83 жылдық тарихы бар „Ұлан„ республикалық газеті балалар мен жасөспірімдерге арналғанымен, оның ауқымы кең, мақсат-мүддесі де, көтерер жүгі де үлкен. Газет ісіне әр жылдары Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сапарғали Бегалин, Бердібек Соқпақбаев сынды қазақ әдебиетінің классиктері мен арыстары атсалысты. Міне, осы тұлғалардың бала тілімен жазылған ой-пікірлері „Ұлан„ арқылы жас буынның жүрегіне жетті. Бүгінгі таңда да „Ұлан„ сол бір ұлы бағытынан тайған емес. Газетке елімізге елеулі қаламгерлер, қоғам қайраткерлері, ұлттың дара перзенттері өз шығармаларын жариялап жатады. Ондағы мақсат – бүгінгі бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің саналы да салауатты, білімді де білікті болып өсуіне үлес қосу. Ұрпақтарымыз Отанын сүйген, елін қадір тұтқан үлкен жан болып ер жетуін қаласақ, сансыз буынды тәрбиелеуге тиістіміз. Міне, жақында 2014 жылға баспасөзге жазылу науқаны басталды. Балаларымыздың болашағына бей-жай қарамайтын жан ретінде сізді „Ұланды„ насихаттауға шақырамыз. Сіздің көмегіңіздің арқасында газет оқырмандарын көбейтіп жатса, жас ұрпақ тәрбиесіне қосқан зор үлесіңіз болар еді.