Басы » Блог » Ауруын жасырған арам өледі

Ауруын жасырған арам өледі

Бақытжан ағамен 2011 жылдың жазында Алматының төрінде Майкрасофт жазғы мектебінде танысқан едім.ү. Ағам қазақ интернетін дамытуға үлес қосып жүрген ағам. Білім беру ісіндегі сақа ұстаздардың бірегейі. Бақытжан ағамның сайтына жариялаған мақаласын сіздерге ұсаынбақпын. Мақала өзегі орта білім берудегі проблема жайлы болмақ. Құрметті әріптестер мақаланы оқыңыздар, ой елегінен өткізіңіздер. Себеп ел болашағына тікелей әсер ететіндеріңізді ұмытпаңыздар. Сіздің алдыңыздағы шәкіртке байланысты болашақ.

Бақытжан Күшібарұлы

 Ұстаздық — шығармашылық жұмыс

Мектептегі мұғалімнің құлаш-құлаш жоспарлармен, отчеттармен, қатал сабақ кестесімен, тексерулермен, тау-тау қағаздармен… әйтеуір қолы тимейді. Баланы оқытып, тәрбиелеуге қолы тимейді! Өткендегі, Алматыдағы «білім мәселелерін тыңдаудың» айтып отырғаны да осы.

Қолы тисе де, көңілі алаңдап, өзінің түпкі міндеті — оқу-тәрбие ісіне еш тұрақтай алмайды.

Аңғара қараған сырт көзге мынадай бір тенденция, бағдар көрінеді – біздің білім саласында мұғалімнің өз жұмысын істетуден гөрі оны қадағалау, қатаң бақылау әлдеқайда басым. Үстін-үстін, тұрақты түрде, үзбей бақылау… бақылау-тексеруге дайындалатын мың сан құжат, мың сан қағаз… Міне, мұғалімнің күш-қуаты қайда кетіп жатыр! Мұғалімдердің осыған басыбүтін көндіккені соншама, мектепке көмекке ме, тәжірибе алмасуға ма, жәй сұхбаттасуға ма келгеннің бәрін «камисия келді, ойбай!» деп аласұра жөнеледі. Мектепті бір сәтте үрей билейді. Бұл үрей, ешкім келмеген күннің өзінде, мектептің бойына сіңіп қалған, қарап жүріп мұғалімдердің жүйкесін жұқартып тұрады. Бұл – кезінде аждаһадай төбеңнен төніп тұратын, қаһарлы Кеңес идеологиясының әлі кете қоймаған көлеңкесі дер едім. Бұл көлеңке ауыл түгілі қала мектептерінде де әлі жүр. Айтпақшы, «камисия, камисия» деген сайын тексергіштерің де мұрынын шүйіріп, есіріктене, қирата келуге тырысады.  Ол да сол ескінің қалдық психологиясы, әлі жүр.

Қазір заман түбегейлі басқа екенін ұғып қалдық-ау, бірақ мектеп ширақ өзгеріп, уақыт талабына бейімделе алмай жүр. Бұл өте қиын болып тұр. Өйткені қазіргі бала тіптен басқа, қоғам да тіптен басқа. Мысалы, қасымда жүрген не теледидардан көрсететін мұғалім әріптестерімнің қазір де тек тақтаға бормен жазып, тек жалғыз оқулыққа «жабысып» сабақ өтіп тұрғанын көріп, не отырып алып, құлаш-құлаш жоспар, таусылмайтын қағаз жазғанын көріп, алдындағы баламен уақыт тауып, тіл тауып сөйлесе алмайтынын көріп, жаным ауырады, қатты қынжыламын. Не деген сіресіп қалған дүние!..

Міне, осы мектептен шығып жатыр – ЖОО-ға білімі жетпейтін, қолында кәсібі жоқ, заманға бейімсіз, қаңғыбастық пен қылмысқа жақын, діні мен ділі шолақ, қатігез де парықсыз жастар. Шығарамыз да өмір диірменіне тастап кеп жібереміз. Қиындықтың бәрін де солар көруде… Міне, осыларды министр маргинал топ деп атады.

Менің түсінігімде, мұғалім – шығармашыл тұлға. Оны қадалып тексере беру түбегейлі қате! Қатаң бақылау шығармашылықты жояды! Мұғалім өзін өзі шығармашылық бәйгесіне жегуі тиіс, соған жағдай жасау қажет.

Шығармашылық, негізі, әрбір кәсіпте де болуы тиіс. Және кәсіптің сонау биіктерін бағындырған, өз кәсібінің ұңғыл-шұңғылын үңіле көріп, ыстық-суығын «өз терісімен» сынап көрген маман ғана өз ісін еркін шығармашылықпен атқара алады, сонда ғана өз ісінің нағыз шебері болады.

