Шығыс Қазақстан облысы
Бородулиха ауданы
«Жезкент орта мектебі» КММ
Мұғалім: Дауконова Р. Т.
Сабақтың тақырыбы: Қазақстанда алғашқы адамдардың пайда болуы
Сабақтың мақсаттары:
- Қазақстанда алғашқы адамдардың пайда болуы, адамдар тобыры – алғашқы адамдардың қоғамдық ұйымы туралы білу
- Логикалық ойлау қабілеттерін дамыту, тарих сабағына қызығушылықтарын арттыру
- Отансүйгішлікке тәрбиелеу
Сабақ түрі: дәстүрлі
Әдіс-тәсілдер: ия-жоқ ойыны, өзіндік мысал ойыны
Сабақтың барысы
- Ұйымдастыру кезеңі: оқушыларды сабақтың, тақырыбымен, мақсатымен таныстыру, сергіту сәті
- Үй тапсырмасын пысықтау үшін «ия-жоқ» ойынын ұйымдастырып, оқушыларға сұрақтар құрастыруға мүмкіндік береді. Сұрақтар құрастырады, басқа топқа жасырады
- Жаңа тақырыпты түсіндіру:
Ғалымдар алғашқы адамды “епті адам” (австралопитек) деп атайды. “Епті адам” Кения жеріндегі Олдувай шатқалынан (Африка) табылған. Бұдан 1 млн 750 мың жыл бұрын өмір сүрген. Алғашқы адамның кәсібі терімшілік пен аңшылық болды. Баспаналары – үңгірлер. Ертедегі адамдардың ұжымы тобыр деп аталады.
Питекантроптың қаңқасы алғаш рет 1891 жылы Ява аралынан табылды. Ол бұдан 1 млн жыл бұрын өмір сүрген. Адамзат дамуында бұдан кейінгі сатыда Солтүстік Қытайдан табылған синантроп (“Қытай адамы”) тұрады. Синантроп бұдан 500-200 мың жыл бұрын өмір сүрген. Питекантроп пен синантропты “тік жүретін адам” деп атайды.
Еліміздің аумағында алғашқы адамдар бұдан 1млн-дай жыл бұрын пайда болған. Мұны Арыстанды өзенінің бойынан (Жамбыл облысы) және Қаратаудан (Оңтүстік Қазақстан) табылған еңбек құралдары дәлелдейді. Қазақстан аумағында өмір сүрген алғашқы адамдар – питекантроптың замандастары.
Орта тас ғасырында (б.з.б. 100-40 мың жыл аралығында) өмір сүрген адам алғаш рет Неандерталь (Германия) жерінен табылған. Сондықтан ғалымдар оған неандертальдық деген атау берген. Ол тастан, сүйектен, ағаштан құралдар жасай білген, шақпақ тастармен от жағуды үйренген.
Неандертальдықтың басы еңкіш, мойны қысқа, ал тістері аса ірі болған. Оның сөйлеу қабілеті толық қалыптаспаған. 1938 жылы Өзбекстанның Тесіктас үңгірінен неандерталь баланың сүйегі табылды.
Алғашқы еңбек құралдары қазғыш таяқ, үшкір тас, шоқпар болды. Алғашқы еңбек құралдары негізінен тастан жасалып, өте қарапайым болған. Алғашқы адамдар еңбек құралдарын жасау үшін қолға ұстауға ыңғайлы тастарды таңдап алды.
Кейінгі тас ғасырында (б.з.б. 40-12 мыңжылдықта) адамзат дамуының жаңа кезеңі басталды. Адамзат жердің барлық дерлік аумағын игерді. Қажырлы еңбектің нәтижесінде бұдан 40-30 мың жыл бұрын неандертальдықтан кейін “саналы адам” пайда болды. Оның миы ”епті адамның” миынан екі есе үлкен болды. Адамның жетілуінде еңбек шешуші рөл атқарған. Адам еңбек арқылы жетіліп, оның қолы, сөзі, миы дамыды. Қазіргі адамға ұқсас адамдар қалыптасты.
“Саналы адамның” сүйегі алғаш табылған жер Кро-Маньон үңгірі (Франция) болғандықтан, ол кроманьондық деп аталды.
“Саналы адам” тік жүруді, анық сөйлеуді меңгеріп, сөздік қорын жетілдіріп отырды. Рухани жағынан жетіле түсті. Үңгір қабырғаларына салынған суреттер бұған дәлел болады. Діни наным-сенімдері қалыптаса бастады, адамды жерлегенде түрлі әшекей заттарын бірге көмген.
Адамдар қарапайым еңбек құралдарын пайдалануды үйренген соң, табиғатқа тәуелділігі азая бастады. Жеміс-жидектерді терді, жеуге жарамды тамырларды қазып алды, құстардың жұмыртқаларын жинап қорек етті. Мұндай кәсіп терімшілік деп аталды.
Алғашқы адамдардың келесі кәсібі аң аулау болды. Олар негізінен мамонттарды, бизондарды, маралдарды, жабайы жылқыларды, үңгір аюларын аулады.
Қаратау үңгірінің тұрғындары домалақ малта тасты екі жағынан егеп, жүзі өткір, ирек ара секілді құрал жасай білген. Мұндай құралды чоппинг деп атайды. Бұл құралмен онша жуан емес ағашты кескен.
Алғашқы адамдар ұстауға ыңғайлы тасты жарып, бөлшектеп, жүзін өткірлеген. Бұл қару чоппер деп аталады. Онымен таяқты ұштады, өлтірген аңдардың денесін боршалады, терісін сылды.
Алғашқы адамдардың еңбек құралдарын, тас өңдеу техникасын, бұйымдардың жетілдірілуін зерттеген археологтар тас дәуірін үш кезеңге бөледі: палеолит – ежелгі тас ғасыры (б.з.б. 2 млн 500 мың – 12 мың жыл) (2011 жылғы баспада б.з.б. 2 млн 600 мың – 12 мың жыл деп көрсетілген), мезолит – орта тас ғасыры (б.з.б. 12-5 мың жыл), неолит – жаңа тас ғасыры (б.з.б. 5-3 мың жыл). Бұл үш кезеңнің әрқайсысы өзінен бұрынғысынан неғұрлым жетілдірілген еңбек құралдарымен ерекшеленеді.
- Бекіту:
Оқушыларға тақырып бойынша мәтінмен жұмыс бөлініп беріледі Топ ішінде оқушылар оқулықтан ақпарат іздеп, постер жасайды
Сұрақтар:
- Алғашқы адамның ғылыми атауы:
- Бұдан 1 млн жыл бұрын өмір сүрген алғашқы адам:
- Еліміздің аумағында табылған алғашқы адам:
- Неандертальдық адамдардың өмір сүрген жылдары:
- Ежелгі адамның алғашқы еңбек құралдары:
- Қазіргі адамға ұқсас адамдар қалыптасқан кезең:
- Анық сөйлей білген ежелгі адам:
- Алғашқы адамдардың кәсібі:
- Екі жағынан егеліп, жүзі өткірленген тас құрал:
- Алғашқы адамдар чопперді пайдаланды:
- Тас дәуірінің кезеңдері:
- Үйге тапсырма беру: параграфты мазмұндау