Калиева Салтанат Абужаровна,
Маңғыстау гуманитарлық колледжінің
I санатты информатика пәнінің оқытушысы
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы
Тақырыбы: Ана – өмірдің шуағы
Мақсаты:Студенттерді ананың еңбегін ақтауға, анаға деген сүйіспеншілікке, ананы құрметтеп, сыйлауға тәрбиелеу
Көрнекілігі: Интербелсенді тақта, слайд, әсемделген шарлар мен шараның тақырып атауы,
әуен, бейне баян
Әдіс –тәсілі: Ой қозғау
Оқытушының сөзі: Құрметті оқытушылар, студенттер! Ана — барлық өмірдің бастауы. Ол адамды өмірге әкеледі, оны тәрбиелейді, өсіреді. Адам бойындағы барлық асыл қасиет күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен дариды. Ана — ұлы адам, Ана — құдіретті жан, ендеше бүгінгі МБ-11 тобы студенттерінің тәрбиелік шараны бастауына рұқсат етіңіздер!
Би
Жақсылық
Ана — өмір қолдаушысы әлемнің
Шаңырақтың шаттығы мен шуағы
Сейілмесін жанарынан ананың
Тіршілікке төккен нұрлы шуағы
Аялайық аналарды әрдайым
Қуанышқа бөлейікші өздерін
Әжелердің, аналардың, қыздардың
Мұң шалмасын күлім қаққан көздерін
Ана — барлық өмірдің бастауы. Ол адамды өмірге әкеледі, оны тәрбиелейді, өсіреді. Адам бойындағы барлық асыл қасиет күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен дариды. Ана — ұлы адам, Ана — құдіретті жан.
Рита
Тәуелсіз еліміз тұрғындары ертеңгі күнге сеніммен қарайды. Бұл сенімділік қойылған мақсаттарға қол жеткізуге және ауқымды жоспарларды іске асыру мүмкіндігіне көмектеседі. Әлемдегі ең асыл жан ол – Ана десек, жүрегімізде сүйікті жанға деген махаббат сезімі оянады. Ана бұл аяулы да мейірімді жан. Баланың тілі шыққаннан –ақ бірінші сөзін ана деп айтады. Өмірдің есігін ашқаннан соң осы өмірдегі өзіңнің жан анаңды көресің.
Жақсылық
Осы бір «АНА» деген үш әріптің аясында адамзат баласына қуаныш сыйлар қаншалықты қасиет бар десеңші! Ару-ана, Ару-асыл жар, Ару – көңілдің гүлі,
Ару — өмірдің жыры, тіпті айта берсең сөз жетпейді. Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді деген екен бір ғұлама. Қандай нақты айтылған ой десеңізші! Расында бар әйел қауымынсыз мына әлемді елестету мүмкін емес! Иә, Құдайдан кейін құдірет иесі – ана. Мына жарық дүниеге әкелген Ана алдында бәріміздің де бас иетініміз сондықтан десек, бүгінде ұрпақ өсірумен қатар, ел еңсесін көтеріле түсуіне өз үлесін қосып келе жатқан қазақ әйелдері қандайда болмасын құрметке лайық. Бүгінде қоғам өмірінің әйелдер араласпайтын саласы жоқ десе болады. Бірі ғалым , бірі саясаткер, енді біреулері дәрігер, кәсіпкер тізе берсең жалғаса береді. Солардың бірі аяулы ұстаздар. Аналар өмірдің барлық саласын меңгергеніне шүбә жоқ бас иеміз.
Рита
«Ана — өмірдің шуағы» атты тәрбиелік шарамызға арналған Алиева Раушанның орындауында «Асыл ана» әні.
Жақсылық
Дүниенің жарық күні анамыз
Дана болсақ анаменен данамыз
Тыңдаңыздар, көңіл қойып ағайын
Анаға арнап ән саламыз
Рита Хор. Ана туралы жыр
Жақсылық
-Рита, менің таң қалатыным, анам үйде барлық тірлікті істеп, одан қала берсе жұмысқа да барып үлгереді ғой.
Рита
-Иә, мен оқудан келсем, тамағым да дайын, үй де жинаулы мұның бәрін қалай үлгереді екен?
Жақсылық
-Біздің аналарымыз бәрін өз қамқорлығына алады, олар барлық шаруаны бітіреді, сонымен қатар олар біздің әр ойымызды айтқызбай табады, біздің бар сырымыз оларға әрқашан да белгілі.
Рита
Мәнерлеп оқу «Ананын қамқорлығынан үзінді». Қуанышбекова Меруерт
Ерте заманның бірінде қазақ даласына шабуыл жасаған дұшпанның қалың қолы бір қаланы қоршап алады. Қалаға келетін ауыз суды тоқтатып қорғаннан өте алмаған жау халықтың берілуін күтіпті. Бірнеше күн өтсе де, қала берілмепті. Сонда дұшпанның әскер басы мынадай бұйрық шығарыпты.
— Қаладан көтергенше жүк алып, әйелдердің кетуіне рұқсат етемін,- дейді
Әйелдер бір-бір қапшық арқалап қаладан шығып кетеді.
Дұшпан қалаға кіріп қараса, бір де бір еркек жоқ.
Әйелдер ер азаматтарын қапқа салып көтеріп кетіпті.
Кішкене қыздар ұл балаларды,кемпірлер шалдарды көтеріп қаладан шығып кетіпті.
Жақсылық
-Осылай бір халықты әйелдер аман алып қалған екен. Кішкене қыздар ұл балаларды көтеріп шығарыпты. Сен осылай жасай алар ма едің?
Рита
— Мүмкін мен тек біреуін ғана алып шығар ма едім?
Жақсылық
-Ол бақытты жан кім екен ?
Рита
— Білмеймін. Тек күшімнің келері сол болар дегенім ғой.
Жақсылық
Балаға деген ана жүрегi, ана көңiлi, ана сезiмi қандай керемет! ”Қарға баласын аппағым деп, кiрпi баласын жұмсағым деп сүйедi” деген сөз рас екен. Әр ана үшiн өз баласы – ең сүйкiмдi, ең парасатты, ең озық адам. Ал кейде сол перзенттерi өсе келе анасының көңiлiн жабырқатып, өзек өртер өкiнiшке соқтыратыны қандай өкiнiштi.
Рита
Үзінді. Бақытжан Мұстапаевтың “Ана жүрегі”
Автор:
Ертеде ананың жалғыз бір ұлы болады. “Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада”,- демекші ана тірлігін жасап жүріп те, ойнап жүрген баласынан көз алмай қарап жүреді. Баласы ойнап жүріп жығылып қалса, бар ісін тастап, баласына жүгіреді. Әлпештеп өсірген баласы да ер жетеді.
Бір күні жігіт қап арқаланып келе жатқан анасын көреді, бірақ көмектесейін деген ойы мүлдем жоқ еді. Анасы сүрініп кеткенде ғана анасын жетектеп үйіне алып келеді.
Анасы:
Құ— лы—ным, ба—лам
Автор:
Ананың сөзіне құлақ аспаған жігіт, атына мініп кетіп қалады. Жігіттің арманы жарын іздеп табу болатын. Сол күні сәті түсіп, бір аруға жолығады. Ай мен күндей құлпырған ару қыз жігітке ұнап қалады.
Жігіт:
Қандай сұлусыз, бикеш. Сіздей сұлуды жолықтыру менің арманым еді. Бүгін жүрегім іздеген аруды тапқандаймын. Менің жарым болар ма едіңіз, сұлу қыз.
Автор:
Ерігіп жүрген қыз екен. Жігітке күлімсіре қарады да, шарт қойды қыз керіліп.
Қыз:
Сүйгенің шын болса егер алып кел анаңның жүрегін. Сонда сенің жарың боламын
Автор:
деп қыз өз жөніне кетеді. Анасын қалай өлтірсін, сан мың ұрған оймен не істерін білмей қиналған жігіт үйіне келеді. Анасының қасына келіп тізе бүгіп отырды. Анасы болса, ұлына жәудіреген көзімен қарап жатыр. Жігітті махаббат дерті шыдатпай жанын кеміріп барады. Ару қыздың шартына көндігіп, анасын өлтірді жігіт аямай. Жүректі ала салып, атына мініп шапқанда, атының аяғы тасқа тиіп сүрініп, жігіт жерге құлап түседі. Есін жиып қараса, жүрек талға ілініп тұр екен. Ананың жүрегі бүлкілдеп, сөйледі сонда тіріліп.
Анасы:
Айналайын жан балам
Құладың – ау сен жаман
Ауырған жоқ па бір жерің
Сен аман бол, жан балам!
Автор:
Естіген мынау сөздерді, егіліп жігіт жылады. Өткен іске өкініп, өкіріп жерге құлады.
Жігіт:
Мен не істеп қойдым, не істедім.
Автор:
Айналайын адамдар, бәріңнің де анаң бар. Қаяу салмай көңілге, анаға дұрыс қараңдар.
Білсеңіз ана киесін, дөңгелек дүние иесін, сіздерден сұрар өтініш, жасамаңдаршы опық іс. Болмасын мәңгі мына жігіттей орны бір толмас өкініш.
Рита: Бұл көріністе баласы анасына жаны ашымаса, қазіргі таңда анасы періштедей пәк баласын далаға тастап кетіп жатыр. Бұл әрине өкінішті, кішкентай сәбилердің әжетханадан, қоқыстан табылып жатқаны жаныма қатты батады.
Жақсылық: Иә, сол қатыгез жандардың жиіркенішті ісінен кейін, қоқыс салатын жәшіктердің қасына Babybox деген бала тастайтын жәшіктер қойыла бастады. Бірақ, сондай қатыгез жандардың саны көбейіп кетер деп алынып тасталды. Алладан ата — анасы қартайғанда перзенті оларды екі көзін жәудіретіп қарттар уйіне тастап, ал анасы ішінен шыққан, ешкімге жазығы жоқ сәбиін далаға, әжетханаға, қоқысқа немесе жетімдер үйіне тастап кетпеуін тілейміз.
Рита: Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) 386-хадисiнде «Ата-анасын ренжiткендердi Алла Тағала жақсы көрмейдi. Әсiресе, ананың жолы бөлек. Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да парызынан құтылмайсың деген екен. Бәріміз де ана алдында борыштармыз.
Ой қозғау. Бейне баян
Жақсылық: Мына бейне баян қандай аянышты, анамызды ренжітпейік, қателік жасап артынан өкінбейік, достар. Осы бейне баяннан қандай ой түйдіңіз? Өз ойымызды ортаға салайық.
(студенттер өз ойларын айту керек)
Рита:
- «Баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін» — дегенді қалай түсінесіңдер?
(студенттер өз ойларын айту керек)
«Анаңды Меккеге үш рет апарып келсең де ана сүтін ақтай алмайсың» — дегенді қалай түсінесің? (студенттер өз ойларын айту керек)
Жақсылық:
Екі дүниенің сардары, кісіліктің киесі өмірдің үлгісі болып, Аллаһтың хақ дінін насихаттаған пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғс.) –ге сахабалары келіп — Алланың елшісі бұл өмірде кімге бірінші сәлем беру керек деп сұрағанда: — Ол анаңа,- деді, екінші кімге дегенде: — тағыда Анаңа,- деді, үшінші кімге дегенінде: -тағыда Анаға,-деді төртінші кімге дегенде: — Әкеңе, — деді. Міне бұл тек аналарға деген ерекше құрмет. Осындай хақ діннің заңына бағынған халқымның салт — дәстүрін құрметтеген адам аналарын құрметтеуі тиіс. Әрқашан да аналар беделі биік болсын!
Рита: Қазірет пайғамбарға бір адам келіп:
-Мен бір зор күнә істедім. Енді мен үшін тәубе ету мүмкін бе?-деп сұрайды.
Сонда пайғамбар:
-Анаң бар ма? -деп сұрайды.
-Бар — дейді әлгі адам.
Онда анаңа қызмет көрсет — деген екен пайғамбар.
Жақсылық: Олай болса шәкірттеріңіздің анаға арналған тілек – сөздерін тыңдайық.
1 Нуржамал
Мейірім мен махаббаттан жаралған кең жүрегіңізден, қызуы тұла-бойымызды жылытқан ыстық алақаныңыздан, «айналайын» деп маңдайымыздан емірене сүйіп, еркелеткен мейірімді үніңізден артық біз үшін ешнәрсе де жоқ ана!…
Анашым, езуіңізден күлкі нышаны кетпесін, тіпті көзіңізден тамған әрбір тамшы жас қуаныш пен шаттықтан тамсын! Жүзіңізден шуақ кетпей біздің ортамызда күліп-ойнап, шаттыққа кенеліп, бақытқа бөленіп жүре беріңіз, АНА!
2 Жамила
Жүрегімді жарып шыққан бар ізгі тілектерім – өмірдегі ең қымбатты да ардақты жан – Ана, өзіңізге арналады. Бізді өмірге әкеліп, ақ сүт беріп, аялап өсіріп, осы күнге жеткізгеніңіз үшін сіздің алдыңызда мәңгі қарыздармыз.
Аяулы анам менің!
Әрқашан жүзіңізден мейірім нышаны кетпей, айналаңызға нұрыңызды шашып, Аналық бақытқа кенеліп жүре беріңіз!
3 Жұлдыз
Анаға арналған жырымыз, әніміз, тілегіміз ешқашан таусылмауға тиісті, таусылмайды да. Өз бақытын, қуанышын өзі өмірге әкелген перзенттерінің қылығынан, қызығынан іздейтін аяулы Анам менің! Саған әлемдегі бар жақсы тілекті үйіп-төксем де аз. Алла сізге ең алдымен мықты денсаулық берсін!
4 Салтанат
Сенің ғана сөзіңнен,
Ет жүрегім езілген.
Бақыт табам өзіңнің
Жылуыңды сезуден.
Шөп-шөп сүйген көзімнен,
Аумай қалғам өзіңнен
«Бір белгісің, -дейсің сен,-
Менің бала кезімнен».
Көңілімді бағасың,
Жүректің кілтін табасың.
Дақ түсірмей жаныңа,
Жүз жасашы, анашым.
5 Жанар
Ана деген киелі есім, Алла берген бар мәнін,
Күн шуағы төгілгендей мынау күні Алланың.
Бар бақытты өмір саған Ана берген әрдайым,
Барша Адамзат Аналарға басыңды ию- Аллаға!
Жақсылық
Алтын анам жасымнан аялаған,
Мен үшін игілікті аямаған.
Сабақтан шаршап үйге келгенімде,
Бал сөзі “жаным”-, деген сая маған, деп Кім көп сөз біледі? ойынын бастайық.
Рита
Ортаға 2 ұстазымызды шақырамыз.Ұстаздарымыз әр қадам басқан сайын жылылық сөздер айтуы керек. Мысалы айым, күнім сиякты. Көп сөз айтқан ұстазымыз жеңіске жетеді.
Кері байланыс (Рефлексия)
Рита
Достар, бүгінгі тәрбиелік сағатынан алған әсерімізді стикерге жазайык.
Жақсылық
Рита, бізге білім нәрімен сусындатқан апайларымызға арнап өлең шумақтарын жолдасақ қалай?
Рита ия, олай болса қәзір группаластарымыздың апайларға арнап шығарған өлең шумағын жолдауға рұқсат етеміз. (ортаға студенттер шығады)
Хор. Анаға сәлем
Жақсылық Рита, достарымыздың бүгінгі сабақтан алған әсерлерін ортаға салсақ қалай ойлайсың?
Рита Әрине, ал, достарым өзіңіздің алған әсерлеріңізді білдірсеңіз.
Оқытушының сөзі: Міне, студенттер анамызды құрмет тұтуды әрдайым ұмытпауымызды еске ұстайық! Анамызды болмашы нәрсеге ренжітпейік, егер ренжітіп алсақ кешіктірмей кешірім сұрай білейік!
Жақсылық Осымен мерекелік шарамыз аяқтай отырып, сөз кезегін аяулы ұстаздарға береміз!
Рита Келесі көріскенше, амандықта жүздесейік!
[bws_related_posts]