Маман нағыз шеберлікке өсіп жеткенде оның қолындағы кәсібі нағыз өнерге айналады.

Баяғыда Ялтадағы бір курорттың дәрігері, үлкен кісі, «медицина — наука или искусство?» деп кенеттен сұрақ қойғанда, «ол өнер» деп жауап берген едім. Ол менімен келіспеді — «медицина — это наука» деді.

Мүмкін ол өзінше хақ та шығар, бірақ әрбір мамандық иесі барынша талпынып, өз кәсібінің шебері болуы, кәсібін нағыз өнерге айналдыруы міндетті деген пікірімнен еш танған емеспін.

Өнер дегенім — шығармашылық.

Мұғалім баламен жұмыс істейді. Оның жұмыс объекті — бала. Адамның ұрпағы ең нәзік те ең сырлы жаратылыс. Еркін шығармашылық, еркін ой-сезім ғана мұғалімді бала жанының ақиқатына жекізе алады.

Үлбіреп тұрған бала жанының құрметі үшін ғана мұғалімге о бастан еркін шығармашылық адамы болу парыз.

Әйтпесе… кез-келген сәтте мүлт кеткен қимыл-әрекетті, сөз бен сенімді кейін қалпына қайтару өте қиын немесе мүмкін емес.

Еркін шығармашылық дегенде мен нені айтып отырмын?

1)    Мұғалімнің тиянақты ізденуге уақыты жеткілікті болуы керек. Ол өз мамандығы, кәсібі бойынша жан-жақты оқып, ойланып, өз-өзіне тұрақты есеп беріп отыруына мүмкіндік беру керек;

2)    Мұғалімдер мектепте жиі бас қосып, салмақты да басалқалы кәсіби сұхбат-пікірталастар, семинар-кеңестер өткізіп, тұлға ретінде дамуға, өз кәсібінде құзыреттілікке жетуге ұмтылатын кәсіби-мәдени орта керек;

3)    Мұғалім мен оқушының еркін әріптестік, достық қарым-қатынасын дамытатын орта қалыптастыру керек. Мұғалім оқушыға «нянка» емес, әріптес, серіктес болуға дайын болуы тиіс. Баланың табиғи мінез-құлқын ашатын, дамытатын орта жасау қажет;

4)     Оқушылардың білім-тәрбиесін және мұғалімнің кәсіби-мәдени деңгейі мен еңбегін бағалайтын оңтайлы жүйе енгізу керек. Бағалау жазалау үшін емес, даму үшін жасалуы тиіс. Осы себепті де бағалауды мұғалім мен оқушының даму құралы деп білу керек, яғни оларды өзін-өзі бақылау арқылы дамытуға бейімдеу дұрыс;

5)     Сырттан қадағалау органдары осы еркін шығармашылық ортаның  дұрыс қалыптасуы мен нәтижелілігін бақылауы тиіс, бірақ оның ішкі заңдылықтарына араласпайды. Түсініктірек болуы үшін мысал – сазгерге сазды қалай шығаруды үйретпеу керек, оның сазын тыңдап, саздың жақсы-жаманын айтуға болады.

6)     Ата-ананы және қоғамдық өкілдерді мектептің шығармашылық ортасының толыққанды да қажетті мүшесі деп тану керек және соған заңды түрде міндеттеу керек.

7)    Құжаттармен, есеп берумен айналысатын мұғалімнің ассистенті немесе хатшысы деген штат енгізу керек және әрбір мұғалімнің ассистентімен бірге мектеп ішінде жеке офисі болуы міндетті. Жалпы, мұғалімді, шығармашылық тұлға ретінде, құжаттандыру жүйесінен шығару керек. Оның жұмысы – тек бала оқыту мен тәрбиелеу.

8)     Мұғалімнің кәсіби өсу сатысын жасау керек – мұғалім, аға мұғалім, бас мұғалім деген сияқты. Немесе мұғалім, доцент-мұғалім, профессор-мұғалім. Соған сай еңбекақысы.

 

9)    Ауылдық мектепте шығармашылық орта жасау өте қиын немесе мүмкін емес екені анық. Не арнайы басшы кадрлар дайындау немесе  оларды әдістемелік, оқу-тәрбие мазмұны жағынан қалалық арнайы мектептердің жетегіндегі мектептер ретінде қайта ашу керек. Мысалы, мынадай құрылымда:

жетек мектептер құрылымы

 

Міне, меніңше, ауыл мектептеріне осы жобадағы бір сапалық шынайы сілкініс керек. ЖОО-да болашақ педагогтарды осындай жаңа бағдарда дайындау керек. Сонда ғана көзге көрінетін оң өзгерістер болары анық.

 

дереккөз: http://www.kushibaruly.kz/

Фото Бақытжан Күшібарұлының Фейсбуктегі парақшасынан алынды

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *