы 1 желтоқсанда тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаев сайланды.
- Елбасымыздың мамандығы қандай?
Жауабы: Елбасымыздың мамандығы – инженер- металлург.
- Астана қаласының символы?
Жауабы: Бәйтерек – Астана қаласының символы.
- Еліміздің астанасын ата.
Жауабы: Астана
ІІ айналым.
Отан, туған жер, еркіндік, батырлық жайлы мақал-мәтел айту.
ІІІ айналым.
«Тәуелсіз Қазақстан» шағын эссе жазу.
Сайыстың нәтижесін қорытындылау.
Оқушылар шығармашылығы.
Айбек:
Қазақстан – қасиетті мекенім,
Өзіңді жырлап мәңгілікке өтермін.
Елім үшін, жерім үшін жан пида,
Республикам, Отаным, Атамекенім.
Сара:
Республикам! Ерікті елім – Қазақстан!
Келді міне, ел тілегі ашық аспан.
Келді алыстан аңсатып, армандатып,
Көк байрағы желбіреп – Қазақстан!
Бекзат:
Республикам – ұлан байтақ жер болды,
Республикам – тәуелсіздік ел болды.
Республикам – Республика атанып,
Халқымыздың көңілдері кең болды.
Бахтияр:
Отаным тәуелді елге ұқсап тұрды,
Уақыт өте Ресейден де босатылды.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан соң
Мемлекеттік рәміздер жасатылды.
Кенжегүл:
Бойымда әні бұлақ жатыр бұрқырап,
Сол бұлақтан сыр ағыздым жыр құрап.
Тілейтінім барша жұртқа бір ғана
Ырыс, бақыт, татулық пен ынтымақ.
Ән: «Атамекен»
Рефлексия.
Оқушылар елге арнаған тілектерін алма тәрізді смайликке жазып, тақтада тұрған алма ағашына іледі.
Мұғалімнің қорытынды сөзі: Отанымыздың көркендеп, дамуы үшін біздің алдымызда тұрған басты міндет – жақсы оқып, елге қызмет ету. Олай болса, осы жолда сіздерге ақ жол болсын! Осымен, «Гүлденген Қазақстан!» атты ашық тәрбие сағатымыз аяқталды. Көңіл-қойып тыңдағандарыңызға көптен-көп рахмет!
[bws_related_posts]