Басы » Блог » Бүгiн Алаш күнi

Бүгiн Алаш күнi

Бүгiн Алаш күнi.  96 жыл бұрын Орынборда өткен ІІ жалпы қазақ-қырғыз құрылтайының аяқталған-ды. Дәл осы күні Алашорда Республикасы құрылып, оның басшсы болып Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан сайланған болатын. Сондықтан да бұл күн біз үшін ерекше күн. Осыдан 5 жыл бұрын «Аманат» интеллектуалды пікірсайыс клубында 13 желтоқсан Алаш күні болсын деп ұсыныс жасалған болатын. Міне осы ұсыныс аясында әр өңірде Алаш күнін атап өту дәстүрге айналып келеді. Әйтсе де бұл күн жалпыұлттық деңгейде әлі де болса аталып өтіліп жатқан жоқ. Дегенмен де әр түрлі өңірлерде ұлтшыл азаматтар шама-шарқы жеткенше бұл күнді ескерусіз қалдырған емес. Мәселен осы аптаның басында «Аманат» клубының ұйымдастыруымен Шымкентте «Алаш көсемдері Алаш автономиясын неге кеш жариялады немесе отаршыл Ресейден бөлінуге неге ұмтылмады?» деген тақырыпта бас қосу өтті. Алашорда мемлекетінің 96 жылдығына орай өткен дөңгелек үстелдің негізгі баяндамашысы – белгілі алаштанушы ғалым, PhD доктор Сұлтан хан Аққұлы болды. Сондай-ақ бүгін Астанада «Алаш туы астында: Алашорда Желтоқсан. Тәуелсіздік» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтуде.

Осыдан 96 жыл бұрын, яғни 1917 жылдың 5-13 желтоқсанында Орынборда өткен ІІ жалпықазақ съезінде Алаш автономиясы құрылып, сол автономияны басқаратын Алашорда үкіметі жарияланған болатын. Қазақ мүддесі үшін Алаш қайраткерлерінің тағдыршешті қадамдарға барып, саяси ахуал ушығып тұрған тұрақсыздық кезеңде елге пана болар мемлекеттік құрылымды қалпына келтіруі әр қазақтың ұмытуына болмайтын тарихи тағылым. 1920 жылы құрылған Қазақ АКСР-інің, бүгінгі тәуелсіз Қазақстаннның тарихи негізі саналатын Алаш автономиясы ұлттық мемлекеттік құрылым болғаны белгілі.

Алаш қайраткерлерінің идеялары мен құндылықтары бүгінгі күннің өзінде өзектілігін жоғалтқан жоқ. 1963 жылы құрылған қазақ жастарының «Жас тұлпар» қозғалысы, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы, 1991 жылы желтоқсанда Қазақстанның тәуелсіздігін жариялауы – «Алаш қозғалысы» идеясының тарихи сабақтастығының көрінісі болса керек.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев еліміздің тәуелсіздігіне қол жеткізудегі «Алаш қозғалысының» ролін былайша атап өтті: «Алаш арыстары бізге мемлекеттілік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті. 1991 жылы құрылған Қазақстан Республикасы – сол арыстардың асыл арманының жүзеге асуы. Біздің ендігі міндетіміз – осы тәуелсіз мемлекетімізді көздің қарашығындай сақтауымыз керек».

Дөңгелек үстел жұмысына ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, профессор Дихан Қамзабекұлы, «Алашорда» қоғамдық қорының директоры Сұлтан Хан Жүсіп, «Еуразия» гумантиралық зерттеулер ғылыми-зерттеу орталығының директоры Зиябек Қабылдинов, Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкерлері, сонымен қатар, басқа да белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысуда.

Алаш автономиясының құрылған күні қарсаңында «Алаш туы астында: Алашорда. Желтоқсан. Тәуелсіздік» тақырыбында конференция, дөңгелек үстел және басқа да шаралар өткізу жыл сайынғы дәстүрлі үрдіске айналды. Өткен жылы Шымкент қаласында Қазақстанның алаштанушы-ғалымдары қатысқан «Алаш туы астында: Алашорда. Желтоқсан. Тәуелсіздік» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Құрметті бауырлар Алаш күні құтты болсын. Тәуелсіздігіміз баянды, ел аман, жұрт тыныш болсын!

“Аманат” интеллектуалды пiкiрсайыс клубы

Дереккөз: http://munara.kz

[bws_related_posts]

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *