Басы » Tәрбие сағаттары » Әдептілік — адамгершілік әліппесі

Әдептілік — адамгершілік әліппесі

Жубанова Жазира Бақытовна

Әдептілік — адамгершілік әліппесі

Әдептілік — тәрбие бастауы. «Әдептілік, ар — ұят — адамдықтың белгісі»
Халық мақалы
Мақсаты:
1.Адамгершілікке, кішіпейілділікке, жаман әдеттерден аулақ болуға баулу;
2.Адам бойындағы ұнамды, ұнамсыз қылықтарды ажырата отырып, әдеп әліппесін бойына дарыту. «Әдеп», «әдептілік» туралы түсініктерін кеңейту;
3.Әдептілікке, сыпайылыққа тәрбиелеу;
Көрнекі құралдар:
Адамгершілікке, әдептілікке байланысты түрлі суреттер, өсиет — нақылдар
( әдептілік туралы), құпия хаттар т.б.
Шаттық шеңбері. Сабақтың алдында қағаздан қиылған жүрекшелер қобдишаға салынып қойылады.
— Балалар мен бүгінгі сабақта көргеніме қуаныштымын. Сендердің күлімдеген жүздеріңді көріп, сүйсініп тұрмын. Сол себептен мен сендерді көңілашар сәтіне шақырамын! Бұнда түрлі-түсті жүрекшелерге толы. Есімізде түстерді сақтайық. Олар адамның құнды қасиеттерін білдіреді екен. Қызыл-адамгершілік, сары-адалдық, қызғылт- мейірімділік, көгілдрі- сүйіспеншілік, қызғылт сары- әдептілік, сарғыш-ізеттілік, ақ- қайырымдылық.
— Балалар осы жүрекшелерді алып, биікке ұшыруға тырысайық. Балалар жүрекшелерді аспанға лақтырады.
— Қараңдаршы қандай керемет! Біздің сыныптың іші осы құнды қасиеттерге толды. Балалар бұл түрлі-түсті қағаздан жасалған жүрекшелердің ұшқанын неге ұқсаттыңдар?
Балалардың жауаптары.
— Ондай болса бәріміз бірге әдептілік, мейірімділік сыйлайтын күнмен сәлемдесейік.
Сәлем Күн-Анамыз! /қол жоғарыда/
Қуанатын күн бүгін / қол ұстасады/
Қайырлы таң! Қайырлы күн! /қол көкіректе/
Күліп шықты күн бүгін! /қол жоғарыда/
Шығармашылық жұмыс
Парталарыңыздың үстінде екі парақ қағаздың біріне адам бойындағы жаман қасиеттерді жазыңыздар. Екінші параққа адам бойындағы жақсы қасиеттерді жазасыздар. Жазып болсақ, жаман қасиеттерді жазған қағаздарыңызды бүктеп қоямыз да ал жақсы қасиеттерді оқимыз.
Топтастыру стратегиясы.

Мұғалім: осы жаман қасиеттерден аулақ болу үшін манағы жазған жағымсыз қасиетерді жыртып тастайық.
Әдептілік деген не?
_______: адамның бойындағы асыл қасиеттерінің бірі-әдептілік сезімі. Өзіңді әр түрлі жағдайда эстетикалық және этикалық талаптарға сай ұстай білу. Шын жүректен шыққан әдептілік сезімі өзге біреудің жанына кірбің салмай, адамға қуаныш әкеле алатынның бәрін түсінуді және басқа біреудің уайым- қайғысына ортақтаса білуді талап етеді. Әдепті адам әр уақытта қоғамға, басқа адамға қиянат жасаудан бойн аулақ ұстайды. «Әдебі жақсы-әдемі» деген қанатты сөз осының айқын дәлелі.
Мектептегі әдептілік деген не?
______: мектептегі әдептілікке мектеп ережесін сақтау, сабаққа кешігіп келмеу, мұғалімдермен, жолдастарыңмен амандасу, мектеп мүлкін сақтау, үлкендермен, кішілермен қарым-қатынаста болу.
_______: Әдептілік амандасудан басталады. Амандасу үшін айтылатын сөз: Сәлеметсіз бе? Ассалаумағалейкум, Қайырлы таң, Қайырлы күн? Кеш жарық…
Балалар амандасудың тәртібі туралы не айта аласыздар?
_______: Үлкендермен амандасу
_______: Қол алысып амандасқанда, қолғапты шешу керек.
_______Таныс адам алыс жерден келсе, оған барып амандасу.
_______: Үлкендермен және қыздармен сөйлескенде түзу түрып, дұрыс жауап беру керек.
_______: Қолыңды екі қалтаңа салып, шіреніп тұру сыйламаушылықтың белгісі.
Ал қайырымдылық деген не?
_______: қайырымдылық-өзіңнен кішілерге, жетімдерге, мүгедектерге, қарт кісілерге рухани және материалдық көмек көрсету.
— Бүгін біз әдептілік, адамгершілік туралы әңгімелесеміз.
Түйіндеу
Адам баласының бойында жақсы да, жаман да қасиеттер болады екен. Бізге ақылдылықты, адалдықты, қарапайым — кішіпейілділікті, инабаттылықты, шыншылдықты үлкендер үйретеді. Ол — біздің ата — анамыз, ақсүтін бере отырып, ана тілімен үйретеді. Біз оны түсініп, ата — баба салт, әдеттерін үйренеміз. Адам болатын бала — барлық жақсы қасиеттерді үйреніп, жаман мінез әдеттерден, ұнамсыз қылықтардан аулақ болуға тырысуы керек.
Мәтінмен жұмыс. Әдептілік. Ы. Алтынсарин
Бір жұрттың үлкен оқымысты кісісі екінші бір елдің байымен сөйлесіп тұрғанда, қастарынан бір жарлы адам өтіп бара жатып, оқымыстыға келіп, басын иіп сәлем береді.
Оқымысты басын одан да төменірек иіп сәлемдеседі.
Қасындағы бай: (_________)
— Тақсыр, осынша біліміңіз бар ғалымсыз. Сөйте тұрып, жарлы адамға соншалық иіліп сәлемдесуіңіздің мәні қалай? — деп сұрайды.
Сонда ғалым тұрып: (__________)
Ешбір ғылым — білім үйренбеген ол кісі әдептілік көрсеткенде, мен одан әдепсіз болып көрінсем, лайық па? — деген екен.

• Жарлы адам мен ғалымның кішіпейілділігі олардың қандай іс — әрекеті арқылы көрінеді?
• Әңгімеден қандай ой қорытуға болады?
Ойын «Жалғастыр»
«Не істеуге болмайды?» Осы сөз үлкен етіп жазылып көрсетіледі.Мұғалім басқы сөзін айтады, оқушы ойланып жалғастырып айтуы керек.
— Үлкендердің алдынан…… (кесіп өтуге болмайды.)
— Кішкене баланы…………….(жылатуға болмайды.)
— Құстарды ………………………(атуға болмайды.)
— Қыз баланы……………………(ренжітуге болмайды.)
— Сабақтан………………………..(кешігуге болмайды.)
— Сыныпта………………………..(айғайлауға болмайды.)

«Не істеу керек?» (бұл да сол сияқты жүргізіледі)
— Үлкен кісіні…………………..(сыйлау керек.)
— Үлкеннің тілін……………….(алу керек..)
— Үлкендерге……………………..(сәлем беру керек.)
— Кішілерді…………………………(қамқорлау керек.)
— Оқу құралдарын……………… (күтіп ұстау керек.)

«Құпия хаттарға» жауап беру
Оқушылар төрт топқа бөлінеді. Әр топқа құпия хаттар жазылған конверттер таратылып беріледі. Жауабын әр топ ойланып, ақылдаса отырып айтады.
Хаттардың мазмұны:
1 хат. Құрметті достар! Менің көршімнің бір баласы бар. Өзі өтірікші көзбе — көз өтірікті айта қояды. Маған күнде келіп ойнағысы келеді. Мен онымен дос болып бірге ойнайын ба?
2 хат. Құрметті достар! Менің де бір досым бар. Өзі мақтаншақ. Ойнап жүргенде үй ішін айтып, нәрселерін айтып, бөсіп мақтанады. Мен онысын ұнатпаймын. Бірақ ойынды жақсы ойнайды. Мен осы баламен дос болайын ба, айтыңдаршы?
3 хат. Құрметті достар! Партада менімен бірге бір бала отырады. Ойнап — ойнап тапсырмасын орындамай, жазбай келеді. Мұғалім сұрағанда қысылады.Сабақты менің дәптерімнен көшіріп алады. Мен бермесем, «Сен сараңсың» — дейді. Мен не істеуім керек?
4 хат. Құрметті достар! Біздің сыныбымызда бір қыз бар. Көбіне жаман сөздер айтады. Қыз, ұл демей ұрып, қағып боқтап кетеді. Ол да көбіне үй жұмысын орындамайды. Бірақ онымен дос болғым келеді. Не істеуге болады? Ақыл беріңдерші.
Шығармашылық жұмыс. «Әдептілік ережелері»
Мұғалім балалармен түрлі суреттер арқылы «Әдептілік ережелерін» құрып, ватманға жапсырады.
Әдептілік ережелері
• Әдепті бала қашанда сәлемдеседі. Кезіккен адамдармен амандасады, көмегі және қамқорлығы үшін алғыс айтып, кетіп бара жатқанда қоштасуды ұмытпайды.
• Әрқашан сыпайы болу керек. Сыпайылық — айналаңдағы адамдарға өзіңді жағымды көрсету. Байқамай біреуді ренжітіп алса, дереу кешірім сұрайды.
• Әдепті бала үлкенге орын береді. Әдепті бала көлікте отырғанда үлкендерге орын береді.
• Әдепті бала үлкенге де кішіге де үнемі көмектеседі. Үлкендерді, ауру адамдарды, соқыр адамдарды көшеден өткізуге көмектеседі.
Дәйексөз
«Әдептілік, ар — ұят — адамдықтың белгісі…» деген халық мақалын сабақтың дәйексөзі ретінде түсіндіру.
Әдептілік, адамгершілік жайында айтылған мақал — мәтелдер білеміз бе?
Топ болып мақал-мәтел айтып жарысады.
Қорытындылау
— Балалар, біз бүгінгі сабағымызда әдептілік, сыпайылық жайлы сөйлестік. Әдепті, сыпайы балалар айналасындағыларға жағымды, сүйкімді екенін түсіндік. Әрдайым әдепті, сыпайы болуға, кездескен адамдармен амандасуды, кешірім сұрауды, өтінемін деген жылы сөздерді үнемі айтуға үйрендік. Жақсы мен жаман әдет қалыптарды ажыратуды, жақын адамдарға қамқорлық, оларға көмек көрсету дағдыларын үйрендік.
Әдеп. А.Естенов.
Әдеп, ізет, иба да — Әдеп — алтын сабырың,
Шарайнасы жаныңның. Жетелейтін мұратқа.
Әдептіні сыйла да, Әдеп — талап, жалының,
Тәңіріңдей табынғын. Ақ желкенін құлатпа.
Сөзжұмбақ шешу.
Ж- жақсы бол
А – ақылды бол
Қ – қамқор бол
С — сабырлы бол
Ы – ынтымақты бол
Ә –әдепті бол
Д — дос бол
Е – еңбекшіл бол
Т – тәртіпті бол
Ән: «Мен әдепті баламын» әнімен сабағымызды аяқтайық.

1. Мені үйдегілер әдепті деп мақтайды,
Мінезімнен теріс қылық таппайды.
Ал енді сен жалқау болсаң тілазар,
Ондай әдет жақсылыққа жатпайды.
Қ-сы
Айтқан тілді аламын,
Айтқан жерге барамын. 2рет
Мен әдепті, мен әдепті баламын.

2. Тілін алып кішінің де кәрінің,
Айтқанына шауып жүрмін бәрінің.
Ата-ананың айтқанынан шығуды,
Әдептілік белгісі деп таныдым.
Қ-сы
Айтқан тілді аламын,
Айтқан жерге барамын. 4 рет
Мен әдепті, мен әдепті баламын.

 

[bws_related_posts]

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *