Алматы облысы Алакөл ауданы
«№2 Қабанбай орта мектебі
мектеп жасына дейінгі шағын
орталығы бар»коммуналдық
мемлекеттік мекемесінің
дефектологы
Кенешева Индира Маратовна
Тақырыбы: Қоршаған орта туралы түсініктерін қалыптастыру
Мақсаты:
Білімділік: жыл мезгілдеріне, ай, уақыт,апта күндері туралы түсінік қалыптастыру, меңгерту.
Дамытушылық: Балалардың сөздік қорын, ауызекі сөйлеу мәдениетін жетілдіру. Есте сақтау қабілетін арттыру. Зейінділікке, ұстамдылыққа, тапқырлыққа баулу.
Тәрбиелік: Балаларды табиғатты қорғауға, оның сұлулығын сезіне білуге
тәрбиелеу.
Көрнекі құралдар: Табиғат бейнеленген сурет, жыл мезгілдері
Әдіс – тәсілдер: Әңгімелесу, түсіндіру, жұмбақ жасыру.
Сабақ барысы:
І.Психологиялық дайындық:
— Балалар қараңдаршы бізге қонақтар келіпті, амандасып алайық.
— Балалар айтыңдаршы қазір жылдың қай мезгілі?
— Қыс айларын білеміз бе?
— Жақсы, бүгін біздің сабағымыз осы жыл мезгілдері туралы болады.
— Бәріміз орнымызға отырайық.
— Балалар мен сендерге жыл мезгілдері туралы жұмбақ өлең оқимын, ал сендер өлеңде қай жыл мезгілі суреттелгенін тауып алыңдар.
Шанамен зырлап желетін,
Шаңғы, коньки тебетін,
Аққала жасап ойнайтын,
Қай мезгіл деп ойлайсың?
(Қыс)
Балаларға қыс туралы сұрақтар қою.
— Қыста қандай өзгерістер болады?
— Қыс мезгілі ұнай ма?
— Сендер қандай ойын ойнайсыңдар?
— Қыста қандай мереке бар?
— Қыс туралы кім тақпақ біледі.
— Жақсы, енді келесі жұмбақ — өлеңді тыңдаңдар.
Бұлтты айдай желдеткен,
Нөсерлеткен, селдеткен,
Шалшық кешіп ойнайтын,
Қай мезгіл деп ойлайсың? (Көктем)
— Көктем мезгілінің айларын кім атап береді?
— Көктемде табиғатта қандай ерекшеліктер болады?
— Көктемде қандай мерекелер бар?
— Көктем туралы кім тақпақ біледі.
— Балалар сендер шаршап қалған шығарсыңдар, орнымыздан тұрып сергіту жаттығуын жасайық.
— Енді келесі өлеңді тыңдаймыз.
Қойының толы жеміске,
Көк майсалы егісте,
Көбелек қуып ойнайтын,
Қай мезгіл деп ойлайсың? (Жаз)
— Қараңдаршы балалар, суретте не көріп отырсыңдар?
— Жазда табиғатта қандай өзгерістер болады?
— Жаз айларын кім біледі?
\Балалардың жауаптары\
— Ал енді соңғы жұмбақ.
Жиып — теріп болатын,
Қамбаға астық толатын,
Қызыл қырман ойнайтын,
Қай мезгіл деп ойлайсың?(Күз)
— Ал күз айларын кім біледі?
— Күзде табиғатта қандай ерекшеліктер болады?
— Күз туралы тақпақ білесіңдер ме?
ІІ.«Үш шындық пен бір өтірік» стратегиясы
Жыл мезгілдерінің сипаттамасын үш сөзбен береміз, біреуі өтірік (оқушылар жыл мезгіліне сәйкес келмейтін сөзді естігенде шапалақ ұруы керек)
Қыс-қар, суық, жаңа жыл, ыстық
Көктем-жылы, жаңбыр, гүл, суық
Жаз-ыстық, демалыс, су, қар
Күз-салқын, жеміс, жапырақ, ыстық.
«Адасқан әріптер» ойыны.
а) З, А, Қ, А, Н — ҚАЗАН
Р, К, Ү, Қ, Ы, Й, К, Е — ҚЫРКҮЙЕК
Л, Е, Ж, С, А, Н, Т, О, Қ — ЖЕЛТОҚСАН
У, А, Р, З, Ы, Н — НАУРЫЗ
Д, Е, Л, І, Ш — ШІЛДЕ
— Балалар мына жерде алдын ала боялған қағаздар бар, қыс және көктем мезгіліне көкшіл қағаз, күз мезгіліне сарғыш қағаз, ал жаз мезгіліне жасылдау қағазды таңдаймыз.
Музыка ақырындап ойнап тұрады.(Балалардың жұмыстары)
(Балалардың салған және жапсырған суреттерін тақтаға ілу)
Дидактикалық ойын «Жыл мезгілінің бөлігін тап»
Балалар шашылып жатқан бөліктерін құрау арқылы 4 жыл мезгілін шығарады. Кім қандай жыл мезгілін құрағанын айтып береді.
— Балалар тақтада сендердің салған, жапсырған суреттеріңді іліп қойдық.
— Қане қай сурет ең әдемі шыққан, өздерің айтыңдаршы. Балаларға талдату.
(Кімнің салған суреті, қай жыл мезгілін салған, жапсырғанын сұрау, мақтау)
ІІІ.Үлестірмелі материалмен жұмыс.
- Бір жылда неше мезгіл бар?
- Жыл мезгілдерін ата.
- Көктемде не ұзарады?
- Жаздан кейін қай жыл мезгілі?Оқу жылы қай мезгілде басталады ?
- Сәуір айы тағы қалай аталады?
- Көктем мезгілінің соңғы айы.
- Наурызда адам не тілейді?
- Мейрамды адамдар қалай тойлайды? Не айтады?
- Жаздың соңғы айы
- Өткен күн
- Ертеден қара кешке дейін …
- Бұдан біраз күн бұрын …
- Кештен таңертеңгілікке дейінгі қарағылық …
- Жиырма төрт сағат немесе …
- Қандай жыл мезгілдерін білесіңдер?
- Қазір қандай жыл мезгілі?
- Бір жылда неше ай бар?
- Көктем айлары қандай?
- Жаз айлары ?
- Күз айлары?
- Қыс айлары?
- Жыл мезгілдер
- Апта күндері
- Бір жылда неше ай бар?
- Қар қай уақытта жауады
- Бір аптада неше күн бар?
- Аптаның үшінші күні
Кестені толтыр:
Жыл мезгілі |
Айлары | Ауа-райы | Адамдар не істейді |
Қыс | |||
Көктем | |||
Жаз | |||
Күз |
«Жыл мезгілдері» тақырыбына берілген суреттер бойынша сөз тіркестерін жасау. Сұрақ-жауап ұйымдастыру. Осы тақырып бойынша оқушылардың қисынды ойлау қабілеттерін жандандыру және білімдерін байқау.
«Менің сүйікті жыл мезгілім» тақырыбында шығарма жазу. Сурет салып келу.
ІҮ.Сабақты бекіту
«Топтай біл» ойыны
Төменде берілген сөздерді тиісті бағанға жаз
Қар, сары жапырақ, ыстық, жаңа жыл, қыркүйек, жылы, алма піседі, құстар ұшып келеді.
қыс көктем жаз күз
Ү.Сабақты қорытындылау.
Сөзжұмбақ бойынша сабақты қорытындылау.
Жұмбақ
Түнде күлімдейді,
Түнде күлімдейді./ Жұлдыз/
[bws_related_posts]